ВС РК - Постановление от 31.10.2024 по делу 6001-24-00-6ап/1383 (Административное)

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 31 қазан 6001-24-00-6ап/1383 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,

судьялар – Ғ.Ө.Әлжанов, Е.Ж.Өмірәлиев болып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының прокуроры Н.Молдахановтың,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Орталық) жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Астана қаласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент) анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамасын заңсыз деп тану, Департаменттің басшысы А.К.Кавкитаевқа және аудиторлық қорытындыға қол қойған (есеп, аудиторлық қорытынды) және жүргізген адамдарға қатысты тәртіптік сипаттағы шаралар қабылдау туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 28 ақпандағы ұйғарымына, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 3 сәуірдегі ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 28 ақпандағы ұйғарымымен талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартылып, талап қоюы қайтарылған.

Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 3 сәуірдегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, істі бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберуді сұраған.

Тараптар және олардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы кассациялық шағымның уәждерін тексеріп, прокурордың сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

АПК-нің 427-бабының бірінші бөлігінің 1) тармақшасына сай сот актісінің күшін жоюға іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымының дұрыс айқындалмауы негіз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.

Істің мән-жайларына қарағанда 2023 жылғы 20 қазан мен 2023 жылғы 1 қараша аралығында Департамент Орталықта сәйкестік аудитін жүргізіп, 2023 жылғы 1 қарашада №134 санды аудиторлық есебін берген.

2023 жылғы 8 қарашадағы талап қоюшының аудиторлық есепке жоғары тұрған органға келтірген қарсылығын Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің апелляциялық комиссиясы 2023 жылғы 14 желтоқсанда қанағаттандырусыз қалдырған.

2023 жылғы 19 желтоқсанда Департамент анықталған бұзушылықтарды жою және оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқамасын (бұдан әрі – Нұсқама) талап қоюшыға жолдаған.

Нұсқама талап қоюшыға 2023 жылғы 27 желтоқсанда табыс етілген.

Орталық 2024 жылғы 15 қаңтарда Департаментке нұсқама және аудиторлық қорытындымен келіспейтіндігі жөнінде арыз берген.

Сотқа талап қоюшы 2024 жылғы 9 ақпанда жүгінген.

Соттар талап қоюды қайтарғанда ӘРПК-нің 136-бабының бірінші бөлігінде дау айту туралы, мәжбүрлеу туралы талап қоюлар шағымды қарайтын органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі.

Дауды сотқа дейінгі реттеу тәртібімен Нұсқамаға шағым беру мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы заңнамада көзделмеген.

Демек, талап қоюшы Нұсқаманы 2023 жылғы 27 желтоқсанда алған кезден бастап бір айдың ішінде сотқа жүгінуге тиіс болған. Сөйтіп Орталық сотқа жүгінудің бір айлық мерзімін дәлелсіз себептермен өткізіп алған деген негіздемелер келтірген.

Алайда соттардың бұл тұжырымы негізсіз болып табылады.

Соттар талап қоюды қайтарғанда мына мән-жайларды ескермеген.

«Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 60-бабына сай мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының және (немесе) олардың лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін. ӘРПК-нің 91 және 99-баптарына сәйкес әкімшілік рәсімге қатысушы әкімшілік (сотқа дейінгі) тәртіппен әкімшілік актіні қабылдауға байланысты емес әкімшілік актіге, әкімшілік әрекетке (әрекетсіздікке) шағым жасауға құқылы.

Осы Кодексте көзделген жағдайларда әкімшілік рәсімге қатысушы әкімшілік актіні қабылдауға байланысты әкімшілік әрекетке (әрекетсіздікке) шағым жасауға құқылы.

Егер әкімшілік орган, лауазымды адам осы Кодексте белгіленген мерзімдерде әкімшілік актіні қабылдамаса, әкімшілік әрекет жасамаса, онда мерзімдер өткен күннен бастап әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік актіні қабылдаудан, әкімшілік әрекет жасаудан бас тартты деп есептеледі.

Шағымды әкімшілік тәртіппен (сотқа дейінгі) қарауды жоғары тұрған әкімшілік орган, лауазымды адам (бұдан әрі – шағымды қарайтын орган) жүргізеді.

Әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетiне (әрекетсiздiгiне) шағым жасалатын әкімшілік орган, лауазымды адам үшін бағыныстылық тәртібімен жоғары тұрған болып табылатын Қазақстан Республикасының Президентін, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрін, Қазақстан Республикасының Үкіметін қоспағанда, әкімшілік орган, лауазымды адам, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шағымдарды қарауға уәкілеттік берілген өзге де әкімшілік орган, лауазымды адам осы Кодекстің мақсаттары үшін шағымды қарайтын орган деп танылады.

Шағым әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік органға, лауазымды адамға беріледі.

Әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік орган, лауазымды адам шағым келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей оны және әкімшілік істі шағымды қарайтын органға жібереді.

Бұл ретте әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік орган, лауазымды адам, егер ол үш жұмыс күні ішінде шағымда көрсетілген талаптарды толық қанағаттандыратын қолайлы әкімшілік акт қабылдаса, әкімшілік әрекет жасаса, шағымды қарайтын органға шағымды жібермеуге құқылы.

Егер заңда өзгеше көзделмесе, сотқа дейінгі тәртіппен шағым жасалғаннан кейін сотқа жүгінуге жол беріледі. Егер заңда жоғары тұрған органға шағым жасау қажеттілігінсіз сотқа жүгіну мүмкіндігі көзделген жағдайда, әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) дау айтылатын әкімшілік орган, лауазымды адам сотқа пікірмен қатар жоғары тұрған әкімшілік орган басшысының, лауазымды адамының уәжді ұстанымын ұсынады.

Жоғары тұрған әкімшілік орган, лауазымды адам болмаған жағдайда, әкімшілік актіге, әкімшілік әрекетке (әрекетсіздікке) сотқа шағым жасалуы мүмкін, бұл туралы әкімшілік іс бойынша шешім қабылдау кезінде әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік орган әкімшілік рәсімге қатысушыға хабар береді.

Шағымды қарау мерзімі шағым келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күнін құрайды.

Жоғарыда көрсетілгендей Орталық даулы Нұсқамамен келіспей 2024 жылғы 15 қаңтарда Департаментке шағым түсірген.

Істегі құжаттарға қарағанда Департамент ӘРПК-нің 91-бабына сай аталған шағымды үш жұмыс күнінен кешіктірмей оны қарайтын орган - «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитеті» РММ-не жолдамаған.

Сөйтіп аудиторлық есепке келтірген қарсылық Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің апелляциялық комиссиясында қаралып, ал даулы әкімшілік акті – Нұсқамаға келітірілген шағым жоғары тұрған уәкілетті органда қаралмаған.

Сондықтан ӘРПК-нің 91-бабының екінші бөлігіне сай шағым жиырма жұмыс күн мерзімде қаралмағандықтан әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік актіні қабылдаудан, әкімшілік әрекет жасаудан бас тартты деп есептеледі.

Яғни бұл жағдайда сотқа жүгіну мерзімі осы мерзім жиырма жұмыс күн өткен күннен бастап есептелуге жатады.

Сондықтан соттардың талап қою мерзімі өткізілген деген тұжырымы қате болып табылады.

Талап қоюшы дауды сотқа дейінгі шешудің барлық процессуалдық талаптарын сақтап, адал әрекет жасаған.

Істің бұл тұрғысында сот актілерінің күші жойылып, іс бірінші саты сотына талап қоюды мәні бойынша қарауға жолдануға жатады.

ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 28 ақпандағы ұйғарымының, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 3 сәуірдегі ұйғарымының күші жойылсын.

Іс Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жаңадан қарауға жолдансын.

Талап қоюшы Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» РММ-нің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

С. Баймаханов Ғ. Әлжанов Е. Өмірәлиев

Көшірмесі дұрыс

Судья

С. Баймаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.