ҚАУЛЫ
2025 жылғы 13 қазан № 6399-2500-4а/1874 іс Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттың құрамында:
төрағалық етуші - судья Е.Б. Тулеев,
судьялар - Р.М. Айнакулова, Н.М. Кабдрахманова,
ашық сот отырысында Түзел Назымай Ашірханқызының Шымкент қаласы атқарушылық округінің жеке сот орындаушысы Танирбергенов Арман Каппаркуловичке 2025 жылғы 17 наурыздағы борышкердің берешегін анықтау туралы қаулысын заңсыз деп тану және міндеттеу туралы; алимент берешегін қайта есептеп, алимент бойынша берешекті заңға сәйкес анықтау туралы қаулысын шығаруды міндеттеу туралы талап талап қоюы бойынша Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 12 мамырдағы шешіміне, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 маусымдағы қаулысына мүдделі тұлға Ғ.А. Мынжасаровтың, жауапкердің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы Н.А. Түзел жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 12 мамырдағы шешімімен Н.А. Түзелдің талап қоюы қанағаттандырылып, жеке сот орындаушысы А.К. Танирбергеновтың 2025 жылғы 17 наурыздағы борышкердің берешегін анықтау туралы қаулысы заңсыз деп танылған, жеке сот орындаушысы алимент берешегін қайта есептеп, алимент бойынша берешекті заңға сәйкес анықтау туралы қаулысын шығаруға міндеттелген.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Мүдделі тұлға Ғ.А. Мынжасаров, жауапкер кассациялық шағымдарында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұраған.
Әкімшілік процеске қатысушылар әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының отысырына қатысуға дәлелді себепсіз келген жоқ.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Даудың мәні бойынша шешім қабылданғанда мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Іс құжаттарына қарағанда, Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2023 жылғы 29 қыркүйегіндегі сот бұйрығымен борышкер Ғ.Мыңжасаров өндіріп алушы Н.Түзелдің пайдасына кәмелет жасына толмаған баласына 18 жасқа толғанша асырап бағу үшін ай сайын жалақысынан және өзгеде табысынан 1/4 (төрттен бір) мөлшерінде алимент өндірілген.
2023 жылғы 5 қазанда ЖСО А.Танирбергеновпен сот бұйрығының негізінде алимент өндіру туралы атқарушылық өндірісі қозғалған.
Талап қоюшының арызы негізінде 2025 жылғы 17 наурызда ЖСО алимент бойынша берешекті анықтау туралы қаулыны қабылдаған. Алимент берешегін Қазақстан Республикасындағы орташа айлық жалақының мөлшері негізге алына отырып, 2023 жылдың қазан айынан 2025 жылдың 11 наурыз айы аралығында, яғни 2023 жылдың 4-ші тоқсанында 295 203 теңге, 2024 жылдың 1-ші тоқсанында 286 707 теңге, 2024 жылдың 2-ші тоқсанында 302 436 теңге, 2024 жылдың 3-ші және 4-ші тоқсанында 585 492 теңге, 2025 жылдың 1-ші тоқсанында 195 164 теңге, ал төленгені 2023 жылы 275 000 теңге, 2024 жылы 1 010 000 теңге, 2025 жылдың наурыз айына дейін 180 000 теңге жалпы төленген 1 465 000 теңгені шегеріп, барлық берешегі 200 002 теңгеге есептеген.
Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі №261 IV «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының (бұдан әрі – Заң) 99-бабының талаптарына сай алимент төлемдерін жалақыдан немесе өзге де табыстардан үш ай бойы өндіріп алу мүмкін болмаған жағдайда сот орындаушысы берешекті айқындау туралы қаулы шығарады. Алименттер бойынша берешек мөлшерiн сот орындаушысы өндiрiп алу жүргiзiлмеген уақыт iшiнде борышкер алатын нақты жалақыны (кірісті) негiзге ала отырып, шешiм орындалатын жерде белгiлейдi.
Егер борышкер бұл кезеңде жұмыс icтeмeген немесе оның жалақысын және өзге де кірісін растайтын құжаттар ұсынылмаған жағдайда, ай сайынғы төлемдер және (немесе) алимент бойынша берешек оны өндiрiп алу кезiнде Қазақстан Республикасындағы орташа айлық жалақы мөлшерi негізге ала отырып айқындалады. Алимент бойынша берешекті сот орындаушысы тоқсан сайын айқындайды.
Сот орындаушысының берешектi айқындау туралы қаулысына заңда белгiленген тәртiппен шағым жасалуы немесе наразылық бiлдiрiлуi мүмкiн.
Осы заң талаптарына сай талап қоюшы сот орындаушысының қаулысын даулап сотқа жүгінген.
Заңның 101-бабына сәйкес барлық алимент төлемдері бойынша берешекті өндiрiп алу алимент төлеушiнiң жалақысынан және басқа да табыстарынан жүргізіледі.
Заңның аталған талаптары жауапкермен бұзылған, себебі ол Қазақстан Республикасының орташа жалақы көлемімен 2023 жылдың қазан айынан бастап 2025 жылдың 11 наурызына дейінгі аралығындағы алимент берешегін айқындаған.
Алайда Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының хатына сәйкес борышкер Ғ.Мыңжасаров 2019 жылдың 2 шілдесінен бастап қорғаушы ретінде тіркелген, 2023 жылы 840 000 теңге, 2024 жылы 1 020 000 теңге кіріс сомасы көрсетілген.
Сот отырысында борышкер Ғ.Мыңжасаров өзінің 2019 жылдың 2 шілдесінен бастап қорғаушы ретінде жұмыс жасайтынын растады.
Сонымен қатар іс құжаттарындағы атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің мәліметіне сәйкес 2021 жылдың ақпан айында борышкер Ғ.Мыңжасаровпен 3500 теңге және 2022 жылдың наурыз айында 1000 теңге міндетті зейнетақы төлемі жүргізілгені анықталды.
Заңының 93-бабы 1-3-тармақтарына сәйкес борышкердің жалақысынан және өзге де табыс түрлерінен өндіріп алу мерзімдік төлемдерді өндіріп алу туралы атқарушылық құжатты орындау кезінде, бір жүз айлық есептік көрсеткіштен аспайтын соманы өндіріп алу кезінде, сондай-ақ борышкердің мүлкі болмаған немесе өндіріп алынатын соманы толық өтеу үшін мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда басқа да өндіріп алу бойынша қолданылады.
Борышкердiң жалақысынан және өзге де табыс түрлерiнен өндiрiп алынған кезде сот орындаушысы осы Заңның талаптарын ескере отырып қаулы шығарады, онда берiлген сома толық өндiрiп алынғанға дейiн ай сайын қандай мөлшерде ақша ұсталуға тиiс екендiгi көрсетiледi және аумақтық бөлімнің не жеке сот орындаушысының мөрімен куәландырылған атқарушылық құжаттың көшірмесімен бірге оны орындау үшiн борышкер еңбек қатынастарында тұрған жұмыс берушiге немесе борышкер одан кіріс алатын тұлғаға жiбередi.
Сот орындаушысы борышкердiң жалақысынан және басқа да табыстарынан ақшаның дұрыс және уақтылы ұсталуына, сондай-ақ ұсталған соманың өндiрiп алушыға уақытында жiберiлуiне бақылау жасап отыруды жүзеге асыруға мiндетті.
Заңның 102 бабына сәйкес сот орындаушысы өндіріп алушының (заңды өкілінің) өтініші бойынша кез келген уақытта, бірақ көп дегенде тоқсанына бір рет борышкердің жалақысы мен басқа да табыстарынан ұстап қалудың және ұсталған сомаларды өндіріп алушыға жіберудің дұрыстығы мен уақтылы жүргізілуін бақылауды жүзеге асырады.
Алайда жеке сот орындаушысы Заңмен көзделген бақылауды дұрыс жұзеге асырмаған, борышкердің 2019 жылдың 2 шілдесінен бастап қорғаушы ретінде жұмыс жасайтынын анықтамаған, осы қызметтен пайдасын есептемеген.
Кассациялық сатыдағы сот соттардың тұжырымдарымен толық келісіп, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деп санайды, себебі даулы қаулыда борышкердің қарызы дұрыс есептелмеген, яғни әкімшілік акт заңды және негізделген болуға тиіс деген ӘРПК-ның 79бабының бірінші бөлігімен көзделген ереже сақталмаған.
ӘРПК-ның 169-бабы, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 12 мамырдағы шешімі, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 маусымдағы қаулысы өзгеріссіз қалдырылсын. Жауапкер жеке сот орындаушысы А.К. Танирбергеновтің, мүдделі тұлға Ғ.А. Мынжасаровтың кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Е. Тулеев
Судьялар Р. Айнакулова
Н. Кабдрахманова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.