Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 07.10.2025 по делу 6003-25-00-2к/1223 (Гражданское)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 7 қазан №6003-25-00-2к/1223 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.С.Алпысова, А.О.Тогумбетова, прокурор О.С.Пернеевтің,

талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің өкілі М.Қ.Сугурбековтың, жауапкерлер «QazaqGaz Aimaq» акционерлік қоғамының өкілі Н.А.Шерменовтың, Көлкент ауылдық округі əкімінің өкілі М.Қ.Джапардың қатысуларымен, бейнеконференц байланысы арқылы

ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан əрі -Департамент) жауапкерлер «QazaqGaz Aimaq» акционерлік қоғамына, Көлкент ауылдық округі əкіміне, «Сайрам аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан əрі - Мекеме) жер учаскесін сатып алу-сату келісім шартын жарамсыз деп тану туралы талап қоюы жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкер - «QazaqGaz Aimaq» акционерлік қоғамның (бұдан əрі - акционерлік қоғам) өкілінің Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 22 қаңтардағы шешіміне жəне Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 наурыздағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Департамент сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген. Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 22 қаңтардағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

Мекеме мен акционерлік қоғам арасында 2012 жылғы 9 шілдеде жасалған №2132 жер учаскесін сатып алу-сатудың келісім шарты жарамсыз деп танылған. Сот шығындары туралы мəселе шешілген.

Осы күнгі сот ұйғарымымен Департаменттің əкім шешімін жарамсыз деп тану туралы талабы бойынша іс жүргізу тоқтатылған.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер өкілі кассациялық шағымында жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын, жер учаскесін сатып алу-сату шарты Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан əрі -Жер кодексі) 48-бабы 1-тармағының 12-тармақшасына сай заңды жасалынғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қаңағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұрайды.

Кассациялық сот іс құжаттарын зерделеп, іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін жəне прокурордың сот актілері заңды деген қорытындысын тыңдап, келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан əрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сəйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға əкеп соққан, осы Кодекстің 427- бабында көзделген материалдық жəне процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тəртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Іс құжаттарына сəйкес, Көлкент ауыл округі əкімінің 2012 жылғы 10 сəуірдегі №22 шешімімен Көлкент ауылы, Шымкент көшесі бойынан 0,10 гектар жер учаскесі (бұдан əрі - даулы жер учаскесі) пайдаланыстағы газ құбырларына қызмет көрсетуге арналған əкімшілік ғимаратты жəне көлікжай құрылысын жүргізу үшін акционерлік қоғамға жеке меншік құқығымен берілген.

Осы шешім негізінде жер учаскесіне кадастрлық №19-295-009-204 сəйкестендіру құжаты рəсімделіп, 2012 жылғы 9 шілдеде Мекеме мен акционерлік қоғам арасында №2132 жер учаскесін сатып алу-сату келісім шарты жасалған. Жер кодексінің 48-бабының 1-тармағына сай, тізбеленген ерекше жағдайлардың қатарына кірмесе мемлекеттік меншіктегі жəне жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалға алу құқығын беру сауда-саттықта (аукциондарда) жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан əрі - АК) 267-бабының 1-тармағына сəйкес егер мемлекеттік органның не лауазымды адамның заңдарға сəйкес келмейтiн қалыпты немесе жеке құжат шығаруы салдарынан меншiк иесiнiң жəне басқа адамдардың өзiне тиесiлi мүлiктi иелену, пайдалану жəне оған билiк ету жөнiндегi құқықтары бұзылса, мұндай құжат меншiк иесiнiң немесе құқығы бұзылған адамның талап қоюы бойынша сот тəртiбiмен жарамсыз деп танылады.

АК-нің 158-бабына сəйкес мазмұны заңнама талаптарына сəйкес келмейтін мəміле, сондай-ақ құқықтық тəртіп негіздеріне көрінеу қайшы

келетін мақсатпен жасалған мəміле, егер осы Кодексте жəне Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, дауланатын мəміле болып табылады жəне сот оны жарамсыз деп тануы мүмкін.

Іс құжаттарымен акционерлік қоғамға даулы жер учаскесіне жеке меншік сауда-саттық (аукцион) өткізілмей берілгені толық дəлелденген.

Істің мұндай тұрғысында жергілікті соттар Көлкент ауылы, Шымкент көшесі бойынан 0,10 гектар жер телімі пайдаланыстағы газ құбырларына қызмет көрсетуге арналған əкімшілік ғимаратты жəне көлікжай құрылысын жүргізу үшін акционерлік қоғамға жеке меншік құқығымен беру туралы Көлкент ауыл округі əкімінің 2012 жылғы 10 сəуірдегі №22 шешімі, оны қабылдаған сəттен бастап жарамсыз болып саналатынын назарға алып, осы қабылданған шешім негізінде даулы жерге қатысты жасалынған мəміле де жарамсыз болып танылуға жатады деген дұрыс тұжырымға келген.

Жергілікті соттар талап қоюшының сотқа талап беру мерзімін себепсіз өткізіп алған деген жауапкердің уəжін орынды негізсіз деп тапқан. Өйткені, талап қоюға негіз болған мəн-жайлар Департаментке 2024 жылдың қазан айында тексеру барысында белгілі болғаны іс құжаттарымен анықталған.

Жауапкердің кассациялық шағымындағы жер учаскесін сатып алусату шарты Жер кодексінің 48-бабының 1-тармағының 12-тармақшасына сай заңды жасалынған деген уəжі негізсіз.

Аталған заң нормасына сəйкес халықтың мұқтажын қанағаттандыруға арналған ортақ пайдаланылатын объектілерді (су құбыр жолдары, жылу трассалары, тазарту құрылыс жайлары жəне басқа да инженерліккоммуникациялық желілер мен жүйелер, тұрмыстық қатты қалдықтарды бөлек жинауға арналған инфрақұрылым) салуға берілетін жер учаскелерін қоспағанда, мемлекеттік меншіктегі жəне жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалға алу құқығын беру сауда-саттықта (аукциондарда) жүзеге асырылады.

АК-нің 6-бабының 1-тармағына сай азаматтық заң нормалары оларда айтылған сөздердің дəлме-дəл мəніне сəйкес түсіндірілуге тиіс.

Іс бойынша дауланып отырған жер учаскесі жəне онда соғылатын құрылыс халықтың мұқтажын қанағаттандыруға арналған ортақ пайдаланылатын объектілерге жатпайды. Бұл заң нормасы халықтың ортақ пайдаланылатын газқұбыржолдарын салуға берілетін жер учаскесіне қатысты қолданылуы тиіс.

Көлкент ауыл округі əкімінің Көлкент ауылы, Шымкент көшесі бойынан 0,10 гектар жер учаскесіне акционерлік қоғамның меншік құқығын беру туралы 2012 жылғы 10 сəуірдегі №22 шешімінің 5-тармағында жер

учаскесі заңға сəйкес екі жыл ішінде тиісті мақсатында пайдаланылмаған жағдайларда алынылып қойылатыны ескертілген.

Кассациялық соттың сот отырысында акционерлік қоғамның өкілі бұл даулы жер əлі күнге дейін игерілмегенін жəне онда ешқандай құрылыс салынбағанын растады.

Мұндай жағдайда, кассациялық сот дауланған сот актілері заңды жəне негізді деп табады. Жергілікті соттар істің мəн-жайын жан-жақты, толық анықтап, материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданған.

Сондықтан сот актілері күшінде, жауапкер өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 22 қаңтардағы шешімі жəне Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер «QazaqGaz Aimaq» акционерлік қоғамы өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков

Судьялар: Л.Алпысова А.Тогумбетова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.