1
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 28 тамыз 6003-25-00-4к/838 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында: төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев
судьялар Л.Е.Кудекова, Ш.С.Манжуева болып,
талап қоюшы Р.Байбусинованың қатысуымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Рахаш Камаловна Байбусинованың жауапкер Қызылорда облысының жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының жеке сот орындаушысы Ербулат Қайырбекұлы Алшагировке қатысты 2023 жылғы 3 тамыздағы жылжымайтын мүліктерге тыйым салу, 2023 жылғы 3 тамыздағы белгілі бір әрекеттер жасауға тыйым салу, 2024 жылғы 22 қарашадағы Қазақстан Республикасының шекарасынан шығуға тыйым салу қаулыларының күшін жою туралы талабымен қозғалған әкімшілік ісімен,
Қызылорда облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 21 қаңтардағы шешіміне, Қызылорда облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 27 ақпандағы қаулысына жауапкердің берген кассациялық шағымын қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы Р.Байбусинова сотқа, жауапкер Қызылорда облысының жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының жеке сот орындаушысы Ербулат Қайырбекұлы Алшагировке (бұдан әрі- ЖСО) қатысты 2023 жылғы 3 тамыздағы жылжымайтын мүліктерге тыйым салу, 2023 жылғы 3 тамыздағы белгілі бір әрекеттер жасауға тыйым салу, 2024 жылғы 22 қарашадағы Қазақстан Республикасының шекарасынан шығуға тыйым салу қаулыларының күшін жою туралы талап қоюымен жүгінген.
Қызылорда облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 21 қаңтардағы шешімімен талап қоюшының талабы ішінара қанағаттандырылған.
ЖСО Е.Алшагировтың 2023 жылғы 3 тамыздағы жылжымайтын мүліктерге тыйым салу және белгілі бір әрекеттер жасауға тыйым салу қаулылары заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Талап қоюдың 2024 жылғы 22 қарашадағы Қазақстан Республикасының шекарасынан шығуға тыйым салу туралы қаулысын заңсыз деп танып, күшін жою бөлігін қанағаттандырудан бас тартылған. Қызылорда облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 27 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
ЖСО өзінің кассациялық шағымында, іс бойынша қабылданған жоғарыдағы сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды және талап арызды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Кассациялық саты сотының отырысына тиісті түрде хабарланған жауапкер келмеді, бұл Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдікпроцестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай келеді, әр істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.
Кассациялық сот шағым уәждерімен келіспеген талап қоюшының түсінігін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігі бойынша, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Іс құжаттарына қарағанда, ЖСО Е.Алшагиров 2023 жылғы 3 тамызда жылжымайтын мүліктерге тыйым салу туралы қаулы қабылдап, талап қоюшы Р.Байбусинованың Алматы облысы, Қарасай ауданы, Райымбек елді мекені №1595 үйде орналасқан жер учаскесіне, Алматы облысы, Қарасай ауданы, Қаскелең елдімекені, 025 көшесі, 422А үйде орналасқан жер учаскесіне, Қызылорда қаласы, 46 көше, 4 үйде орналасқан жер учаскесіне тыйым салған.
Атқару құжаты бойынша борышкер Р.Байбусиновадан өндіріп алушы пайдасына барлығы 1 044 578 теңге өндірілген.
Алайда, жауапкер атқарушылық іс өндірісі бойынша әкімшілік қалауын жүзеге асыру барысында ӘРПК-нің 10-бабының талабын сақтамай, мөлшерлестік қағидатына сәйкес келмейтін әрекеттер жасаған.
«Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 261-IV Заңының (әрі қарай–Заң) 62-бабының 1-тармағына сәйкес, сот орындаушысы атқарушылық құжаттың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында борышкердің мүлкіне, оның ішінде заңда көзделген жағдайларда прокурордың санкциясымен тыйым салуға міндетті. Бұл ретте сот орындаушысы атқарушылық құжаттың орындалуын қамтамасыз ету үшін өндіріліп алынатын сомаға мөлшерлес, борышкерге тиесілі бүкіл мүлікке бір мезгілде тыйым салуға құқылы.
Жауапкер тарапынан заңның бұл талаптары бұзылған, яғни атқарушылық іс - әрекеттер Р.Байбусинованың құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтіреді, себебі борышкерге тиесілі бүкіл мүлікке бір мезгілде тыйым салу оның әкімшілік қалауын жүзеге асыруы барысында атқарушылық құжаттың орындалуын қамтамасыз ету үшін өндіріліп алынатын сомаға мөлшерлес емес.
Заңның 3-бабында өндіріп алушы талаптарының көлемі мен мәжбүрлеп орындату шаралары арақатынасының салыстырмалылығы атқарушылық iс жүргiзудің негізгі принциптері болып бекітілген.
Осы Кодекстің 116-бабының 2-бөлігіне сәйкес сот талқылауы барысында сот әкімшілік қалау шектерінің артып кетпеуін және олардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген әкімшілік актіні қабылдау мақсаттарына сәйкестігін (мөлшерлестігін) тексеруге міндетті.
Мұндай жағдайда, сот, жауапкердің 2023 жылғы 3 тамыздағы жылжымайтын мүліктерге тыйым салу туралы қаулысы бірінші және апелляциялық сатыдағы соттармен заңсыз деп танылып, оның күшінің жойылуы туралы шешім дұрыс қабылданған.
Жоғарыда аталған Заңының 32-бабына сәйкес, сот орындаушысы атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдауға мiндеттi.
Осы баптың 2-тармағында атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар бекітілген. Оның ішінде борышкерге белгілі бір іс-әрекеттер жасауға тыйым салу: заңды тұлға органдарына шешімдер қабылдауға тыйым салу, сол сияқты заңды тұлғаның жылжымалы және жылжымайтын мүлкін, мүліктік және мүліктік емес құқықтарын, бағалы қағаздарын және жарғылық капитал мен мүліктегі үлестерін иеліктен шығару жөнінде қабылданған шешімдердің қолданылуын тоқтата тұру немесе борышкердiң оған меншiк құқығы негiзiнде тиесiлi мүлiктi, оның iшiнде ақшаны пайдалануына тыйым салу, не оларды сот атқарушысы белгiлеген шекте пайдалануға нұсқау беру көзделген.
Жауапкер 2024 жылғы 3 тамыздағы борышкердің белгілі бір ісәрекеттерін жасауға тыйым салу туралы қаулысын қабылдап, ол қаулыда нақты қандай әрекет жасауға тыйым салатынын қарар бөлігінде нақты көрсетіп жазбаған. Қаулыда мүлікке билік етуге, мүліктік құқықтарына тыйым салынатыны көрсетілген. Қаулыны тіркеу үшін және орындау үшін уәкілетті органға жолдау қажет деп көрсетумен шектелген, яғни, нақты қайсы әрекетті жасауға тыйым салатыны және қайсы орган бұл қаулыны орындайтыны көрсетілмеген.
ӘРПК-нің 79-бабының талабына сәйкес, әкімшілік акт заңды және негізді болуы тиіс. Әкімшілік акт түсіну үшін анық болуға, бірізді қолдануды қамтамасыз етуге, оның күші қолданылатын адамдар қатарын толық айқындауға тиіс.
Алайда, ЖСО Е.Алшагировтың тарапынан әкімшілік актіге қойылатын талаптар орындалмаған, дау келтірілген қаулы уәжделмеген, негіздемеген және қолдануды қамтамасыз етпейді.
Осы негізде, талап қоюшы Р.Байбусинованың ЖСО Е.Алшагировтың 2023 жылғы 3 тамыздағы белгілі әрекеттерге тыйым салу туралы қаулысы заңсыз деп танылып, оның күшін жою туралы талабы соттар тарапынан заңды қанағаттандырылған.
Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде, кассациялық сот, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың шешімдерін заңды және негізді деп санайды, өйткені олар сотта анықталған нақты мән-жайлар мен заңдылық, әділеттілік принциптері ескеріле отырып қабылданған.
Жауапкердін кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал оның кейбір тұжырымдармен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.
Сондықтан, іс бойынша қабылданған бірінші сатыдағы сот шешімінің, апелляциялық сот қаулысының күшін жоюға, сөйтіп, кассациялық шағымды қанағаттандыруға еш негіз жоқ.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 21 қаңтардағы шешімі, Қызылорда облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 27 ақпандағы қаулысы, осы іс бойынша өзгеріссіз қалдырылсын.
Жауапкердін кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Е. Нұралиев
Судьялар
Л. Кудекова
Ш.Манжуева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.