Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 11.11.2025 по делу 6003-25-00-2к/1889 (Гражданское)

6003-25-00-2к/1889

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 11 қараша

Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков, судьялар А.К.Тлеубаева, Л.Б.Мамырбаева,

прокурор О.Пернеевтің, талап қоюшының өкілі Е.О.Шудановтың, жауапкер Г.М.Досанованың қатысуларымен,

талап қоюшы «Ақтөбе облысының жер ресурстарын басқару департаменті» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі-Департамент) жауапкер «Олжас» шаруа қожалығынан жер учаскесін мәжбүрлеп алу туралы электронды азаматтық істі жауапкердің Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 9 қаңтардағы шешіміне және Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 сәуірдегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ :

Департамент жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 9 қаңтардағы шешімімен Департаменттің талабы қанағаттандырылған.

«Олжас» шаруа қожалығынан Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданы, Аққұдық ауылдық округі аумағында орналасқан кадастрлық №02-029-027-287, 02-029027-284, 02-028-027-288, жалпы көлемі 592 га жер учаскесі мәжбүрлеп алынған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық шағымды қолдаған жауапкер Г.М.Досанованы, кассациялық шағымға қарсылық білдірген талап қоюшының өкілі Е.О.Шудановты және шешімді күшінде қалдыруды сұраған прокурор О.Пернеевтің қорытындысын тыңдап, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Іс құжаттарына сәйкес, 2008 жылғы 10 сәуірдегі №114 және 2008 жылғы 28 сәуірдегі №159 Мәртөк ауданы әкімдігінің қаулыларымен «Олжас» шаруа қожалығына (бұдан әрі-ШҚ) Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданы, Аққұдық ауылдық округіне қарасты ауыл шаруашылығы мақсатындағы егістікке арналған ауданның босалқы жерінен шаруа қожалығымен айналысу үшін алаңы 592 гектар, кадастр № 02-029-027-287, № 02-029-027-284, №02029-027-288 жердің пайдалану құқықтары 48 жылға берілген.

2023 жылғы 16 маусымдағы «Мәртөк аудандық жер қатынастары бөлімі» ММ-нің №02-03/644 хаты негізінде жер учаскесін нысаналы мақсатына сай пайдаланбай келе жатқан жауапкерге тиісті шаралар қолдану үшін 2023 жылғы 2 тамыздағы №97 тексеруге тағайындау актісімен жоспардан тыс тексеру жүргізілген.

Жауапкерге 2023 жылы 7 тамызда жер учаскесін игеру қажеттігі туралы және жер заңдылығының бұзылуын жою туралы орындалуға міндетті №97 нұсқама табысталып, 2024 жылдың 7 тамызына дейін заң бұзушылықтарды жоюға міндеттеген.

Аталған нұсқаманың орындалуын анықтау мақсатында «Олжа» ШҚ-на сұраныс хаты жолданған. Алайда аталған хатқа жауапкер тарапынан жауап берілмеген.

«Олжас» ШҚ-ы Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданы, Аққұдық ауылдық округіне қарасты көлемі 592 га егістік жер учаскесін нысаналы мақсатына сай пайдаланбай отырғандығы жергілікті атқарушы органдар тарапынан алынған жауаптардың негізінде анықталған.

Демек, талап қоюшының 2023 жылы 7 тамыздағы № 97 нұсқама талабы орындалмаған.

2023 жылғы 7 тамыздағы әкімшілік жаза қолдану туралы қаулысымен «Олжа» ШҚ-ғы алаңы 662 га жайылымдылық жер учаскесін өз мақсатына сай пайдалануда, ал 592 га жерді мақсатына сай пайдаланбағаны үшін Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК-нің) 338-бабымен кінәлі деп танылып, оған әкімшілік жазасы қолданылған.

Мәртөк аудандық сотының 2024 жылғы 5 қыркүйектегі қаулысымен әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін «Олжас» ШҚ-ғы ӘҚБтК-нің 462 бабының 3 тармағымен кінәлі деп танылған.

Жауапкерге берілген 592 га жер учаскелері мақсаты бойынша пайдаланбағаны соттармен толығымен анықталған.

Қазақстан Республикасы Жер Кодексінің (бұдан әрі-Жер кодексінің) 65бабының 1-тармағының 1-тармақшасына сәйкес, жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар жердi оның нысаналы мақсатына немесе елді мекендердегі жерлерде функционалдық аймаққа сәйкес, уақытша жер пайдалану кезiнде – оның ішінде, жалдау шартына (уақытша өтеусiз жер пайдалану шартына) сәйкес пайдалануға міндетті.

Жер кодексініңнің 92-бабының 3-тармағына сәйкес, шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізуге арналған жер учаскесі пайдаланбау фактісі алғаш рет анықталған кезден бастап бір жыл бойы мақсатқа сай пайдаланылмаған жағдайларда, мұндай жер учаскесi осы Кодекстiң 94-бабында көзделген тәртiппен мәжбүрлеп алып қоюға жатады. Жер учаскесiнің меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқама табыс етілген күн жер учаскесін пайдаланбау фактісі анықталған кез деп есептеледі.

Осы Кодекстiң 92 және 93-баптарында көзделген жағдайда жер учаскесiн мәжбүрлеп алып қою туралы талап арыз Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген жазалау шаралары қолданылғаннан кейін және жер учаскесінің меншік иесіне немесе жер пайдаланушыға берілген Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың мерзімі өткеннен кейін беріледі деп Кодекстің 94-бабының 2-тармағында айқындалған.

Жоғарыда аталған Жер кодексінің талаптары бұзылғаны өз дәлелін тапқан.

Істі қарау барысында соттар «Соттардың жер заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы» 2007 жылғы 16 шілдедегі № 6 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 10-тармағында көзделген талаптары толығымен сақталғандығын анықтаған.

Жергілікті соттар аталған мән-жайларды негізге алып, Жер кодексінің 92-бабының 3-тармағының, 93-бабының, 94-бабының 2-тармағының талаптарын ескеріп, жер учаскесін мәжбүрлеп алуы заңды.

Жауапкердің егіске арналған жерге 2019 жылы мал азығына арналған бағалы жем-шөп болып табылатын «Житняк» көпжылдық борпылдақ дәнді дақылы егіліп, жер игерілген деген уәжі негізсіз. Өйткені, көпжылдық дақылдың егілгендігі, оған тиісті түрде күтім жасалып, жыл сайын жиналып тұрғандығы туралы дәлелдемелер сотқа табысталмаған.

Жер пайдаланушы жол берілген бұзушылықтардың салдарларын жою үшін қандайда-бір шара қабылдағаны жөнінде дәлелдеме ұсынбады.

Мәні бойынша заңды күшіне енген дұрыс сот актісінің күші бір ғана формальды пайымдаулар бойынша жойылуға жатпайды.

Кассациялық сот бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар зерттемеген дәлелдемелер негізінде заңды күшіне енген сот актісін өзгертуге немесе жоюға құқылы емес.

Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жанжақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.

Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым

қанағаттандырусыз қалдырылады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 9 қаңтардағы шешімі және Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков

А.К.Тлеубаева

Судьялар:

Л.Б.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.