ҚАУЛЫ
2024 жылғы 29 наурыз 6001-23-00-6ап/3000 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар – Г.Б. Дуйсенбаев, Е.Д. Өмірәлиев болып,
талап қоюшы О[...] қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында О[...] жауапкерлер Түркістан қаласының әкіміне, «Түркістан қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне, Түркістан қалалық жер комиссиясына жер комиссиясының 2013 жылғы 11 қарашадағы №302 қорытындысының және әкімнің 2014 жылғы 31 қаңтардағы №91қаулысының күшін жою, жер учаскесіне және оның үстіндегі ғимараттарға, көпжылдық жеміс ағаштарына өтем төлеу күнгі нарықтық құнына бағалау жүргізіп, тең бағамен өтемақы төлеуді міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 12 маусымдағы ұйғарымына, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 22 тамыздағы ұйғарымына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 12 маусымдағы ұйғарымымен талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартылып, талап қоюы қайтарылған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 22 тамыздағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қоюын қанағаттандыру туралы шешім шығаруды сұраған.
Жауапкерлер Түркістан қаласының әкімінің және «Түркістан қалалық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілдері істі олардың қатысуынсыз қарауды сұраған.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
О[...] кассациялық шағымды қолдаған пікірін тындап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Іс құжаттарына қарағанда Түркістан аудандық халық депутаттары кеңесінің Калинин ауылдық атқару комитетінің 1990 жылғы 14 қарашадағы №52 шешімімен жеке тұрғын үй салу үшін талап қоюшы О[...] әкесі О[...] 0,15 га жер учаскесі бөлінген.
О[...] атына 1992 жылғы 20 наурызда Шымкент облыстық техникалық инвентаризациялау бюросының Түркістан филиалы -мен берілген О[...] атына тіркелген тұрғын үйдің техникалық төлқұжатына сай, 9 пятилетка көшесі, №305 жер учаскесінің алаңы 2209 шаршы метр, оның 613,88 шаршы метрінде құрылыс орналасқаны көрсетілген.
Түркістан қаласы Б.С[...] даңғылының бойы түгелдей Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 1 маусымдағы №446 қаулысымен Түркістан қаласының аумағына өткен.
Даулы жер учаскесіне Түркістан қаласы, С[...] даңғылы №70 болып өзгертілген.
О[...] қайтыс болғаннан кейін оның баласы – талап қоюшы О[...] 2013 жылғы 16 қазанда мұраға құқық туралы куәлік алған..
Түркістан қаласы әкімдігі жанындағы жер комиссиясының 2013 жылғы 11 қарашадағы №302 қорытындысымен О[...] Түркістан қаласы, С[...] даңғылы, №70 мекенжайда орналасқан 0,1940 га жер учаскесіне, оның ішінде: 0,10 га жер учаскесін жеке меншік құқығымен, ал 940 шаршы метр жер учаскесін сатып алу құқығымен жер учаскесіне сәйкестендіру актісін алу үшін қаулы шығарып беруге келісілген.
Әкімнің 2014 жылғы 31 қаңтардағы №91 қаулысымен О[...] 0,1 га жер учаскесі бұрын салынған тұрғын үй орналасқан жер аумағына жеке меншік құқығы берілген. Аталған қаулы негізінде О[...] құқығы 2014 жылғы 20 ақпанда мемлекеттік тіркеуден өткен.
О[...] даулы жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін алынғандығын, оның ішінде 0,1 га жерге 45 274 818 теңге өтемақы алғандығын теріске шығармай, бірақ жер учаскесінің қалған 0,12 га бөлігіне өтемақы алмағандығын көрсетіп бұрын да сотқа жүгінген. Түркістан қалалық сотының 2021 жылғы 2 ақпандағы заңды күшіне енген шешімімен талап қоюшының 0,12 га жер учаскесіне жеке меншік құқығын беруді міндеттеу туралы талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Жоғарыда көрсетілген уәждерді келтіре отырып осы қаралып отырған талаптармен әкімшілік сотқа да жүгінген.
Жергілікті соттардың әкімшілік талапты қайтаруы негізді болып табылады. Бұл іс бойынша О[...] жер комиссиясының 2013 жылғы 11 қарашадағы №302 қорытынды мен әкімнің 2014 жылғы 31 қаңтардағы № 91 шешімін даулап, сотқа талап арызды 2023 жылғы 15 мамырда берген.
ӘРПК-нің 136 бабы бірінші бөлігіне сай көрсетілген дау айту туралы, мәжбүрлеу туралы талап қоюлар шағымды қарайтын органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі.
Талап қоюшы әкімшілік актіні даулауға берілген бұл мерзімді дәлелді себептерсіз өткізіп алғаны сотта анықталған.
Істің басқа да егжей-тегжейлі мән-жайлары, соттардың негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
ӘРПК-нің 138-бабының екінші бөлігінің 15) тармақшасына сәйкес, сот талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартса, сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.
Істің бұл тұрғысында соттардың ұйғарымдары өзгеріссіз, талап қоюшының жеке шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды.
ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 12 маусымдағы ұйғарымы, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 22 тамыздағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы О[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
С. Баймаханов
Судьялар
Г. Дуйсенбаев Е. Өмірәлиев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.