Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 05.02.2026 по делу 6003-25-00-2к/4319(2) (Гражданское)

№6003-25-00-2к/4319(2)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 5 ақпан Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында төрағалық етуші судья Г.Б. Бастаубаев, судьялар Н.О.Косанов, М.Т. Кадырова, талап қоюшының өкілдері Г.А. Алматовтың, жауапкер өкілі Р.М. Куржикаевтың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Атырау облысы мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жауапкер «Дианит» жауапкершілігі шектеулі серіктестікті мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы азаматық істі жауапкердің Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 1 шілдедегі шешіміне және Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 қазандағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

«Атырау облысы мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі-Басқарма) 2025 жылғы 11 наурызда «Индер ауданы, Индербор ауылының автокөлік жолдарын орташа жөндеу жұмыстары» мемлекеттік сатып алуға ашық конкурс жариялаған.

2025 жылғы 25 сәуірдегі ашу хаттамасына сәйкес, конкурсқа қатысуға 1 әлеуетті өнім берушіден, «Дианит» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктен (бұдан әрі-ЖШС; Серіктестік) өтінім берілген.

Басқарма талап қоюда Серіктестікпен конкурсқа қатысу барысында анық емес ақпарат беру фактісі анықталғанын негізге алып, жауапкерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тануды сұраған.

Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 қазандағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 1 шілдедегі шешімімен талап қою қанағаттандырылған. «Дианит» ЖШС-і мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылған. Жауапкерден мемлекет пайдасына 1966 теңге мемлекеттік баж өндірілген. Жауапкердің өкілі кассациялық шағымында соттар іс үшін маңызы бар мән-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, жауапкер анық емес ақпарат бергені туралы дәлелдемелерге дұрыс баға бермегенін, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыруды сұрады.

Кассациялық сот шағымды қолдаған жауапкер өкілінің, шағымға қарсылық білдірген талап қоюшыгың өкілін тындап, келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процесстік кодексінің (бұдан әрі-АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар мұндай заң бұзушылықтарға жол бермеген.

«Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі-Заң) 2-бабының 1) тармағына сәйкес анық емес ақпарат – әлеуетті өнім берушінің конкурсқа (аукционға) қатысуға арналған өтінімінде қамтылған, сол сияқты әлеуетті өнім берушінің берілген өтінімінің шынайы мазмұнын бұрмалайтын және шындығына сәйкес келмейтін түзетулер арқылы енгізілген жалған мәліметтер.

Анықталғандай, Серіктестік конкурстық құжаттамасында көрсетілген материалдық ресурстарына «Карасайстройсервис» ЖШС-мен 2024 жылғы 13 маусымдағы №2 арнайы техниканы жалға алу шарты негізінде жалға алынған «Асфальт төсегіш (Асфальтукладчик) VOGELE S2100» маркалы, мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісі ALD940E техникасын ұсынған.

Алайда, аталған техника 2024 жылғы 6 наурызда «Карасайстройсервис» ЖШС-н тіркеуден шығарылғаны «Атырау қаласы кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің Басқармаға жолдаған мәліметінен белгілі болған. Осылайша Серіктестік конкурсқа қатысу барысында материалдық ресурстарына қатысты анық емес ақпарат ұсынған.

Ұсынған шарт біліктілік талаптарына және конкурстық баға ұсынысына әсер ететін құжат болып табылады, сондықтан соттар дәлелдемелерге дұрыс баға бере отырып, жауапкердің мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысу барысында анық емес ақпарат берген деген уәждері негізді.

Талап қоюшы жауапкерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талапты сотқа заңмен белгіленген мерзімде жүгінген.

Жауапкердің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері апелляциялық сотта қаралып, оларға дұрыс құқықтық баға берілген. Іс қаралған кезде материалдық және процестік құқық нормалары дұрыс қолданылған.

Сондықтан дауланып отырған соттың шешімін өзгеріссіз қалдырған апелляциялық сатының қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 қазандағы қаулысы күшінде, жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Б. Бастаубаев

Судьялар Н.О. Косанов

М.Т. Кадырова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.