ВС РК - Постановление от 16.01.2025 по делу 6001-24-00-6ап/975 (Административное)

6001-24-00-6ап/975

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 16 қаңтар Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Б.Т.Нажмиденов, Г.К. Нұрбаев, талап қоюшы өкілі В.А. Куроедов, жауапкердің өкілі С.К.Мырзакулов, аудармашы Р.Т.Шайхының қатысуларымен, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мәжіліс залында

талап қоюшы Тимур Булатович Тайсенгировтің жауапкерлер «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Комитет), «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Департамент) құқық нормасының қолданылуын заңсыз деп тану, 2023 жылғы 24 шілдедегі шешімнің күшін жою және заңсыз деп тану, 2023 жылғы 16 маусымдағы №4 Әкімшілік актінінің күшін жою және заңсыз деп тану, №7 хаттамамен рәсімделген 2023 жылғы 5 мамырдағы тұрғын үй комиссиясының шешімінің күшін жою және заңсыз деп тану туралы талап қою арызы бойынша қабылданған,

Ақмола гарнизонының әскери сотының 2023 жылғы 18 қазандағы шешіміне және Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2024 жылғы 27 ақпандағы қаулысына талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Тайсенгиров Т.Б. жоғарыда аталған талап арызбен сотқа жүгініп, негіздемесінде тұрғын үйді сатып алмағанын, тек анасынан жылжымайтын мүліктің ½ үлесін мұра ретінде алғанын, ал ½ үлесі сыйға тарту шартының күшін жоюға байланысты одан бас тартқанын көрсетіп уәждеген.

Ақмола гарнизонының әскери сотының 2023 жылғы 18 қазандағы шешімімен талап арыз қанағаттандырудан бас тартылған.

Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2024 жылғы 27 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған. Талап қоюшының өкілі кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған жергілікті соттардың сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды және талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған. Сот алқасы, талап қоюшының өкілі В.А. Куроедовтің кассациялық шағым уәждерін қолдаған пікірін, жауапкер өкілі С.К.Мырзакуловтың шағым уәждерімен келіспеген түсінігін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарынан белгілі болғандай, талап қоюшы Т.Б.Тайсенгиров Департаменттің жауынгерлік даярлық және әскерлер қызмет басқармасының бастығы қызметін атқарады, әскери қызметте - 29 жыл.

Т.Б.Тайсенгировке ақшалай өтемақы төлеу туралы 2016 жылғы 19 маусымдағы №275 әскери бөлім командирінің бұйрығымен 32 785 578 теңге көлемінде ақшалай өтемақы төленген.

Т.Б.Тайсенгиров 2021 жылғы 26 шілдедегі баянатпен тұрғын үй комиссиясына өтініш білдіріп, тұрғын үй комиссиясының 2021 жылғы 3 тамыздағы №10 хаттамасымен Т.Б.Тайсенгиров және оның отбасы мүшелері тұрғын үйге мұқтаж деп танылған.

2023 жылғы 24 қаңтардағы жылжымайтын мүліктің болмауы (болуы) туралы анықтамаға сәйкес Т.Б.Тайсенгировке Алматы қаласы, Әуезов ауданы, Ақсай-4 ықшам ауданы, 119 үй, 29 пәтер, меншік құқығы, жалпы үлесі ½ мекенжайы бойынша жылжымайтын мүлікке құқық тіркелген.

Бұдан әрі аталған тұлғаның бұрын жоғарыда көрсетілген мекенжай бойынша жылжымайтын мүлікке тіркелген құқығы болғаны, 2022 жылғы 27 мамырдағы №535 құқықтың пайда болу негізі көрсетілген сыйға тарту шарты және 2023 жылғы 23 қаңтардағы №109 пәтерді сыйға тарту шартын бұзу туралы шарттар болғаны анықталған.

Тұрғын үй комиссиясы 2023 жылғы 30 наурызда Департаменттің тәрбие, идеологиялық және кадр жұмысы басқармасының бастығы Департамент бастығының атына баяндама хат жолдап, онда Т.Б.Тайсенгиров Алматы қаласы, Әуезов ауданы, Ақсай-4 ықшам ауданы, 119 үй, 29 пәтер мекенжайында орналасқан Қазақстан Республикасының аумағында тұрғын үй сатып алғанын және осы тұрғын үйді сатып алу туралы тұрғын үй комиссиясының құрамына баяндамағанын көрсеткен.

2023 жылғы 5 мамырдағы тұрғын үй комиссиясы отырысының №7 хаттамасы негізінде Т.Б.Тайсенгировке 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап тұрғын үй төлемдері тоқтатылған.

2023 жылғы 16 маусымдағы №4 әкімшілік актімен Департамент талапкер Т.Б.Тайсенгировтың өтініші бойынша аталған ауыртпалық салатын әкімшілік акт қабылдаған.

Комитеттің 2023 жылғы 24 шілдедегі шешімімен Т.Б.Тайсенгировті тұрғын үйге мұқтаж деп тану және ағымдағы тұрғын үй төлемдерін есептеу жөнінде шаралар қабылдау туралы шағымы қараусыз қалдырылған.

Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдағанда, Т.Б. Тайсенгировтің жоғарыда аталған мүлікке меншік құқығы 2022 жылғы 27 мамырда (сыйға тарту шарты) туындап 2023 жылдың 23 қаңтарына дейін болды, осы уақыт ішінде Т.Б. Тайсенгиров осы мүлікке иелік етті, пайдаланды және билік етті деген тұжырымға келген.

Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының (бұдан әрі – Заң) 101-4-бабының 2-тармағының 7-тармақшасына сәйкес, тұрғын үй төлемдері: Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында өзге тұрғынжай сатып алған жағдайларда тоқтатылады, бұл ретте тұрғынжайда елу пайыздан кем үлестің болуы не мұраға қалдырылған меншік құқығындағы тұрғынжайдың пайда болуы есепке алынбайды.

Заңның 73-бабы 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес, тұрғын үйді сатып алу тұрғынжайға мұқтаж адамдар есебінен шығаруға негіз болып табылады.

Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексінің (бұдан әрі – АК) 3 – бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес – «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңы азаматтық заңнамаға жатады және қайшы келген жағдайда Кодекстің ережелері қолданылады.

АК-нің 235-бабының 2-тармағына сәйкес меншiк иесi бар мүлiкке меншiк құқығына басқа адам сатып алу-сату, айырбастау, сыйға тарту немесе осы мүлiктi иелiктен айыру туралы өзге де мәмiленiң негiзiнде ие болуы мүмкiн.

Яғни, заң шығарушы мүлікті сатып алу ұғымына тек сатып алу-сату шартын ғана емес, сонымен қатар сыйға тарту шарты бойынша мәміле жасау фактісін де қамтиды.

АК-нің 118-бабының 2-тармағына сәйкес, егер осы Кодексте және «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында өзгеше белгіленбесе, жылжымайтын мүлікке құқықтар (құқықтар ауыртпалықтары) мемлекеттік тіркелген кезден бастап туындайды, өзгереді және тоқтатылады. Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, 2022 жылғы 16 мамырдағы Заңға сәйкес мұраға құқық туралы куәлік бойынша Р.С.Тайсенгированың мүлкінің мұрагері Т.Б. Тайсенгиров болып табылады. Мұрагерлік мүлік Алматы қаласы, Әуезов ауданы, Ақсай-4 ықшам ауданы, 119 үй, 29 пәтер мекенжайы бойынша пәтердің ½ үлесінен тұрады.

2022 жылғы 27 мамырдағы пәтер үлесін сыйға тарту шартымен Б.Б. Тайсенгиров ұлы Т.Б. Тайсенгировке Алматы қаласы, Әуезов ауданы, Ақсай-4 ықшам ауданы, 119 үй, 29 пәтер мекенжайы бойынша пәтердің ½ үлесін тегін сыйға тартқан.

Өз кезегінде Т.Б.Тайсенгиров көрсетілген пәтер үлесін әкесінің сыйлығы ретінде қабылдаған және бұл сыйлықтан АК-нің 507-бабының 1-тармағының тәртібімен берілгенге дейін бас тартпаған.

Демек, Т.Б.Тайсенгиров жоғарыда аталған тұрғын үйдің меншік иесі болды, бұл талап қоюшының уәкілетті органда меншік құқығын тіркеу туралы мәліметтермен расталады.

Істің мұндай тұрғысында, төменгі сатыдағы соттармен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған.

Талапкер өкілінің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдамасымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Сондықтан, сот алқасы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Ақмола гарнизонының әскери сотының 2023 жылғы 18 қазандағы шешімі, Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2024 жылғы 27 ақпандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының өкілі Василий Анатольевич Куроедовтің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Б. Дуйсенбаев Судьялар Б.Т. Нажмиденов

Судьялар

Г.К. Нұрбаев

Көшірмесі дұрыс. Судья

Г.Б. Дуйсенбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.