6001-24-00-6ап/2842
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 5 наурыз Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Г.К. Нұрбаев, Е.Ж. Өмірәлиев, талап қоюшы А.М. Приманованың, жауапкер өкілі А.К. Рахымжанованың қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы Аккопей Мамановна Приманованың жауапкерлер Жезқазған қаласының тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы» мемлекеттік мекемесіне, Жезқазған қаласының әкімдігіне Әкімдіктің 2024 жылғы 1 ақпандағы жауабын заңсыз деп тану, Жезқазған қаласындағы Сейфуллин көшесіндегі 69-көппәтерлі тұрғын үйді, күрделі жөндеуді қажет ететін көппәтерлі тұрғын үйлердің тізбесіне енгізуді міндеттеу және шатырды, қасбетті, іргетасты күрделі жөндеуге, конструкцияларды нығайтуға, жаңа қаптамасына қаржыландыруға қайтарымсыз негізде бөлінетін бюджеттік қаражат бөлуді міндеттеу туралы талап арызы бойынша қабылданған,
Ұлытау облыстық сотының әкімшілік істері жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 15 тамыздағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы А.М. Приманова жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, Жезқазған қаласы, Сейфуллин көшесі 69 мекен-жайында орналасқан көппәтерлі тұрғын үйдің пәтер иесі екендігін, үйдің ресурсы тозғандығын, оның конструкцияларын, бөлшектерін жаңасына немесе неғұрлым берік және үнемдісіне ауыстыру қажеттігін, сонымен қатар барлық пәтерлердің меншік иелері, отбасылық, әлеуметтік жағдайларына байланысты тек қайтарымсыз негіздегі күрделі жөндеуге келісетіндіктерін, себебі үйде негізінен зейнеткерлік жастағы меншік иелері тұратындықтан, күрделі жөндеуге ақша жинау мүмкін еместігін көрсеткен.
Ұлытау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 7 маусымдағы шешімімен талап арыз толығымен қанағаттандырылған.
Ұлытау облыстық сотының әкімшілік істері жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 15 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот актісі өзгертіліп, шатырды, қасбетті, іргетасты күрделі жөндеуге, конструкцияларды нығайтуға, жаңа қаптамасына қаржыландыруға қайтарымсыз негізде бөлінетін бюджеттік қаражат бөлуді міндеттеу туралы әкімшілік талап қоюды қанағаттандыру бөлігінің күші жойылып, шешімнің бұл бөлігі бойынша әкімшілік талап арызды қанағаттандырусыз қалдыру жөнінде жаңа шешім қабылданған.
Сот шешімінің басқа бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы А.М.Приманова кассациялық шағымында іс бойынша апелляциялық саты сотының қаулысы заңсыз және негізсіз қабылдануына байланысты күшін жоюды, бірінші сатыдағы сот шешімін қайта қалпына келтіруді сұраған.
Талап қоюшы А.М.Приманованың кассациялық шағымның уәждерін қолдаған түсінігін, жауапкер өкілі А.К. Рахымжанованың іс бойынша қабылданған апелляциялық саты сотының қаулысын өзгеріссіз қалдыруды сұраған пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, шағым уәждерін талқылап, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Апелляциялық сатыдағы сот тарапынан мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Іс құжаттарынан белгілі болғандай, А.М.Приманова тұратын Жезқазған қаласындағы Сейфуллин көшесі 69 - көппәтерлі тұрғын үй 1983 жылы салынған, 5 қабатты, 2 кіреберісті, 24 пәтерлі.
Үйдің бірінші қабатында төрт жеке меншік дүкендер ашылған. Үй қаланың ортасында, ең қозғалысы көп, тұрғын үйлері жиіленген, тығыз қоныстанған, үлкен «Шаруа» базары шоғырланған, тұрғын емес үй-жайлары бар аймақта орналасқан.
Жезқазған қаласының тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің тапсырысымен «Жамбылэкспертиза» ЖШС әзірлеген 2023 жылғы 16 тамыздағы №41-2023 үйдің техникалық жағдайын зерттеу қорытындысына сәйкес үйді пайдаланудың іргетасы 30 пайызға, қабырғасы 60 пайызға, баспалдақтар 25 пайызға, шатыр 61 пайызға, жабу плитасы 25 пайызға тозған, үйдің қабырғалары төменнен жоғарыға дейін жарылған, оған жарылыстың өлшемдерінің күнделікті өзгеруін қадағалау үшін шамшырақтар (маяктар) орнатылған.
Қорытындыда жарылыстардың өзгеруін қадағалау үшін орнатылған шамшырақтарға тиісті аспаптық бақылау жүргізу, металдық сымдармен ғимараттың қабырғаларын, таспен қаланған жерлерді, терезелердің саңылауларын күшейту қажеттілігіне де назар аударылған. Бұл жұмыстарды атқару барысында бетонға сульфаттөзімді цемент түрлерімен жасау, іргетас топырақ қасиеттерінің нашарлауының алдын алу үшін су өткізбейтен сақтандырғыш шаралар қолдану, бетондық және темір бетондық металл құрылғыларын сақтау шараларын қолдану, ғимарат астына сырттан келген су кетудің алдын алу үшін дренаж жасау, іргетастың аяздан қатуын немесе дымқылданудан сақтану амалдарын қарастыру, ғимаратты жаңадан тесу, қайта құру жұмыстарын жасауға тыйым салу сынды қажеттеліктер ескертілген.
Сонымен қатар, аталмыш қорытынды бойынша Жезқазған қаласындағы Сейфуллин көшесі 69-көппәтерлі тұрғын үй, авариялық үйлер қатарына жатқызылмағандығы, яғни күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін үйдің техникалық жағдайы реттелетіндігі де анықталған.
ӘРПК-нің 10-бабына сәйкес әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушы мен қоғам мүдделерінің әділ теңгерімін қамтамасыз етеді.
Бұл ретте әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) мөлшерлес, яғни жарамды, қажетті және пропорциялы болуға тиіс.
«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі – Заң) 31-бабының 1-тармағының 16-2) - тармақшасына сәйкес аудандық (облыстық маңызы бар қалалық) әкімдік Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті бюджет қаражаты болған кезде елді мекенге бірыңғай сәулеттік келбет беруге бағытталған, көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттерін, шатырларын ағымдағы немесе күрделі жөндеу жөніндегі ісшараларды ұйымдастыруды және қаржыландыруды жүзеге асыруға құқылы.
Осы 31-баптың 1-тармағының 1-1) - тармақшасына сәйкес әкімдік аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетінің атқарылуын қамтамасыз етеді, 1-8) - тармақшасына сәйкес ауданды (облыстық маңызы бар қаланы) дамыту бағдарламасын әзірлейді және мәслихаттың бекiтуiне ұсынады, оның орындалуын қамтамасыз етедi.
Заңның 31-бабының 1-тармағының 16-3) - тармақшасына сәйкес жауапкер Әкімдік Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті бюджет қаражаты болған кезде көппәтерлі тұрғын үй пәтерлері, тұрғын емес үйжайлары меншік иелерінің қаражатты қайтаруын қамтамасыз ету шартымен, көппәтерлі тұрғын үйлерді күрделі жөндеуді ұйымдастыруды және қаржыландыруды жүзеге асыруға құқылы делінген.
«Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 10-3 бабының 2-тармағының 10) - тармақшасына сәйкес жергілікті атқару органдары жергілікті бюджет қаражаты болған кезде пәтерлер, тұрғын емес үй-жайлар меншік иелерінің қаражатты қайтаруын қамтамасыз ету шартымен көппәтерлі тұрғын үйлерді күрделі жөндеуді ұйымдастыруды және қаржыландыруды жүзеге асыруға құқылы.
Апелляциялық сатыдағы сот алқасы бірінші сатыдағы соттың шатырды, қасбетті, іргетасты күрделі жөндеуге, конструкцияларды нығайтуға, жаңа қаптамасына қаржыландыруға қайтарымсыз негізде бөлінетін бюджеттік қаражат бөлуді Әкімдікті міндеттеу туралы тұжырымымен келіспей, оны өзгерту туралы шешім қабылдағанда жоғарыда аталған Заң талаптары шеңберінде күрделі жөндеуге бөлінетін (бөлінген) қаражат, пәтер және тұрғын емес үй-жайлардың иелерімен бюджетке қайтарылуы тиіс екенін, алайда, даулы үйде негізінен зейнетақысы аз зейнеткерлік жастағы меншік иелері тұратындықтан қайтарымсыз негіздегі күрделі жөндеу жұмысын жасау заңмен көзделмегенін негізге алған.
Сот алқасы апелляциялық сатыдағы соттың аталған тұжырымдарымен толық келісіп, шағымды қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деп санайды, себебі іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған.
Талап қоюшының кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдамасымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.
Сондықтан іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Ұлытау облыстық сотының әкімшілік істері жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 15 тамыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Аккопей Мамановна Приманованың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Дуйсенбаев Г.Б.
Нұрбаев Г.К.
Судьялар
Өмірәлиев Е.Ж. Көшірмесі дұрыс. Судья Дуйсенбаев Г.Б.
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.