№6003-25-00-2к/4042
ҚАУЛЫ
2026 жылғы 2 ақпан Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов болып,
талап қоюшы С.О.Сарсеновтың, өкілі А.А.Сисеновтың,
жауапкер өкілдері А.А.Аристанбаеваның, Д.К.Аташеваның қатысуларымен, ашық сот отырысында Атырау қалалық сотының 2025 жылғы 6 мамырдағы шешімі мен Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 тамыздағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен,
талап қоюшы Саламат Орынбасарович Сарсеновтың жауапкер «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тәртіптік жаза тағайындау туралы бұйрықты заңсыз деп танып күшін жою, жыл қорытындысымен берілетін жылдық сыйақыны төлеуге міндеттеу жайлы электрондық азаматтық ісін қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
С.О.Сарсенов сотта мөлшерін көбейткен талап қоюында, заңсыздығына байланысты «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 2025 жылғы 14 қаңтардағы № HR25-6/00005 тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрығының күшін жоюды және 2024 жылдың қорытындысымен берілетін сыйақыны төлеуге міндеттеуді сұраған.
Бірінші сатыдағы соттың 2025 жылғы 6 мамырдағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
Апелляциялық сатыдағы соттың 2025 жылғы 15 тамыздағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылып, шешімнің уәждеу бөлігінен С.О.Сарсеновке тәртіптік жаза қолдануға негіз болған үш деректің екеуі жаза қолдану мерзімі өтуіне және өз дәлелін таппауына байланысты заңсыз деп танылған.
Талап қоюшыға тәртіптік жаза қолданудың тек жұмыс берушінің компьютері мен электронды поштасын, компьютерлік жүйесін жеке бизнесін жүргізу үшін жұмыс уақытында пайдалану дерегі бойынша тәртіптік жаза қолданылуы заңды деп танылған.
Талап қоюшының кассациялық шағымы, соттармен материалдық құқық нормаларының бұзылуына, тәртіптік жаза қолдану мерзімінің дұрыс есептелмеуіне, ішкі тергеу әрекеті қашан және кіммен жүргізілгені анықталмауына, заңсыз бұйрықтың салдарынан жылдық сыйақы алу құқығынан шектелуіне негізделіп, іс бойынша талап қоюды қанағаттандыру жайлы жаңа шешім шығару сұралған.
Жауапкер кассациялық шағымға байланысты пікірінде, оның уәждерімен келіспей, талап қоюшының талаптары мен қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасаған мән-жайлары дәлелденбегендіктен, шағым берілген сот актілерін күшінде қалдыру сұралған.
Кассациялық сот істегі бар дәлелдемелерді зерттеп, сотқа қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексерiп, оның уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі-Кодекс) 63бабының талаптары бойынша, еңбек тәртіптемесінің қағидаларын жұмыс беруші бекітеді.
Кодекстің 1-бабының 1-тармағының 30) тармақшасына сәйкес еңбек тәртібі – жұмыс беруші мен жұмыскерлердің Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерінде, сондай-ақ келісімдерде, еңбек, ұжымдық шарттарда, жұмыс берушінің актілерінде, құрылтай құжаттарында белгіленген міндеттемелерді тиісінше орындауы болып табылады.
Тараптар арасында 2019 жылғы 26 қыркүйекте жасалған №345 еңбек шартының 5.1 - тармағына сәйкес, осы еңбек шартқа оның ажырамас бөлігі ретінде жалпы талаптар мен ережелер, деректер құпиялылығын сақтау жөнінде хабарлама, қызмет бабындағы нұсқаулық енеді.
Шарттың 1.2 - тармағының талабы бойынша, қызметкер мекеме мүлкін тек өндірістік міндеттерді орындау мақсатында қолдануға, жұмыс берушінің нысандарында және өз жұмысын орындау барысында жеке тәртіп ережелерін жоғары деңгейде сақтауға міндетті.
Талап қоюшымен жұмыс берушінің мүлкін жұмыс уақытында өндірістік міндеттерін орындауға байланысты емес мақсатында пайдаланғаны дауланбайды және іс құжаттарымен расталған. Өз кезегінде Кодекстің 1-бабының 1-тармағының 76) тармақшасына, 23-бабының 1-тармағының 5) тармақшасына сәйкес тәртіптік теріс қылық – жұмыскердің өз еңбек міндеттерін құқыққа қарсы, кінәлілікпен орындамауы немесе тиісінше орындамауы, сондай-ақ еңбек тәртібін бұзуы болып табылады.
Жұмыс беруші жұмыскерлерден еңбек, ұжымдық шарттар талаптарының, еңбек тәртіптемесі қағидаларының және жұмыс берушінің басқа да актілерінің орындалуын талап етуге құқылы.
«Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2024 жылғы 28 қарашадағы № 1 Нормативтік қаулысының 24-тармағында, соттар жұмыскердің тәртіптік теріс қылық жасауына қатысты дауды қараған кезде жұмыскердің жасаған тәртіптік теріс қылығына байланысты тәртіптік жаза түрін (ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс, еңбек шартын бұзу) таңдау жұмыс берушінің құқығы болып табылатынын және ол жұмыскер еңбек қатынастарында тұрған жұмыс берушінің құзыретіне жататынын ескеруі керектігі көрсетілген.
Бұл тұрғыда, жұмыскердің еңбек шартының талаптарын бұзғаны дәлелденгендіктен, соттармен жұмыс берушінің даулы бұйрығын заңсыз деп танудан негізді бас тартылған.
Сонымен бірге, Кодекстің 23-бабының 1-тармағының 6) тармақшасына сәйкес жұмыскерлерді көтермелеу жұмыс берушінің міндеті емес құқығы болып табылады.
Тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрығымен, талап қоюшыға еңбек заңнамасында көзделген міндетті түрде төленуге тиіс сыйақы төлеуден емес, жыл қорытындысымен төленуі мүмкін сыйақы төлеуден бас тартылған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, талап қоюшы жұмыс берушінің мүлкін жеке мақсатында 2024 жылғы қыркүйек айына дейін пайдаланған, бұл жайлы жұмыс берушіге нақты 2024 жылғы 10 желтоқсанда, өткізілген сұхбатта белгілі болған, керісіншесі дәлелденбеген.
Талап қоюшы 2024 жылғы 11-12 желтоқсан аралығында және 23 желтоқсан мен 2025 жылғы 7 қаңтар аралығында жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысында болған. Сондықтан талап қоюшыға тәртіптік жаза қолдануда Кодекстің 66бабының талаптары сақталған, тәртіптік жаза тәртіптік теріс қылық жасалған күннен бастап алты ай ішінде, ол анықталған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей, демалыста болған күндері ескеріле отырып қолданылған.
№24 тәртіптік жазалар Нұсқаулығы Кодекстің 10,11-баптарына сәйкес еңбек қатынастарын реттейтін жұмыс берушінің актісі болып табылады, ал тәртіптік жаза қолдану тәртібі тікелей еңбек заңнамасымен реттеледі.
Кассациялық шағымда қайталап келтірілген уәждерге шағым берілген сот актілерінде тиісті және дұрыс құқықтық баға берілген.
Соттардың тұжырымдары жан-жақты зерттелген дәлелдемелерге және тараптардың арасында туындаған құқықтық қатынасқа қолдануға жататын тиісті материалдық құқық нормаларына негізделген.
Осы мән-жайларға байланысты кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 тамыздағы қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Г.Джаппарова
Судьялар
А.Есдаулетов
Н.Ормаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.