ВС РК - Постановление от 15.11.2022 по делу 6001-22-00-6ап/1047 (Административное)

6001-22-00-6ап/1047

ҚАУЛЫ

2022 жылғы 15 қараша Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Н.Ү.Қайыпжан,

судьялар – Г.Б.Дуйсенбаев., Г.К.Нурбаев,

мүдделі тұлға «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының (бұдан әрі – Қоғам) өкілі Н[...] қатысуларымен, талап қоюшы Е[...] жауапкер жеке сот орындаушысы Р[...] (бұдан әрі – ЖСО, сот орындаушысы) банк шоттарына тыйым салу, белгілі бір іс-әрекеттер жасауға тыйым салу, мүлкіне тыйым салу, ақшалай соманы бөлу әрекеттерін заңсыз деп тану; мәжбүрлеп орындау шараларының күшін жою, ол туралы қаулыны тиісті органдар мен мекемелерге жолдауға міндеттеу; ЖСО-шы Р[...] Е[...] пайдасына 88 512 теңге және 45 432 теңге өндіріп, банк шоттарына аударуды міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,

Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 15 ақпандағы шешіміне, Нұр-Сұлтан қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 29 наурыздағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы сотқа жоғарыда көрсетілген әкімшілік талап қоюмен жүгініп, негіздемесінде өндіріп алушыға қайтарылған атқару парағы бойынша ЖСО іс жүзінде ешқандай іс әрекеттер жасамағанын көрсеткен.

Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 15 ақпандағы шешімімен талап арыз ішінара қанағаттандырылып, ЖСО Р[...] 2021 жылғы 15 қыркүйектегі атқарушылық іс жүргізу шеңберінде қабылданған:

– 2021 жылғы 15 қыркүйекте борышкерге белгілі бір әрекеттерді жасауға тыйым салу;

– 2021 жылғы 15 қыркүйекте банк шоттарының нөмірлері және олар да ақшаның болуы туралы мәліметтерді, банктерде, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда, сондай-ақ сақтандыру ұйымдарында орналасқан мүліктің сипатымен құны жөнінде мәліметтерді сұрату және оларға тыйым салу;

– 2021 жылғы 17 қыркүйекте мүлікке тыйым салу;

– 2021 жылғы 11 қарашада және 18 қарашада өндіріп алынған ақша сомаларын бөлу туралы қаулыларының күштері жойылған. ЖСО Р[...] 133 947 теңге ақша қаражатын Е[...] қайтару міндеттелген.

Нұр-Сұлтан қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 29 наурыздағы қаулысымен бірінші саты сотының шешімі күшінде қалдырылған.

Жауапкер кассациялық шағымында жергілікті соттардың тұжырымдарымен келіспей, олар заңсыз және негізсіз қабылданғандықтан күштерін жойып, талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Кассациялық шағымның уәждері негізсіз болғандықтан іс бойынша қабылданған сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған мүдделі тұлғаның пікірін тыңдап, іс құжаттарын және шағымдағы уәждерді зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (будан әрі – Заң) 49-бабына сәйкес осы Заңның 48-бабында көрсетілген негіздер бойынша атқарушылық құжат қайтарылған жағдайда атқарушылық іс жүргізу аяқталды деп есептеледі.

Заңның 118-бабының 2-тармағына сәйкес жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу атқарушылық құжат толық немесе ішінара орындалған жағдайда ғана жүргізіледі. Егер мүліктік сипаттағы атқарушылық құжат ішінара орындалса, онда жеке сот орындаушысына оның қызмет ақысының өндіріп алынған сомаға немесе мүлік құнына пропорционалды бір бөлігі ғана төленеді.

Жергілікті соттар талап арызды ішінара қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда, аталған заң нормаларын басшылыққа алып, аяқталған атқарушылық іс жүргізу қаулысын ЖСО өз бастамасымен күшін жойғаны және содан кейінгі жасаған әрекеттері заңсыз болып табылады, деген тұжырымен сот алқасы толық келіседі. Іс құжаттарына қарағанда, 2021 жылғы 15 қыркүйекте сот орындаушысы Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2019 жылғы 30 қаңтардағы шешімі негізінде Е[...] Қоғамның пайдасына берешек сомасының қалдығын, 2 756 334 теңге өндіріп алу туралы атқарушылық іс жүргізуді қозғап, 2021 жылғы 15,17 қыркүйекте борышкерге шектеулер қойып, мүлкіне тыйым салынған.

2021 жылғы 12 қазаңда атқарушылық құжат Қоғамның өтініші бойынша кері қайтарылғанымен, ЖСО 2021 жылғы 2 қарашадағы қаулысымен аталған қаулының күшін жойып, талапкердің банктік шотына түскен ақшаларды бөлу туралы әрекеттер жасаған.

Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 13 желтоқсандағы шешімімен сот орындаушысының 2021 жылғы 2 қарашадағы қаулысы заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Аталған сот шешімі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер қарайтын сот ақасының 2022 жылғы 13 қыркүйектегі қаулысымен күшінде қалдырылған.

Осыған орай, даулы қаулы қабылданғаннан кейінгі ЖСО барлық әрекеттері мен шешімдері заңсыз болып табылады.

Сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу атқарушылық құжат бойынша соммалар өндірілген жағдайда борышкерден ұсталатыны Заңның 108-бабында көрсетілгенімен, ЖСО өз қызметіне ақы төлеу үшін Е[...] есеп шотына түскен ақшаларды негіссіз ұстаған, себебі 2021 жылдың 15 қыркүйегінен 2021 жылдың 12 қазанына дейін сот орындаушысы тарапынан ешбір орындау әрекеттері жүргізілмеген.

Қоғам басшысы сот орындаушысынан атқару құжатын қайтарумен қатар, борышкердің банктегі есеп шоттарына және басқада мүлкіне тыйым салу шараларында алып тастауды сұраған, алайда сот орындаушысы атқару құжатын борышкерге қайтарғанымен, шектеу шараларының мәселесін шешпеген.

Қоғамның сотқа ұсынған деректеріне қарағанда борышкер Е[...] өндіріп алушының алдындағы берешегін толық көлемде өз-ара келісім бойынша өтеген.

Талапкердің сотқа шағымдану мерізімін өткізіп алғанына жергілікті соттардың назарынан тыс қалды деген шағым уәждерін сот алқасы негіссіз деп санайды, себебі бірінші саты сотының 2022 жылғы 10 ақпандағы ұйғаруымен Е[...] сотқа жүгіну мерзімі қалпына келтірілген.

Сот алқасы, төменгі саты соттарының талап арызды ішінара қанағаттандыру туралы тұжырымдары іс бойынша анықталған нақты мән- жайларға және ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.

Сондықтан іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 15 ақпандағы шешімі, Нұр-Сұлтан қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 29 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер жеке сот орындаушысы Р[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Н.Қайыпжан

Г.Дуйсенбаев

Судьялар

Г.Нурбаев

Көшірмесі дұрыс Судья

Дуйсенбаев Г.Б.

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.