Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 25.12.2025 по делу 6003-25-00-2к/1695 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 25 желтоқсан №6003-25-00-2к/1695 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья А.Токсанбаев, судьялар А.Даненова, М.Ибрагимова,

талап қоюшы Б.Ибраева, оның өкілі Н.Мусакулов, жауапкерлер өкілдері А.Бастаубай, Б.Айткасимов және Ұ.Камбылбайдың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Бибифатима Дуйсековна Ибраеваның жауапкерлер Нурлыгали Тасбакович Жаппаровқа, «Тұран ТСС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, «Газ құбыры-2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, «Наргул Элит Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, «Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы» мемлекеттік мекемесіне, «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесіне, «Арнұр Кредит» Микроқаржылық ұйым» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлғалар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына, Жанат Жаксылыковна Жаппароваға пайдалануға қабылдау актісін жарамсыз деп тану, кепілге қою туралы шартты жарамсыз деп тану туралы талап қоюымен қабылданған Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 12 наурыздағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 маусымдағы қаулысына жауапкер Н.Жаппаровтың кассациялық шағымы бойынша келіп түскен электронды азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Б.Ибраеваның жоғарыда көрсетілген талап қоюымен сотқа жүгінген. Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 12 наурыздағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, Шымкент қаласы, Самал-1 мөлтекауданы, Рысқұлов көшесі №126 А мекенжайдағы тұрғын емес - мейрамхана, жалпы алаңы-1425,2 шаршы метр, сыртқы құрылысы мөлшері 199,6 шаршы метр ғимаратты пайдалануға қабылдау туралы 2024 жылғы 16 мамырдағы акті жарамсыз деп танылған.

Талаптың Н.Жаппаров пен «Арнұр Кредит» микроқаржылық ұйымы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі – серіктестік) арасындағы көрсетілген жылжымайтын мүлікті кепілге қою шартты жарамсыз деп тану туралы бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 маусымдағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Кассациялық шағымда жауапкер Н.Жаппаров соттармен материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбағандығына және сот қорытындылары істің мән-жайларына сәйкес келмейтінін көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Сот, тараптардың түсіндірмелерін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын зерделеп, келесі тұжырымға келді.

әрі – АПК) 438-бабы 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Жергілікті соттар іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол бермеген.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 157-бабы 1-тармағына сәйкес мәміле сот оны осындай деп (дауланатын мәміле) тануына байланысты осы Кодексте немесе өзге де заңнамалық актілерде белгіленген негіздер бойынша не осылай тануына (маңызсыз мәміле) қарамастан, заңнамалық актілерде тікелей көзделген негіздер бойынша жарамсыз болады.

АК-нің 157-1-бабы 2-тармағына сай жарамсыздығына байланысты және жасалған кезінен бастап жарамсыз болған мәмiлелерді қоспағанда, егер осы Кодексте, Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерінде өзгеше көзделмесе немесе мәмiленiң мәнiнен немесе мазмұнынан өзгеше туындамаса, жарамсыз мәмiле заңдық салдарларға алып келмейді.

АК-нің 299-бабы 1-тармағына сәйкес мiндеттемеге сәйкес несие берушiнiң (кепiл ұстаушының) борышқор кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындамаған ретте кепiлге салынған мүлiк құнынан осы Кодексте белгiленген алып тасталатындарды қоспай, осы мүлiк тиесiлi адамның (кепiл берушiнiң) басқа несие берушiлердiң алдында артықшылықпен қанағаттандырылуға құқығы бар мiндеттеменi атқаруының осындай әдiсi кепiл деп танылады.

«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 13-бабы 6-тармағы 1- тармақшасына сәйкес егер сәулет, қала құрылысы және (немесе) құрылыс қызметі осы аумақта азаматтардың, қоғамдық бірлестіктердің және заңды тұлғалардың мүдделерін қозғаса, онда олардың: заңдарды немесе мемлекеттік нормативтерді бұза отырып жүзеге асырылатын объектілерді орналастыру, жобалау, салу (реконструкциялау) немесе пайдалануға беру туралы шешімнің әкімшілік немесе сот тәртібімен күшін жоюға құқығы бар.

АПК-нің 76-бабы 2-тармағына сай соттың бұрын қаралған азаматтық іс бойынша заңды күшіне енген шешімімен немесе қаулысымен анықталған мәнжайлар сот үшін міндетті. Мұндай мән-жайлар тап сол тұлғалар қатысатын басқа да азаматтық істерді талқылау кезінде қайта дәлелденбейді.

Шымкент қаласы, Самал-1 мөлтекауданы, Бектаев көшесі №586 мекенжайда орналасқан тұрғын үйге 2022 жылғы 28 қарашадағы №1346 сыйға тарту шарты негізінде талап қоюшы Б.Ибраеваның меншік құқығы тіркелген.

Осы тұрғын үй орналасқан жер учаскесіне іргелес Шымкент қаласы, Самал-1 мөлтекауданы, Рысқұлов көшесі №126 «А» мекенжайда орналасқан кадастр №22-327-045-180 жер телімі Шымкент қаласы әкімдігінің №774 2022 жылғы 3 мамырдағы (33 тармақ) шешімі негізінде жауапкер Н.Жаппаровқа тиесілі.

Н.Жаппаров көрсетілген жер телімінде жалпы алаңы 1 425,2 шаршы метр, сыртқы құрылыс мөлшері 199,6 шаршы метр болатын мейрамхана объектісін (бұдан әрі – мейрамхана) салған.

2024 жылғы 16 мамырдағы акті негізінде мейрамхана пайдалануға қабылданған (бұдан әрі – даулы акт).

2024 жылғы 30 қыркүйекте серіктестік пен Н.Жаппаров арасында мейрамхананы кепілге қою шарты жасалған.

2024 жылғы 9 қазандағы Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған, 2024 жылғы 30 шілдедегі сот шешімімен мейрамхана құрылысы заңсыз деп танылған. Жауапкер Н.Жаппаров мейрамхананы бұзуға міндеттелген. Шешім заңды күшіне енген.

Кассациялық сатыдағы соттың 2025 жылғы 17 ақпандағы қаулысымен көрсетілген сот актілер кассациялық тәртіпте қарауға беруден бас тартылған.

Бірінші сатыдағы сот жауапкерге тиесілі мейрамхана құрылысы сәулет және құрылыс нормаларына сәйкес болмағаны заңды күшіне енген сот шешімімен анықталғанын, АПК-нің 76-бабы 2-тармағына сай заңды күшіне енген сот шешімімен мейрамхана құрылысы заңсыз деп танылуы осы істі қарау барысында сот үшін міндетті екенін негізге алып, ғимаратты пайдалануға қабылдау туралы акті жарамсыз деп тану туралы талап қоюды қанағаттандырып, кепіл шарты талап қоюшының құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбайтындықтан, оны жарамсыз деп тану туралы талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырған.

Тараптар кепілге беру шарты бойынша қабылданған сот актілерін дауламаған.

Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы сот шешімімен келіскен.

Жергілікті соттардың тұжырымдары заңды және негізді, себебі қорытындылары істің мән-жайларына және заң талаптарына сәйкес келеді.

Объектін пайдалануға қабылдау актісін жарамсыз деп тану туралы талап қою азаматтық іс жүргізу тәртібінде емес әкімшілік іс жүргізу тіртібінде қаралуға жататыны туралы шағым уәжін сот негізсіз деп табады, себебі объектін пайдалануға қабылдау актісіне әкімшілік органдардың өкілдері емес, жауапкер Н.Жаппаровтың өзі қол қойған. Демек, жария-құқықтық қатынастардан туындаған дауға жатпайтындықтан Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 102-бабы 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен соттардың соттылығына жатпайды.

Кассациялық шағымдағы басқа уәждер жергілікті соттармен жасалған қорытындыларды теріске шығармайды, тек келіспей, дәлелдемелерге басқа құқықтық баға берумен байланысты. Шағым иесімен сот алқасының материалдық және процестік құқықтық нормалары елеулі түрде бұзғаны туралы дәлелдемелер ұсынылмаған. Сондықтан, жергілікті соттардың сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады. АПК-нің 451-бабы 2-бөлігі 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 12 наурыздағы шешімі және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 маусымдағы қаулысы күшінде, жауапкер Н.Жаппаровтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

А.Токсанбаев

Төрағалық етуші судья

Судьялар

А.Даненова

М.Ибрагимова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.