ҚАУЛЫ
2026 жылғы 6 қаңтар №6003-25-00-2к/3865 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында:
төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков,
судьялар Л.Б.Мамырбаева, В.Е.Тохтарбаева,
прокурор А.Камашевтің,
талап қоюшының өкілі С.Х.Тастыбайдың, жауапкер А.Б.Рыспаеваның
қатысуларымен, бейнеконференциялық байланыс арқылы
талап қоюшы «Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі -Мекеме) жауапкер Алия Батырбековна Рыспаеваға өтемақы төлеумен жер учаскесін және онда орналасқан жылжымайтын мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару және өтемақы төленгеннен кейін үйден шығару туралы талап қоюы жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық істі талап қоюшының Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 20 қаңтардағы шешіміне және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 сәуірдегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Мекеме жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 20 қаңтардағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.
А.Б.Рыспаеваға 15 215 380 теңге мөлшеріндегі ақшалай өтемақыны төлеумен Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, Лермонтов көшесі 29 үй, 2 пәтер, мекенжайында орналасқан, кадастрлық №21-324-029-274, жалпы ауданы 0,0308 га, оның ішінде үлесі 0,0030 га жер учаскесі және онда орналасқан жылжымайтын мүлік мәжбүрлеп иеліктен шығарылған.
А.Б.Рыспаеваға өтемақы төленгеннен кейін Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, Лермонтов көшесі 29 үй, 2 пәтер, мекенжайында орналасқан, кадастрлық №21-324-029-274, жалпы ауданы 0,0308 га, оның ішінде үлесі 0,0030 га жер учаскесін босату міндеттелген.
Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.
Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз, талап қоюшының апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында қабылданған сот актілерімен келіспей, оларды өзгертіп, жауапкерге мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесі үшін сотпен өндірілген 15 215 380 теңге өтемақыны «НОК Дом оценки» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі -ЖШС) мүлікті бағалау туралы есебі бойынша 10 992 802 теңге мөлшерінде анықтауды сұраған.
Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған түсінігін, жауапкердің касациялық шағымға қарсылығын, прокурордың сот актілері заңды деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттары мен кассациялық шағымның уәждерін
зерделеп, кассациялық сот келесі негіздерге байланысты дауланып отырған сот актілерін күшінде қалдыру қажет деген тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі -АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабының 3-тармағына сай, соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайды. Заңмен көзделген ерекше жағдайларда мемлекет мұқтажы үшін мүліктен күштеп айыру оның құны тең бағамен өтелген кезде жүргізілуі мүмкін.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 188бабының тармағында меншiк құқығының мерзiмi шексiз екені, мүлiкке меншiк құқығы осы Кодексте көзделген негiздер бойынша ғана ықтиярсыз тоқтатылуы мүмкiн екені көрсетілген.
АК-нің 255-бабының 1-тармағына сай мемлекеттiк органның меншiк иесiнен мүлiктi алып қоюға тiкелей бағытталмаған шешiмiне, соның iшiнде меншiк иесiне тиесiлi үй, өзге де қора-қопсы, құрылыстар немесе өсiмдiктер бар жер учаскесiн алып қою туралы шешiмiне байланысты қозғалмайтын мүлiкке меншiк құқығының заң құжаттарымен белгiленген реттер мен тәртiп бойынша ғана меншiк иесiне құны тең мүлiк берiп және өзге де келтiрiлген залалдарын өтей отырып немесе меншiк құқығының тоқтатылуынан келтiрiлген залалдарын толық көлемiнде өтей отырып тоқтатылуына жол берiледi.
Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 84-бабының 1-тармағына сәйкес жер учаскесi мемлекет мұқтажы үшiн айрықша жағдайларда, меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының келісімімен мүлiктің тең құны өтелген кезде не сот шешiмi бойынша мәжбүрлеп иелiктен шығарылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 1 бабының 25) тармақшасының талаптарына сәйкес мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару - жер учаскесін мемлекеттік мүлік құрамына алып қоюға байланысты жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті алып қою, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекше жағдайларда және құны тең бағамен өтелген жағдайда мемлекет мұқтажы үшін жүргізілетін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу болып табылады.
Заңның 67-бабының 2, 3 - тармақтарында мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалатыны қарастырылған. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы осы Заңның 208-бабы 1-тармағының ережелерін ескере отырып, бағалау жүргізу күніне айқындайды.
Азаматтық істің құжаттарына қарағанда, Астана қаласы әкімдігінің 2019 жылғы 13 ақпандағы №510-227 қаулылысына сәйкес Астана қаласы, «Алматы» ауданы, Асан қайғы көшесі, А.Иманов көшесінен Бөгенбай батыр даңғылына дейінгі мекенжайында орналасқан, жалпы ауданы 1 полигон - 10,4638 га, 2 полигон -2,1806 га жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға (сатып алуға) жатады.
Алынатын жер учаскесінің шегіне жауапкер А.Б.Рыспаеваға 2016 жылғы 27 шілдедегі сыйға тарту шарты негізінде Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, А.Лермонтов көшесі, 29-үй мекенжайында орналасқан, кадастрлық №21-324-029274, жалпы ауданы 0,0308 га, оның ішінде үлесі 0,0030 га жер учаскесі кіреді.
2024 жылғы 11 қарашадағы «НОК Дом Оценки» ЖШС-нің жасаған №0433/24-ASTANA мүлікті бағалау есебіне сәйкес, жер учаскесі және онда орналасқан жылжымайтын мүліктердің ақшалай өтемақы мөлшері 10 992 802 теңге құраған.
Жауапкер А.Б.Рыспаеваға көрсетілген жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылуға жататындығы туралы хабарлама тапсырылған.
Алайда, жауапкер жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға қарсы болмағанымен, талап қоюшымен ұсынылған 10 992 802 теңге мөлшеріндегі жер учаскесі мен онда орналасқан жылжымайтын мүліктің нарықтық құнымен келіспеген.
Бірінші сатыдағы сот жер учаскесінің және онда орналасқан жылжымайтын мүліктің нарықтық бағасын анықтау үшін, сот сараптамасын тағайындаған.
«Прогресс Консалтинг» ЖШС-нің 2025 жылғы 17 қаңтардағы сараптама қорытындысына сәйкес жер телімінің және онда орналасқан жылжымайтын мүліктің нарықтық құны 15 215 380 теңгеге бағаланған.
Бірінші сатыдағы сот өтемақыны айқындау кезінде осы сот сараптамасының қорытындысын дұрыс негізге алған. Өйткені, бұл қорытындыда объектіні зерттеу кезінде жер учаскесінің нақты нарықтық құны көрсетіліп, олардың жалпы сомасы 15 215 380 теңгені құраған. Аталған қорытынды ғылыми негізделген, бағалау тәртібі, стандарты мен әдістемесін көздейтін нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес, Астана қаласындағы нарықта қалыптасқан жылжымайтын
мүлік объектілерінің нақты құнын талдау және зерделеу негізінде құрастырылған. Салыстырмалы зерттеу әдістемесін қолданғанда сарапшы жер учаскелерінің ұқсас аналогтарын пайдаланған. Бұл сараптама қорытындысына сотпен күмән келтіретіндей, талап қоюшы тарапынан қандай да бір дәлелдемелер ұсынылмаған.
Сонымен қатар, сарапшыға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 420-бабы бойынша көрiнеу жалған қорытынды бергенi үшiн қылмыстық жауаптылық туралы ескертiлген.
Апелляциялық сот істің мән-жайын тексеріп, бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымдарымен толықтай келіскен.
Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымында келтірген уәждері дәйексіз, олар жергілікті соттардың қарау нысаны болған және дауланған сот актілерінде оларға тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген. Істі қарау барысында жергілікті соттар тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген.
Талап қоюшының іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.
Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 20 қаңтардағы шешімі және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков
Судьялар: Л.Мамырбаева
В.Тохтарбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.