6001-24-00-6ап/1088
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 14 қараша Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - судья Ғ.Ө.Әлжанов,
судьялар - Ж.Б.Ермагамбетова, Б.Т.Нажмиденов болып,
жауапкер және мүдделі тұлғалардың өкілдері М.С.Ізбасардың, А.Ж.Стамқұлованың, А.О.Жантастың, Ж.Д.Мунсызовтың қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Саян Канатович Абдихайрановтың Шетелде кадрлар даярлау жөнiндегi республикалық комиссиясына қойылған 2023 жылғы 29 тамыздағы «Болашақ» халықаралық стипендиясынан айыру туралы шешімге (бұдан әрі - шешім) дау айту туралы талап қоюы бойынша қабылданған
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 21 қарашадағы шешіміне, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 15 ақпандағы қаулысына талап қоюшымен келтірілген кассациялық шағымы мен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы сотқа жауапкерге жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгінген.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 21 қарашадағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырудан бас тартылған.
Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 15 ақпандағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Кассациялық шағымда талап қоюшы қабылданған сот актілерімен келіспей, соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, сот актілерінің күштерін жойып, істі қайта қарауға жолдауды сұраған.
Тиісті түрде хабарланған талап қоюшының кассациялық алқа сот отырысына келмеуі Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.
Сот отырысына қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болып табылады.
Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Соттармен анықталған мән-жайларға қарағанда 2014 жылғы 21 тамыздағы Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия шешімімен С.К.Абдихайрановқа University of Reading (Ұлыбритания) университетінде «магистратура» бағдарламасы бойынша 2016-2017 жылдар аралығында «Құқық» мамандығына оқу үшін «Болашақ» халықаралық стипендиясы берілген.
2014 жылғы 9 қыркүйекте «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамы (бұдан әрі - Орталық), Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасы және С.Қ.Абдихайранов (стипендиат) арасында «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша (мемлекеттік қызметшілер санаты бойынша) магистр дәрежесін алу үшін оқытуды ұйымдастыруға шарт (бұдан әрі - шарт) жасалған.
Шартта көзделген стипендиаттың міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ету үшін 2014 жылғы 9 қыркүйекте жылжымайтын мүлікті кепілге салу бойынша келісім шарты жасалған. Ол шарт негізінде Жамбыл облысы, Тараз қаласы, Алатау шағын ауданы, 39 үй, 67 пәтер мекен-жайында орналасқан жылжымайтын мүлікке ауыртпалық салынған. Талап қоюшы оқу жоспарында бекітілген курсты толық аяқтағаннан кейін 2017 жылғы 27 ақпанда Қазақстан Республикасына оралған. 2022 жылғы 30 наурызда өз міндеттемелері орындалды деп талап қоюшы жылжымайтын мүліктен ауыртпалықты алып тастау туралы өтінішпен Орталыққа жүгінген.
Орталықтың 2022 жылғы 7 сәуірдегі хатымен стипендиат еңбек қызметін алған мамандығы бойынша Қазақстан Республикасы аумағында толық жүзеге асыру қажет екендігі түсіндіріліп жылжымайтын мүліктен ауыртпалықты алып тастаудан бас тартылған. 2023 жылғы 29 тамызда Республикалық комиссияның шешімімен С.К.Абдихайранов еңбекпен өтеу бөлігіндегі міндеттемелерін орындамағанына байланысты шығыстарды өтей отырып «Болашақ» халықаралық стипендиясынан айырылған. С.К.Абдихайрановты «Болашақ» стипендиясынан айыру туралы Республикалық комиссияның шешімі Орталық дайындаған материалдардың негізінде қабылданған.
Республикалық комиссияның 2023 жылғы 29 тамыздағы хаттамасына сәйкес С.К.Абдихайрановты «Болашақ» стипендиясынан айыру туралы шешім стипендиат еңбекпен өтеу бөлігіндегі міндеттемелерін орындамағанына негізделген. С.К.Абдихайранов жылжымайтын мүліктен ауыртпалықты алып тастау туралы өтінішіпен жүгінгенде Орталық шартпен қарастырылған стипендиаттың міндеттемелерін орындалуын тексеру жұмыстарын жүргізген.
Сол кезде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің мәліметінше С.К.Абдихайранов 2021 жылғы 23 сәуірде Қазақстан Республикасының аумағынан шығып (Ресей Федерациясы бағыты бойынша) қайта оралмағаны анықталған.
Сот отырысында талап қоюшы бұл ақпаратты жоққа шығармай өзін 2021 жылғы сәуірден бастап қазіргі уақытқа дейін АҚШ-та екенін растап, төрт баласының екеуі (2021 және 2023 жылдары туған) АҚШ-тың азаматтығына ие екендігі туралы хабарлаған.
Орталық стипендиат тарапынан шартпен көзделген міндеттемелер орындалмаған деп санап, жылжымайтын мүліктен ауыртпалықты алып тастаудан бас тартқан.
Орталықтың бұл шешімімен келіспей С.К.Абдихайранов Астана қаласының Есіл аудандық сотына шарт бойынша міндеттемелері орындалды деп тану және Орталықтың бас тартуы заңсыз деп тану туралы талап қоюмен жүгінген. Нәтижесінде заңды күшіне енген Астана қалалық соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 16 ақпандағы қаулысымен С.К.Абдихайрановтың аталған талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылған (бұдан әрі - сот қаулысы).
Сот қаулысымен С.К.Абдихайранов Қазақстан Республикасы аумағында жұмыс істеу міндеттемесін тиісінше орындамағанына байланысты Орталық оның жылжымайтын мүлігінен ауыртпалықты алудан негізді түрде бас тартқаны анықталған.
Жергілікті соттар, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімді қабылдай отырып, С.К.Абдихайранов келіспей отырған шешімнің заңдылығы туралы қорытындыға келген.
Шарттың 2.3.22 тармағымен стипендиат бекітілген оқу жоспарында көзделген оқудың толық курсын аяқтағаннан және дәреже алғаннан кейін 15 күнтізбелік күн ішінде Қазақстан Республикасына келуге, Орталыққа Қазақстан Республикасына кіруі туралы белгісі қойылған паспорт көшірмесін ұсынуға және жұмыс берушіде немесе басқа ұйымда алған мамандығы бойынша кемінде бес жыл үзіліссіз жұмыс істеу міндеттілігі көзделген.
С.К.Абдихайрановтың шарттың жұмыс істеу міндеттемесі орындалмағаны жөнінде заңды күшіне енген сот қаулысымен анықталған.
Яғни, осы іс бойынша аталған мән-жай АПК-нің 76-бабының 2- тармағына сәйкес дәлелдеуді қажет етпейді.
Сонымен қатар, 2022-2023 жылдар аралығында Орталық С.К.Абдихайрановқа бірнеше рет Қазақстан Республикасына оралу туралы хабарлама жолдаған және оны «Болашақ» стипендиясынан айыру мәселесі Республикалық комиссияның кезекті отырысында қаралатынын ескерткен. Алайда, талап қоюшы өз кезегінде ескертулерге қарамай шарт тараптарын орындауға бағытталған іс-әрекеттер жасамаған.
Керісінше, ол Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерден қашықтықтан жұмыс істегені шарттық міндеттемені бұзады деген Орталықтың пікірімен келіспеушілік білдіріп, елге оралмаған, Орталыққа тиісті құжаттарды ұсынбаған.
Бұл ретте, шарт аясында оның тараптарымен қашықтықтан оқу, оның үстіне міндеттемелерді Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде орындауға рұқсат беру жөнінде өзгертулер мен толықтырулар енгізілмегеніне, оған қоса ондай өзгертулер «Болашақ» стипендиясы бағдарламасымен көзделмегеніне, шарт талаптарының бұзылғаны осы іс және заңды күшіне енген сот қаулысымен анықталуына орай жауапкермен қабылданған шешім заңды әрі негізді болып табылады.
ӘРПК-нің 155-бабының төртінші бөлігімен сот, егер талап қоюды қарау кезінде даулы әрекет (әрекетсіздік) жасалғанын, шешім құзыретіне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылданғанын анықтаса, оны қанағаттандырудан бас тартатындығы қарастырылған.
Келтірілген мән-жайлар мен заң нормалары аясында жергілікті соттардың сот актілері заңды әрі негізді, өйткені дауланып отырған шешімді қабылдау барысында Шетелде кадрлар даярлау жөнiндегi республикалық комиссиясы тарапынан заң бұзушылықтарға, оның ішінде процедуралық сипаттағы, жол берілмеген.
Осыған орай, сот алқасы сот актілері материалдық және процестік құқық нормаларына негізделіп шығарылған, соттармен заң нормалары дұрыс қолданылған, іс бойынша дәлелдемелерге заң тұрғысынан дұрыс баға берілген деп санайды.
Дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға не өзгертуге негіздер жоқ.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 21 қарашадағы шешімі, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 15 ақпандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Саян Канатович Абдихайрановтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Ғ. Әлжанов Судьялар Ж. Ермагамбетова Б. Нажмиденов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.