6003-25-00-2к/2756
Қ А У Л Ы
2025 жылғы 9 желтоқсан
Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков, судьялар В.Е.Тохтарбаева, Л.Б.Мамырбаева,
арыз беруші А.С.Қонақбаеваның қатысуымен,
арыз беруші Айман Сатибалдиевна Конакбаеваның нотариус Зиннат Хаиржанович Рамазановтың атқарушылық жазбасының күшін жою туралы электронды азаматтық істі арыз беруші А.С.Қонақбаеваның Ақмола облысы Көкшетау қалалық сотының 2025 жылғы 31 наурыздағы шешіміне және Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 маусымдағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Арыз беруші жоғарыда аталған арызбен сотқа жүгінген. Ақмола облысы Көкшетау қалалық сотының 2025 жылғы 31 наурыздағы шешімімен арызды қанағаттандырудан бас тартылған.
Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттар шешім өзгеріссіз қалдырылған.
Арыз беруші кассациялық шағымында істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылғанын, іс үшін маңызы бар мәнжайлардың шеңбері дұрыс анықталмағанын, нотариуспен аумақтық құзыреттілік сақталмағанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот арыз беруші А.С.Қонақбаеваны тыңдап, шағымның уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесі қорытындыға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Қазақстан Республикасының «Нотариат туралы» заңының 92-1 бабына сәйкес, атқарушылық жазба негізінде даусыз талаптар бойынша берешекті өндіріп алу жүргізіледі.
Аталған Заңның 92-2 бабының 1- бөлігінің 1) және 2) тармақтарында егер өндіріп алушы ұсынылған құжаттар берешектің немесе борышкердің өндіріп алушы алдындағы өзге де жауапкершілігінің даусыз екенін растаса, талап қою (арыз) құқығы туындаған күннен бастап үш жылдан аспайтын уақыт өтсе атқарушылық жазба жасалады.
Қазақстан Республикасы Әділет министрінің «Нотариустардың нотариаттық іс-әрекет жасау ережесін бекіту туралы» 2012 жылғы 31 қаңтардағы №31 Бұйрығынның 223-тармағы 2) тармақшасына сай орындау мерзімі басталған және міндеттеменің орындалмауын борышкер мойындаған, оның ішінде дауды сотқа дейін реттеу тәртібімен өндіріп алушыға жіберілген наразылыққа жауап ретінде, жазбаша мәмілеге негізделген міндеттеме бойынша берешекті өндіріп алу үшін борышкер ақша қаражатын төлеу жөніндегі міндеттемені ұсынған жағдайда жасалады. Іс құжаттарына сәйкес, 2006 жылғы 25 желтоқсанда А.С.Конакбаева мен «Альянс Банк» акционерлық қоғамы (бұдан әрі - АҚ) арасында 321 235 теңге сомасында қарыз шарты жасалған. А.С.Конакбаевамен міндеттеменің орындамауына байланысты, 2008 жылғы 27 ақпанда сақтандыру оқиғасы орын алып, «Альянс Полис» сақтандыру компаниясы» АҚ-ы сақтандыру сомасын «Альянс банк» АҚ-на 375 846,41 теңге төлеген. 2010 жылдың 22 сәуірінде «Альянс Полис» сақтандыру компаниясы» АҚ-ы «ФА «Альянс Финанс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - ЖШС) А.С.Конакбаеваның міндетемелері бойынша талап ету құқығын берген.
2018 жылғы 23 қаңтарда А.С.Конакбаева «ФА «Альянс Финанс» ЖШС алдындағы 375 846 теңге берешекті тану туралы құжатқа қол қойып, бөліп төлеу туралы келісім шарт жасалған.
2018 жылғы 27 желтоқсанда Ақмола облысы Көкшетау қаласы нотариалдық округінің жеке нотариусі З.Х.Рамазановпен (бұдан әрі - жеке нотариус), А.С.Конакбаевадан «ФА «Альянс Финанс» ЖШС-нің пайдасына барлығы 372 460 теңге қарыз сомасын өндіру туралы атқарушылық жазба жасалған.
АПК-нің 364-бабының 1,4-тармақтарына сай, жасалған нотариаттық әрекетті немесе нотариаттық әрекет жасаудан бас тартуды дұрыс емес деп санайтын мүдделі тұлға бұл туралы нотариус немесе нотариаттық әрекет жасауға уәкілеттік берілген лауазымды адам тұрған жер бойынша сотқа шағым беруге құқылы. Шағым жасалған нотариаттық әрекет туралы немесе нотариаттық әрекет жасаудан бас тарту туралы арыз берушіге белгілі болған күннен бастап есептелетін он күн мерзімде сотқа беріледі.
Бірінші сатыдағы сот арыз беру мерзімін өткізіп алу туралы қорытындыға келіп, арызды қанағаттандырудан бас тартқан. Өйткені 2018 жылдың 27 желтоқсанда жеке нотариустың атқарушылық жазбасы А.С.Конакбаеваның тұрғылықты жері бойынша жолданғанын, пошта хабарламасында алушының қолтаңбасы тұрғанын, атқару өндірісі 2019 жылғы 21 ақпанында басталғанын, тек 2025 жылдың 17 ақпанында арыз беруші атқарушылық жазбаның күшін жою туралы шағыммен талапты ұсынғанын,
алайда атқарушылық жазбаның жасалған күніне дейін, қарызбен келіспейтіні туралы дәлелді құжаттар ұсынбағанымен негіздеген.
Апелляциялық сот алқасы соттың бұл тұжырымымен келіскен.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2022 жылғы 26 мамырдағы № 6 «Соттардың атқарушылық жазбаға дау айту бойынша істерді қарау кезінде заңнаманы қолдануы туралы» нормативтік қаулысының 7-тармағында борышкер атқарушылық жазбаға қарсылық келтіру мерзімін, сотқа жүгіну мерзімін дәлелсіз себептермен өткізіп алған кезде, сот іс бойынша өзге де нақты мән-жайларды зерттемей, шағымды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
А.С.Конакбаева мерзімін дәлелді себептермен өткізіп алғандығы туралы құжаттарды сотқа табыстамаған.
Істің мұндай тұрғысында, соттардың атқарушылық жазбасының күшінде қалдыруы заңды.
Осыған байланысты арыз берушінің шағымда келтірген уәждері негізсіз, соттардың түйіндеріне қарсы жаңа дәлелдер келтірмеген, көрсетілген уәждері апелляциялық сатыдағы сотпен толығымен негізделген.
Кассациялық шағымдағы уәждер апелляциялық сатыдағы сотта келтірген уәждерге ұқсас және оларға тиісті құқықтық баға берілген.
Сонымен қатар, А.С.Конакбаеваның атқарушылық жазбаны уақытылы алмадым деген уәжі негізсіз. Өйткені, өндіріп алушының арызға берген қарсылығында А.С.Конакбаева атқарушылық жазбаны орындау барысында 372 460 теңге қарыз сомасынан 128 426 теңге төлегендігін және берешек қарыз сомасы 244 034 теңге қалғандығын көрсеткен. Демек, аталғандардың негізінде борышкердің атқарушылық жазбаның дер кезінде алмадым деген уәжі жоққа шығарылады.
Нотариуспен атқарушылық жазбаны жасаған кезде аумақтық құзыреттілік сақталмағаны атқарушылық жазбаны күшін жоймайды, бұл жайт нотариусты тәртіптік жауапкершілікке тартуға негіз болып табылады.
Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жанжақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.
Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Ақмола облысы Көкшетау қалалық сотының 2025 жылғы 31 наурыздағы шешімі және Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Арыз беруші А.С.Қонақбаеваның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков
Судьялар: В.Е.Тохтарбаева
Л.Б.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.