КСАД РК - Постановление от 21.05.2026 по делу 6003-26-00-4к/511 (Административное)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 21 мамыр 6003-26-00-4к/511 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында: төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев

судьялар Л.С.Кудекова, Ш.С.Манжуева болып,

талап қоюшының өкілі Б.М.Бисембаевтың, жауапкер ЖСО

Ж.Д.Маликованың қатысуларымен,

ашық сот отырысында, талап қоюшы Жансер Сержанович Салтанатовтың жауапкер Маңғыстау облысы атқарушылық округінің жеке сот орындаушысы Жансая Джумамурадовна Маликованың (бұдан әрі – ЖСО Ж.Д.Маликова) 2025 жылғы 26 қыркүйектегі алимент бойынша берешекті анықтау туралы қаулысын заңсыз деп танып, күшін жою жөніндегі талабымен қозғалған әкімшілік ісімен,

Маңғыстау облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 19 қарашадағы шешіміне, жеке ұйғарымына, Маңғыстау облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 желтоқсандағы қаулысына, ұйғарымына жауапкердің берген кассациялық шағымдарымен қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыдағы талап қоюмен сотқа жүгінген.

Маңғыстау облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 19 қарашадағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған. ЖСО Ж.Д.Маликованың 2025 жылғы 26 қыркүйектегі борышкер Ж.С.Салтанатовтың берешегін анықтау туралы қаулысы заңсыз деп танылған. Даулы қаулының күшін жою туралы бөлігін қанағаттандырудан бас тартылған.

Осы әкімшілік іс бойынша сот, орын алған кемшіліктерді келешекте болдырмау мақсатында Маңғыстау облысының жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының назарына жеке ұйғарым жолдаған.

Маңғыстау облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі мен жеке ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

ЖСО Ж.Д. Маликова өзінің кассациялық шағымдарында, іс бойынша қабылданған жоғарыдағы сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды және талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Кассациялық сот, іске қатысушылардың пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігі бойынша, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және

процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының (бұдан әрі-Заң) 126-бабының 1 тармағына сәйкес, сот орындаушысы өз қызметінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қысым жасалуына жол бермеуге міндетті.

Төменгі соттармен анықталғанындай, борышкер Ж.Салтанатов 2021 жылғы 9 сәуірден бастап 3-топтағы мүгедек, әрі ол жұмыссыз тұлға болып табылады.

Заңның 99-бабының 3-тармағына сай, мүгедектігі бар адамдар болып табылатын борышкерлер үшін алименттер бойынша ай сайынғы төлемдер немесе берешек – олардың ай сайынғы жалақысынан және өзге де кірісінен, ал олар жұмыс істемейтін жағдайда, бюджет қаражатынан және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін ай сайынғы жәрдемақылардан және (немесе) әлеуметтік төлемдерден айқындалады.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 169-бабы 3-тармағында мүгедектігі бар адам болып табылатын борышкерлер үшін ай сайынғы төлем немесе алимент бойынша берешек – олардың ай сайынғы жалақысынан және өзге де кірісінен, ал егер олар жұмыс істемейтін жағдайда бюджет қаражатынан және (немесе) мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін ай сайынғы жәрдемақылардан және (немесе) әлеуметтік төлемдерден айқындалады делінген.

Аталған Заң нормасы императивтік сипатқа ие. Яғни, қоғамдық қатынастарды реттеу үшін қатал талап қоятын, міндетті түрде орындалуға жататын заңдық норма болып табылады және тараптардың еркін шешіміне байланысты емес.

Демек, егер мүгедек - борышкер жұмыс жасайтын болса, онда алимент оның табысы немесе жалақысынан есептеліп, өндіріледі. Егер жұмыс жасамайтын болса, онда оның жәрдемақыларынан және (немесе) әлеуметтік төлемдерінен есептелуге жатады. Бұл жерде жұмыссыз ретінде қарыз есептеу құқығы көрсетілмеген. Яғни, жұмыссыз ретінде алимент бойынша қарызды анықтауға болмайтыны анық жазылған.

Сондай-ақ, сот орындаушының, борышкер 3-ші топтағы мүгедек, жеңіл еңбек түрлеріне жарамды деген уәждері негізсіз. Себебі, аталған заң нормаларында мүгедектікті топтарға бөлмеген. «Жалпы мүгедек болса» - деп көрсетілген, сондықтан оның қай топтағы мүгедек екендігі маңызды емес.

Алайда, сот орындаушысы аталған заң нормаларын елемей, борышкердің қарызын жұмыссыз ретінде анықтаған.

Бұл орайда, ЖСО-ның тарапынан орын алған заңсыздық өз дәлелін толықтай тауып отыр. Сондықтан төменгі сатыдағы соттар даулы қаулы заңсыз деп дұрыс тұжырымға келген.

АПК-нің 270-бабының 1-бөлігіне сәйкес, заңдылық бұзылған жағдайлар анықталған кезде, сот жеке ұйғарым шығаруға және оны жіберуге құқылы, ал егер бұзушылыққа мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілер тарапынан жол берілсе, сот жеке ұйғарым шығарады және оны басқару функцияларын атқаратын тиісті ұйымдарға, лауазымды немесе өзге де тұлғаларға жібереді, олар өздері қолданған шаралар туралы бір ай мерзім ішінде хабарлауға міндетті.

ЖСО Ж.Д. Маликованың тарапынан жіберілген заң бұзушылықтар сот отырысында өзінің объективті растауын тапты. Мұндай заң бұзушылықтардың жиынтығы сотқа жеке ұйғарым шығаруға жеткілікті негіз болды.

Кассациялық сот, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың шешімдерін заңды және негізді деп санайды, өйткені олар сотта анықталған нақты мән-жайлар мен заңдылық, әділеттілік принциптері ескеріле отырып қабылданған.

Жауапкердің кассациялық шағымдарында көрсеткен уәждері кезінде төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген.

Жаңа уәждер кассациялық сотқа ұсынылмады.

Мундай жағдайда, іс бойынша қабылданған бірінші сатыдағы сот шешімінің, жеке ұйғарымының және апелляциялық соттың қаулысының, ұйғарымының күшін жоюға, сөйтіп, кассациялық шағымдарды қанағаттандыруға еш негіз жоқ.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот.

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Маңғыстау облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 19 қарашадағы шешімі, жеке ұйғарымы, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 желтоқсандағы қаулысы, ұйғарымы осы іс бойынша, күшінде қалдырылсын. Жауапкердің кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Е. Нұралиев

Судьялар

Л. Кудекова

Ш.Манжуева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.