6001-22-00-6ап/1798
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 3 ақпан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - судья Н.Ү.Қайыпжан,
судьялар - Г.Б.Дүйсенбаев, Б.Т.Нажмиденов болып,
бірінші талап қою бойынша талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Комитет) өкілі Т[...],
бірінші талап қою бойынша жауапкер Қызылорда облысы, [...] әкімінің (бұдан әрі - Әкім) өкілі Ж[...] қатысуларымен,
бірінші талап қою бойынша: Комитеттің Әкімнің 2003 жылғы 19 наурыздағы №386 шешіміне дау айту туралы,
екінші талап қою бойынша: «ЖЖЖ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - ЖШС) Әкімге және Комитетке Әкімнің 2005 жылғы 11 қыркүйектегі №119 шешіміне дау айту туралы талап қоюлар бойынша қабылданған
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 4 шілдедегі қаулысына талап қоюшы - ЖШС-нің кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшылар сотқа жауапкерлерге жоғарыда көрсетілген талап қоюлармен жүгінген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 15 ақпандағы шешімімен талап қоюшы Комитеттің жауапкер Әкімнің шешіміне дау айту туралы талап қоюы қанағаттандырылған.
Жеке кәсіпкер М[...] кенті Әлшекей бойында орналасқан асфальтбетон зауыты мен теміржол тұйығы астындағы жер учаскесіне меншік құқығын беру туралы Әкімнің 2003 жылғы 19 наурыздағы №386 шешімі заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Әкімнің 2003 жылғы 19 наурыздағы №386 шешімнің күшін жою туралы Әкімнің 2005 жылғы 12 қыркүйектегі №58 шешімі заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Әкіммен жеке кәсіпкер Ш[...] арасында жасалған 2003 жылғы 19 наурыздағы №36 жер учаскесін сатып алу-сату туралы шарты жарамсыз деп танылған.
Талап қоюшы ЖШС-нің жауапкерлер Әкімге, Комитетке әкімшілік актіге дау айту туралы талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған. Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 4 шілдедегі қаулысымен бірінші сатылы соты шешімінің күші жойылып, әкімшілік іс бірінші сатыдағы сотқа басқа құрамда жаңадан қарауға жолданған.
Оған қоса, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 8 қыркүйектегі қаулысымен талап қоюшы ЖШС-нің сотқа жауапкер «Қызылорда мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті» мемлекеттік мекемесінің электрондық аукцион хаттамасын жарамсыз деп танып, күшін жою, веб-портал реестрінде жарияланған сауда-саттықты алып тастауды міндеттеу туралы талап қоюы бойынша Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 21 ақпандағы әкімшілік істі бірінші сатыдағы сотқа басқа құрамда жаңадан қарауға жолдау туралы қаулысы күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы ЖШС-гі кассациялық шағымында апелляциялық саты сотының тұжырымдарымен келіспей, оның күшін материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына орай жойып, талап қоюды толығымен қанағаттандыруды сұраған.
Кассатор - ЖШС-гі істі қараудың уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабардар бола отырып, кассациялық сатының сот отырысына келмеді.
Аталған тұлғаның Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдікпроцестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының 1-бөлігіне, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 418-бабының екінші бөлігіне сәйкес сот отырысына келмеуі істі қарауға кедергі келтірмейді, осыған байланысты сот алқасы істі оның қатысуынсыз қарауға кедергі жоқ деп есептейді.
Сот алқасы, шағымның уәждерін қолдаған бірінші талап қою бойынша жауапкер - Әкім өкілінің түсіндірмелерін, бірінші талап қою бойынша талап қоюшы - Комитет өкілінің қарсы пікірін тыңдап, іс құжаттарын, шағым уәждерін зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының 1-бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, АПК-нің қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Әкімнің 1999 жылғы 12 мамырдағы №47 шешімімен «Казавтодор» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қызылорда облыстық филиалына жол жөндеу пайдалану кешеніне қызмет көрсету үшін 19 621,12 шаршы метр жер учаскесі тұрақты пайдалануға берілген.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің 2013 жылғы 3 қазандағы №735 бұйрығымен ұзындығы 978 метр болатын теміржол тұйығы аталған басқарманың теңгерімінен Комитет теңгеріміне беріліп, 2013 жылғы 4 қазанда қабылдау-тапсыру актісі жасалған.
Комитет 2014 жылдың 6 тамызында ұзындығы 978 метр теміржол тұйығына меншік иесі құқығын және жер учаскесіне тұрақты жер пайдалану құқығын 2014 жылғы 1 тамызда тіркеуші органда тіркеген.
Әкімнің 2003 жылғы 19 наурыздағы №386 (№1), 2005 жылғы 11 қыркүйектегі №119 (№2), 12 қыркүйектегі №58 (№3) шешімдерімен асфальтбетон зауыты мен теміржол тұйығы астындағы жер учаскесінің иелері ауысқан. Соңғы рет №2 шешімнің күшін жою туралы шешім қабылданған.
2020 жылғы 26 қыркүйекте Ш[...] асфальтбетон зауыты мен теміржол тұйығы астындағы жер учаскесін сатып алу-сату шарты негізінде ЖШС-не сатқан.
ӘРПК-нің 16-бабының 1, 3-бөліктеріне сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізу соттың белсенді рөлі негізінде жүзеге асырылады. Сот өз бастамасы немесе әкімшілік процеске қатысушылардың уәжді өтінішхаты бойынша қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинайды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу міндеттерін шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді орындайды.
ӘРПК-нің 142-бабының 1-бөлігімен сот өз бастамасы бойынша талап қоюдың нысанасын өзгертуге құқылы еместігі көзделген.
Бірінші сатылы сот Әкімнің күші жойылған шешімі тіркеуші органда тіркелмеген деген негізбен оның күшін қайта жойып, талап қою шегінен шығып, Әкімнің №3 шешімінің күшін жойған.
Сотта ЖШС-мен темір жол тұйығының ұзындығында қарамақайшылықтар орын алғандығы туралы уәждер келтірілген.
Алайда, бірінші сатылы сотымен соттың белсенді рөлі толық көлемде іске асырылып, темір жол тұйығының ұзындығына қатысты іс үшін маңызы бар мән-жайлар тиісті түрде зерттелмеген.
Сонымен қатар, әкімшілік актінің күшін жою негізі (тіркеуші органда тіркелмеуі) қате, яғни ол формальды анықталған, іске қатысуға тартылмаған тұлғаның құқықтары бұзылған.
Іске 2021 жылдың 21 қыркүйекте өткізілген электрондық саудасаттықтың жеңімпазы - жеке тұлға Р[...] мүдделі тұлға ретінде тартылмаған.
ӘРПК-нің 23-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзінің құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін әкімшілік акт, әкімшілік әрекет(әрекетсіздік) қозғаған немесе қозғауы мүмкін тұлға мүдделі тұлға болып танылады.
АПК-нің 427-бабы 4-бөлігінің 4) тармақшасына сәйкес егер сот іске қатысуға тартылмаған адамдардың құқықтары мен міндеттері туралы мәселені шешкен жағдайда бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылуға жатады.
Сондықтан, апелляциялық сатыдағы соттың сот шешімінің күші жойылып, бірінші сатылы сотына жаңадан қарауға жіберілуге жататындығы туралы тұжырымдары дұрыс.
Сот алқасы, іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, дауланып отырған сот актісі күшінде, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылусыз қалдырылуға жатады деген тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 4 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы «ЖЖЖ[...]» ЖШС-нің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Н. Қайыпжан
Г. Дүйсенбаев
Судьялар
Б. Нажмиденов
Көшірмесі дұрыс. Судья Б. Нажмиденов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.