ВС РК - Постановление от 15.07.2024 по делу 6001-24-00-3Г/3785 (Гражданское)

6001-24-00-3г/3785

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 15 шілде Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Қ[...] талап қоюшы «Ақтөбе облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» мемлекеттік мекемесінің жауапкерлер «Ақтөбе облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «Облыстық мамандандырылған ұлттық спорт түрлерінен балаларжасөспірімдер спорт мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (әрі қарай - Кәсіпорын) және дара кәсіпкер Н[...] соманы өндіру туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 11 маусымдағы қаулысына дара кәсіпкер Н[...] өкілі А[...] келтірген өтінішхатын электрондық істі алдырту арқылы алдын ала қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

«Ақтөбе облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» (әрі қарай - Департамент) мемлекеттік мекемесі сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, жауапкерлерден 12 499 995 теңгені қайтаруды сұраған.

Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 5 наурыздағы шешімімен талап қоюшының талап қоюы қанағаттандырылудан бас тартылған.

Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 11 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, жаңа шешім қабылданған.

«Ақтөбе облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» мемлекеттік мекемесінің жауапкер ДК Н[...] соманы өндіру туралы талап қоюы қанағаттандырылған.

Дара кәсіпкер Н[...] мемлекет пайдасына 12 499 995 теңге және жергілікті бюджетке 375 000 теңге мөлшерінде мемлекеттік баж салығы өндірілген.

Өтінішхатта ДК Н[...] өкілі А[...] іс бойынша қабылданған сот актісімен келіспей, апелляциялық сатыдағы соттың материалдық және процестік құқық нормаларын бұзуға жол бергенін көрсетіп, дауланған сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұрайды.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.

Электрондық іс құжаттарынан анықталғандай, 2022 жылғы 27 қазанда «Ақтөбе облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «Облыстық мамандандырылған ұлттық спорт түрлерінен балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны (тапсырыс беруші) мен ДК Н[...] (өнім беруші) арасында «Бағалы ұсыныстарға сұраным» мемлекеттік сатып алудың қорытындылары негізінде «көкпар ойынына арналған спорттық жылқылар» өнімін жеткізуге №51 мемлекеттік сатып алу туралы шарты жасалған.

Шарттың №1-қосымшасына және техникалық ерекшелігіне сәйкес орындаушы жалпы сомасы 12 499 995 теңгеге «көкпар спорттық жылқысы, асыл тұқымды айғыр» өнімін тапсырыс берушінің өтінімі негізінде шартқа қол қойылғаннан кейін 15 күнтізбелік күн ішінде жеткізуге міндеттелген.

2022 жылдың 30 қазанында қабылдау-беру актісі бойынша 5 бас көкпар ойнына арналған спорттық жылқылар қабылдап алынған.

Талап қоюшымен 2023 жылғы 14 қыркүйектегі №ДЭ/3144-И Ақтөбе облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті арқылы жолданған М[...] шағым хаты бойынша Кәсіпорынға қатысты жоспардан тыс аудиторлық іс-шара тағайындалған.

Аудит барысында 2023 жылғы 25 қыркүйектегі Департамент басшысының №158-И бұйрығымен аудиторлық іс-шараларға Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бас маманы Б[...] және Ақтөбе қалалық ветстанциясының мал дәрігері К[...] тартылған.

2023 жылғы 28 қыркүйектегі Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бас маманы Б[...] бақылау қорытындысына сәйкес Жалын, Геракл, Гарпун, Бөкен, Шымыр, Алға, Капитан, Тарлан, Құрма, Лашын, Суарс деген жылқылар қаралып, асыл тұқым екендігін растайтын куәліктерінің жоқтығы, куәлік болмауына байланысты көрсетілген жылқылардың қай тұқымға жататынын анықтау мүмкін емес деген тұжырым жасалған.

Осы жағдайды Ақтөбе қалалық ветстанциясының мал дәрігері К[...] растаған.

2023 жылғы 29 қыркүйектегі №06-10-75 аудиторлық есеп бойынша жауапкермен жеткізілген 5 бас көкпар спорттық жылқылардың техникалық ерекшелік шарттарына сәйкес келмейтіні анықталған.

Сонымен қатар жеткізілген 5 бас көкпар ойнына арналған спорттық жылқылардың техникалық өзіндік ерекшелігіне сәйкес келмейтіндігі бірінші сатыдағы соттың назарынан тыс қалғандығын көрсетіп, апелляциялық сот

алқасы жауапкермен мемлекеттік сатып алу шарты бұзылғанын көрсетіп, талап қою қанағаттандырылуға жатады деген тұжырымға келген.

Сот алқасының тұжырымдарын өтінішхат иесі заңсыз деп есептейді. Өтінішхатта келесідей уәждер келтірілген.

Апелляциялық алқа бірінші сатыдағы соттың материалдық немесе процестік құқық нормаларының бұзылуына немесе дұрыс қолданылмауына жол бергенін мүлдем көрсетпей, сот шешімнің күшін жойған.

Іс құжаттарынан жауапкерлердің құқықтық қатынастары 2022 жылғы 27 шілдедегі №51 мемлекеттік сатып алу шарты негізінде туындағаны анықталған.

ДК Н[...] Ақтөбе облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «Облыстық мамандандырылған ұлттық спорт түрлерінен балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне 12 499 995 теңгеге 5 бас көкпар ойнына арналған спорттық жылқыларын жеткізген.

Шарттың 6.2, 6.3 - тармақатырына сәйкес тауардың сатып алынатын тауарлар тізбесіне және осы шартқа қосымшаларда көрсетілген техникалық ерекшелікке сәйкес толық жеткізілмегені анықталған немесе жеткізілген тауарда ораманы ашу кезінде жасырын қандай да бір зауыт ақаулары анықталған жағдайда немесе егер тауар сапасы техникалық дайындау талаптарына толық сәйкес келмесе, тапсырыс беруші жиырма күндік мерзімде жарнамалық акті жасайды, ал өнім беруші 14 күнтізбелік күн ішінде өз есебінен тауарды жаңасына ауыстырады.

Жеткізілетін тауардың кепілді кезеңі тауар тапсырыс берушінің қоймасына түскен күннен бастап 12 күнтізбелік ай деп белгіленген.

2022 жылғы 30 қазанда жауапкерлер арасында тауарды қабылдап алуберу актісі жасалынып, жауапкер «Ақтөбе облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «Облыстық мамандандырылған ұлттық спорт түрлерінен балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі тарапынан қандайда бір акті жасалмай, тауар қабылданып, осы күнге дейін пайдаланып отырғандығы анықталған.

Шарт бойынша кепілдік кезең 2023 жылғы 30 қазанда аяқталған. Аудит барысында аудиторлық іс-шараларға Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бас маманы Б[...] және Ақтөбе қалалық ветстанциясының мал дәрігері К[...] тартылып, олар шартта қөрсетілген жылқылардың асыл тұқымдығын растайтын қуәліктерінің болмауына байланысты, жылқылар қай тұқымға жататынын анықтау мүмкін еместігін көрсеткен.

Сотта анықталғандай конкурс өткізілген кезде мекеме маманы жылқылар асыл тұқымды болу қажеттілігін қате көрсеткендігін және қабылданған жылқылар қазіргі таңда көкпарға қатысып, жақсы нәтижелері бар екендігі белгілі болған.

Сонымен бірге сатып алынған жылқылардың тиісті міндеттерін, яғни сатып алудағы мақсаты орындағаны толық расталған.

Жылқылар жарыстарға үнемі қатыстырылғаны, балаларға атқа мінуді үйретуде қолданылатыны, сатып алынған жылқылар сол уақыт аралығында 14 бәйгеге, оның ішінде 11 республикалық, 3 халықаралық жарыстарға қатысқаны, олардан 50 жүлдеге ие болғаны, оның ішінде 1 орын -16 рет, 2 орын - 16 рет, 3 орын - 18 рет ие болған.

Сөйтіп, шарт бойынша міндеттеменің толық орындалғаны, тауар қабылданғаны, «Облыстық мамандандырылған ұлттық спорт түрлерінен балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі тарапынан қандай да бір ақаулық акт жасалмағандығы, жылқылар бірнеше жыл бойы өзінің мақсатына сай қолданып жатырғандығы, кепілдік мерзімі өтіп кеткендігі, жағымсыз салдардың туындамағаны айқын расталған.

Апелляциялық сатыдағы соттың «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Заңның 7-бабының 3-тармағына сілтемесі мүлдем негізсіз, өйткені аудиторлық қорытындылар мен 2023 жылғы 3 қазандағы шығыс нөмірі №06-07/4457 нұсқамада қаржылық бұзушылықтар анықталмаған.

Одан басқа, бірінші және апелляциялық сатыдағы сотта прокурор талап қоюдың негізсіздігін ескере отырып, оны қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.

Демек, шарт бойынша міндеттеменің толығымен орындалғанына қарамастан, апелляциялық сот алқасы тек рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар болғанын біле тұра, ақаулар анықталмаса да, кепілдік кезеңі аяқталған болса да заңды шешімді бұзып, жауапкер Н[...] негізсіз мемлекет пайдасына 12 499 995 теңгені өндірген.

Бұл материалдық құқық нормаларын бұзу деп бағаланады.

Талап қоюшы дәл осындай дау бойынша сотқа талап қоюмен жүгінген, алайда Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 3 маусымдағы №1513-24-00-2/591 шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Осылайша өтінішхат иесі апелляциялық сот алқасы бір де бір заңды негіздерді келтірмей, бірінші сатыдағы соттың шешімін негізсіз күшін жойған, ол болса соттардың құқық нормаларын түсіндіруіндегі және қолдануындағы бірізділікті бұзады деп санайды.

Өтінішхатта көрсетілген басқа да уәждер дау айтылған сот актісін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қайта қарауға жататын негіздер болып табылады. АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 11 маусымдағы қаулысына келтірілген өтінішхат электрондық іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін берілсін. Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын.

Қ[...]

Судья

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.