КСАД РК - Постановление от 20.05.2026 по делу 6003-26-00-4к/877 (Административное)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 20 мамыр 6003-26-00-4к/877 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі Кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші – Д.Ә. Әбдіғалиев,

судьялар – Г.М. Ыдырысова, М.А. Қасымов болып,

ашық сот отырысында талап қоюшы Айсауле Мухтаровна Калдыбаеваның жауапкерлер Қызылорда қаласы әкіміне (бұдан әрі - Әкім), Қызылорда қаласы әкімдігінің «Қызылорда қаласының ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Жер қатынастар бөлімі) жер учаскесін ауыстырып орналастырудан бас тарту әрекеттерін заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 25 шілдедегі шешіміне, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 қарашадағы қаулысына талап қоюшының берген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 25 шілдедегі шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 қарашадағы қаулысымен бірінші саты сотының шешімі өзгеріссіз, талап қоюшының апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық саты соттарының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұраған.

Талап қоюшы өкілінен және мүдделі тұлға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ-ның Қызылорда облысы бойынша филиалынан Астана қаласына бара алмауына байланысты бейнеконференцбайланыс режимінде сот отырысына қосылу туралы туралы өтініш келіп түсті.

Алайда, бұл өтінішхаттарды қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады, себебі сот отырысы Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының ғимаратында міндетті түрде жеке қатысу арқылы өткізуге тағайындалған, бұл туралы іске қатысушы тұлғалар алдын-ала хабарланған. Аталған мән-жай кассациялық сатыдағы сотта сот отырысын өткізу форматын өзгертуге негіз болып табылмайды.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарға қатысқан өзге тұлғалар сот отырысының күні, уақыты және форматы туралы тиісті түрде

хабарланғанына қарамастан, сотқа келмеген және келмеу себептері туралы сотқа мәлімет бермеген.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Талап қоюшының кассациялық шағымымен іс құжаттарын зерттеп, кассациялық сот төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады. Төмен тұрған саты соттарымен мұндай бұзушылықтарға жол берілмеген.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, 2020 жылғы 9 қарашадағы №98 Қызылорда қаласы аумағындағы жер учаскелерін немесе жалдау құқығын сату жөніндегі сауда саттықты (аукционды) ұйымдастыруды және өткізудің қорытынды хаттамасы бойынша талап қоюшы А.Калдыбаева жеңімпаз деп танылған. Жер учаскесі Қызылорда қаласы, Сырдария өзенінің сол жағалауы нөмірсіз учаскесі мекенжайында орналасқан, көлемі 1,0 гектар, жер учаскесінің нысаналы мақсаты: ғимарат құрылысы және оған қызмет көрсету үшін.

2020 жылғы 11 қарашада Жер қатынастар бөлімі мен А.Калдыбаева арасында №61 жер учаскесін жалдау құқығын сатып алу-сату шарты жасалып, аталған жер учаскесіне А.Калдыбаеваның уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығы туындаған.

Әкімнің 2022 жылғы 9 наурыздағы №2272 қаулысымен А.Калдыбаеваның жер учаскесінің уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы жаңа екі жыл мерзімге табысталып, тараптар арасында шарт жасалып, шарттың мерзімі 2024 жылғы 9 қыркүйекке дейін белгіленген. Әкімнің 2024 жылғы 1 наурыздағы қаулысымен А.Калдыбаеваға жер пайдалану құқығын жаңа мерзімге табыстаудан бас тартылған; соттың шешімімен жауапкердің 2024 жылғы 1 наурыздағы қаулысының А.Калдыбаеваға қатысты бөлігі заңсыз деп танылып, күші жойылған, Жер қатынастары бөліміне А.Калдыбаеваның өтінішін қайта қарау міндеттелген.

Әкімнің 2024 жылғы 12 қыркүйектегі №246 қаулысымен А.Калдыбаеваға жер учаскесіне жер пайдалану (жалдау) құқығын жаңа мерзімге табыстаудан бас тартылған.

А.Калдыбаеваның 2025 жылғы 5 маусымдағы жер учаскесін ауыстырып табыстау туралы өтінішіне Жер қатынастары бөлімінің 2025 жылғы 18 маусымдағы хатымен жер учаскесін ауыстырып орналастыру Жер кодексімен қарастырылмағаны хабарланған.

Алайда, талап қоюшының жер учаскесінің уақытша өтеулі жер пайдалану құқығының табысталған мерзімі 2024 жылғы 9 наурызда аяқталған. Әкімнің 2024 жылғы 12 қыркүйектегі №246 қаулысымен А.Калдыбаеваға аталған жер учаскесінің жер пайдалану (жалдау) құқығын жаңа мерзімге табыстаудан бас тартылған. Аталған қаулыға дау келтіріп, А.Калдыбаева сотқа жүгінген, алайда талап қоюшының арызына сәйкес 2024 жылғы 26 желтоқсандағы сот ұйғарымымен талап қою кері қайтарылған. Жер қатынастары бөлімінің 2025 жылғы 18 маусымдағы хатымен А.Калдыбаеваның жер учаскесін ауыстырып табыстау туралы өтінішіне жауап беріліп, онда жер учаскесін ауыстырып орналастыру Қазақстан Республикасының Жер кодексімен қарастырылмағанын, осы кодекстің 167бабында жер құқығы қатынастарынан туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен қаралатындығын және жеке меншіктегі жер учаскелеріне байланысты даулар (жанжалдар) тараптардың келісуі бойынша медиация тәртібімен ғана шешілуі тиіс екенін көрсеткен.

Алайда, аталған жауаппен келіспеген А. Калдыбаева осы талап қоюмен сотқа жүгінген.

Талап қоюды қанағаттындырудан бас тарта отырып, бірінші саты соты А. Калдыбаеваның жер учаскесінің жер пайдалану құқығы 2024 жылғы 12 қыркүйектегі әкім қаулысының негізінде тоқтатылғанын негізге алған. Аталған қаулы заңда белгіленген тәртіппен жарамсыз деп танылмағандықтан, талап қоюшыда даулы жер учаскесіне қатысты заңда көзделген құқықтар жоқ.

Іс материалдарынан анықталғандай, жер пайдалану құқығы тоқтатылғаннан кейін жер учаскесі сауықтыру орталығын салу жобасын іске асыру үшін «Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы» КММ-не берілген. Осылайша, даулы жер учаскесі талап қоюшының пайдалануынан алынып, уәкілетті органның тиісті шешімі негізінде басқа жер пайдаланушыға берілген.

Өз кезегінде, қолданыстағы жер заңнамасында жер учаскесін ауыстыру сияқты құқықтық қорғау әдісі көзделмеген. Талап қоюшының талаптары іс жүзінде уәкілетті органға бұрын алынған жер учаскесінің орнына басқа жер учаскесін беру міндеті жүктелген, алайда мұндай міндет заңда тікелей көзделген жағдайларда туындауы мүмкін.

Кассациялық шағымның уәждері мазмұны, мәні және мақсаты жағынан бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарда келтірілген уәждерге ұқсас болып табылады. Аталған уәждер төмен тұрған сатыдағы соттарда қаралып,

оларға тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымда жаңа уәждер келтірілмеген.

Кассациялық сот, жауапкерлердің даулы әрекеттері заңнама талаптарына сәйкес деуге толық негіздер бар деген төмен тұрған соттардың тұжырымдарымен келіседі.

Іс бойынша мән-жайлар дұрыс анықталып, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына немесе дұрыс қолданылмауына жол берілмегендіктен, кассациялық сот, сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ деп санайды.

Жоғарыда аталғанның негізінде, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың сот актілері күшінде қалдырылуға, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабын, АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Осы іс бойынша Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 25 шілдедегі шешімі, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 қарашадағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшы А.М.Калдыбаеваның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Д. Әбдіғалиев

Төрағалық етуші

Судьялар

Г. Ыдырысова

М. Қасымов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.