ҚАУЛЫ
2025 жылғы 20 тамыз № 6399-2500-4а/933 іс Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттың құрамында:
төрағалық етуші судья Е.Б. Тулеев,
судьялар Р.М. Айнакулова, Н.М. Кабдрахманова,
ашық сот отырысында Улмира Байдуллаевна Мирзалиеваның жауапкер Шымкент қаласы атқарушылық округінің жеке сот орындаушысы Фирюза Бахытовна Даулееваға 2024 жылғы 31 желтоқсандағы жылжымайтын және жылжымалы мүлікке, 2025 жылғы 9 қаңтардағы банк есеп шоттарына тыйым салу қаулыларын заңсыз деп тану және олардың күшін жою туралы талап қоюы бойынша Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 6 ақпанындағы шешіміне, Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 6 ақпанындағы жеке ұйғарымына, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 наурыздағы қаулысына, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 наурыздағы ұйғарымына жауапкердің өкілі М.А. Аккуловтың кассациялық шағымдарымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы У.Б. Мирзалиева жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 6 ақпанындағы шешімімен У.Б. Мирзалиеваның талап қоюы ішінара қанағаттандырылып, жеке сот орындаушысы Ф.Б. Даулеева шығарған 2025 жылғы 9 қаңтардағы банк шоттарына тыйым салу қаулысы заңсыз деп танылып, күші жойылған, 2024 жылғы 31 желтоқсандағы жылжымайтын және жылжымалы мүліктерге тыйым салу туралы қаулылары ішінара заңсыз деп танылып, ішінара күштері жойылған, талап қоюдың қалған бөліктерін қанағаттандырудан бас тартылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Әкімшілік істі қарау барысында заң бұзушылықтарға жол берген Шымкент қаласы атқарушылық округінің жеке сот орындаушысы Ф.Б.Даулееваға қатысты Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 6 ақпандағы жеке ұйғарымы Шымкент қаласының жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының назарына тиісті шара қолдану үшін жолданған. Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 наурыздағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың жеке ұйғарымы күшінде қалдырылған.
Жауапкердің өкілі М.А. Аккулов кассациялық шағымдарында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұраған. Әкімшілік процеске қатысушылар әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының отырысына қатысуға дәлелді себепсіз келген жоқ.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады. Даудың мәні бойынша шешім қабылданғанда, жеке ұйғарым шығарылғанда мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Іс құжаттарына қарағанда, Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотымен 2024 жылғы 30 желтоқсанда Батырбекова Нуржамалдың пайдасына Мирзалиева Улмира Байдуллаевнадан қарыз берешегін өндіру туралы азаматтық ісі бойынша соңғының қарыз берешегі 8 156 650 теңге өндіру туралы талап қою шегінде жылжымалы және жылжымайтын мүліктеріне тыйым салу туралы ұйғарым шығарылған.
Аталған ұйғарымның негізінде жеке сот орындаушысы Ф.Б. Даулеева 2024 жылғы 31 желтоқсанда атқарушылық іс жүргізуді қозғау туралы қаулы қабылдаған.
Жауапкер сот ұйғарымын орындау мақсатында 2024 жылғы 31 желтоқсандағы қаулыларына сәйкес талап қоюшыға тиесілі 4 нысаннан тұратын жер телімдері мен үйлеріне, 30 түрлі автокөліктеріне тыйым салған.
Одан бөлек, 2025 жылғы 9 қаңтардағы қаулыға сәйкес талап қоюшының банктердегі шоттары жайлы ақпарат алу және оларға 8 156 650 теңге көлемінде тыйым салған.
2025 жылғы 22 қаңтардағы қаулысымен атқарушылық іс жүргізу атқарушылық құжаттың талабы толық көлемде орындалуына орай тоқтатылған. Қазақстан Республикасының Конституциясының 26-бабының 2- тармағына сәйкес меншік, оның ішінде мұрагерлік құқығына заңмен кепілдік беріледі. Бұл конституциялық қағида Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі №261 IV «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының (бұдан әрі – Заң) 3-ші бабының 5) тармақшасында бекітілген өндіріп алушы талаптарының көлемі мен мәжбүрлеп орындату шаралары арақатынасының салыстырмалылығы атты атқарушылық іс жүргізу принцибінде жанама түрде асырылған.
Өндіріп алушы талаптарының көлемі мен мәжбүрлеп орындату шаралары арақатынасының салыстырмалылығы қағидаты мынада: орындау процесінде қолданылатын барлық мәжбірлеу шаралары атқарушылық құжатта көрсетілген талаптарға барабар болуы тиіс. Олар борышкердің құқықтарына негіссіз қол сұқпауы керек. Мөлшерден тыс әрі адал емес шараларды қолдануға жол берілмиді.
Қарастырылған қатынастарға қатысты бұл қағида сақталмаған, соның салдарынан борышкердің құқықтары бұзылды.
Жауапкер талап қоюшыға тиесілі жылжымайтын және жылжымалы мүліктерінің құнын анықтамай, жалпы 4 нысана жылжымайтын мүлікке, 30 автокөліктеріне, банк шоттарына тыйым салған.
2025 жылғы 6 қаңтардағы талап қоюшының жауапкерге түсірген арызында өзіне тиесілі әр қайсысының нарықтық құны 6 221 830 теңге құрайтын маркасы «KIA RIO» м/н 832 ACH 17 және м/н 852 ACH 17 екі көлікке тыйым салуды сұрағанын ескеріп, соттар 2024 жылғы 31 желтоқсандағы жылжымайтын және жылжымалы мүліктерге тыйым салу туралы қаулылары ішінара заңсыз деп танылуға жатады деген дұрыс тұжырымға келді.
Сонымен қатар аталған мәжбүрлеп орындату шаралары жеткілікті болғандықтан 2025 жылғы 9 қаңтардағы банк шоттарына тыйым салу қаулысы толығымен заңсыз, 2024 жылғы 31 желтоқсандағы жылжымайтын және жылжымалы мүліктерге тыйым салу туралы қаулылары ішінара заңсыз деп танылуға жатады деген оң шешімге соттар келген.
« Азаматтық істер бойынша қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2009 жылғы 12 қаңтардағы N 2 Нормативтік қаулысының 13 тармағына сәйкес Мүлікке тыйым салу сияқты қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы талап қоюшының арызын қараған кезде сот талап қоюшының арызда нақты заттарға тыйым салу туралы өтініш білдіргеніне қарамастан, нақты заттарды немесе мүлік түрлерін көрсетпейді және тыйым салынуы мүмкін мүліктің
құнын анықтамайды.
Соттың ұйғарымында талап қоюшының мүліктік талаптарының мөлшері немесе талап қоюшының мүліктік талаптарының сот шешімімен қанағаттандырылған мөлшері ғана көрсетілуге тиіс, ал мүліктің жауапкерге (борышкерге) тиесілілігін немесе оның құнын атқарушылық іс жүргізу туралы заңнамалық актіде көзделген тәртіппен атқару құжатын орындаған кезде сот орындаушысы анықтайды.
Жауапкер борышкердің мүлігінің құның анықтау туралы әрекеттерді жасамаған, соңғысының бүкіл мүлкіне тыйым салған, ал талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымды орындау барысында сот орындаушысы бағалау бойынша шаралар қабылдамайтыны туралы шағымдағы тұжырымдар қолданыстағы құқыққа қайшы.
Кассациялық сатыдағы сот соттардың тұжырымдарымен толық келісіп, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деп санайды. ӘРПК-ның 169-бабы, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 6 ақпанындағы шешімі, Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 6 ақпанындағы жеке ұйғарымы, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 наурыздағы қаулысы, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 наурыздағы ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылсын.
Жауапкердің өкілі М.Аккуловтың кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Е. Тулеев
Судьялар
Р. Айнакулова
Н. Кабдрахманова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.