ҚАУЛЫ
2024 жылғы 25 шілде 6001-24-00-6ап/668 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар – Ғ.Ө. Әлжанов, Б.Т.Нажмиденов болып,
жауапкер өкілі М.С.Ищановтың қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшылар Керимбала Нурмановна Хандиллаеваның, Турганбай Кудайбергенович Муздакбаевтың жауапкер Қазақстан Республикасының Бас прокурорына процессуалдық шешім қабылдау, хаттың көшірмесін бергізу, құқықтық баға бергізу шараларын қолдану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 30 қарашадағы ұйғарымына, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 21 желтоқсандағы ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 30 қарашадағы ұйғарымымен әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайды деген негізбен талап қоюы қайтарылған.
Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 21 желтоқсандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, істі бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберуді сұраған.
Басқа сотқа қатысушылардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы жауапкер өкілінің кассациялық шағыммен келіспеген пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Істің мән-жайларына қарағанда 2022 жылғы 9 қыркүйекте «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шымкент қаласы бойынша филиалының лауазымды тұлғалары электронды картаға басқа жер учаскесін беттестіріп орналастыруы фактісі бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 385-бабының 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалған.
2022 жылғы 30 қыркүйекте бұл қылмыстық іс Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процесстік кодексінің 35-бабының 1- бөлігінің 2-тармағына сәйкес тоқтатылған.
Талап қоюшылар прокуратура органдарының қылмыстық істі тоқтатумен келіскен әрекеттерін даулап жоғарыда аталған әкімшілік талаппен сотқа жүгінген.
Соттардың талап қою арызын қайтаруы негізді болып табылады.
Қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың әрекеттері (әрекетсіздігі) мен шешімдеріне шағым жасау тәртібі Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік кодексінің 13-тарауында көзделген. ӘРПК-ның 3-бабы жетінші бөлігінің 2)-тармақшасына сай іс жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік, азаматтық процестік заңнамасында және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген істер әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды.
Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.
ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 30 қарашадағы ұйғарымы, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 21 желтоқсандағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшылар Керимбала Нурмановна Хандиллаеваның, Турганбай Кудайбергенович Муздакбаевтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын. Төрағалық етуші
С. Баймаханов
Судьялар
Ғ. Әлжанов
Б.Нажмиденов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.