ВС РК - Постановление от 24.11.2021 по делу 6001-21-00-6КА/568(2) (Об административном правонарушении)

6кп-59/21

Қ А У Л Ы

2021 жылғы 24 қараша Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында: төрағалық етуші - судья А.Қ.Қыдырбаева, судьялар А.Ж.Рахметулин, М.Т.Балкен, прокурор Т[...],

әкімшілік жауапқа тартылған тұлға Х[...] (KHODJAEVA DILNOZA) қорғаушысы – А[...] қатысуларымен,

кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында бейнеконференц байланыс арқылы Түркістан облысы Келес аудандық сотының 2021 жылғы 7 сәуірдегі қаулысына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуымен түскен,

Х[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабының 5-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Түркістан облысы Келес аудандық сотының 2021 жылғы 7 сәуірдегі қаулысымен Х[...] Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі-ӘҚБтК) 517-бабының 5-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған осы бап бойынша Қазақстан Республикасы шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу жазасы тағайындалған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуында сот қабылдаған қаулысы соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатындығы туралы көрсетілген.

Алқа, әкімшілік жауапқа тартылған тұлғаның қорғаушысының, прокурордың ұсынуды қолдаған пікірлерін тыңдап, іс құжаттарды зерттеп, ұсынудың уәждерін талқылап, сот қаулысы өзгертуге жатады деп есептейді.

Іс материалдарына сәйкес Өзбекстан Республикасының азаматшасы Х[...] 2020 жылғы 13 наурызда Қазақстан Республикасына жеке сапармен өтіп, жұмысқа арнайы рұқсат алмай, Келес ауданы, Абай ауылы, Д.Қонаев көшесі бойында орналасқан «Леди Шарм» әсемдік салонында жұмыс атқарып, Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзған. Осы факт бойынша оған қатысты ӘҚБтКнің 517-бабының 5-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған.

Бірінші сатыдағы сот Х[...] кінәсі сот отырысында мойындалған және зерттелген істегі айғақтармен толық дәлелденген деген тұжырымға келіп, оған әкімшілік жолмен шығарып жіберу түріндегі жаза тағайындаған.

Сот Х[...] әрекетін ӘҚБтК-нің 517-бабының 5-бөлігімен дұрыс саралаған. Сонымен қатар аталған норманың санкциясы әкімшілік жазаның балама түрлерін - 25 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуды не он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуды не Қазақстан Республикасының шегiнен әкімшілік жолмен шығарып жiберуді қамтиды.

ӘҚБтК-нің 55-бабының 2 және 3-бөліктеріне сәйкес әкімшілік жаза әділ, құқық бұзушылықтың сипатына, оның жасалу мән-жайларына, құқық бұзушының жеке басына сай келетін болуы тиіс. Жеке тұлғаға әкімшілік жаза қолдану кезінде жасалған әкімшілік құқық бұзушылықтың сипаты, кінәлінің жеке басы, оның ішінде құқық бұзушылық жасағанға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқы, мүліктік жағдайы, жауаптылықты жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар ескеріледі.

Сот жаза тағайындағанда істегі мән-жайларға қажетті көңіл бөлмей, Х[...] көрсетілген жазалардың ішіндегі әкімшілік жолмен шығарып жіберу түріндегі ең қатал жаза тағайындаған.

ӘҚБтК-нің 41-бабында белгіленген әкімшілік жазаны тағайындаудың және түрін таңдаудың жалпы қағидаттарынан балама жазалар болған кезде соттар бірінші кезекте неғұрлым қатаң емес жазаны қолдануды және сосын одан да ауыр жазаны қолдануды талқылауы қажет.

Х[...] Қазақстан Республикасында жақын туысы – Қазақстан Республикасының азаматы - туған інісі Х[...], сонымен қатар Қазақстан Республикасында бірге тұрып, мектепте оқитын (2002 жылы 10 сәуірде туылған Х[...] және 2007 жылы 19 қыркүйекте туылған Х[...]) балалары бар.

Түркістан облысы, [...] адами әлеуетті дамыту бөлімінің Ж[...] атындағы №2 мектеп-гимназиясының берген анықтамасына сәйкес Х[...] 2015 жылы 1 қыркүйекте 7 «В» сыныбына қабылданып, 2020 жылы 11 «Б» сыныбын бітіріп шыққан, ал Х[...] – 8 «Д» сыныбында оқиды.

Х[...] өзінің інісі Х[...] 2021 жылы 31 наурызда Түркістан облысы, [...] жеке пәтер сатып алғаны, сол пәтерде тұрып жатқаны сату-сатып алу келісім шартымен, пәтердің иесі берген қолхатпен және анықтау актісімен дәлелденеді. Сотпен тағайындалған жаза Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заңда бекітілген балалардың қажетті өмір сүру деңгейіне, өз ата-аналарынан күтіп-бағу, отбасында тұру және тәрбиелену, ата-аналарымен бірге тұру құқықтарын бұзады.

«Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Қазақстан Республикасының 1991 жылғы 20 желтоқсандағы Заңының 16-бабының 2- тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтығына Қазақстан

Республикасы азаматтарының iшiнде жақын туыстарының бiрi - баласы (оның iшiнде асырап алған баласы), жұбайы (зайыбы) және ата-анасының бiреуi (асырап алушысы), апа-қарындасы, аға-iнiсi, атасы немесе әжесi бар, Қазақстан Республикасына тұрақты тұру мақсатымен келген, бұрынғы одақтас республикалардың азаматтары, Қазақстан Республикасында тұру мерзiмiне қарамастан, қабылданатын болады.

Сондықтан, Х[...] Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу туралы жаза оның Қазақстан Республикасына бес жыл бойы келуге тиым салу қолайсыз салдарға әкеп соғады.

Бірақ сот осы мән-жайларға қажетті көңіл бөлмей, ӘҚБтК-нің 56-бабы бойынша жеңілдететін мән-жайлар ретінде танымаған, жаза тағайындаған кезде осыны ескермеген.

Мұндай жағдайда, бірінші сатыдағы соттың қабылданған қаулысы ӘҚБтК-нің 851-бабының 5-бөлігінің 3) тармағында көзделген негіздер бойынша өзгертуге жатады, себебі соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзады.

ӘҚБтК-нің 517-бабының 5-бөлігімен 25 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салу көзделген. Х[...] материалдық жағдайын ескере отыра, алқа ӘҚБтК-нің 829-11-бабының 2-бөлігіне сәйкес айыппұл мөлшерін 51 048 теңгеге дейін азайтады.

Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 851-бабының 5-бөлігінің 3) тармағын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы,

Түркістан облысы Келес аудандық сотының 2021 жылғы 7 сәуірдегі қаулысы өзгертілсін.

Х[...] (KHODJAEVA DILNOZA) тағайындалған Қазақстан Республикасының шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберу туралы әкімшілік жазаның орнына 51 048 (елу бір мың қырық сегіз) теңге айыппұл салынсын.

Қаулы қалған бөлігінде өзгеріссіз қалдырылсын. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші А. Кыдырбаева Судьялар А.Рахметулин

М. Балкен Көшірмесі дұрыс

Судья А. Кыдырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.