6003-25-00-3к/238
Қ А У Л Ы
2025 жылғы 2 қазан Астана қаласы
Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші- судья Қ.А.Мусетов,
судьялар М.К.Сатыбалдин, Г.Б.Даулетова,
Қазақстан Республикасының Бас прокурорының аға көмекшісі Т[...],
өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша жүргізіліп жатқан тұлға Б[...] қорғаушысы К[...],
жәбірленуші А[...] қатысуларымен,
кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында Ақтөбе облысы Ақтөбе қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2024 жылғы 5 желтоқсандағы, Ақтөбе облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 30 желтоқсандағы қаулыларына
Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық соты төрағасының ұсынуымен келіп түскен
Б[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 610-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Ақтөбе облысы Ақтөбе қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2024 жылғы 5 желтоқсандағы қаулысымен Б[...] Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 610бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 73 840 теңге айыппұл түрінде жаза тағайындалған. Ақтөбе облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 30 желтоқсандағы қаулысымен Ақтөбе облысы Ақтөбе қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2024 жылғы 5 желтоқсандағы қаулысының күші жойылып, Б[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 610- бабы 1-бөлігімен қозғалған әкімшілік іс бойынша өндіріс оның әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылықтың құрамының болмауына байланысты тоқтатылған.
Бірінші сатыдағы сот қаулысына сай, Б[...] 2024 жылғы 7 қараша күні сағат 15.20 шамасында «ГАЗ-3309 А3» маркалы, тіркеу нөмірі [...] көлігін Ақтөбе қаласы, [...] мен
Макаренко көшесінің қиылысында басқарып, жүргізуші жүру жылдамдығына орай алда жүріп бара жатқан көлік құралымен соқтығысудан сақтануға мүмкіндік беретін қашықтықты сақтамай және жүруге жүргізуші анықтай алатындай кедергі немесе қауіп туған жағдайда ол жылдамдықты тоқтатуға дейін азайтуға немесе жол жүрісіне басқа қатысушылар үшін қауіп төндірмей кедергіні айналып өтуге шаралар қолданбай, А[...] басқаруындағы тіркеу нөмірі [...], «HYUNDAI SANTA FE» маркалы көлігіне соғып, материалдық залал келтірген.
Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық соты төрағасының ұсынуында құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот қаулыларын қайта қарауды сұраған.
Апелляциялық сатыдағы сот қаулысын күшінде қалдыруды сұраған қорғаушы К[...] пікірін, ұсынуды қолдаған жәбірленуші А[...], прокурордың пікірлерін тыңдап, іс материалдарын зерделеп, к ассациялық сот келесі тұжырымға келді.
ӘҚБтК-нің 822-бабы 2-бөлігі бойынша әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулы заңды және негізделген болуға тиiс.
ӘҚБтК-нің 851-бабы 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларды кассациялық тәртіппен қайта қарауға: қабылданған қаулыны орындау адамдардың өмірі, денсаулығы үшін не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауіпсіздігі үшін орны толмас ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін болатын; қабылданған қаулы адамдардың белгісіз тобының құқықтары мен заңды мүдделерін немесе өзге де жария мүдделерді бұзатын; қабылданған қаулы соттардың, уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатын жағдайлар негіздер болып табылады. Апелляциялық сатыдағы сот істі тоқтатқанда, жәбірленуші А[...] жүргізуші Б[...] басқаруындағы арнайы жарқылдақ маягі және арнаулы дыбыстық сигналы қосылған автокөлікке жол бермей, Жол жүрісі Қағидаларының (әрі қарай-Қағида) 6.41-тармағын сақтамаған деген тұжырым жасаған. Өз кезегінде, Қағиданың 6.40-тармағында жарқылдауық маягі іске қосылған жедел және арнайы қызмет көлігінің жүргізушілері кезек күттірмейтін қызметтік тапсырманы орындау кезінде, жол жүрісі қауіпсіздігі қамтамасыз етілген жағдайда Қағидалардың талаптарын орындамауы мүмкін делінген.
Бұл ретте, басқа қатысушылардың алдында басымдық алуы үшін мұндай көлік жүргізушілері өздеріне жол берілгендігіне көз жеткізгеннен кейін ғана басымдықты пайдалана алады.
Алайда, істің нақты мән-жайларына сәйкес жүргізуші Б[...] басымдық алу және оған жол берілгендігіне көз жеткізбегені көрінеді.
Іске тіркелген бейнежазбадан Б[...] басқаруындағы «ГАЗ» автокөлігі алда жүріп бара жатқан көлікпен соқтығысудан сақтануға мүмкіндік беретін қашықтықты сақтамай, көліктің салмағы мен метеорологиялық жағдайды ескермей (жерде қар, тайғақ), А[...] басқаруындағы «HYUNDAI SANTA FE» автокөлігінің артқы жағынан соққаны анық көрінеді.
Мұндай жағдайда бірінші сатыдағы соттың Д.Б[...] 9.69-тармағын, яғни жүру жылдамдығына орай алда жүріп бара жатқан көлік құралымен соқтығысудан сақтануға мүмкіндік беретін қашықтықты, қауіпсіздікті қамтамасыз ететін аралықты сақтамағаны туралы тұжырымы дұрыс.
Сонымен бірге, осы Қағиданың 10.72 тармағына сәйкес, жүргізуші көлік құралын белгіленген шектеуден аспайтын жылдамдықпен, мұндайда жүріс үдемелілігін, көлік құралы мен жүктің ерекшелігін және жай-күйін, жүру бағытындағы көрінуге қатысты жол және метеорологиялық жағдайларды ескере отырып жүргізеді. Жылдамдық жүргізушіге осы Қағидалардың талаптарын орындау үшін көлік құралының жүрісіне тұрақты түрде бақылау жасауына мүмкіндік беруін қамтамасыз етеді. Жүруге жүргізуші анықтай алатындай кедергі және (немесе) қауіп туған жағдайда, ол жылдамдықты тоқтатуға дейін азайтуға немесе жол жүрісіне басқа қатысушылар үшін қауіп төндірмей, кедергіні айналып өтуге шаралар қолданады.
Сонымен қоса, Б[...] арнайы автокөлігі жедел жеткізуді қажет ететін (жедел жәрдем, өрт сөндіруші және т.с.с.) автокөлік емес, тек сотталушыларды тасымалдайтын арнайы көлік.
Мұндай жағдайда, апелляциялық саты сотының қаулысы негізсіз, себебі іс бойынша жинақталған материалдардан Д.Б[...] 9.69; 10.72 тармақтарын сақтамай, А[...] басқаруындағы «HYUNDAI SANTA FE» автокөлігінің артқы жағынан соқтығыс жасағаны, яғни жол- көлік оқиғасының орын алуына себепкер болғаны анықталды.
Істің жоғарыда көрсетілген мән-жайларды назарға ала отырып, соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында біркелкіліктің бұзылуына байланысты ӘҚБтК-нің 851-бабының тәртібімен іс бойынша шығарылған апелляциялық сот қаулысының күші жойылуға, Б[...] ӘҚБтК-нің 610-бабы 1-бөлігімен жауаптылыққа тарту туралы Ақтөбе облысы Ақтөбе қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2024 жылғы 5 желтоқсандағы қаулысы өзгеріссіз қалдыруға жатады. Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот төрағасының ұсынуы қанағаттандыруға жатады.
ӘҚБтК-нің 851-бабын басшылыққа ала отырып, Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот,
ҚАУЛЫ ЕТТІ :
Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 610-бабының 1-бөлігі бойынша Б[...] қатысты Ақтөбе облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 30 желтоқсандағы қаулысының күші жойылсын.
Б[...] ӘҚБтК-нің 610-бабы 1- бөлігімен жауаптылыққа тарту туралы Ақтөбе облысы Ақтөбе қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2024 жылғы 5 желтоқсандағы қаулысы өзгеріссіз қалдырылсын.
Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.
Қ.А.Мусетов М.К.Сатыбалдин Г.Б.Даулетова
Төрағалық етуші
Судьялар
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.