Ж Е К Е Ұ Й Ғ А Р Ы М
2026 жылғы 14 қаңтар №6003-25-00-2к/2536 (2) Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында төрағалық етуші судья Ғ.Б.Бастаубаев, судьялар Даненова А.А., Токсанбаев А.Б., аудармашы Таласбаева Р.А., талап қоюшылар З.Б.Есмурзаева, Б.С.Есмурзаев, олардың өкілі Ж.А.Коргулин, жауапкерлердің өкілдері Т.Р.Вахитов, Т.К.Ержанов, бейнеконференцбайланыс арқылы қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшылар Ержан Бекарысұлы Сисембаевтің, Жанасыл Жалгасовна Коргулинаның, Замза Багытжановна Есмурзаеваның, Бекарыс Сисембаевич Есмурзаевтің жауапкерлер «ARM Group KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, Исатай Тогызбаевич Байгелдинге, Айсұлу Ерланқызы Балықбаеваға, Артур Куанбаевич Боранбаевқа берген материалдық шығынды және моральдық зиянды өндіру, «ARM Group KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін үйді сатушы деп тану, мәмілелерді жарамсыз деп туралы талап қоюлары бойынша электронды азаматтық істі Ақтөбе қалалық сотының 2024 жылғы 15 қазандағы шешіміне және Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 наурыздағы қаулысына талап қоюшылардың өкілінің келтірген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
2022 жылғы 27 қыркүйекте жауапкер «ARM Group KZ» ЖШС-і мен жауапкерлер И.Т.Байгельдин мен А.Е.Балықбаеваның арасында Ақтөбе қаласы, Батыс-2 шағын ауданы, 250/106 мекен жайында орналасқан тұрғын үйді сатып алу - сату шарты жасалған (бұдан әрі – даулы үй). Аталған шартқа 2022 жылғы 11 қазанда №797-2180 қосымша келісімімен өзгертулер енгізіліп, үйдің бағасы 49 000 000 теңге деп белгіленген.
2023 жылғы 6 ақпанда жауапкерлер И.Т.Байгельдин, А.Е.Балықбаева мен талап қоюшылар Е.Б.Сисембаев, Ж.А.Коргулина арасында сатып алу - сату шарты жасалып, даулы үй соңғыларға 49 000 000 теңгеге сатылған.
Талап қоюшылар талап қоюында даулы тұрғын үй жауапкер «ARM Group KZ» ЖШС-нен жауапкерлер И.Т.Байгельдин мен А.Е.Балықбаеваның атына құқықтық салдарлар жасау ниетінсіз, тек алдау үшін жасалған жалған мәміле арқылы аударылғанын, іс жүзінде тұрғын үйді «ARM Group KZ» ЖШС-нен 50 600 000 теңгеге сатып алғанын, шартта үйдің бағасы 49 000 000 теңгеге салықтан жалтару мақсатында көрсетілгенін, үйдің ішкі және сыртқы жұмыстарының аяқталмауы себебінен пайдалануға жарамсыз болғанын, «ARM Group KZ» ЖШС-і тұрғын үйде толығымен жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қоныстануға жарамды етіп беруге уәде бергені себепті үйді сатып алу шартына келіскенін, алайда жауапкермен тұрғын үйде жөндеу жұмыстары жасалмағанын көрсетіп, жоғарыда аталған мәмілелерді жарамсыз деп тануды және тұрғын үйдің сатушысы «ARM Group KZ» ЖШС-і деп тануды, жауапкерлерден 52 429 318 теңге материалдық шығынды өндіруді сұраған.
Сонымен қатар, талап қоюшылар көп балалы отбасымен ұзақ мерзімге үй жалдап тұруға мәжбүр болғанын, жауапкерлердің әділетсіздіктерінен өздері,
зейнеткер ата-аналары, балалары, отбасы мүшелері уайымға салынып, денсаулықтары нашарлағанын, көпшілік алдында қадір-қасиеттері, абыройлары кеміп, төзімдері таусылғанын көрсетіп, 4 000 000 теңге моральдық залалды, 6 902 444 теңге (4 446 533 теңге) сот шығындарын өндіруді сұраған.
Ақтөбе қалалық сотының 2024 жылғы 15 қазандағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 наурыздағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соттың 2026 жылғы 14 қаңтардағы қаулысымен сот актілері күшінде қалдырылды.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 157бабының 2-тармағына сәйкес мәміленің нысанына, мазмұнына және мәмілеге қатысушыларға, сондай-ақ олардың осы Кодексте немесе өзге де заңнамалық актілерде белгіленген негіздер бойынша ерік білдіру бостандығына қойылатын талаптар бұзылған кезде мәміле жарамсыз деп танылады.
АК-нің 160-бабының 1-бөлігіне сай, оған тиісті құқықтық салдарлар жасау ниетінсіз, тек алдау үшін жасалған мәмілені (жалған мәмілені) сот мүдделі тұлғаның, тиісті мемлекеттік органның немесе прокурордың талап арызы бойынша жарамсыз деп таниды.
Осы баптың 2-бөлігінде егер мәмiле екiншi бiр мәмiленi (қулықпен) бүркемелеу мақсатымен жасалса, тараптар шын мәнiнде ойлаған мәмiлеге қатысты ережелер қолданылатыны ескерілген.
2022 жылғы 14 қыркүйекте «ARM Group KZ» ЖШС-нің тіркеуші органда даулы тұрғын үйді меншік иесінің өз бетінше салынған объектіні пайдалануға қабылдау актісі тіркелген.
2022 жылғы 27 қыркүйекте «ARM Group KZ» ЖШС-гі мен И.Т.Байгелдин және А.Е.Балықбаеваның араларындағы даулы үйді сатып алу-сату шарты және осы шартқа қосымша келісім жасалып, даулы үйдің соңғыларға 49 000 000 теңгеге сатылғаны сотта осы келісім шарттарға қолын қойған тұлғалармен толық қуатталған. Жауапкерлер И.Т.Байгельдин мен А.Е.Балықбаеваның даулы үйге меншік құқығы 2022 жылғы 28 қыркүйекте тіркелген.
Осыған орай жергілікті соттар «ARM Group KZ» ЖШС-гі мен И.Т.Байгелдин және А.Е.Балықбаеваның араларындағы жасалған даулы үйді сату - сатып алу мәмілесінің оның тараптары расталғанын, сонымен қатар, даулы тұрғын үйдің И.Т.Байгелдин мен А.Е.Балықбаеваның атына тіркеуден өткізілгенін ескеріп, бұл мәмілелерді жалған мәміле деп тануға, ол мәмілелерді талап қоюшылар даулауына негіз жоқ деген тұжырымға келген.
Кассациялық сот бұл тұжырыммен келіседі, себебі ол істің мән-жайына сәйкес келеді, бұл мәмілелерді жалған деп тануға тиісті және жеткілікті дәлелдер жиынтығы талап қоюшылармен сотқа келтірілмеген.
Мұндай жағдайда жергілікті соттардың талап қоюшылардың «ARM Group KZ» ЖШС-ін даулы тұрғын үйдің сатушысы деп тану туралы талап қоюын қанағаттандырусыз қалдырғаны да орынды.
Талап қоюшылар мен И.Т.Байгелдин және А.Е.Балықбаева арасында тұрғын үйді сату және сатып алу туралы мәмілені жарамсыз деп тануға да заң талаптарымен көзделген негіздер жоқ болған, бұл талапқа негіз болатын тиісті және жеткілікті дәлелдер жиынтығы талап қоюшылармен сотқа келтірілмеген.
Бұл мәмілелер жазбаша түрде жасалған, нотариатты түрде куаландырылған, тиісті мемлекеттік тіркеулерден өткізілген құжаттар, даулы тұрғын үйдің құны толық төленген, тұрғын үй талап қоюшыларға берілген, демек, бұл мәмілелер нақты жасалып, іс жүзінде орындалған, ол мәмілелер бойынша тараптардың құқықтары мен міндеттері туындаған.
Талап қоюшылар талап қоюында даулы үй бойынша келісім шартты жасаған кезде үйдің төрт қабырғасы және төбеде тіреуіштер болғанын, яғни құрылыс аяқталмағанын, құрылысты аяқтау мәселесі бойынша «ARM Group KZ» ЖШС-мен ауызша келісімге келгенін, үйдің құрылысын аяғына дейін жеткізіп, толық салып беретініне сенгенін, яғни мәмілені осындай шартпен жасағанын көрсеткен.
Сот құрылыс-техникалық сараптаманың қорытындысына сәйкес даулы тұрғын үйде құрылыс нормалары мен ережелерінің талаптарына сәйкес келмейтін кемшіліктер, яғни қабырға мен қалқада, бетон төсеніштерінде жарықтар бар, жылу жүейсі, жылыту құрылғылары, оған қатысты реттеу клапандары, реттеуші арматура, шатырдың бу тосқауылы, оған қоса электр жабдықтарын қосу-сөндіру құрылғылары жоқ, аталған кемшіліктер жасырын емес және әдеттегі қабылдау әдісі арқылы анықталуы мүмкін екені көрсетілген.
Сотта тұрғын үйде күрделі жөндеу жұмыстары және қайта әрлеу жұмыстары жасалуы қажет екені анықталған.
Бұл мән-жайларға қатысты жергілікті соттар талап қоюшылар даулы үйді сатып алар алдында тікелей тексеріп, оның техникалық және санитарлықгигиеналық жай-күйімен танысып, көзге көрінетін кемшіліктерді анық байқап, тұрғын үйді осы күйінде сатып алуға келіскенін, яғни тәуекел еткенін анықтап, бұл мән-жайлар да мәмілені жарамсыз деп тануға негіз болмайды деп тұжырымдаған.
Жергілікті соттардың бұл тұжырымы да орынды, себебі АК-нің 380 және 382 - баптарына сәйкес азаматтар және заңды тұлғалар өз қалауы бойынша шарт жасасуға ерiктi екені белгiленген.
Одан басқа, талап қоюшылар «ARM Group KZ» ЖШС-нің салықтан жалтару мақсатында даулы тұрғын үйдің құнын оның шын бағасынан азайтып көрсеткенін, тұрғын үйдің құнын «ARM Group KZ» ЖШС-нің қызметкері Р.Буранбаев қолма-қол алғанын, бұл қаражатты заңды тұлғаның пайдасына кірістемегенін, сонымен қатар, «ARM Group KZ» ЖШС-нің қызметкерлері
Р.Буранбаев пен Р.Муратканов тұрғын үйде толық жөндеу және әрлеу жұмыстарын жасап беретініне сендіріп, алдап кеткенін көрсеткен.
Заңды тұлғаның кірістерін салық заңдарына сәйкес кірістемеуі салықтан жалтару бойынша жауапкершілік туғызуы мүмкін. Өз кезегінде жеке тұлғалардың, сеніміне кіріп, тұрғын үйде жөндеу және әрлеу жұмыстарын жасап беретініне сендіріп, алдауға ұшыратып, материалдық шығын келтіруі де тиісті жауапкершілік туғызуы мүмкін. Мұндай іс әрекеттер қылмыстық іс әрекеттермен ұштасқан болуы мүмкін, сондықтан қылмыс құрамының белгілерін анықтау мақсатында тиісті шаралар қабылауды қажет етеді
Кассациялық сот Ақтөбе қаласының прокурорының назарына осы іс бойынша «ARM Group KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылығының тарапынан жол берілген заң бұзушылықтар белгісі жөнінде тиісті шаралар қабылдау үшін мәлімдеу қажет деп санайды.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 270-бабының 1-бөлігіне сәйкес Заңдылық бұзылған жағдайлар анықталған кезде сот жеке ұйғарым шығаруға және оны жіберуге құқылы, ал егер бұзушылыққа мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілер тарапынан жол берілсе, сот жеке ұйғарым шығарады және оны басқару функцияларын атқаратын тиісті ұйымдарға, лауазымды немесе өзге де тұлғаларға жібереді, олар өздері қолданған шаралар туралы бір ай мерзім ішінде хабарлауға міндетті.
АПК-тің 268, 269, 270 баптарын басшылыққа алып, сот
Ұ Й Ғ А Р Ы М Е Т Т І:
Ақтөбе қаласының прокурорының назарына осы іс бойынша «ARM Group KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылығының тарапынан жол берілген заң бұзушылықтар белгісі жөнінде тиісті шаралар қабылдау үшін мәлімделсін.
Осы жеке ұйғарым бойынша қабылданған шаралар туралы бір ай мерзім ішінде азаматтық істер жөніндегі кассациялық сотқа хабарлансын.
Ғ.Бастаубаев
Төрағалық етуші судья
Судьялар
А.Даненова
А.Токсанбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.