6003-25-00-2к/1688
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 13 қараша Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот Құрамында төрағалық етуші судья М.Т.Кадырова, А.З. Каирбеков, Н.А. Жумагулова, талап қоюшының өкілі Б.Д. Орынбековтың, жауапкердің өкілдері Т.А. Исмагуловтың, С.Н. Файзуллаевтың, үшінші тұлға өкілі Ә.С.Ұзақбаевтың қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Қызылорда облысының мемлекетік сатып алу басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жеке кәсіпкер «Нұр» Ауезхан Избасовты жосықсыз қатысушысы деп тану туралы талап қоюы бойынша азаматық істі жауапкердің Қызылорда облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 16 сәуірдегі шешіміне және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 маусымдағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
«Қызылорда облысының мемлекетік сатып алу басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі- Басқарма) жеке кәсіпкер «Нұр» Ауезхан Избасовты (бұдан әрі- жеке кәсіпкер, ЖК) жосықсыз қатысушысы деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгініп, оны жеке кәсіпкер конкурстық құжаттамаға дұрыс емес ақпарат ұсынғанымен негіздеген.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 маусымдағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою қанағаттандырылып, жеке кәсіпкер мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылған.
Жауапкер кассациялық шағымында талап қою мерзімі өтіп кеткенін, соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот шағымды қолдаған жауапкердің өкілін, шағымға қарсылық білдірген талап қоюшының өкілін және үшінші тұлға өкілін тындап, келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болады.
Іс бойынша мұндай бұзушылықтара жол берілген.
Іс материалдарына сәйкес Басқарма 2024 жылы «Қармақшы ауданы бойынша білім бөлімінің №272 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі-КММ), «Қармақшы ауданы бойынша білім бөлімінің №273 орта мектебі» КММ-сі, «Қармақшы ауданы бойынша білім бөлімінің «№ 274 орта мектебі» КММ-сі, Қармақшы ауданы бойынша білім бөлімінің «№ 275 орта мектебі» КММ-сі үшін балаларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету бойынша конкурстар жариялаған.
Оның барлығына жеке кәсіпкер қатысып, женімпаз болып танылған.
«Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Департамент) камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаларына сәйкес, қорытындылар туралы хаттама қайта қаралып, ЖК А.Избасов жеңімпаз деп танылған.
Конкурс қорытындыларымен келіспеген қатысушылар хаттамаларды жарамсыз деп тану туралы әкімшілік іс қоюмен сотқа жүгінген. Қызылорда облысының мамандандырыған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 25 қыркүйектегі шешімімен талап қоюшы М.Утепбергенованың Департаментің камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламалары заңсыз деп танылып, күштері жойылған және анықталған заң бұзушылықтар жөнінде жеке ұйғарым шығарылған.
Бұл сот актілерінде жеке кәсіпкер конкурстық құжаттамада біліктілік талаптары бойынша дұрыс емес ақпарат беру түріндегі заң бұзушылықтарға жол бергені көрсетілген. Жауапкер конкурстық құжаттамаларға ұсынған электронды-шот фактуралар (бұдан әрі-ЭШФ) ақпараттық жүйеде тіркелмегенін жоққа шығармайды.
Жеке кәсіпкер тарапынан заң бұзушылықтарға жол беру фактісі әкімшілік істі қарау барысында «Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі берген мәліметімен бекіген.
Яғни, жеке кәсіпкер тарапынан аталған конкурстарға қатысу барысында заң бұзушылықтарға жол беру фактісі әкімшілік дауды қарау кезінде анықталған. Конкурстарға қатысу барысында анықталған заң бұзушылықтар сотқа талап қоюға негіз болған.
Бұл санаттағы даулар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №599 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметтерді, тауарларды, сондай-ақ мемлекеттік
мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды жосықсыз берушілердің (әлеуетті өнім берушілердің) тізбесін қалыптастыру» қағидасымен (бұдан әрі - Қағида) реттеледі.
Қағиданың 5-тармағында конкурсты ұйымдастырушы (тапсырыс беруші) осы Қағидалардың 4-тармағының 1), 2), 3) тармақшаларында қарастырылған жағдайларда мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметтерді, тауарларды, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды беруші (әлеуетті берушінің) тарапынан бұзушылық фактілерін білген күнінен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей өнім берушіні жосықсыз өнім беруші деп тану туралы сотқа жүгінетіні көрсетілген.
Алайда, соттар Басқарманың талабын қанағаттандыру кезінде талап қою мерзімі өтпеген деген қате тұжырымға келген.
Соттар Қағидада көрсетілген мерзім Басқармаға Кірістер департаментінің 2025 жылғы 17 қаңтардағы жауапкермен конкурстарға ұсынылған ЭШФ-лар ақпараттық ресми жүйеде тіркелмегендігі туралы жолдаған жауап хатын алған күннен бастап есептеледі деген тұжырымдамасы іс материалдарына қайшы келеді. Себебі жеке кәсіпкердің конкурстық құжаттамаға тапсырған мәліметтердің дұрыс емес екені жөнінде уәкілетті органдардан ресми жауаптар алынған және бұл туралы сол кезде Басқармаға белгілі болған. Сонымен қатар, бұл факті әкімшілік соттың 2024 жылғы 25 қыркүйектегі шешімімен бекітілген, сот отырысына Басқарма өкілдері қатысып, аталған мәліметермен танысқан.
Басқарма жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюмен Қағидада белгіленген мерзімдерде сотқа жүгінуге міндетті.
Бұл мерзімдер түпкілікті болып табылады, осы мерзімдердің өтуі өнім берушіні жосықсыз қатысушы деп тану туралы арызды қанағаттандырудан бас тарту үшін негіз болып табылады.
Сонымен бірге, талап қоюшы жауапкерді жосықсыз қатысушысы деп тану туралы талап қоюымен сотқа жүгінген. Алайда, бірінші сатыдағы сот жауапкерді мемлекеттік сатып алудын жосықсыз қатысушысы деп таныған.
Соттың жіберген бұл қателігін апелляциялық соты түземей, шешімді өзгеріссіз қалдырған.
Соттар бұл санаттағы даулар жоғарыда көрсетілген Қағидалармен реттелетінің ескермеген. Себебі, «Білім туралы» Қазақстан Республикасы 2007 жылғы 27 шілдедегі заңының 2-бабының 3-тармағының 2) тармақшасында бір қатар білім беру ұйымдарында балаларды тамақтандыруды ұйымдастыруға байланысты қызметтерді (тауарларды) сатып алу бөлігінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының күші қолданылмайтыны бекітілген.
Кассациялық сот жоғарыда көрсетілген мән-жайларды ескере отырып жауапкердің кассациялық шағымда көрсеткен уәждерін негізді деп есептейді.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар оларға тиісті құқықтық баға берілмеген, материалдық және процестік құқық нормалары дұрыс қолданылмаған. Іс бойынша мән-жайлар толық көлемінде анықталғанымен, оларға дұрыс құқықтық баға берілмеген, соның салдарынан құқық нормалары дұрыс қолданылмаған. Сондықтан соттардың сот актілерінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру жөнінде жаңа шешім шығарылуға, кассациялық шағым қанағаттандырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 16 сәуірдегі шешімі мен Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 маусымдағы қаулысының күші жойылсын, талап қоюшы «Қызылорда облысының мемлекетік сатып алу басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жеке кәсіпкер «Нұр» А. Избасовты жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығарылсын.
Жауапкер жеке кәсіпкер «Нұр» А.Избасовтың кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
М.Т. Кадырова
Судьялар А.З. Каирбеков
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.