ВС РК - Постановление от 06.05.2025 по делу 6001-25-00-6ап/209 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 6 мамыр 6001-25-00-6ап/209 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,

судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өмірәлиев болып,

талап қоюшы жеке кәсіпкер (бұдан әрі – ЖК) Г.К.Борбекованың, оның өкілі Б.К.Сералиевтың,

мүдделі тұлға ЖК Р.А.Утешованың өкілі М.Ж.Абуованың

қатысуларымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы ЖК Гулайым Куришбаевна Борбекованың жауапкерлер «Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Басқарма), Шымкент қаласы білім басқармасы «№55 жалпы орта білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – №55 мектеп), Шымкент қаласы білім басқармасы «№138 жалпы орта білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – №138 мектеп) қорытындылар туралы хаттаманы заңсыз деп танып, күшін жою, конкурс қорытындыларын қайта қарауды міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 22 тамыздағы шешіміне, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 26 қарашадағы қаулысына талап қоюшы ЖК Г.К.Борбекованың және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 26 қарашадағы қаулысына мүдделі тұлға ЖК Роза Амзебекқызы Утешованың кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 22 тамыздағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған. Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 26 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертілген.

Шешімнің талап қоюшы ЖК Г.К.Борбекованың жауапкерлер Басқармаға, №138 мектепке 2024 жылғы 1 шілдедегі №11946985-1 санды қорытынды хаттамасын заңсыз деп тану, күшін жою, конкурс бойынша қайта қорытынды жасауды міндеттеу туралы талап қою арызының бөлігі күші жойылып, бұл бөлігінде талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылған.

2024 жылғы 1 шілдедегі №11946985-1 санды қорытындылар туралы хаттамасы заңсыз деп танылып, күші жойылған. Басқармаға №11946985-1 санды конкурс нәтижелерін қайта қарауға міндеттелген.

Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы ЖК Г.К.Борбекова кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қою арызын толық қанағаттандыруды сұраған.

Мүдделі тұлға ЖК Р.А.Утешова кассациялық шағымында апелляциялық сот алқасының қаулысымен келіспейтінін көрсетіп, оның күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Мүдделі тұлға «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Шымкент қаласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Департамент), «Шымкент қаласының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Білім басқармасы) өкілдері істі онлайн түрде мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы қарауды сұраған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында қарауға тағайындалған болатын. Мүдделі тұлғалар Департамент пен Білім басқармасы өкілдерінің сотқа келмеуі туралы уәжін сот дәлелді деп санамайды.

Басқарманың, №138 мектептің және №55 мектептің өкілдері істі оның қатысуынсыз қарауды сұраған.

Қалған сотқа қатысушылардың өкілдері сот алқасының отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы, талап қоюшы ЖК Г.К.Борбекова мен оның өкілінің және мүдделі тұлға ЖК Р.А.Утешова өкілінің кассациялық шағымдарды қолдаған пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда Басқарманың ұйымдастыруымен №55 мектепте және «№ 138 мектепте білім алушыларға тамақтандыру қызметтерін сатып алу туралы конкурс жарияланған. №55 мектеп бойынша №11954293-1 конкурстың 2024 жылғы 27 сәуірдегі қорытындыларымен ЖК Г.Оралбаева (22 балл) жеңімпаз атанған, екінші орынды ЖК Назарова (22 балл), талап қоюшы - жетінші (18 балл) орын иеленген.

№138 жалпы орта мектебі бойынша №11946985-1 конкурстың 2024 жылғы 30 сәуірдегі қорытындыларымен ЖК Р.А.Утешова (22 балл) жеңімпаз атанған, екінші орынды ЖК Г.К.Борбекова (19 балл) иеленген.

Қатысушылар және талап қоюшының шағымдарымен Департамент №55 мектеп бойынша 2024 жылғы 16 мамырдағы №790000000-КпОПО-32-287398 және №138 мектеп бойынша №790000000-КпОПО-31/32-287393 камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламасында, әлеуетті өнім беруші ЖК Г.К.Борбекова 22 балл беруді көрсеткен.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі апелляциялық Департаментімен 2024 жылғы 28 маусымда қарсылық ішінара қанағаттандырылған.

Осыған байланысты Басқарма 2024 жылғы 1 шілдеде конкурстарды қайта қорытындылап №11954293-1 конкурсымен (№55 мектеп бойынша): жеңімпаз – ЖК Г.Оралбаева (22 балл), екінші орында – ЖК Назарова (22 балл), төртінші орында талап қоюшы (19 балл);

№11946985-1 конкурсымен (№138 мектеп бойынша) жеңімпаз - ЖК Р.А.Утешова (22 балл), екінші орында – талап қоюшы (18 балл) болып белгіленген.

Конкурстар қорытындысымен келіспеген ЖК Г.К.Борбекова жоғарыдағы талаптармен сотқа жүгінген. Талап қою арызын конкурстық комиссиясы өзіне қатысты төмен балл, ал мүдделі тұлғаларға қатысты жоғарылатып заңсыз қойылғанымен негіздеген.

Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырғанда аталған конкурстар бойынша заң бұзушылықтарға жол берілмеген деп есептеген.

Апелляциялық сатыдағы сот бұл тұжырыммен келіспей №138 мектеп бойынша кемшіліктерге жол берілген деген тұжырымға келген.

Сот алқасы, жергілікті соттар №55 мектеп бойынша істің мәнжайларын дұрыс анықтай тұра материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбаған деп есептейді.

№ 55 мектеп бойынша .

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №598 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу қағидаларының» (бұдан әрі – Қағида) 25-тармағында конкурсқа қатысу үшін әлеуетті өнім беруші еңбек ресурстарының болуы біліктілік талаптарына сәйкес келуі тиіс екендігі көзделген.

Қағиданың 7-қосымшасының ескертпесіне сай әлеуетті өнім беруші жеңімпаз деп жарияланған және (немесе) шартқа сәйкес ағымдағы конкурсты өткізу кезеңінде қызмет көрсететін және (немесе) басқа ұйымда қызметін жүзеге асыратын бұрын өткізілген конкурстарда әлеуетті өнім беруші ұсынған аспаздардың болуы туралы мәліметтерді ұсынған кезде конкурстық комиссия балл қоймайды. Қызметкерлер туралы мәліметтерді тексеруді конкурсты ұйымдастырушы веб-порталда жүзеге асырады.

Осы нормалардың мазмұнынан әлеуетті өнім берушілер қызметкерлерінің бір құрамымен Қағидада көрсетілген бірнеше нысандарда бір уақыт кезеңінде білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыруына жол берілмейді.

№55 мектеп бойынша ЖК Г.Оралбаева конкурстық құжаттамаға еңбек ресурстарын растау үшін аспаздар А.Мироширов, Н.Тазалимова, Д.Ирисбекова, С.Саитованы ұсынған.

Осы аспаздар құрамымен ЖК Г.Оралбаева №112 мектеп бойынша 2024 жылдың 26 сәуірінде сағат 23-45-де жеңімпаз болып, ал №55 мектебі бойынша 2024 жылдың 27 сәуірінде 00-29-да жеңімпаз болып танылған. Бұл фактіні және №112 мектеп бойынша конкурс қорытындысы жарамсыз деп танылмағанын тараптар теріске шығармаған.

Сондықтан ЖК Г.Оралбаеваның №55 мектеп бойынша ұсынған аспазшыларына конкурстық комиссиямен бал берілмеуі тиіс болған (аспазшының болуына және оның еңбек өтілі бойынша).

Жоғарыда аталған мән-жайлар ЖК Г.Оралбаеваға ол қатысқан № 55 мектептің конкурсы бойынша негізсіз жоғары балл қойылуына әкеп соқтырған.

Қағиданың 72-тармағының 1) тармақшасына сай әлеуетті өнім беруші егер ол конкурстық құжаттамада көрсетілген шарт бойынша міндеттемелерді орындау үшін жеткілікті материалдық және еңбек ресурстарына ие болу бөлігінде біліктілік талаптарына сәйкес келмесе конкурсқа қатысуға жіберілмейді, конкурсқа қатысушы, конкурс жеңімпазы ретінде таныла алмайды.

Сонымен қатар осы мектеп бойынша ЖК Г.К.Борбекова конкурстық құжаттамаға еңбек ресурстарын растау үшін аспаздар Ж.Ирискулов, С.Исмонов, Н.Сман, А.Исламов, Ж.Уркимбаевалардың құжаттарын ұсынған.

Бірақ Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінің мәліметіне сай бұл аспазшылар мен ЖК Г.К.Борбековамен еңбек қатынастары тіркелмеген.

Яғни, №55 мектеп бойынша конкурс қорытындыларын заңды деп есептеуге болмайды. Сондықтан сот актілерінің №55 мектеп бойынша қабылдаған шешімінің күші жойылып, талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдануға, кассациялық шағым қанағаттандырылуға жатады.

№138 мектеп бойынша .

Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың №138 мектеп бойынша қабылдаған шешімінің күшін жойғанда мына мән-жайларды негізді ескерген.

№138 мектеп бойынша ЖК Р.А.Утешова конкурстық құжаттамаға еңбек ресурстарын растау үшін аспаздар М.Тулешова, Х.Хасанова, К.Оспанкулова, Г.Оспанова мен Г.Оразбаевалардың құжаттарын тіркеген.

Алқаның сұратуына «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті» РММ-нің 2024 жылдың 26 қарашасында берген жауап хатына сай еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінен алынған мәліметтерінде ЖК Р.А.Утешованың аталған аспазшыларымен 2024 жылғы 1 қыркүйегінде еңбек шарттары жасалып, 2024 жылдың 11 қазанында ғана тіркегені анықталған.

Конкурстық құжаттаманы тапсыру кезінде (2024 жылдың сәуір айы) ЖК Р.А.Утешованың аспазшылары болмаған. Сондықтан аспазшылардың болмауына байланысты өтінімі конкурс талаптарына сай келмеген. Сонымен қатар осы мектеп бойынша ЖК Г.К.Борбекова конкурстық құжаттамаға еңбек ресурстарын растау үшін аспаздар А.Алиев, Д.Султанова, Н.Сман, Н.Абдусалимова, Д.Юлдашевты құжаттарын ұсынған.

Бірақ Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінің мәліметіне сай бұл аспазшылар мен ЖК Г.К.Борбековамен еңбек қатынастары тіркелмеген.

Сондықтан апелляциялық сатыдағы соттың №138 мектеп бойынша қабылдаған шешімі күшінде, кассациялық шағымдар қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

Осы соттың екі мектеп бойынша басқа әлеуетті өнім берушілер жөніндегі басқа да келтірген негіздемелері сот актісінде толық көрсетілген.

Сот актілеріне әкімшілік процесске қатысушы ЖК Г.К.Борбекова мен ЖК Р.А.Утешовадан басқасы кассациялық шағымдар бермеген. Сондықтан іс АПК-нің 449-бабына сай аталған тараптардың ғана шағымы шегінде қаралды.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 26 қарашадағы қаулысы өзгертілсін.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 22 тамыздағы шешімі мен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 26 қарашадағы қаулысының №55 мектеп бойынша талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру жайлы бөліктерінің күші жойылсын.

Талаптың бұл бөлігін қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдансын. 2024 жылғы 1 шілдедегі Шымкент қаласы білім басқармасы «№55 жалпы орта білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қатысты №11954293-1 санды конкурс қорытындысы заңсыз деп танылсын. Жауапкерлерге осы конкурс бойынша қайта қорытынды жасау міндеттелсін.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 26 қарашадағы қаулысының басқа бөліктері күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы Гулайым Куришбаевна Борбекованың кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын, мүдделі тұлға Роза Амзебекқызы Утешованың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

С. Баймаханов

Судьялар

Ш. Даниярова

Е. Өмірәлиев

Көшірмесі дұрыс

Судья С. Баймаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.