Қ А У Л Ы
2025 жылғы 27 қараша №6003-25-00-2к/2421 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында
төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,
талап қоюшы өкілі Ұ.Т.Базарғалидың, жауапкер өкілі Д.Д.Дуйсеновтың, аудармашы Г.С.Сарсенбаеваның қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Теплокоммунэнерго» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны (бұдан әрі - Кәсіпорын) жауапкер «Ali Group» жеке кәсіпкері атынан әрекет етуші Иманжан Али Муратулына (бұдан әрі - Кәсіпкер) тауарды ауыстыруға мәжбүрлеу туралы электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкердің Абай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 18 сәуірдегі шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Абай облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 маусымдағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
Кәсіпорын аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны Кәсіпкер тауарды ауыстырудан бас тартып жүргенімен негіздеген.
Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою қанағаттандырылып, Кәсіпкерге 2024 жылғы 26 ақпандағы №92 мемлекеттік сатып алу шартымен (бұдан әрі - Шарт) алынған 1 500 литр ТОСОЛ-45 «STAREX» үлгісіндегі сұйықтығын техникалық ерекшеліктерге сай болатын 1 500 литр ТОСОЛ-40 үлгісіндегі ГОСТ 28084-89 сұйықтығына ауыстыру міндеттелген, Кәсіпкерден Кәсіпорынның пайдасына 8 000 теңге тауарды зерттеуге кеткен сот шығыны және мемлекет кірісіне 1 846 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
Кәсіпкер кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.
Соттар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 272, 273-баптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын
материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.
Анықталғаны, Шартқа сәйкес Кәсіпкер өтінім берілген күннен бастап 15 күн ішінде барлығы 1 272 000 теңгеге тұратын 3 000 литр «ТОСОЛ-40» үлгісіндегі ГОСТ-28084-89 сұйықтығын Кәсіпорынға табыс етуге, соңғысы тауарды қабылдаған күннен бастап 30 күн ішінде сатып алу сомасын аударуға міндеттенген.
2024 жылғы 30 сәуірдегі қабылдап-тапсыру актісі бойынша тауар Кәсіпкермен жеткізіліп, Кәсіпорынмен қабылданып алынған.
Алайда, 2024 жылғы 12 қарашадағы №27 Кәсіпорынмен жасалған рекламациялық актісіге сай Кәсіпкермен табыс етілген сұйықтығы ауа райының -7 Цельсий градусында қатап қалатыны, техникалық ерекшілікте көрсетілген ГОСТ 28084-89 сай емес екендігі анықталған.
Сонымен қатар, сотқа ұсынылған «Семей майлар зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 2025 жылғы 7 сәуірдегі №35 сынақ хаттамасына сай, Кәсіпорынға жеткізілген сұйықтық басқа ГОСТ-қа сай (18995.5-93), кристалдану (кату) температурасы -1 Цельсий градус, яғни Шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын техникалық сипаттамаға сай емес. Себебі, техникалық ерекшелікке бойынша тауар МЕМСТ 28084-89 стандартына сәйкес келуі және төмен температураға кем дегенде -40 Цельсий градуске төзімді болуы керек.
Кәсіпорынның тауарды ауыстыру қажеттілігі жөніндегі хабарламасына Кәсіпкер тауарды ауыстырудан бас тартқан.
Бұл жағдайда соттар Кәсіпкердің әрекеттеріне дұрыс құқықтық бағасын берген, себебі егер сатушы тауардың кемшiлiктерi туралы айтпаған болса, тиiстi сапасы жоқ тауар берiлген сатып алушы сатушыдан тиiстi сапасы жоқ тауарды шартқа сәйкес келетiн тауармен алмастыруды талап етуге құқылы (АК-тің 428-бабының 1-тармағының 4) тармақшасы), өзiне сапасы лайықсыз тауар жеткiзiлген сатып алушы (алушы) тауар берушiге осы Кодекстiң 428бабында көзделген талаптарды қоюға құқылы, бұған жеткiзiлген тауардың кемшiлiктерi туралы сатып алушының хабарын алған тауар берушi жеткiзiлген тауарды кешiктiрмей сапасы лайықты тауармен алмастырған жағдайлар қосылмайды (АК-тің 471-бабының 1-тармағы).
Істің мұндай тұрғысында, яғни Кәсіпкер міндеттемені тиісті түрде орындамағанын ескере отырып, талап қою қанағаттандырылуға жатады деген соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.
Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.
Сол себепті, сот шешімі мен алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Абай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 18 сәуірдегі шешімі мен Абай облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 маусымдағы қаулысы күшінде, жауапкер «Ali Group» жеке кәсіпкері атынан әрекет етуші Иманжан Али Муратулының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші К.Айтжанов
Судьялар Н.Жумагулова
Н.Косанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.