ҚАУЛЫ
2025 жылғы 16 қыркүйек №6003-25-00-2к/679 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар А.К.Тлеубаева, В.Е.Тохтарбаева, прокурор А.С.Камашевтың,
талап коюшының өкілі Д.Райкуловтың, жауапкер Э.Ш.Аубакированың, оның өкілі А.Мыңжасарұлының, жауапкер «Қызылорда қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі жəне автомобиль жолдары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің өкілі Ә.Әлиевтің, үшінші тұлға Ж.У.Узакбаевтың қатысуларымен, бейнеконференц байланысы арқылы,
талап қоюшы Қызылорда қаласы əкімінің жауапкерлер Эльвира Шакимановна Аубакироваға, «Қызылорда қаласының тұрғын үйкоммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі жəне автомобиль жолдары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан əрі -Мекеме) мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мəжбүрлеп иеліктен шығару, ақшалай өтемақы өндіру туралы талап қоюы жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкер өкілінің Қызылорда қалалық сотының 2024 жылғы 14 қарашадағы шешіміне жəне Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 ақпандағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Қызылорда қаласы əкімі жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Қызылорда қалалық сотының 2024 жылғы 14 қарашадағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.
Э.Ш.Аубакированың меншігіндегі кадастрлық №10-156-001-5426 Қызылорда қаласы, Саяхат тұрғын ауданы, Шотықов көшесі №29 «А» үй мекенжайында орналасқан көлемі 1000,0 шаршы метр жер учаскесі мен жылжымайтын мүлкі (бұдан əрі - даулы нысан) мемлекет мұқтажы үшін мəжбүрлеп иеліктен шығарылып, оған 9 612 000 теңге ақшалай өтемақыны жергілікті бюджеттен төлеуге шешім етілген.
Мекемеден Э.Ш. Аубакированың пайдасына 9 612 000 теңге ақшалай өтемақы өндіру туралы талап қоюдың бөлігі қанағаттандырудан бас тартылған.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз, жауапкер Э.Ш.Аубакированың апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Жауапкер Э.Ш.Аубакированың өкілі кассациялық шағымында жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық жəне процестік құқық нормаларының
бұзылғанын, өтемақы мөлшері дұрыс есептелмегенін көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, істі апелляциялық сатыға бірінші сатыдағы сот қағидалары бойынша жаңадан қарауға жолдауды сұрады. Кассациялық сот іс құжаттарын зерделеп, іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін жəне прокурордың сот актілері заңды деген қорытындысын тыңдап, келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан əрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сəйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға əкеп соққан, осы Кодекстің 427- бабында көзделген материалдық жəне процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тəртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілгені анықталды.
АПК-нің 224-бабына сəйкес сот шешiмi заңды жəне негiздi болуға тиiс. «Азаматтық істер бойынша сот шешімі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5 нормативтік қаулысының (бұдан əрі - Нормативтік қаулы) 5-тармағына сəйкес шешiм процестік құқық нормалары сақтала отырып жəне осы құқықтық қатынасқа қолдануға жататын материалдық құқық нормаларына толық сəйкестiкте шығарылғанда немесе қажетті жағдайларда ұқсас қатынасты реттейтiн заңды қолдануға негізделгенде, не азаматтық заңнаманың жалпы негіздері мен мағынасын жəне адалдық, ақылға сыйымдылық пен əділеттілік талаптарын (Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 5-бабы жəне АПК-нің 6-бабы) негізге алғанда, заңды болып табылады.
Осы іс үшiн маңызы бар, сот зерттеген дəлелдемелермен расталған, олардың қатыстылығы, жарамдылығы жəне анықтығы туралы заң талаптарына сай келуін қанағаттандыратын немесе дəлелдеудi қажет етпейтiн жалпыға мəлiм мəн-жайлар мен дауды шешу үшiн жеткiлiктi болатын фактілер көрсетілген шешім негiздi болып саналады. Дауланып отырған сот актілері көрсетілген заң мен Нормативтік қаулының талаптарына сай келмейді.
Іс құжаттарына қарағанда, Қызылорда қаласы əкімдігі 2018 жылғы 29 мамырда №11170 «Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскелерін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мəжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы» қаулы қабылдаған.
Қызылорда қаласы əкімдігінің 2023 жылғы 26 мамырдағы № 8 хаттамасының жəне Мекеменің 2023 жылғы 14 шілдедегі № 01-03/918 хаты негізінде Қызылорда қаласы əкімдігімен «Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскелерін немесе өзге де жылжымайтын
мүлікті мəжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы» 2023 жылғы 18 шілдеде № 2992 қаулы қабылданған.
Қаулының 2, 3 тармағына сəйкес жауапкер Э.Ш.Аубакироваға тиесілі даулы нысанды мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару мерзімі 2023 жылғы 20 қазан болып белгіленген.
Аталған қаулы 2023 жылы мамыр айында «Халық» газетіне жарияланған.
«Орда Бизнес Капитал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан əрі - Бағалаушы) 2024 жылғы 18 мамырдағы №57-05/24 жылжымайтын мүлікті бағалау есебіне сай даулы нысанның нарықтық құны 9 612 000 теңге болып анықталған.
2024 жылғы 27 мамырда Мекемемен №01-35/1544 хабарлама бойынша Э.Ш.Аубакироваға бағалау туралы есеп жəне шарт жобасы ұсынылған.
Э.Ш.Аубакирова бұл бағалау есебімен келіспеген.
Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 87-бабына сай жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мəжбүрлеп иеліктен шығарған кезде оның құнын өтеу мөлшері, төлем нысандары жəне төлеу мерзімдері «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан əрі - Заң) 6- тарауында белгіленеді.
Заңның 67-бабының 2-тармағына сəйкес мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалады.
Осы баптың 3-тармағына сай жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы осы Заңның 208бабы 1-тармағының ережелерін ескере отырып, бағалау жүргізу күніне айқындайды.
Жоғарыда көрсеткендей талап қоюшының сотқа ұсынған бағалау есебіне сəйкес 2024 жылғы 18 маусымда жер учаскесінің жəне жер учаскесінде орналасқан құрылыстың нарықтағы құны 9 612 000 теңгені құраған.
«Соттардың мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мəжбүрлеп иеліктен шығару жөніндегі заңнаманы қолдануының кейбір мəселелері туралы» 2006 жылғы 25 желтоқсандағы № 8 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 13 тармағына сай соттар ақшалай өтемақының мөлшерін анықтау туралы дауларды қарау кезінде мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін еріксіз иеліктен шығаруға байланысты меншік құқығының тоқтауына орай келтірілген шығындарды меншік иесіне өтеудің барлық мəселелерін шешеді, бұл орайда, Заңның 67-
бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, мүлік оның нарықтық бағасы негізге алына отырып бағаланады.
Иеліктен шығарылатын жер учаскесінің бағасы туралы мəселені зерттей отырып, соттар Заңның 67-бабының ережелерін ескеруге тиіс. Объектілердің нарықтық құнын айқындау кезінде бағалау жүргізуге, қолданылатын тəсілдер мен əдістерге, бағалау туралы есептердің мазмұны мен нысанына қойылатын талаптарды белгілейтін Заңның 67-бабының 3-тармағын, 208-бабын, "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" Заңды жəне бағалау қызметі саласындағы басқа да нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алу керек.
Бірінші сатыдағы сотта істі қарау кезінде жауапкердің өкілі талап қоюшы ұсынылған даулы нысанның 9 612 000 теңге нарықтық құнымен келіспей, сот сараптамасын тағайындауды сұрап арызданған.
Бірінші сатыдағы сот сараптаманы тағайындамағандықтан жауапкер өкілі апелляциялық шағымында да даулы нысанның нарықтық құнын анықтау мақсатында сот сараптамасын тағайындауды сұраған. АПК-нің 82-бабына сəйкес сот сараптамасы іс үшін маңызы бар мəнжайлар сарапшы арнайы ғылыми білімдер негізінде жүргізетін оның объектілерін зерттеу нəтижесінде анықталуы мүмкін жағдайларда тағайындалады. Істе ревизиялар, тексерулер актілерінің, ведомстволық инспекциялар қорытындыларының, сондай-ақ мамандардың жазбаша консультацияларының, бағалаушылар есептерінің болуы сарапшының қорытындысын ауыстырмайды жəне сол мəселелер бойынша сот сараптамасын тағайындау мүмкіндігін жоққа шығармайды. Сот сараптамасын сот тараптың өтінішхаты бойынша немесе өз бастамасы бойынша тағайындайды.
Алайда, апелляциялық сот та істің жан-жақты, толық көлемде қаралуын қамтамасыз етпеген, тараптардың арасында даулы нысанға төленетін өтемақыға қатысты дау туындағанына қарамастан, сот сараптамасын тағайындамай, Бағалаушының 2024 жылғы 18 мамырдағы №57-05/24 жылжымайтын мүлікті бағалау есебіне сай даулы нысанның нарықтық құны 9 612 000 теңге мөлшерінде дұрыс анықталған деген қате тұжырымға келген.
АПК-нің 13-бабының 1-бөлігінде азаматтық істер бойынша сот төрелігі барлық адамдардың заң мен сот алдындағы теңдігі негізінде жүзеге асырылатыны қарастырылған.
АПК-нің 15-бабының 3-бөлігіне сай сот объективтілікті жəне бейтараптылықты сақтай отырып, тараптардың істің мəн-жайларын толық жəне объективті зерттеуге арналған процестік құқықтарын іске асыруы үшін қажетті жағдайлар жасайды. Сот іске қатысатын адамдарға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді, процестік əрекеттерді жасаудың немесе жасамаудың салдарлары туралы ескертеді, олардың құқықтық
позициялары мен дəлелдемелерін нақтылайды, олармен істің мəн-жайларын талқылайды жəне осы Кодексте көзделген жағдайларда, оларға өздерінің құқықтарын жүзеге асыруға жəрдемдеседі.
Жергілікті соттар азаматтық істі қарағанда аталған процестік занның талаптарын сақтамаған.
Жергілікті соттар істі қарағанда жауапкер Э.Ш.Аубакированың даулы нысанды 2014 жылғы 18 желтоқсандағы сатып алу-сату шарты бойынша 11 миллион теңгеге сатып алғанын назарға алмаған жəне бүгінгі күні оның бағасы көтеріңкі болуы қажет деген уəждерін тиісті түрде тексермеген.
Нəтижесінде жергілікті соттар бұл азаматтық істі қарағанда іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың ауқымын толық айқындамаған, жауапкер Э.Ш.Аубакированың өз құқықтары мен мүдделерін заңмен қорғалуын жүзеге асыруға мүмкіндік жасамаған.
Сондықтан жергілікті соттар тарапынан елеулі заң бұзушылықтарға жол берілгендіктен, іс бойынша дауланған сот актілерін заңды жəне негізді деп тануға болмайды.
Істің мұндай тұрғысында кассациялық сот жергілікті соттардың актілерінің күші жойылуға, азаматтық іс апелляциялық сотқа істі бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша жаңадан қарауға жіберілуге жатады деген тұжырымға келеді.
Апелляциялық сот істі жаңадан қараған кезде жоғарыда көрсетілген кемшіліктерді жойып, істің мəн-жайын толық, жан-жақты жəне объективті түрде тексеріп, материалдық жəне процестік құқық нормаларын дұрыс қолданып, заңды жəне негізді шешім қабылдауы қажет.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 5) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда қалалық сотының 2024 жылғы 14 қарашадағы шешімінің жəне Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 ақпандағы қаулысының күші жойылсын.
Азаматтық іс Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына басқа құрамда жаңадан қарауға жіберілсін.
Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков Судьялар: А.Тлеубаева В.Тохтарбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.