6001-24-00-6ап/3117
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 9 сәуір Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Г.К. Нұрбаев, Е.Ж. Өмірәлиев, талап қоюшының өкілі А.Ш.Жунусованың қатысуымен,
өзінің ашық сот отырысында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот мәжіліс залында талап қоюшы Абильхамит Ербосынович Кудайбергеновтің мемлекеттік сот орындаушысы Г.Есентайдың (бұдан әрі МСО, сот орындаушысы) атқарушылық іс жүргізуді қозғау туралы қаулысын заңсыз деп танып, күші жоюды және талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Қызылорда қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Басқарма) жеке сот орындаушысы Е.Аруновтың (бұдан әрі – ЖСО, сот орындаушысы) атқарушылық іс жүргізуді тоқтату туралы қаулысын заңсыз деп танып, күші жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 12 тамыздағы шешіміне және Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істері жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 17 қыркүйектегі қаулысына талап қоюшы А.Е. Кудабергеновтің өкілі Р.М.Бегимбаевтың кассациялық шағымымен келіп әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшылар сотқа жоғарыда аталған талап арызбен жүгінген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 12 тамыздағы шешімімен талап қоюшылар А.Кудайбергенов пен Басқарманың талаптары қанағаттандырылған.
МСО Г.Есентайдың 2024 жылғы 14 маусымдағы №109/24-43-12 атқарушылық іс жүргізуді қозғау туралы қаулысы заңсыз деп танылып, күші жойылған.
ЖСО Е.Аруновтың 2024 жылғы 27 наурыздағы №1619/21-43-1356 атқарушылық іс жүргізуді тоқтату туралы қаулысы заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істері жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 17 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы А.Е. Кудабергеновтің өкілі Р.М.Бегимбаевтың кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған сот актілерімен ішінара келіспей, жергілікті соттардың құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, сот орындаушысы Е.А.Аруновтың атқарушылық іс жүргізуді тоқтату туралы қаулысын заңсыз деп танып, күшін жою туралы бөлігінде күшін жойып, Басқарманың талабын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Тиісті түрде хабарланған тараптар кассациялық саты сотының отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.
Сот алқасы Басқарма өкілі А.Ш.Жунусованың кассациялық шағым уәждерімен келіспеген пікірін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын жанжақты зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Іс құжаттарына қарағанда, ЖСО Е.Арунов 2021 жылғы 17 маусымда берілген атқарушылық парақтың (бұдан әрі - атқарушылық парақ) негізінде 2021 жылғы 29 маусымда борышкер А.Кудайбергеновтен «Кызылорда Снаб KZ» ЖШС-нің банкроттық рәсімі пайдасына субсидиарлық жауапкершілік тәртібімен 56 196 718 тенге кредиторлық қарыз сомасын өндіру бойынша атқарушылық іс жүргізуді (бұдан әрі - №1 атқарушылық іс) қозғаған.
Осы қарыз сомасына қатысты 2021 жылғы 26 тамызда «Кызылорда Снаб KZ» ЖШС-нің банкроттық басқарушысы мен Басқарма арасында талап ету құқығын беру (цессия) шарты жасалған. Сәйкесінше 2021 жылғы 2 желтоқсандағы сот ұйғарымымен өндіріп алушы ретінде «Кызылорда Снаб KZ» ЖШС Басқармаға ауыстырылған.
2021 жылғы 15 қарашада «Кызылорда Снаб KZ» ЖШС-ның таратылуы тіркелген.
ЖСО Е.Арунов 2024 жылы 27 наурыздағы қаулысымен (бұдан әрі -Даулы қаулы) №1 атқарушылық істі тоқтатқан.
МСО Г.Есентай 2024 жылғы 14 маусымда атқарушылық парақ негізінде атқарушылық іс жүргізуді қайта қозғап (бұдан әрі - №2 атқарушылық іс), атқарушылық әрекеттерін жүргізген.
Талап қоюшы А.Кудайбергенов сотқа жүгінген талабында МСО Г.Есентайдың №2 атқарушылық іс жүргізуді қозғау туралы қаулысының күшін жоюды сұрап, бұрын тоқтатылған атқарушылық іс жүргізуді қайта бастауға болмайтынын алға тартқан. Басқарма талабында ЖСО Е.Аруновтың №1 атқарушылық іс жүргізуді тоқтатқан әрекетіне дау айтқан.
Жергілікті соттар Басқарманың талап арызын қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда, ЖСО Е.Аруновтың атқарушылық іс жүргізуді тоқтату туралы 2024 жылғы 27 наурыздағы қаулысы заң талаптары бұзыла отырып қабылданған, себебі даулы қаулы жөнінде Басқарма хабардар болмаған және атқарушылық іс бойынша Басқарма өндіріп алушының мирасқоры ретінде іс жүргізуге тартылмаған деп тұжырым жасаған.
Сот алқасы төменгі саты соттарының аталған тұжырымдарымен толық келісіп, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деп тапты.
Іс құжаттарынан белгілі болғандай, ЖСО Е.Арунов даулы қаулыны қабылдағанда Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 47бабының 1-тармағының 6) тармақшасын басшылыққа алған.
Онда атқарушылық iс жүргiзу, егер өндiрiп алушы немесе борышкер болып табылатын заңды тұлғаны тарату аяқталса, құқықтық мирасқоры болмаған кезде не атқарушылық құжат борышкер болып табылатын заңды тұлғаның тарату комиссиясына орындау үшiн жiберiлсе, борышкерді банкрот деп тану туралы сот шешімі немесе оңалту жоспарын бекіту туралы сот ұйғарымы заңды күшіне енсе, тоқтатылатыны көзделген.
АПК-нің 53-бабында даулы немесе сот шешімімен белгіленген құқықтық қатынастардан тараптардың біреуі шығып қалған жағдайда (адамның қайтыс болуы, заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуы, таратылуы, талапты басқаға беру, борышты аудару және даулы материалдық құқықтық қатынастардағы тұлғалардың басқа да ауысу жағдайлары) сот сол тарапты оның құқық мирасқорымен ауыстыруға жол беретіні көрсетілген. Құқық мирасқорлығы процестің кез келген сатысында мүмкін болады.Құқық мирасқоры процеске кіріскенге дейін жасалған барлық әрекеттер құқық мирасқорын ауыстырған тұлға үшін қаншалықты міндетті болса, құқық мирасқоры үшін сондай шамада міндетті болады.
«Кызылорда Снаб KZ» ЖШС таратылғанымен, борышкер А.Кудайбергеновке қатысты талап ету құқығы оның құқықтық мирасқоры - Басқармаға өткен.
Мұндай жағдайда, яғни құқықтық мирасқоры бола тұра, атқарушылық іс жүргізудің Заңның 47-бабы 1-тармағының 6) тармақшасымен тоқтатылуы заңсыз болып табылады.
Істің мұндай тұрғысында төменгі сатыдағы соттармен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс. АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдарымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.
Сондықтан, сот алқасы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 12 тамыздағы шешімі және Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істері жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 17 қыркүйектегі қаулысы өзгеріссіз қалдырылсын. Талап қоюшы А.Е. Кудабергеновтің өкілі Бегимбаев Ринат Маратұлының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
Дуйсенбаев Г.Б.
Нұрбаев Г.К. Өмірәлиев Е.Ж. Дуйсенбаев Г.Б.
Көшірмесі дұрыс. Судья
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.