Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 10.11.2025 по делу 6003-25-00-2к/886 (Гражданское)

№ 6003-25-00-2к/886 Қ А У Л Ы

2025 жылғы 10 қараша Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші - судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Айкенова, Д.Д. Махметова, талап қоюшы А.Р. Димағанбеттің, оның өкілі - Т.Ұ. Ердановтың, жауапкердің өкілі А.Т.Абдикадырованың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Асхат Рзағалиұлы Димағанбеттің жауапкер «Oil Services Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне бұйрықтарды заңсыз деп танып, бұзу, бұрынғы жұмысына қайта орналастыру, бос жүрген күндеріне жалақы өндіру туралы талап қоюы бойынша қабылданған

Маңғыстау облысы Ақтау қаласының №2 сотының 2025 жылғы 30 қаңтардағы шешіміне, Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 сәуірдегі қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,

Талап қоюшы А.Р.Димағанбет жауапкер «Oil Services Company» - жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен (бұдан әрі Серіктестік) бұйрықтарды заңсыз деп танып, бұзу, бұрынғы жұмысына қайта орналастыру, бос жүрген күндеріне жалақы өндіру туралы талап қоюымен сотқа жүгінген. Маңғыстау облысы Ақтау қаласының №2 сотының 2025 жылғы 30 қаңтардағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.

Серіктестіктің А.Р.Димағанбетке «сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза жарияланған 2024 жылғы 23 маусымдағы №406 бұйрығы заңсыз деп танылып, бұзылған. Талаптың қалған бөлігі қанағаттандырудан бас тартылған.

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы қабылданған сот актілерімен келіспей, олардың күшін жойып, материалдық және процестік нормалары дұрыс қолданбауын көрсетіп, талап қоюды толық қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған. Серіктестік қарсы пікірінде кассациялық шағымды қанағаттандырусыз, шешім мен қаулыны өзгеріссіз қалдыруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы,

заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.

Іс құжаттарынан анықталғандай, А.Р.Димағанбет Серіктестікте резервтегі 5 дәрежелі ұңғымаларды күрделі жөндеу (бұдан әрі- ҰКЖ) бұрғышы көмекшісі болып жұмыс жасаған.

2024 жылғы 12 маусымда ауызша жоғарыда (верховой) жұмыстарды тапсырғанда, оны жасаудан денсаулығына байланысты (жоғарыға шыққанда басы айналатынын айтып) бас тартқан. Бұл жөнінде жұмыс берушімен акт түзілген.

Осы жағдайға байланысты, жұмыс беруші 2024 жылғы 23 маусымдағы №406 бұйрығымен талап қоюшы А.Р.Димағанбетке «сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза тағайындаған.

Жұмыс беруші 2024 жылғы 21 маусымдағы №1397к бұйрығымен Қазақстан Республикасы Еңбек Кодексінің (бұдан әрі - Еңбек Кодексі) 48бабының 2-тармағының 6)-тармақшасының талаптарына сәйкес 2024 жылдың 22 маусымынан бастап А.Р.Димағанбетті медициналық тексеруден толық өтіп, аяқталғанға дейін жұмыстан уақытша шеттеткен.

А.Р.Димағанбеттің денсаулығының еңбек міндеттерін атқаруға сәйкестігін тексеру мақсатында, оған медициналық тексеруден өту және дәрігерлік қорытынды алу міндеттелген.

«Нейрон» медициналық орталығы А.Р.Димағанбетті тексеруден өткізіп, 2024 жылғы 5 шілдедегі профилактикалық тексерудің нәтижелері бойынша, жоғарыға өрмелеу жұмысына байланысты емес басқа жұмысқа ауыстыру ұсынылған, өйткені бас айналу 6 метрден жоғары биіктікке көтерілу/жоғары өрмелеу жұмыстары кезінде белгіленді.

Жұмыс беруші А.Р.Димағанбетке 2024 жылғы 17 шілдеде арнайы көлік цехының 5 дәрежелі «Камаз», «Краз /АЦН,АЦВ/ автоцистерна» маркалы автокөліктері жүргізушісі, ұңғымаларды күрделі жөндеу цехының 4 дәрежелі ұңғыларды күрделі жөндеу бұрғышы көмекшісі және 2024 жылғы 16 тамызда ұңғымаларды жер асты жөндеу цехының 5 дәрежелі ұңғыларды жерасты жөндеу операторы бос лауазымдары ұсынылған.

Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген үш лауазымға да келіспеген.

Осыған байланысты, жұмыс беруші 2024 жылғы 23 тамыздағы бұйрығымен Еңбек кодексінің 58-бабының 1-тармағының 2) тармақшасының негізінде еңбек жағдайларының өзгеруіне байланысты жұмыскер жұмысты жалғастырудан бас тартуына сәйкес талап қоюшымен еңбек шартын тоқтатқан. Кейін бұл бұйрыққа 2024 жылғы 1 қарашадағы бұйрығымен еңбек шартын тоқтату негізі Еңбек Кодексінің 58-бабының 1-тармағының 3) тармақшасына яғни денсаулық жағдайына байланысты уақытша басқа жұмысқа ауысудан бас тартуына өзгертілген.

Серікестіктің жеке еңбек даулары жөніндегі келісім комиссиясының 2024 жылғы 9 тамыздағы және 10 қыркүйектегі шешімдерімен талап қоюшының арыздары қанағаттандырусыз қалдырылған.

Бірінші сатыдағы сот талап қоюдың 2024 жылғы 23 маусымдағы сөгіс жариялау туралы бұйрығын заңсыз деп танып, бұзуды, жауапкердің талап қоюды тануына байланысты бұл бөлікте қанағаттандыру туралы дұрыс шешім шығарған. Шешімнің бұл бөлігі талап қоюшымен дауланбаған.

Талап қоюдың қалған бөлігін қанағаттандырудан бас тарту туралы бөлігімен кассациялық сот келесі негіздер бойынша келіспейді.

Еңбек кодексінің 58-бабының 1-тармағының 3) тармақшасына сай жұмыскермен еңбек шарты жұмыскер еңбек қатынастарын жалғастырудан бас тартқан кезде еңбек міндеттерін орындауға байланысты кәсіптік ауруға шалдыққан немесе денсаулығына өндіріске байланысты емес өзге де зақым келген кезде жұмыскер денсаулық жағдайына байланысты уақытша басқа жұмысқа ауысудан бас тартқан жағдайларда тоқтатылуға жатады.

Істің нақты мән-жайлары бойынша «Нейрон» медициналық орталығының дәрігерлік-консультациялық комиссияның 2024 жылғы 5 шілдедегі қорытындысына сәйкес А.Р.Димағанбетке «R 42» диагнозы қойылған және науқас қазіргі уақытта «еңбекке қабілетті» деген тұжырымға келген.

Сондықтан, бірінші сатыдағы соттың 2024 жылғы 09 шілдедегі «Нейрон» медициналық орталығының алқалы түрде берген қорытындысына сілтеме жасауы негізсіз. Өйткені мұндай қорытынды сотқа ұсынылмаған. Ал іс құжаттарындағы дәрігер Г.С. Молбаеваның 2025 жылғы 09 шілдедегі невропатологпен алғашқы қарау туралы мәліметінде А.Р.Димағанбеттің «R 42» клиникалық диагнозы, бас айналу және тепе-теңдікті жоғарыда жоғалту, 6 метрден аспайтын биікте күрделі жөндеу бұрғышы көмекшісіне жарамды. «Нейрон» медициналық орталығының жауапкердің жеке сұрауына жолдаған хаты дәрігерлік-консультациялық комиссиясының қорытындысының күшін жоя алмайды.

Демек, Серіктестіктің талап қоюшының денсаулық жағдайына байланысты еңбек шартын тоқтатуы негізсіз. Талап қоюшы 5 дәрежелі ұңғымаларды күрделі жөндеу бұрғышы көмекшісі лауазымына жарамсыз деген медициналық қорытынды іс жүзінде шығарылмаған.

Істің бұл мән-жайында жұмыс берушінің еңбек шартын тоқтату туралы бұйрығы заңсыз деп танылып, жұмыскер бұрынғы жұмысына қайта орналастыруға жатады.

Еңбек кодексінің 161-бабының 1-бөлігіне сәйкес бұрынғы жұмысына қайта алынған жұмыскерге бос жүруге мәжбүр болған бүкіл уақыты үшін жалақысы алты айдан аспайтын уақытқа төленуі тиіс.

Серіктестіктен талап қоюшының пайдасына 1 549 591 теңге орташа айлық табысынан зейнетақы жинағын, жеке табыс салығын және міндетті медициналық сақтандыру жарнасын шегере отырып, түпкілікті лажсыз бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін барлығы 7 493 368 теңге алты айлық жалақысы өндірілуге жатады.

Сот, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың сот актілерін талап

қоюдың 2024 жылғы 23 маусымдағы бұйрығын заңсыз деп танып, бұзу туралы бөлігі өзгеріссіз, талаптың қалған бөлігін қанағаттандырудан бас тарту туралы бөлігінің күші жойылып, осы бөлігінде талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылуға жатады. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылуға жатады.

АПК-нің 243-бабының 2), 3) тармақшаларына сәйкес қаулының жұмысқа қайта орналастыру және үш айлық жалақыны алып беру туралы бөлігі дереу орындалуға тиiс.

АПК-нің 117-бабының 1-бөлігіне сай талап қоюшы төлеуден босатылған мемлекеттік баж, мемлекет кірісіне шығыстарын төлеуден босатылмаған жауапкерден толық немесе талап қоюдың қанағаттандырылған бөлігіне пропорционалды өндіріліп алынады.

Талап қоюшы Салық кодексінің 616-бабының 1) тармағына сәйкес сот шығыстарын төлеуден босатылғандықтан, жауапкерден мемлекет пайдасына төленетін мемлекеттік баж бірінші сатыдағы сотта 78 866 теңге (7 493 368 х1%=74 934, 3932:2=1966х2=3932) және кассациялық тәртіппен қайта қарауда 39 433 теңге (78 866:2=39433), барлығы 118 299 теңге өндіруге жатады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8)-тармақшасын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Маңғыстау облысы Ақтау қаласының №2 сотының 2025 жылғы 30 қаңтардағы шешімі, Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 сәуірдегі қаулысы өзгертілсін. Шешім мен қаулының талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы бөлігінің күші жойылсын. Осы бөлікте талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдансын.

Асхат Рзағалиұлы Димағанбетпен еңбек шартын тоқтату туралы «Oil Services Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 2024 жылғы 23 тамыздағы №2695к бұйрығы заңсыз деп танылып, бұзылсын.

Асхат Рзағалиұлы Димағанбет «Oil Services Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне бұрынғы жұмысы - 5 дәрежелі ұңғымаларды күрделі жөндеу бұрғышы көмекші лауазымына қайта орналастырылсын.

«Oil Services Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен Асхат Рзағалиұлы Димағанбетке лажсыз бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін 7 493 368 (жеті миллион төрт жүз тоқсан үш мың үш жүз алпыс сегіз) теңге жалақы өндірілсін.

«Oil Services Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен мемлекет пайдасына 118 299 (бір жүз он сегіз мың екі жүз тоқсан тоғыз) теңге мөлшерінде мемлекеттік баж өндірілсін.

Шешім мен қаулының қалған бөлігі күшінде қалдырылсын.

Қаулының жұмыс орнына қайта орналастыру және үш айдан аспайтын жалақы 3 746 684 (үш миллион жеті жүз қырық алты мың алты жүз сексен төрт) теңгені өндіру туралы бөлігі дереу орындалсын.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Г.С.Джаппарова судьялар А.К.Айкенова Д.Д. Махметова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.