6001-24-00-6ап/2010
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 12 ақпан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Г.К. Нұрбаев, Е.Ж. Өмірәлиев,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы Аскар Асылбекович Нурмановтың жауапкер жеке сот орындаушысы Азамат Болатович Егизбаевқа (бұдан әрі – ЖСО, сот орындаушысы) сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерін бекіту қаулысын заңсыз деп тану туралы талап қою арызы бойынша қабылданған,
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 19 сәуірдегі ұйғарымына және Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 24 мамырдағы ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы А.А.Нурманов сотқа аталған талап арызбен жүгінген. Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 19 сәуірдегі ұйғарымымен талап қою мерзімін қалпына келтіруден бас тартылып, талап арыз кері қайтарылған. Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 24 мамырдағы бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, жергілікті соттардың құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, олардың күшін жоюды, істі мәні бойынша қарауға жолдауды сұраған.
Тиісті түрде хабарланған тараптардың кассациялық саты сотының отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.
Сот алқасы кассациялық шағым уәждері мен іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Іс құжаттарына қарағанда, Алматы қаласының 2019 жылғы 2 ақпандағы атқарушылық жазба негізінде талап қоюшыдан «Банк Хоум Кредит» АҚ пайдасына 917 252 теңге қарыз өндірілген.
Аталған атқарушылық құжат мәжбүрлеп орындауға ұсынылып, жеке сот орындаушысы А.Б.Егизбаевтың 2022 жылғы 7 ақпандағы қаулысымен атқарушылық іс жүргізу қозғалып, атқарушылық құжатты орындау мақсатында шаралар қабылданған.
2023 жылғы 14 желтоқсанда жеке сот орындаушысы А.Б.Егизбаев атқарушылық іс жүргізуді толық көлемде орындалуына байланысты тоқтату туралы және өз қызметіне 142 411 теңге көлемінде ақы төлеу мөлшерін бекіту туралы қаулы қабылдаған.
Аталған қаулы негізінде жеке сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізу өндірісін қозғап, тиісті шаралар қабылдап, борышкерге 2024 жылғы 9 ақпанда табыс етілген, алайда, талап қоюшы сотқа 2024 жылғы 7 наурызда жүгінген.
ӘРПК-нің 136-бабы 4-бөлігіне сай сот орындаушысының атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) талап қою әрекет жасалған (әрекет жасаудан бас тартылған) күннен бастап немесе сот орындаушысының әрекет жасау уақыты мен орны туралы хабарланбаған өндіріп алушыға немесе борышкерге ол туралы белгілі болған күннен бастап он жұмыс күні ішінде сотқа беріледі.
Осы норманың 7-бөлігіне сай дәлелді себеппен өткізіп алынған талап қоюды беруге арналған мерзімді сот Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің қағидалары бойынша қалпына келтіруі мүмкін. Талап қоюды сотқа беруге арналған мерзімдерді өткізіп алу себептері мен олардың мәнін әкімшілік істің дұрыс шешілуі үшін сот алдын ала тыңдауда анықтайды.
АПК-нің 126-бабы 2-бөлігі бойынша, егер осы Кодексте белгіленген мерзімдерді өткізіп алу себептерін сот дәлелді деп таныса, сот оларды қалпына келтіруі мүмкін.
Алайда, талап қоюшы А.А.Нурманов жеке сот орындаушының әрекеттері туралы 2024 жылдың 9 ақпанда белгілі болғанына қарамастан, сотқа 2024 жылдың 7 наурызында шағымданған, яғни ӘРПК-нің 136-бабы 4- бөлігінде көрсетілген шағымдану мерзімін дәлелді себептерсіз өткізіп алған. Сот алқасы жергілікті соттардың тұжырымдарымен толық келісіп, олар заңды, әрі негізді қабылданған деп санайды.
Төменгі сатыдағы соттармен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалған, материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған.
Талап қоюшының кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдарымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.
Сондықтан, сот алқасы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 19 сәуірдегі ұйғарымы және Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 24 мамырдағы ұйғарымы өзгеріссіз күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының Аскар Асылбекович Нурмановтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Дуйсенбаев Г.Б. Судьялар Нұрбаев Г.К. Өмірәлиев Е.Ж. Көшірмесі дұрыс. Судья Дуйсенбаев Г.Б.
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.