ВС РК - Постановление от 09.04.2025 по делу 6001-24-00-6ап/1511 (Административное)

6001-24-00-6ап/1511

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 9 сәуір Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья Г.Б.Дуйсенбаев,

судьялар Г.К.Нұрбаев, Е.Д.Өміралиев болып,

жауапкер Ф.А-О. Алиевтың қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы Шамкелова Асель Юсуповнаның жауапкер Ақтау қалалық атқарушылық округінің жеке сот орындаушысы Алиев Фахраддин Ашур Оглының борышкердің жұмыс орнынан жалақысынан алименттің дұрыс және уақытылы ұсталуына бақылау жасау мiндетiн орындамау әрекетсіздігін заңсыз деп тану, алимент бойынша 1 309 332 теңге берешекті жауапкерден өндіру туралы әкімшілік ісі бойынша,

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 14 наурыздағы шешімі мен жеке ұйғарымына, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 16 сәуірдегі қаулысы мен ұйғарымына жауапкер берген кассациялық шағымдарымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы А.Ю. Шамкелова сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен жүгініп жеке сот орындаушысы (бұдан әрі – ЖСО) Ф.А-О. Алиевтың әрекетсіздігін даулаған.

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 14 наурыздағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.

Сот шешіміне сәйкес ЖСО Ф.А-О. Алиевтың борышкердің жұмыс орнынан жалақысынан алименттің дұрыс және уақытылы ұсталуына бақылау жасау мiндетiн орындамау әрекетсіздігі заңсыз деп танылған. Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.

Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 16 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 14 наурыздағы жеке ұйғарымымен ЖСО Ф.А-О. Алиевтың «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі – Заң) нормалары бұзылғаны туралы Маңғыстау облысы жеке сот орындашыларының өңірлік палатасының басшысына назарына хабарланған. Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 16 сәуірдегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың жеке ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған бірінші және апелляциялық саты соттарының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұраған.

Талап қоюшы тарапы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Іс құжаттарын зерттеп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.

Іс құжаттарынан анықталғандай, Ақтау қаласының №2 сотының 2017 жылғы 14 тамыздағы сот бұйрығымен А.Ш.Тажадиннен өндіріп алушы А.Ю.Шамкелованың пайдасына 2017 жылғы 20 қаңтарда туылған кәмелетке толмаған баласын асырап бағу үшін 10 тамыз 2017 жылдан бастап, ол кәмелетке толғанға дейін табысының ¼ бөлігі мөлшерінде алимент өндірілген.

Ақтау қаласының №2 сотының 2019 жылғы 26 қыркүйек күнгі сот шешімімен А.Ш.Тажадиннен өндіріп алушы А.Ю.Шамкелованың пайдасына 9 қыркүйектегі 2018 жылы туылған Ернар есімді кәмелетке толмаған баласын асырап бағу үшін 17 маусым 2019 жылдан бастап, ол кәмелетке толғанға дейін табысының 16/1 бөлігі мөлшерінде алимент өндірілген. Маңғыстау облысы Ақтау қаласының №2 сотының 2019 жылғы 3 қазан күнгі ұйғарымымен 26 қыркүйек 2019 жылғы шешімінің уәждеу және қарар бөліктерінде өндірілуге тиіс алимент мөлшері «12/1 бөлігі мөлшерінде» саналсын деп түзету енгізілген.

Жеке сот орындаушы В.А.Гриценконың 2019 жылғы 4 қараша күнгі қаулысымен атқарушылық іс жүргізу қозғалып, борышкердің жалақысына өндіріп алу жүргізіліп, жұмыс орны «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ-на атқару парақтары жолданған. 2022 жылғы 14 шілде күнгі қаулысымен жеке сот орындаушы Ф.А.Алиев борышкерден 12/1 бөлігі мөлшерінде алимент өндіру туралы атқарушылық өндірісін өзінің іс жүргізуіне қабылдаған.

2024 жылғы 6 ақпан күнгі ЖСО Ф.А-О. Алиевтің қаулысымен борышкердің қарызы 377 000 теңге мөлшерінде анықталған.

2024 жылғы 14 ақпан күнгі ЖСО Ф.А-О.Алиевтің қаулысымен 6 ақпан 2024 жылғы берешекті айқындау туралы қаулысына өзгерістер енгізіліп, борышкердің қарызы 782 880 теңге мөлшерінде анықталған.

2024 жылғы 5 наурыз күнгі ЖСО Ф.А-О.Алиевтің қаулысымен борышкердің қарызы 1 309 332 теңге мөлшерінде анықталған. Заңның 93-бабының 3 тармағына сәйкес, сот орындаушысы борышкердiң жалақысынан және басқа да табыстарынан ақшаның дұрыс және уақытылы ұсталуына, сондай-ақ ұсталған соманың өндiрiп алушыға уақытында жiберiлуiне бақылау жасап отыруды жүзеге асыруға мiндеттi болғандығы айқындалған.

Жергілікті соттар ЖСО Ф.А-О.Алиевтің тарапынан борышкердiң жалақысынан және басқа да табыстарынан ақшаның дұрыс және уақытылы ұсталуына бақылау жасамау салдарынан 2022 жылдың қыркүйек айынан бастап 2024 жылдың қаңтар айына дейін аралықта алимент соммалары борышкердің айлығынан 33,3% орнына 31,25% мөлшерінде дұрыс ұсталмауына және алимент бойынша қарыз жинақталуына әкеп соққан деген қорытындыға келген.

Сондай-ақ, жергілікті соттармен істі қарау барысында борышкер А.Ш.Тажадиннің жалақысынан А.Ю.Шамкелованың пайдасына 25% және 6,25%, Д.Айтжанның (Алтайгулова) пайдасына 33%, барлығы 64,25% бөлігі мөлшерінде алимент өндірілгені және жұмыс берушімен өндірілген алимент сомаларды өз бетінше 50%-ға дейін төмендетілгендігі анықталған.

Жергілікті соттар ЖСО Ф.А-О. Алиев алимент бойынша ақшаның дұрыс және уақытылы ұсталуына бақылау жасап отыруды жүзеге асыруға мiндеттi болғанын, алайда сот орындаушысы өзіне тікелей заңмен көзделген міндеттемені орындамау салдарынан, борышкердің жұмыс орнынан атқару парақтарының негізінде алимент соммасы дұрыс және уақытылы ұсталмай, аударылмағандығы туралы тұжырымға келген.

Осыған сәйкес, жергілікті соттар ЖСО Ф.А-О.Алиев алимент бойынша ақшаның дұрыс және уақытылы ұсталуына бақылау жасамай әрекетсіздік танытқан деген қорытындыға келеді.

Сот алқасы, жергілікті соттардың тұжырымдарының ЖСО Ф.А-О.Алиев тарапынан әрекетсіздік орын алғандығы жөніндегі бөлігімен келісе алмайды.

ӘРПК-нің 5 бабының екінші бөлігіне сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.

ӘРПК-нің 7 бабында белгіленген заңдылық қағидатына сәйкес әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік рәсімдерді өз құзыреті шегінде және Қазақстан Республикасының Конституциясына, осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырады.

Сот орындаушысының борышкердiң жалақысынан және басқа да табыстарынан ақшаның дұрыс және уақтылы ұсталуына, сондай-ақ ұсталған соманың өндiрiп алушыға уақытында жiберiлуiне бақылау жасап отыруды жүзеге асыру міндеті Заңда белгіленген.

Іс құжаттарына қарағанда, атқарушылық өндіріс 2019 жылғы 4 қарашадан бастап ЖСО В.А.Гриценконың өндірісінде болған.

Атқарушылық іс 2022 жылғы 14 шілдесінде ЖСО Ф.А-О.Алиевтың өндірісіне қабылданған.

Алимент соммалары борышкердің айлығынан 33,3% орнына 31,25% мөлшерінде дұрыс ұсталмауы 2019 жылдан бастап, яғни атқарушылық іс ЖСО В.А.Гриценконың өндірісінде болған кезден бастап орын алған.

Заңның 102 бабына сәйкес, сот орындаушысы өндіріп алушының (заңды өкілінің) өтініші бойынша кез келген уақытта, бірақ көп дегенде тоқсанына бір рет борышкердің жалақысы мен басқа да табыстарынан ұстап қалудың және ұсталған сомаларды өндіріп алушыға жіберудің дұрыстығы мен уақтылы жүргізілуін бақылауды жүзеге асырады.

Өндіріп алушының өкілінің алимент соммаларының дұрыстығын тексеру жөніндегі өтініші 2024 жылғы 31 қаңтарда ЖСО Ф.А-О.Алиевпен өндіріске қабылданған.

ЖСО Ф.А-О.Алиевтың 2024 жылғы 5 ақпандағы хатымен аталған борышкердің жұмыс орны «Маңғыстаумұнайгаз» ақционерлік қоғамына сұраныс жолданғандығы, алимент сомаларының азаю себептері анықталғандығы және қазіргі таңда тексеріс жүргізіліп жатқандығы жөнінде өндіріп алушы А.Ю. Шамкеловаға жауап берілген.

Тексеріс нәтижесімен, ЖСО Ф.А-О.Алиевтың 2024 жылғы6 ақпандағы қаулысымен борышкердің қарызы 377 000 теңге мөлшерінде анықталған.

Бұл жөнінде ЖСО Ф.А-О.Алиев 2024 жылғы 6 ақпандағы қосымша жауап хатпен өндіріп алушы А.Ю. Шамкелованы хабардар еткен.

Бұдан кейін, 2024 жылғы 14 ақпандағы ЖСО Ф.А-О.Алиевтің қаулысымен 6 ақпан 2024 жылғы берешекті айқындау туралы қаулысына өзгерістер енгізіліп, борышкердің қарызы 782 880 теңге мөлшерінде анықталған.

Мұнымен қоса, 2024 жылғы 5 наурызда ЖСО Ф.А-О.Алиевтің қаулысымен борышкердің қарызы 1 309 332 теңге мөлшерінде анықталған.

Аталғандарды саралай келе, сот алқасы ЖСО Ф.А-О.Алиев Заңның 102 бабының талаптарына сай, өндіріп алушының өтініші негізінде тиісті бақылау шараларын жүргізіп, алимент сомаларында анықталған сәйкессіздіктерді жою мақсатында тиісті қаулыларды қабылдаған, сәйкесінше сот орындаушысы тарапынан заңсыз әрекетсіздікке жол берілмеген деген тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының ӘРПК-нің 155-бабының төртінші бөлігінің талаптарына сәйкес, сот, егер талап қоюды қарау кезінде даулы әрекет (әрекетсіздік) жасалғанын, шешім құзыретіне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылданғанын анықтаса, оны қанағаттандырудан бас тартады. Жоғарыдағылар негізінде, сот алқасы жергілікті соттардың ЖСО Ф.А-О. Алиев алимент бойынша ақшаның дұрыс және уақытылы ұсталуына бақылау жасап отыруды жүзеге асырмай, әрекетсіздік таңытты деген уәждері негіссіз деп санайды.

Істің бұл тұрғысында, бірінші сатыдағы сот шешімі және апелляциялық саты сотының қаулысы өзгертілуге, талап қоюды қанағаттандыру бөлігінің күші жойылып, аталған бөлікте А.Ю.Шамкелованың талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдануға жатады.

Сот алқасы жауапкер тарапынан заң бұзушылықтарға жол берілмеген деп тапқандықтан, бірінші саты сотының жеке ұйғарымының және апелляциялық саты сотының ұйғарымының күші жойылуға тиіс. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 14 наурыздағы шешімі, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 16 сәуірдегі қаулысы өзгертілсін.

Жеке сот орындаушысы Алиев Фахраддин Ашур Оглының борышкердің жұмыс орнынан жалақысынан алименттің дұрыс және уақтылы ұсталуына бақылау жасау міндетін орындамау әрекетсіздігін заңсыз деп тануды қанағаттандыру бөлігінің күші жойылсын, аталған бөлікте Шамкелова Асель Юсуповнаның талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдансын.

Сот актілерінің қалған бөліктері өзгеріссіз қалдырылсын.

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 14 наурыздағы жеке ұйғарымының, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 16 сәуірдегі ұйғарымының күші жойылсын.

Жауапкердің кассациялық шағымдары ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

Г.Б.Дуйсенбаев Г.К.Нұрбаев

Судьялар

Е.Д.Өміралиев

Көшірмесі дұрыс Судья

Г.К.Нұрбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.