Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 01.10.2025 по делу 6003-25-00-2к/520 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 1 қазан №6003-25-00-2к/520 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында: төрағалық етуші судья А.Б.Тоқсанбаев,

судьялар: С.С.Абдигалимов, А.А.Даненова,

талап қоюшы Д.Ж.Разуанова, оның өкілі А.Айжарикова,

жауапкерлердің өкілі Л.Аманкосовалардың қатысуларымен

ашық сот отырысында талап қоюшы Динара Жумагалиевна Разуанованың жауапкерлер Ербол Максимович Муханмедьяровке, Назгул Максимовна Муханмедьяроваға мәмілені жарамсыз деп тану және жер учаскесін кері қайтару туралы талап қоюымен қозғалған Маңғыстау облысы Түпқараған аудандық сотының 2025 жылғы 28 қаңтардағы шешіміне және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 сәуірдегі қаулысына жауапкер Е.Муханмедьяровтың кассациялық шағымы бойынша келіп түскен электронды азаматтық ісін қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Д.Ж.Разуанова (бұдан әрі-талап қоюшы) сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген.

Маңғыстау облысы Түпқараған аудандық сотының 2025 жылғы 28 қаңтардағы шешімімен талап қоюшының талабы қанағаттандырылған.

Ербол Максимович Муханмедьяров пен Назгул Максимовна Муханмедьярованың (бұдан әрі-жауапкерлер) араларындағы 2024 жылы 5 шілдедегі Түпқараған ауданы, С.Шапағатов ауылы, А.Бекенжанов көшесі, №51 жер учаскесін сыйға тарту шарты жарамсыз деп танылып, тараптар бастапқы қалпына келтірілген. Сот шығындары шешілген. Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз, жауапкерлердің апелляциялық шағымдары қанағаттандырылусыз қалдырылған.

Жауапкер Е.Муханмедьяров сот актілерімен келіспей, жергілікті соттар талап қоюшының уәждерін басшылыққа алып, бір жақты сот қаулыларын шығарғанын, оның дәлелдемелеріне дұрыс құқықтық баға бермегендерін, осыған байланысты материалдық құқық нормалары да дұрыс қолданылмағанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуды сұрады.

Кассациялық сот шағым уәждерін зерделеп, жауапкердің өкілі Л.Аманкосованың шағымды қолдаған түсіндірмесін, талап қоюшы Д.Ж.Разуанованың және оның өкілі А.Айжарикованың қарсы пікірін тыңдап, төмендегі негіздерге байланысты дау айтылған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 449-бабының 1-бөлігіне сәйкес, істi кассациялық тәртiппен қарау кезiнде сот iстегі материалдар бойынша кассациялық шағымның, наразылықтың дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексередi.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Талап қоюшы 2014 жылғы 2 мамырдан жауапкермен заңды некеде тұрған, ортақ некеден кәмелетке толмаған балалары бар, 2024 жылғы 22 сәуірдегі сот шешімімен ерлі-зайыптылардың некелері бұзылған.

2024 жылғы 19 сәуірдегі Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының заңды күшіне енген шешімімен ерлі-зайыптылардың 2012 жылы шығарылған мемлекеттік нөмері 258 RGV 12 «Scania N320 R420» маркалы және 2014 жылы шығарылған мемлекеттік нөмері 464 YAZ 12 «Daf XF FT FX105.» маркалы автокөліктердегі әр қайсысының үлесі ½ мөлшерінде анықталған.

Е.Муханмедьяровтан талап қоюшының пайдасына 2012 жылы шығарылған мемлекеттік нөмірі 258 RGV 12 «Scania N320 R420» маркалы және 2014 жылы шығарылған мемлекеттік нөмірі 464 YAZ 12 «Daf XF FT FX105» маркалы автокөліктердегі ½ үлесінің құны 16 600 000 теңге өндірілген.

Аталған сот шешімі 2024 жылы 3 шілдеде заңды күшіне еніп, атқарушылық іс қозғалып, оны орындау барысында жауапкердің атында ешқандай мүлік жоқ екені анықталған.

Жауапкер Е.Муханмедьяров 2024 жылғы 5 шілдедегі сыйға тарту шартымен өзінің қарындасы Н.М.Муханмедьяроваға 2004 жылғы 30 сәуірде некеге дейін алынған Түпқараған ауданы, С.Шапағатов ауылы, А.Бекенжанов көшесі, №51 жер учаскесін сыйға тартқан.

Сыйға тарту шарты нотариуспен рәсімделген.

Талап қоюшы сотқа жүгінген талап қоюында жауапкер Е.Муханмедьяров заңды күшіне енген сот шешімінің бар екенін біле тұра, оны орындамау үшін қасақана, өзіне тиесілі мүліктерді тумаластарының атына өткізіп жібергенін көрсеткен. Алайда, аталған мүліктерді өзі пайдаланып отырғанын көрсетіп, 2024 жылғы 5 шілдедегі сыйға тарту шартын жарамсыз деп танып, мәміле бойынша алынған жер учаскесін Е.Муханмедьяровтың атына қайтаруды сұраған.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің АК-нің 158бабының 4-тармағына сәйкес мәмiлеге қатысушылардың бiрi оны мiндеттемені орындаудан немесе үшiншi тұлға не мемлекет алдындағы

жауаптылықтан жалтару ниетiмен жасасқан жағдайда, ал мәмiленiң басқа қатысушысы бұл ниет туралы бiлген болса немесе бiлуге тиiс болса, мүдделi тұлға (мемлекет) мәмiленi жарамсыз деп тануды талап етуге құқылы.

Іс құжаттарына сәйкес жауапкерден талап қоюшының пайдасына екі автокөліктердегі ½ үлесінің құны 16 600 000 теңге өндірілген.

Алайда, жауапкер даулы жер учаскесін сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін, яғни 2024 жылғы 5 шілдеде сыйға тарту шарты арқылы қарындасына сыйға тартқан.

Бұл ретте, жауапкер 2024 жылғы 19 сәуірдегі талап қоюшының пайдасына 16 600 000 теңгені өндіру туралы шешімін орындаудан жалтару мақсатында, өзінің жеке меншігіндегі жылжымайтын мүлікті қарындасына сыйға тарту шартын жасау арқылы аударып, өзінің атында мүлік қалдырмаған.

АПК-нің 72-бабына сай, әр тарап өзінің талаптарының және қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуі тиіс.

Істің мұндай тұрғысында, жергілікті соттар бірінші сатыдағы соттың заңды күшіне енген сот шешімі бола тұра, жауапкер өзінің меншігіне тиесілі жер учаскесін құқықтық салдар жасау ниетінсіз, туған қарындасына сыйға тартуын сот шешімін орындамау мақсатында жасалған жарамсыз мәміле деп дұрыс танып, тараптарды бастапқы қалпына келтірген тұжырымдары негізді және заңды.

Осылайша, жергілікті соттар істің мән-жайын толық анықтап, құқықтық баға беріп, заң нормаларын дұрыс қолданып, негізді сот актілерін қабылдаған. Жауапкердің кассациялық шағымдағы уәждері сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болып табылмайды. Сондықтан жауапкердің шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. Қазақстан Республикасының АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)тармақшасын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Маңғыстау облысы Түпқараған аудандық сотының 2025 жылғы 28 қаңтардағы шешімі және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 сәуірдегі қаулысы, күшінде қалдырылсын.

Жауапкер Е.Муханмедьяровтың кассациялық шағымы қанағатандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші судья А.Б.Тоқсанбаев Судьялар С.С.Абдигалимов

А.А.Даненова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.