ҚАУЛЫ
2022 жылғы 22 желтоқсан 6001-22-00-6ап/1582 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Г.К.Нұрбаев, Е.Ж.Өміралиев болып,
талап қоюшы «ДӘ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (ЖШС) өкілі – Қ[...],
жауапкерлер:
Келес ауданы әкімдігінің өкілі – И[...],
«Келес ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің (ММ) өкілі – А[...],
мүдделі тұлға «Адырбаева С.С.» жеке кәсіпкерінің өкілі – З[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейне-конференцбайланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы «ДӘ[...]» ЖШС-ның жауапкерлер Келес ауданы әкіміне, «Келес ауданының жер қатынастары бөлімі» ММ-не жер комиссиясының хаттамалық шешімін заңсыз деп танып, күшін жою, конкурсты қайта өткізуді міндеттеу және жеңімпаз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 11 сәуірдегі қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 3 желтоқсандағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.
Түркістан облысы, [...] жер комиссиясының 2021 жылғы 7 сәурдегі Келес ауданындағы шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурстың қорытындыларын шығару жөніндегі №11 хаттамалық шешімі мен «ДӘ[...]» ЖШС-ін № 64, 65, 66, 67, 68, 69, 71, 74, 78 лоттар бойынша конкурсқа қатысуға жібермеу және Б[...] №68 лот бойынша жеңімпаз деп тану туралы бөліктері заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Келес ауданы әкімдігінің 2021 жылғы 12 сәуірдегі №110 қаулысының Б[...] Жамбыл ауылдық округінен 270 га жайылым жер учаскесін 10 (он) жыл ұзақ мерзімге өтеулі уақытша пайдалануға жалға табыстау туралы бөлігі және «Келес ауданының жер қатынастары бөлімі» ММ-і мен Б[...] арасында жасалған жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) туралы 2021 жылғы 14 сәуірдегі №246 шарты заңсыз деп танылып, күші жойылған.
«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалының Келес аудандық тіркеу және жер кадастры бөліміне сот шешімі күшіне енгеннен кейін тіркеу мақсатында орындау үшін жолдау белгіленген. Сот шешімі күшіне енгеннен кейін 10 (он) жұмыс күні ішінде «Түркістан облысы, [...] жер қатынастары бөлімі» ММ-не № 68 лот бойынша конкурстық жер комиссиясының қарауына қайта шығару әрекеттерін жасауға міндеттелген.
Талап қоюдың №64, 65, 66, 67, 68, 69, 71, 74, 78 лоттар бойынша жеңімпаз деп айқындау туралы бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 11 сәуірдегі қаулысымен сот актісі өзгертілген. Сот шешімінің талап қоюды қанағаттандырылған бөлігінің күші жойылып, талаптың осы бөлігінде қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығарылған.
Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша шығарылған сот актісімен келіспейтінін көрсетіп, оның күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Жауапкер «Келес ауданының жер қатынастары бөлімі» ММ-сі өзінің қарсы пікірінде кассациялық шағымды қанағаттандырусыз және апелляциялық сатыдағы соттың қаулысын күшінде қалдыруды сұраған. Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, жауапкерлер мен мүдделі тұлға өкілдерінің шағыммен келіспеген пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша апелляциялық саты соты тарапынан мұндай кемшіліктерге жол берілген.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда жоғарыда аталған жер комиссиясының даулы шешімімен талап қоюшының конкурсқа қатысуға арналған өтінімдерінен бас тартылу себебі Қазақстан Республикасының жер кодексінің (бұдан әрі – Жер кодексі) 43-1-бабының 10-тармағының 2), 3) тармақшаларында көрсетілген талаптары орындалмағандығымен негіздеген. Ал № 68 лот бойынша Б[...] жеңімпаз деп танылған. Келес ауданы әкімінің қаулысымен Б[...] Жамбыл ауылдық округінен 270 га жайылым жер учаскесін шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін 10 (он) жыл ұзақ мерзімге өтеулі уақытша пайдалануға жалға табысталған. 2021 жылғы 14 сәуірде онымен жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдаланудың (жалға алудың) шарты жасалған.
«ДӘ[...]» ЖШС-гі барлық құжаттары заң талаптарына сәйкес болғанына қарамастан жер комиссиясы оның конкурсқа қатысу өтініміндерінің бас тартылуымен келіспей сотқа жүгінген. Бірінші саты соты талаптың жер комиссиясының шешімінің күшін жою жөніндегі бөлігін қанағаттандырғанда жер комиссиясы конкурсты өткізу қағидаларын сақтамаған деп негіздеген.
Жер кодексінің 43-бабының 2-тармағына сай жер комиссиясының шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Жер комиссиясының отырысы аудио-, бейнежазба құралдарының көмегімен міндетті түрде тіркеледі.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 20 желтоқсандағы № 518 бұйрығымен бекітілген Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты ұйымдастыру мен өткізу қағидасының (бұдан әрі – Қағида) 20 және 22-тармақтарына сай жер комиссиясының хатшысы жер комиссиясының мүшелеріне әрбір қатысушының атауын, оның өтінімінің және конкурстық ұсынысының мазмұнын жариялайды. Жер комиссиясы барлық өтінімдерді олардың сәйкестігі, толықтығы, есептемелердегі қателіктердің, құжаттардағы барлық қолтаңбалардың бары тұрғысынан зерделейді, сондай-ақ, жалпы рәсімдеудің дұрыстығын тексереді, конкурстық ұсыныста көсетілген бизнес-жоспар, оның ішінде, инвестициялардың болжамды көлемі бойынша балл беру жолымен өтінімдерді бағалайды, салыстырады.
2021 жылдың 7 сәуірінде өткен жер комиссиясының отырысының аудио-бейнежазбасы сотта қаралғанда Жер кодексі мен Қағида талаптары бұзылғандығы анықталған.
Жер комиссиясының отырысында № 64, 65, 66, 67, 68, 69, 71, 74, 78 лоттар бойынша конкурстық ұсыныстарды қарау барысында жер комиссиясының мүшелеріне әрбір қатысушының атауын, оның өтінімінің және конкурстық ұсынысының мазмұны жарияланбай, олардың сәйкестігі, толықтығы, есептемелердегі қателіктердің бары тұрғысынан зерделенбеген. Хаттамаға бұл лоттар бойынша дауыс бермеген комиссия мүшесі қол қойған. № 68 лот бойынша комиссия төрағасының ұсынысы дауысқа салынбай қалған. Бейнежазбадан Б[...] осы лот бойынша комиссия мүшелерінің ең көп дауыс алғаны анықталмаған.
Апелляциялық саты соты бірінші саты сотының анықтаған мәнжайларын теріске шығармай шешімнің күшін жойғанда талап қошының конкурсқа түскен жер орналасқан елді мекенде тұрмайтындығымен уәж келтірген.
Соттың бұл тұжырымы қате болып табылады. Қолданыстағы жер кодексімен Қазақстан Республикасы азаматтарының конкурстарға қатысуға мұндай шектеулер көзделмеген. Бұдан басқа бұл мәселе жер комиссиясымен талқыланбаған.
Сонымен қатар апелляциялық сатыдағы сот өз шешімін бірінші сатыдағы сот талап шеңберінен шығып Келес ауданы әкімінің Б[...] жер табыстау туралы қаулысының және онымен жасалған жер пайдаланудың (жалға алудың) шартының күшін жоюға құқылы болмаған деп негіздеген. Апелляциялық сатыдағы соттың бұл тұжырымы да қате болып табылады. ӘРПК-нің 155-бабының 3 бөлігіне сай әкімшілік актіні немесе оның бір бөлігін заңсыз деп тану, егер соттың шешімінде өзгеше көрсетілмесе, оның күшін жоюға, сондай-ақ одан не оның бір бөлігінен туындайтын барлық заңды салдарлардың күшін жоюға алып келеді.
Жер кодексінің 43, 43-1 баптарына сәйкес жер комиссиясының оң шешімі негізінде әкімнің қаулысы қабылданып, жеңімпазбен шарт жасалуы тиіс. Жер комиссиясының шешімі заңсыз деп танылуына байланысты тиісінше әкім қаулысы мен шарттың да күші жойылуға жатады. Ол үшін дербес талап қоюдың қажеттілігі жоқ.
Яғни, іс бойынша бірінші саты сотының қабылдаған шешімі істегі дәлеледемелерге және заң нормаларына негізделіп қабылданған.
Істің бұл тұрғысында апелляциялық сот алқасы қаулысының күші жойылып, бірінші сатыдағы сот шешімі күшінде қалдырылуға жатады. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 11 сәуірдегі қаулысының күші жойылсын.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 3 желтоқсандағы шешімі күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы «ДӘ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
С.Баймаханов
Судьялар
Г.Нұрбаев Е.Өміралиев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.