6003-25-00-2к/5318
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 9 маусым
Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К.Рустембеков,
судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева, прокурор М[...],
талап қоюшының өкілі Д[...], «Жаңақорған ауданының ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің өкілі С[...], жауапкер Ш[...] өкілі Б[...] қатысуларымен, ашық сот отырысында
талап қоюшы Жаңақорған ауданы әкімінің (бұдан әрі-Әкім) жауапкерлер «Жаңақорған кентінің әкімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Жаңақорған кент әкімі), «Жаңақорған ауданының ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әріМекеме), Ш[...] Жаңақорған кент әкімінің 2024 жылғы 24 маусымдағы №295 және 2024 жылғы 2 қазандағы №490 шешімдерін заңсыз деп танып, күшін жою, «Жаңақорған ауданының ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен Ш[...] арасындағы 2024 жылғы 5 маусымдағы №77 жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару туралы шарт пен 2024 жылғы 17 желтоқсандағы №129 жер учаскесін сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану, 2024 жылғы 21 маусымдағы «Жаңақорған ауданының ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің №KZ77VBG01428336 бұйрығын заңсыз деп танып, күшін жою туралы электронды азаматтық істі жауапкер Ш[...] өкілі Б[...] Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық сотының 2025 жылғы 18 сәуірдегі шешіміне және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 шілдедегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Әкім жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 шілдедегі қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық сотының 2025 жылғы 18 сәуірдегі шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
Жауапкер Ш[...] өкілі Б[...] кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін, талап қоюшының осы талаппен сотқа жүгінуге өкілеттігі жоқ болғандықтан сот актілерінің күші жойылуға жатады деген прокурордың қорытындысын тындап, келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Іс бойынша мұндай бұзушылықтарға жол берілген.
Іс құжаттарына қарағанда, Жаңақорған кенті әкімінің 2024 жылғы 24 маусымдағы Ш[...] (Жаңақорған кенті, Май бекеті №3 көшесі бойынан, кадастр №[...] №837 «Жер телімін сатып алу – сату келісім шартына сай» сатып алынған) көлемі 0,1 гектар жеке меншік құқығындағы жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін алынуына байланысты Жаңақорған [...] орналасқан көлемі 0,04 гектар теңдес жерге ауыстырылған.
Ш[...] Жаңақорған кенті Май бекеті №3 көшесі бойында орналасқан жеке тұрғын үй құрылысын салу мақсатындағы көлемі 0,1 гектар жерін мемлекет мұқтажы үшін алынуына, аталған жер учаскесінде автомобиль жолының құрылысының салынуына (көше құрылысы жүруіне) байланысты «Жаңақорған ауданы әкімдігінің жер учаскені мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы» 2023 жылғы 15 қыркүйектегі №305 қаулысы негіз болған.
Мекеме мен Ш[...] арасында 2024 жылғы 5 шілдеде №77 жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару туралы шарт жасалып, Ш[...] Жаңақорған кенті Май бекеті №3 көшесі бойынан, кадастр №[...] жер учаскесі иеліктен шығарылып, орнына Қорасан ата көшесінде орналасқан алаңы 0,0400 гектар болатын кадастрлық нөмірі: [...], нысаналық мақсатын «жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін» жер учаскесіне ауыстырылып, сәйкесінше 2024 жылы 17 желтоқсандағы №129 жер учаскесін сатып алу-сату шарты (бұдан әрі-даулы шарт) рәсімделген.
Жаңақорған кенті әкімінің 2024 жылғы 2 қазандағы №490 шешімімен Ш[...] берілген Қорасан ата көшесінің бойында орналасқан алаңы 0,04000 гектар болатын кадастрлық нөмірі: [...] жер учаскесі «ғимараттар (құрылыстар мен құрылысжайлар) салу және оған қызмет көрсету үшін» мақсатына ауыстырылған.
Іс құжаттарынан даулы жер учаскесінің Жаңақорған кентінің Бас жоспарына сәйкес келмейтіндігі, көппәтерлі тұрғын үйдің қасбетін 2-3 метр қашықтықта жауып қалатындығы, сонымен бірге даулы жер учаскесінен инженерлік коммуникациялық желілер өтіп жатқандығы анықталған.
Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі-Жер кодексі) 12-бабының 12-1) тармақшасына сай жер комиссиясы - жергілікті атқарушы орган жанындағы алқалы орган, ол жер учаскелеріне құқықтар беру туралы (шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурс жеңімпазын айқындау туралы), жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы және су қорының жерін басқа санаттардағы жерге ауыстыру туралы өтініштерді (өтінімдерді) қарау және қорытындыларды дайындау үшін осы Кодекстің 43-бабына сәйкес құрылады, ал, осы Кодексінің 15-бабының 1- тармағының 5-3) тармақшасымен жергілікті өкілді органдарға жер комиссиясының құрамын және комиссия туралы ережені бекіту құзыреті берілген.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандыруын жер учаскелерін беру тәртібі қолданыстағы жер заңнамасына сәйкес келмейтінін, атап айтқанда, көлемі 0,0400 гектар жер учаскесі көппәтерлі тұрғын үйдің қасбетін 2-3 метр қашықтықта жауып қалатындығы, сонымен бірге даулы жер учаскесінен инженерлік коммуникациялық желілер өтіп жатқандығы, яғни даулы қосымша жер учаскесі жауапкерге Жер кодексінің талаптары өрескел бұзыла отырып, табысталғанымен негіздеген.
Бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымдарымен сот алқасы келіскен.
Алайда, бірінші сатыдағы сот істі қараған кезде аталған талап қою тиісті емес талап қоюшымен берілгенін ескермеген. Апелляциялық сатыдағы сот осы мән-жайға дұрыс баға бермеген.
Жер кодексінің 147-бабына сәйкес, орталық уәкілетті орган осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген құзыреті шегінде жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды ұйымдастырады және жүргізеді.
Аумақтық бөлімшелер жердің пайдаланылуы мен қорғалуына, атап айтқанда:
облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкімдерінің Қазақстан Республикасының жер заңнамасы саласында қабылдаған шешімдерінің заңдылығына;
облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың уәкілетті органдарының жеке және заңды тұлғалардың жолданымдары бойынша қабылдаған шешімдерінің заңдылығына мемлекеттік бақылауды жүргізеді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 157-бабының 3- бөлігіне сай, мүдделі тұлғалар, тиісті мемлекеттік орган не прокурор мәмілені жарамсыз деп тану туралы талап қоюы мүмкін.
Жоғарыда көрсетілген жер заңнамасымен мәмілелерді жарамсыз деп тануды талап етуге тиісті мемлекеттік орган айқындалған.
Әкім жергілікті атқарушы органды басқаратын жауапты өкіл, ал Мекеме жекелеген функцияларын жүзеге асыруға әкімдік уәкілеттік берген орган.
Демек, Әкім тиісті талап қоюшы бола алмайды, себебі аталған мемлекеттік орган даулы шартты жасасу барысында заңнама талаптарының бұзылуына жол берген. Өзінің жіберген бұзушылықтарына сілтеме жасай отырып, сол бұзушылықтарды даулауға бағытталған талап қоюы құқықты теріс пайдалану деп бағаланады. Мұндай жағдайда талап қою құқығы заңда белгіленген құзыретті мемлекеттік бақылау органына тиесілі.
Осы мән-жайларға соттар дұрыс баға бермеген, істі қараған кезде соттармен материалдық және процестік құқық нормалары елеулi түрде бұзылған.
Аталған бұзушылықтар сот актілерінің күшін жоюға негіз болып табылады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 8) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық сотының 2025 жылғы 18 сәуірдегі шешімінің және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 шілдедегі қаулысының күші жойылсын.
Талап қоюшы Жаңақорған ауданы әкімінің жауапкерлер Жаңақорған ауданының ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне, Ш[...] Жаңақорған кент әкімінің 2024 жылғы 24 маусымдағы №295 және 2024 жылғы 2 қазандағы №490 шешімдерін заңсыз деп танып, күшін жоюды, «Жаңақорған ауданының ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен Ш[...] арасындағы 2024 жылғы 5 маусымдағы №77 жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару туралы шарт пен 2024 жылғы 17 желтоқсандағы №129 жер учаскесін сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану, 2024 жылғы 21 маусымдағы «Жаңақорған ауданының ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің №KZ77VBG01428336 бұйрығын заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап қоюы қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығарылсын.
Талап қоюшы Жаңақорған ауданы әкімінен жауапкер Ш[...] пайдасына 1966 (бір мың тоғыз жүз алпыс алты) теңге мемлекеттік баж өндірілсін.
Жауапкер Ш[...] өкілі Б[...] кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков
А.О.Тогумбетова
Судьялар:
Л.Б.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.