ҚАУЛЫ
2025 жылғы 14 наурыз №6001-24-00-6ап/1177 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы Ғ.Ө.Әлжанов, судьялар –Ж.Б.Ермағамбетова, Б.Т.Нажмиденов болып, прокурор Н.А.Молдахановтың, талап қоюшының өкілінің А.Т.Калымбетовтың, жауапкер өкілдерінің У.Н.Сыздыкова, А.Х.Кузаировтың
қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Арал құрылысы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - Серіктестік, салық төлеуші) «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Комитет), «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Департамент, салық органы) қойған жоспардан тыс тақырыптық салықтық тексеру тағайындау туралы бұйрық пен нұсқамаға дау айту туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған, Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 18 қазандағы шешіміне, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 наурыздағы қаулысына келтірген кассациялық жауапкер Департаментің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік ісін қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 18 қазандағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырылған.
«Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің 2023 жылғы 29 маусымдағы №279 жоспардан тыс тақырыптық салықтық тексеру тағайындау туралы бұйрығының «Арал құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты бөлігі заңсыз деп танылып, күші жойылған.
«Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің 2023 жылғы 27 шілдедегі №50 жоспардан тыс тақырыптық салықтық тексеру нұсқамасы заңсыз деп танылып, осы нұсқаманың күші жойылған.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Жауапкер Департамент кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, оларды бұзуды сұраған.
Жауапкер өкілдерінің кассациялық шағымды қолдаған пікірін, талап қоюшының өкілінің қарсы пікірін, прокурордың қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, 2023 жылғы 21 ақпанда Департамент Серіктестікке қатысты оның «AqtobeQurylysEngineering» ЖШСмен және дара кәсіпкер Оразгали Кулмурзаевпен (бұдан әрі –ДК Кулмурзаев) өзара нақты есеп айырысулары бойынша жасалған талдау нәтижесі негізінде салықтық тексеру тағайындау туралы Комитетке сұрау жолдаған.
Комитет Департаментке 2023 жылғы 10 сәуірдегі хатымен Серіктестікке қатысты жоспардан тыс салықтық тексеру тағайындау үшін алдын-ала тыңдау рәсімін жүргізуді тапсырған.
Мұнан кейін 2023 жылғы 29 маусымдағы №279 бұйрығымен Комитет Департаментке Серіктестікке қатысты жоспардан тыс тақырыптық салықтық тексеру тағайындауды тапсырған.
2023 жылғы 27 шілдеде Департамент 01.01.2019-31.12.2022 жылдар аралығына Серіктестікке жоспардан тыс тақырыптық салықтық тексеру жүргізу туралы №50 нұсқама қалыптастырған.
Сотқа жүгінген талабында Серіктестік даулы бұйрық пен шешімді заңсыз деп танып, олардың күшін жоюды сұраған. Тыңдалым жүргізу барысынла заң талаптары бұзылғанын, жоспардын тыс тексеру негізсіз тағайындалғанын алға тартқан.
Жергілікті соттар талапты қанағаттандырғанда Серіктестіктің ұстанымымен келісіп, Серіктестікке қатысты салықтық тексеру жоспардан тыс, яғни тосыннан тағайындалған. Жауапкерлер тексерудің мұндай түрін тағайындау қажеттілігінің туындау себептерін және салық төлеушінің жоғары тәуекелділігі неде екенін түсіндіре алмағанын.
Серіктестік тіркелуі жарамсыз деп танылған тұлғалармен өзара есеп айырысу жасамаған.
Серіктестік тарапынан орындалмаған камералдық хабарламалар анықталмағанын.
Салық кодексінің 69-бабының 2 және 4-тармақтарына сәйкес салықтық бақылау салықтық тексерулер түрінде де, камералдық бақылау түрінде де жүзеге асырылуы мүмкін. Іс материалдарына қарағанда салық органы сенімсіз деп көрсеткен контрагентпен өзара есеп айырысуы бойынша Серіктестікке камералдық бақылау хабарламалары берілмеген, яғни Салық кодексінің 94-бабына сәйкес салық төлеушінің қателерді өз бетінше жоюға бағытталған камералдық бақылау жүргізілмеген.
Жергілікті соттар бұл мән-жайлар кәсіпкердің адалдығы, салық төлеушімен тиімді өзара іс-қиыл және мемлекеттің кәсіпкер алдындағы өзара жауапкершілігі презумпциясы бөлігінде Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі – Кәсіпкерлік кодексі) және Салық кодексінің қағидаттарына қайшы келеді деп есептеген.
Жергілікті соттар істің мән-жайларын дұрыс анықтай тұра өздері сілтеме жасаған заңдарды дұрыс түсіндірмеген.
Бұл жағдайда материалдық құқық нормалары бұзылған немесе дұрыс қолданылмаған деп есептеледі.
Іс материалдарына қарағанда, Департамент жоспардан тыс салықтық тексеріс тағайындау барысында, салық төлеушінің салықтық міндеттемелерін толық орындалуына талдау жасалып, онда «Арал құрылысы» ЖШС тауарлар, жұмыстар, қызметтер көрсету бойынша барлығы 87 008 800 теңгеге, (ҚҚС 1 875 943 теңге), оның ішінде «AqtobeQurylysEngineering» ЖШС мен (БСН:180240031359) жалпы сомасы 15 632 857 тенгеге (ҚҚС 1 875 943теңгеге), ДК «Кулмурзаев О.» (ЖСН:460708300608) жалпы сомасы 69 500 000 тенгеге (ҚҚС-сыз) өзара нақты есеп айырысулары күмән тудырған фактілер анықталған. Осыған байланысты Комитетке «Арал құрылысы» ЖШС қатысты салықтық тексеру тағайындау туралы сұрауы жолданған. Комитеттің 2023 жылғы 10 сәуірдегі №КГД-08-1-21/11096-МКК хатына сәйкес, «Арал құрылысы» ЖШС қатысты жоспардан тыс салықтық тексеру тағайындау үшін ӘРПК-нің 73-бабына сәйкес тексеру шараларының нақты нәтижелерімен алдын-ала тыңдау процедурасын жүргізуді тапсырылды.
Департаменттің бастамасымен жоспардан тыс салықтық тексеру жүргізу жөнінде әкімшілік рәсім қоғалып, ӘРПК-нің 73-бабының 1 тармағына сәйкес, алдын-ала шешім қабылданып, тыңдау 2023 жылы 17 сәуірде Серіктестіктің басшысы М.Кулмурзаевтың қатысуымен бейнеконференц-байланыс жүйесі (WhatsApp желісі) арқылы жүргізілді. Тыңдау барысында М.Кулмурзаев көрсетілген кемшіліктермен келіспейтінін, кемшіліктерді өз еркімен жоюдан бас тартатынын білдірді.
Осыған байланысты Салық кодексінің 145-бабы 3 тармағының 11 тармақшасына сәйкес, Комитеттің 2023 жылғы 29 маусымдағы №279
бұйрығы негізінде Серіктестікке жоспардан тыс тақырыптық салықтық тексеру тағайындау тапсырылды.
Департаментпен Серіктестікке 01.01.2019-31.12.2022 жылдар аралығына жоспардан тыс тақырыптық салықтық тексеру жүргізу туралы 2023 жылғы 27 шілдедегі №50 нұсқама қалыптастырылды.
Кәсіпкерлік кодексінің 144-бабында тексерулерді ұйымдастыру тәртібі реттелген. Осы баптың 5 тармағының 8) тармақшасында салық төлеушінің жолданымдары, Салық кодексі айқындалған мәліметтер мен мәселелер бақылау мен қадағалау субъектілерін (объектілерін) жоспардан тыс тексеруге негіз болып табылатындығы нақты белгіленген.
Осылайша, салықтық тексеруді тағайындау үшін Кәсіпкерлік кодекстің 144-бабы 5-тармағының 5) және 8) тармақшасында, яғни мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтірудің нақты фактілері бойынша мемлекеттік органдардың жолданымдары, сондай-ақ Салық кодексінде айқындалған мәліметтер мен мәселелер негіз болды.
Комитет уәкілетті орган ретінде Департаменттің жоспардан тыс салықтық тексеріс тағайындау барысында, салық төлеушінің салықтық міндеттемелерін толық орындалуына талдау жасалып Салық кодексінің 145бабы 3-тармағының 11) тармақшасының негізінде жоспардан тыс салықтық тексеру жүргізу туралы түпкілікті шешім негізді түрде қабылдады. Осылайша , Салық кодексінің 145-бабы 3-тармағының 11) тармақшасына сәйкес, Комитеттің даулы бұйрығы негізінде Серіктестікке жоспардан тыс тақырыптық салықтық тексеру тағайындау тапсырылғанын, Департаментпен Серіктестікке 01.01.2019-31.12.2022 жылдар аралығына жоспардан тыс тақырыптық салықтық тексеру жүргізу туралы даулы нұсқама қалыптастырылып, онымен Серіктестік 2023 жылғы 1 тамызда таныстырылған. Департамент тарапынан Серіктестікке қатысты тексеріс тағайындау жөніндегі қозғалған әкімшілік өндіріс заң талаптарына сай жүргізілгенін.
Істің бұл тұрғысында істі жаңадан қарауға жібермей, сот актілерінің күшін жойып, талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдануға жатады.
ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 18 қазандағы шешімінің, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 наурыздағы қаулысының күші жойылсын.
Осы іс бойынша талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдансын.
Жауапкер Департаментің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
Төрағалық етуші Ғ.Әлжанов Судьялар Ж.Ермағамбетова
Б.Нажмиденов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.