Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 10.03.2026 по делу 6003-25-00-2к/4937 (Гражданское)

№6003-25-00-2к/4937

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 10 наурыз Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов болып,

талап қоюшы Н.И.Ешенкуловтың, оның өкілдері Б.Ш.Урумбаев пен С.Т.Куренбаевтың,

жауапкер өкілдері Г.И.Касымова мен Г.Г.Нусерованың қатысуларымен, бейне-байланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында, Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 24 сәуірдегі шешімі мен Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 шілдедегі қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен,

талап қоюшы Нұрғали Илгербайұлы Ешенкуловтың жауапкер «Шымкент қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы» мемлекеттік мекемесіне еңбек шарты бұзылатындығы жайлы хабарлама берген әрекетін, хабарламасын заңсыз деп танып күшін жою, еңбек демалысын беру туралы бұйрықтарға өзгерту енгізу, жұмыстан босату туралы бұйрықты заңсыз деп танып күшін жою, бұрынғы жұмысына қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақысын өндіру, моральдық зиянның өтемақысын өтеу туралы электрондық азаматтық ісін қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Н.Ешенкулов сотқа талап қоюмен жүгініп, онда «Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Мекеме) еңбек шарты бұзылатындығы туралы хабарлама берген әрекетін, хабарламасын заңсыз деп танып күшін жоюды, еңбек демалысын беру туралы бұйрықтарға өзгеріс енгізуді, жұмыстан босату туралы 2025 жылғы 27 ақпандағы № 25 ш/т бұйрықты заңсыз деп танып күшін жоюды, бұрынғы Шымкент қаласы әкімдігінің «№1 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы лауазымына қайта орналастыруды, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін 1 513 761 теңге жалақысын және 10 000 000 теңге моральдық зиянның өтемақысын өндіруді сұраған.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 шілдедегі қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған, Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 24 сәуірдегі шешімімен Н.И.Ешенкуловтың аталған талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Талап қоюдың қанағаттандырудан бас тартылуына соттардың жұмыскердің зейнеткерлік жасқа толуының, заңнама бойынша еңбек шартын бұзудың негіздемесі болып табылатыны, еңбек демалысы күндерінің алдынғы

алынбаған күндері дұрыс есептеле отырып берілгені туралы тұжырымға келуі негіз болған.

Н.И.Ешенкулов кассациялық шағымын, материалдық құқық нормаларының бұзылуына, еңбек шартының бұзылатыны жайлы заңда көзделген мерзімде хабарланбауына, даулы бұйрықтың еңбекке жарамсыз болған уақытында шығарылғанына, талап қоюда көрсетілген уәждеріне дұрыс құқықтық баға берілмегеніне негіздеп, іс бойынша талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот істегі бар дәлелдемелерді зерттеп, сотқа қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде сот актiсінің заңдылығын тексерiп, шағым уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi тұрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға соттармен жол берілмеген.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 52бабының 1-тармағының 24) тармақшасына сәйкес жұмыскермен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша тараптардың өзара келісуі бойынша еңбек шартының мерзімін жыл сайын ұзарту құқығы бар жұмыскер Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде белгіленген зейнеткерлік жасқа толған жағдайларда бұзылуы мүмкін.

Осы Кодекстің 53-бабының 2-тармағының 9)-тармағының талабы бойынша еңбек шартын бұзуға жұмыскер Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде белгіленген зейнеткерлік жасқа толғанда жұмыскер зейнеткерлік жасқа толғаннан кейін еңбек шартын бұзу күніне дейін кемінде бір ай бұрын оны хабардар ете отырып және еңбек, ұжымдық шарттарда және (немесе) жұмыс берушінің актісінде айқындалатын мөлшерде өтемақы төлене отырып жол беріледі.

Соттармен анықталған және іс құжаттарымен расталған мән-жайларға қарағанда, Н.И.Ешенкуловтың 2025 жылғы 28 қаңтарда Әлеуметтік кодексінде белгіленген зейнеткерлік жасқа толуына байланысты, Мекемемен оған 2024 жылғы 24 желтоқсанда №15-05-26/6697 хабарлама хаты жолданып, еңбек шартының осы негізде бұзылатындығы туралы хабарланған.

Сонымен бірге, 2025 жылғы 29 қаңтарда №15-05-26/439 хатымен еңбек шартының 2025 жылғы 28 ақпаннан бастап бұзылатыны жөнінде қосымша хабарлаған.

Осыған байланысты, 2025 жылғы 27 ақпандағы №25 ш/т бұйрығымен Н.И.Ешенкулов зейнеткерлік жасқа толуына байланысты, 2025 жылғы 28 ақпаннан бастап жұмысынан босатылған.

Тараптар еңбек шартының мерзімін ұзарту жөнінде келісімге келмеген. Өз кезегінде, Кодекстің 23-бабының 1-тармағының 1, 2) тармақшаларына сәйкес жұмыс берушінің: жұмысқа қабылдау кезінде таңдау еркіндігіне; жұмыскерлермен еңбек шарттарын осы Кодексте белгіленген тәртіппен және негіздер бойынша өзгертуге, толықтыруға, тоқтатуға және бұзуға құқығы бар.

Іс құжаттарына қарағанда, Н.И.Ешенкулов 2025 жылғы 26 ақпаннан бастап 20 наурызға дейін еңбекке уақытша қабілетсіз болған.

Расында, Кодекстің 54-бабының 1-тармағында жұмыскердің еңбекке уақытша қабілетсіздігі кезеңінде жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзуға шектеу қойылған.

Дегенмен, Н.И.Ешенкулов онымен 2025 жылғы 28 ақпаннан бастап зейнеткерлік жасқа толуына байланысты еңбек шарты тоқтатылатыны туралы хабардар болған.

Еңбек шартының 2025 жылғы 20 наурыздан кейін тоқтатылуы, жұмысқа қайта алынуына, онымен еңбек қатынастарын жалғастыруға негіз болып табылмайды.

Осы мән-жайларға байланысты соттармен И.Н.Ешенкуловтың әрекеті негізді Қазақстан Республикасы Азматтық кодексінің 8-бабының талаптарына қайшы құқықты теріс пайдалану ретінде бағаланып, оның құқығы қорғаудан бас тартылған.

Мәні бойынша дұрыс сот шешімінің күші бір ғана формальды пайымдаулар бойынша жойылмайды.

Сонымен қатар, Н.И.Ешенкуловпен еңбек шарты 2018 жылғы 13 қыркүйекте жасалған. Осы аралықта арыздарында көрсетілген күндерінің санына қарай Мекеменің барлығы 14 бұйрығымен оған жыл сайынғы кезекті еңбек демалыстары берілген.

2022 жылғы 13 қыркүйек пен 2024 жылғы 13 қыркүйек аралығында атқарған уақытына еңбек демалысының пайдаланылмаған 42 күні қалған.

Кодекстің 96-бабының 2-тармағына сәйкес, еңбек шарты тоқтатылған кезде жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын (жыл сайынғы еңбек демалыстарын) пайдаланбаған немесе толық пайдаланбаған жұмыскерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының (жыл сайынғы еңбек демалыстарының) пайдаланылмаған күндері үшін өтемақы төлемі жүргізіледі. Даулы жұмыстан босату туралы бұйрықпен Н.И.Ешенкуловқа тиісті өтемақылар жасалған, зейнетке шығуына байланысты оған еңбек демалысының пайдаланбаған күндерін беру қажеттілігі болмаған.

Бұл тұрғыда кассациялық сот істің мән-жайларын ескере отырып, соттардың тұжырымдарымен келіседі, сәйкесінше кассациялық шағым уәждері дәлелсіз және негізсіз болып табылады.

Осы негізде кассациялық шағым қанағаттандырусыз, шағым берілген сот актілері күшінде қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 24 сәуірдегі шешімі мен Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 шілдедегі қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Джаппарова Судьялар Н.Ормаханов

А.Есдаулетов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.