Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 12.02.2026 по делу 6003-25-00-2к/4476 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 12 ақпан №6003-25-00-2к/4476 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында

төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар М.Т.Кадырова, Н.О.Косанов,

прокурор К.К.Тогаевтың, талап қоюшы өкілі А.А.Исатаевтың, жауапкер өкілі Н.М.Касымбековтың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) жауапкер «Акылбек» шаруа қожалығынан (бұдан әрі - Қожалық) субсидия қаржысын өндіру туралы электрондық форматтағы азаматтық істі Қожалықтың Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 28 қаңтардағы шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 мамырдағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Басқарма сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, оны Қожалық тарапынан субсидияланған мал басының сақталуын қамтамасыз ету бойынша міндеттемелер орындалмағанымен негіздеген. Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою қанағаттандырылып, Қожалықтан мемлекет пайдасына 28 215 400 теңге субсидия қаражаты және 846 462 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Қожалық кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын және прокурордың сот актілері өзгеріссіз, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.

Жергілікті соттар Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 15 наурыздағы №108 бұйрығымен бекітілген «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын» (бұдан әрі - Қағида) дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік

құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.

Анықталғаны, Басқарма тарапынан Қожалыққа:

  1. бір мезгілде қуаттылығы кемінде 1 000 бас бордақылау алаңдарына өткізілген немесе бордақылау үшін жіберілген бұқашықтардың құнын төмендету үшін субсидиялау туралы 2019 жылғы 23 желтоқсандағы №0901001899 өтінімі негізінде 263 бас бұқашықтың тірі салмағына 15 685400 теңге;

  2. қазақтың ақ басты асыл тұқымды бұқаларына 2020 жылғы 5 мамырдағы №013001002962 өтінімі негізінде 20 бас асыл тұқымды бұқаларына 3 000 000 теңге;

  3. асыл тұқымды ірі қара малдың тауарлық аналық селекциялық асылдандыру жұмыстарын жүгізуді субсидиялау туралы 2020 жылғы 30 маусымдағы №0101023622 өтінімі негізінде 222 ірі қара мал басына 2 220 000 теңге;

  4. тауарлық аналық бастарымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстарын жүгізуді субсидиялау туралы 2020 жылғы 29 қарашадағы №037002003086 өтінімі негізінде 1 024 бас қойға 2 560 000 теңге;

  5. ірі қара малдың тауарлық аналық бастарына субсидиялау туралы 2021 жылғы 29 сәуірдегі №012001007393 өтінімі негізінде 475 бас ірі қара мал басына 4 750 000 теңге субсидиялар берілген.

Осы өтінімдер негізінде Басқармамен субсидия қаржысы аударылып, Қожалықпен алынған.

Қағиданың 3-қосымшасының 6, 7, 8, 16-нысанындағы талаптарына сәйкес, Қожалық субсидияға өтінім беру барысында субсидияланған аналық мал басының (табиғи кему нормалары шегіндегі өлім-жітімді қоспағанда) жыл бойы сақталуын қамтамасыз ететінін, сақталуы қамтамасыз етілмеген жағдайда, алынған субсидияларды қайтаруға келісетіндігін көрсеткен.

Соттармен аталған субсидия алу туралы өтінімдері зерделеніп, төмендегі мән-жайлар анықталған.

  1. 2019 жылғы 23 желтоқсандағы №0901001899 өтінім бойынша сырға белгілері бойынша 263 бас ірі қара малдары (бұдан әрі - ІҚМ) ИСЖ дерекқор базасына Қожалыққа 2019 жылғы 11 қазанда кіргізіліп, 2019 жылғы 7 қарашада шығыс болғаны, яғни жануарлардың бірдейлендіру дерекқорында 28 тәулік болғаны анықталған. Ветеринарлық пункт меңгерушілердің тексеру барысында берген анықтамалары бойынша 263 бас ІҚМ-ның дерекқор базасына тіркеу мен шығаруға Қожалық тарапынан өтініштер берілмегенін растаған, дерекқор базасында жоғарыдағы 263 бас ІҚМ-дың 2019 жылғы 7 қарашада «Байтерек» ШҚ-на тіркелгені мен ветеринарлық іс шаралар жүргізілмеген.

  2. 2020 жылғы 5 мамырдағы №013001002962 өтінім бойынша сырға белгілері бойынша 20 бас ІҚМ-дары ИСЖ дерекқор базасына Қожалыққа 2020

жылғы 29 сәуірде кіргізіліп, 2020 жылғы 30 қарашада ИСЖ дерекқор базасынан шығарылғаны және екінші рет аталған өтінімде көрсетілген сырға белгілері бойынша ИСЖ дерекқор базасына 2021 жылғы 1 сәуірде кіргізіліп, 2022 жылғы 23 тамызда шығарылғаны анықталған. Ветеринарлық пункт меңгерушілердің анықтамалары бойынша 20 бас ІҚМ-ның дерекқор базасына тіркеу мен шығаруға Қожалығы тарапынан өтініштер берілмегені расталған, дерекқор базасында ветеринарлық іс шаралар жүргізілмегені көрсетілген.

  1. 2020 жылғы 30 маусымдағы №0101023622 өтінім бойынша сырға белгілері бойынша 222 бас ІҚМ-дары 2020 жылғы 24 маусымда ИСЖ дерекқор базасына кіргізіліп, 2021 жылғы 12 ақпанда шығарылған, дерекқор базасындағы мәліметінен ветеринарлық іс шаралар жүргізілмегені анықталған.

  2. 2020 жылғы 29 қарашадағы №037002003086 өтінім бойынша сырға белгілері бойынша ИСЖ дерекқор базасына 2020 жылғы 11 қыркүйекте кіріске алынып, 2020 жылғы 2 желтоқсанда шығарылған. Ветеринарлық пункт меңгерушілердің анықтамалары бойынша 1 024 уақ бас ІҚМ-ның дерекқор базасына тіркеу мен шығаруға Қожалық тарапынан өтініштер берілмегені расталған.

  3. 2021 жылғы 29 сәуірдегі №012001007393 өтінім бойынша ІҚМ Қожалыққа 2021 жылғы 25 наурыз бен 3 сәуір аралығында ИСЖ дерекқор базасына тіркеліп, сырға белгілері бойынша 2022 жылғы 23 тамызда ИСЖ дерекқор базасынан шығарылған.

«Түркістан облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» мемлекеттік мекемесімен Басқармада «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау» бюджеттік бағдарламасы бойынша мемлекеттен төленген субсидиялардың нормативтік құқықтық актілерге сәйкестігіне тексеру жүргізіліп, 2024 жылғы 19 наурызды №61 аудиторлық есеп жасалған.

Аудиторлық тексеру барысында, Қожалықтың субсидия беру туралы өтінімдерінде көрсетілген 222 бас ірі қара малдардың 2020 жылғы 24 маусымда ауылшаруашылық жануарларын бірлейлендіру (бұдан әрі - АШЖБ) жүйесіне кіргізіліп, дерекқор жүйесінен 2021 жылғы 12 ақпанда шығарылғаны, олармен ветеринарлық іс шаралардың жүргізілмегені, 20 бас ірі қара малдардың АШЖБ дерекқор жүйесіне 2020 жылғы 29 сәуірде енгізіліп, 2020 жылғы 30 қарашада шығыс болып, 7 ай есепте болғаны, 1024 бас уақ малдары АШЖБ дерекқор жүйесіне 2020 жылғы 11 қыркүйекте кіріске алынып, 2020 жылы 2 желтоқсанда АШЖБ дерекқор жүйесінен шығарылғаны, 475 бас ірі қара малдардың сырға белгілері бойынша АШЖБ дерекқор жүйесіне 2021 жылғы 25 наурыздан 2021 жылғы 3 сәуір аралықтарында кіріске алынып, 2022 жылғы 23 тамызда дерекқор базасынан шығарылғаны, 263 бас бұқашықтар АШЖБ дерекқор жүйесіне 2019 жылғы 11 қазанда кіріске алынып, 2019 жылғы 7 қараша дерекқор базасынан шығарылғаны, 28 тәулік есепте болғаны, осы малдарды дерекқор жүйесіне тіркеу мен шығаруға Қожалық тарапынан

өтінімдер берілмегені, олармен ветеринариялық іс шаралардың жүргізілмегені анықталған.

Сонымен қатар, аудиторлық тексеру барысында бір қатар малдар анықталмай, бақылау өлшемі туралы акт рәсімделген.

Демек, Қожалықтың субсидия алу үшін ұсынылған құжаттардың және олардағы мәліметтердің дұрыс еместігі субсидия беруден бас тартуға негіздер болғаны анықталған.

Істің мұндай тұрғысында, талап қою қанағаттандырылуға жатады деген жергілікті соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.

Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.

Сол себепті, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 мамырдағы қаулысы күшінде, жауапкер «Акылбек» шаруа қожалығының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші К.Айтжанов

Судьялар М.Кадырова Н.Косанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.