№6003-26-00-2к/2423, №6003-26-00-2к/2423(2), №6003-26-00-2к/2423(3)
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 18 маусым Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында төрағалық етуші судья Ғ.Б.Бастаубаев, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,
талап қоюшының өкілі Н[...],
жауапкерлердің өкілдері А[...], А[...],
жауапкерлер К[...], О[...], А[...], Ә[...],
үшінші тұлғаның өкілі К[...],
бейнеконференцбайланыс арқылы қатысуымен, ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі» мемлекеттік мекемесінің жауапкерлер Н[...], Х[...], Н[...], А[...], Ә[...], У[...], К[...], К[...], М[...], О[...], Н[...], А[...], үшінші тұлға Қазақстан Республикасы Республикалық жеке сот орындаушылар палатасының Шымкент қаласының жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына жеке сот орындаушысы қызметімен айналысу құқығына берілген мемлекеттік лицензияларынан айыру туралы талап қоюы бойынша электрондық азаматтық істі Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 21 тамыздағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 1 желтоқсандағы қаулысына жауапкерлердің келтірген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
«Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі» мемлекеттік мекемесі сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен жүгінген.
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 21 тамыздағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, Шымкент қаласы атқарушы округінің жеке сот орындаушылары К[...] және М[...] жеке сот орындаушысы қызметімен айналысу құқығына берілген мемлекеттік лицензияларынан айырылған.
Талап қоюдың жауапкерлер Н[...], Х[...], Н[...], А[...], Ә[...], У[...], К[...], О[...], Н[...], А[...] қатысты бөлігі қанағаттандырудан бас тартылған.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 1 желтоқсандағы қаулысымен сот шешімі өзгертілген.
Шешімнің жауапкерлер Н[...], Х[...], Н[...], А[...], Ә[...], У[...], К[...], О[...], Н[...], А[...] жеке сот орындаушысы қызметімен айналысу құқығына берілген мемлекеттік лицензияларынан айыру туралы талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту жөніндегі бөлігінің күші жойылып, бұл бөлігінде талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылған.
Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкерлер кассациялық шағымдарында жергілікті соттардың істің мән - жайын толық анықтамай, заң нормаларын қате қолданғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыруды сұрайды.
Жауапкерлердің, олардың өкілдерінің және үшінші тұлғаның өкілінің кассациялық шағымды қолдаған пікірін, талап қоюшының өкілінің қарсылығын тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын зерделеп, кассациялық сот төменгі тұжырымдарға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 438 - бабының 5 - бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427 - бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434 - бабының 1- бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылыққа жол берілмеген. Қазақстан Республикасы «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушылардың мәртебесі» туралы Заңының (әрі қарай – Заң) 144-бабының 2-тармағының 1)-тармақшасына сай, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жалпы негіздерден басқа, жеке сот орындаушысын лицензиясынан айыру: атқарушылық әрекеттер жасау кезінде, оның ішінде мемлекеттің, жеке және заңды тұлғалардың мүдделеріне нұқсан келтіріп, Қазақстан Республикасының заңнамасын бірнеше рет (қатарынан күнтізбелік алты ай ішінде екі және одан да көп рет) бұзған жағдайда уәкілетті органның талап қоюы бойынша сот тәртібімен жүзеге асырылады. Шымкент қаласы прокуратурасымен Шымкент қаласының жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының жеке сот орындаушыларының орындауында болған және орындауындағы атқарушылық іс жүргізулердің заңдылығына тексеру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесі бойынша 2024 жылғы 28 қарашада Қазақстан Республикасының Әділет министріне заңдылықтың бұзылуын жою туралы ұсыну келтірген (әрі қарай - ұсыну).
Осы ұсыну негізінде 2024 жылғы 5 желтоқсанда «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Шымкент қаласының Әділет департаменті» Республикалық мемлекеттік мекемесінің (әрі қарай - Департамент) жоспардан тыс бақылау жүргізу туралы бұйрығы қабылданған.
2024 жылғы 19 желтоқсанда тексеру нәтижесі бойынша қорытынды жасалып, Шымкент қаласы атқару округінің 104 жеке сот орындаушылардың іс-әрекеттерінде Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу заңнамасы талаптарын бұзудың фактілер анықталып, Департамент басшылығының назарына тиісті шара қолдану үшін ұсынылған.
Осыған орай, 2025 жылғы 3 сәуірде Департаментпен жоспардан тыс бақылау жүргізу туралы бұйрық қабылданған.
Тексеру бойынша 2025 жылғы 15 сәуірде қорытынды жасалып, нәтижесінде жауапкерлердің ЭЦҚ-ның жабық кілттерін өзге тұлғаларға тапсырып, дербес деректерін өңдеуге мүмкіншілік бергені және Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде жүріп, ноутбук құрылғысы арқылы атқару істеріне қашықтан кіріп, бірнеше рет атқарушылық істер бойынша орындау әрекеттерін жасағаны анықталған.
Бұл мән-жайлар Құқық қорғау және арнайы органдарының ақпарат алмасу жүйесі арқылы қалыптастырылған Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің «Бүркіт» ақпараттық жүйесінінің және Атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің мәліметтерімен расталған.
«Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы» Заңының 10-бабы 2-тармағының 2-абзацында электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілттерін басқа тұлғаларға беруге шектеу қойылған.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 20 желтоқсандағы №832 қаулысымен бекітілген «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптардың» мемлекеттік органдардың немесе жергілікті атқарушы органдардың жергілкті желісінің сыртқы шеңберінде орналасқан ақпараттандыру объектілерінде мемлекеттік органдары немесе жергілікті атқарушы органдарының жергілікті желісінің сыртқы шеңберінен тыс қашықтан басқару үшін бағдарламалық немесе техникалық құралдарды орнатуға және қолдануға жол берілмейді.
Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2025 жылғы 19 қыркүйектегі №117 бұйрығымен «Құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесімен интеграцияланатын интернетресурстар мен ақпараттық жүйелердің тізбесі» бекітілген. Осы бұйрыққа сәйкес, «Атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі» аталған ақпараттық ресурстарға қосылып, оған «Жеке тұлғалар», «Заңды тұлғалар», «Жылжымайтын мүлік регистрі», «Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйе», «Азаматтық хал актілерінің жазбасы», «Екінші деңгейдегі банктер», «Қазақтелеком», т.б. басқа ірі көлемдегі мемлекеттік және мемлекеттік емес ақпараттық жүйелерінің мәліметтеріне қолжетімділік берілген.
Заңның 140-бабы 5-тармағына сай, жеке сот орындаушысы өзінің лауазымдық міндеттерін өзінің атынан және өзінің жауаптылығымен атқарады.
Заңның 148-бабының 1-тармағы 2), 3) тармақшаларына сай, жеке сот орындаушы осы Заңның және Қазақстан Республикасының сот орындаушысының қызметін реттейтін басқа да нормативтік құқықтық актілерінің талаптарына сәйкес, атқарушылық әрекеттер жасауға, өзінің кәсіби міндеттерін адал орындауға, жеке адамдардың жеке өмірінің мән-жайларына қатысты құпияны сақтауға, қызметінің нәтижесінде өзіне белгілі болған коммерциялық немесе өзге де заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді жария етуге жол бермеуге міндетті. Заңның 152-бабына сәйкес, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағымен тұспа-тұс келетін, жеке сот орындаушысы қызмет ететін аумақ атқару округі болып табылады. Жеке сот орындаушысы атқару округінің бүкіл аумағында атқарушылық құжаттарды орындауды жүргізуге құқылы.
Заңның 156-1-бабында жеке сот орындаушысы көмекшісінің құқықтары мен міндеттері белгіленген. Осы заңнама ережесінде атқарушылық іс жүргізулерді қозғау әрекеттерін жеке сот орындаушысының орнына көмекшісі жүргізе алатыны көзделмеген.
Аталған заң талаптарынан жеке сот орындаушысына өзінің қызмет ету аумағынан тыс жерде, атқару ісіне қашықтан кіріп атқарушылық іс әрекеттерін жасауға, осындай әрекеттерді басқа тұлғаларға жасауға тапсыруға, басқа тұлғаларға ақпараттық жүйеге қолжетімділікке мүмкіндік беріп, ақпараттық қауіпсіздікке қауіп төндіруге тыйым салынғаны көрінеді.
Мұндай жағдайда апелляциялық сатыдағы соттың жауапкерлер - жеке сот орындаушыларының бәрінің жоғарыда аталған әрекеттерін заң талаптарына қайшы түрде жасалған, орындау өндірісіндегі тараптардың мүдделеріне зиян келтірумен ұштасқан, ақпараттық жүйеге қолжетімділікке заңсыз жол берген, ақпараттық қауіпсіздікке және атқару ісінің тараптарына нұқсан келтірген, бірнеше рет жасалған өрескел заң бұзушылықтар ретінде бағалағаны дұрыс.
Осы орайда соттың жауапкерлердің өз қызметінде басқа да заң бұзушылықтарды жібергені үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын ескергені де орынды.
Заң талаптарына сай жеке сот орындаушыларымен бірнеше рет жасалған мұндай өрескел заң бұзушылықтар оларды жеке сот орындаушысы қызметімен айналысу құқығына берілген мемлекеттік лицензияларынан айыруға негіз болады.
Істің мұндай тұрғысында апелляциялық сатыдағы соттың талап қоюды толығымен негізді деп танып, қанағаттандырғаны дұрыс, істің мән-жайларына және заң талаптарына сай келді.
Кассациялық шағымда келтірілген уәждер дәлелдемелерді қайта бағалауға бағытталған. Алайда, іс бойынша маңызы бар дәлелдемелер істі қарау барысында тексерілген, оларға төменгі сатыдағы соттармен дұрыс баға
берілген, тиісті заң нормалары дұрыс қолданылған. Шағымдалған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіздер жоқ. АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 1 желтоқсандағы қаулысы күшінде, жауапкерлердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Ғ.Бастаубаев
Төрағалық етуші судья
Судьялар
Н.Жумагулова
Н.Косанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.