6001-21-00-3г/3377(2)
ҚАУЛЫ
2021 жылғы 12 шілде Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Ж.М. Қашқынбаева талап қоюшы Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының «Бейнеу орталық аудандық ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының (бұдан әрі – Бейнеу орталық ауруханасы) жауапкер «К[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі – Серіктестік) қойған шартты бұзу туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 2 ақпандағы шешімін, Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 27 сәуірдегі қаулысын қайта қарау туралы Серіктестіктің келтірген өтінішхатын істі алдырту арқылы алдын ала қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Бейнеу орталық ауруханасы Серіктестікке қатысты жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен сотқа жүгінген.
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 2 ақпандағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 27 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, талап қою арызы қанағаттандырылған. Бейнеу орталық ауруханасы мен Серіктестік арасында жасалған 2020 жылғы 20 наурыздағы № 148 сатып алу шарты бұзылған.
Өтінішхатта Серіктестік апелляциялық сот алқасының қаулысымен келіспей, материалдық және процестік құқық нормаларын бұзуға жол берілгенін көрсетіп, оны қайта қарауды сұраған.
Іс құжаттарын және өтінішхат уәждерін зерделеп, судья төмендегі негіздерге байланысты өтінішхат кассациялық сатыдағы сот отырысында қарау үшін берілуге жатады деген тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 401-бабына сәйкес егер осы Кодексте, басқа да заң құжаттары мен шартта өзгеше көзделмесе, шарт тараптардың келiсуiмен өзгертiлуi және бұзылуы мүмкiн. Тараптардың бiреуiнiң талабы бойынша шарт:
екiншi тарап шартты едәуiр бұзған кезде;
осы Кодексте, басқа да заң құжаттарында немесе шартта көзделген өзге реттерде тек сот шешiмiмен өзгертiлуi немесе бұзылуы мүмкiн.
Тараптардың бiреуi шартты бұзып, ол екiншi тарап шарт жасасу кезiнде үмiт артуға құқылы болғанынан едәуiр дәрежеде айрылып қалатындай шығынға әкеп соқса бұл шарттың едәуiр дәрежеде бұзылуы деп танылады.
Жоғарыда көрсетілген норманың мазмұнына сәйкес шарт тараптардың бірінің талабы бойынша, екінші тарап оның талаптарын айтарлықтай дәрежеде бұзған жағдайда бұзылады.
Серіктестік мемлекеттік сатып алу шартының талаптарына сәйкес 2020 жылғы 1 қыркүйекте тауарды - компьютерлік томограф жүйесін Бейнеу орталық ауруханасына жеткізген және орнатқан.
Екі тараптың уәкілетті өкілдері тауарды тапсыру - қабылдап алу актісіне қол қойған. Бейнеу орталық ауруханасы тарапынан жеткізілген тауардың сапасы мен орындалған жұмыстың көлеміне қатысты шағымдар болмаған.
Осылайша, Серіктестік шарт бойынша өз міндеттемесін тиісті түрде толық орындаған.
Апелляциялық сатыдағы сот Серіктестіктің компьютерлік томограф жүйесін Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге рұқсат құжаттары болмаған және бұл шартты бұзу үшін негіз болып табылады деген тұжырымға келген.
Алайда, бұл тұжырым істің нақты мән-жайларына сәйкес келмейді.
Серіктестікке атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметтер көрсетуге, оның ішінде құрамында иондаушы сәулеленудің радиоизотоптық көздері бар немесе иондаушы сәулеленуді генерациялайтын, медициналықты қоса алғанда, аспаптар мен қондырғыларға техникалық қызмет көрсету, оларды монтаждау, кері монтаждау, зарядтау, қайта зарядтау, жөндеу жүргізу үшін 2020 жылғы 18 ақпанда 5 жыл мерізімге № 20003046 лицензия берілген. Бұл лицензия Серіктестікке тендерге қатысуға мүмкіндік береді.
Талап қоюшыға да 2017 жылғы 1 шілдеде иондандырушы сәулеленудi генерациялайтын аспаптармен және қондырғылармен жұмыс iстеуге арналған лицензия берілген. Жауапкердің шарт бойынша міндеттелерді орындау кезіңде тауарды Қазақстан Республикасының аумағына енгізу «Өнімнің экспорты мен импортын лицензиялау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы инвестициялар және даму министрінің 2016 жылғы 13 қазандағы № 719 бұйрығының талабына сәйкес лицензия негізінде жүзеге асырылады. Бұл лицензияны алу үшін өтініш беруші өтініште міндетті түрде өзінің толық атауын, түпкі пайдаланушының толық атауын, лицензияны сұрау үшін негіз болып табылатын (шарт, келісімшарт, келісім) құжаттарды және басқа да деректемелерді көрсетуі тиіс болған.
Сондықтан, импорттық лицензияны алу кезінде Серіктестік шартты тіркеп, түпкі пайдаланушының толық атауын көрсету үшін лицензия алуға өтінімді талап қоюшымен шартқа тұрғаннан кейін тапсырған.
Қазақстан Республикасының аумағында карантиндік шаралар енгізілуіне байланысты медициналық құрал-жабдықтарды импорттау тәртібі жеңілдетіліп, тапсырыс беруші «медициналық компьютерлік рентгендік томографтармен» жұмыс істеуге қосымша лицензияны алмаса да, Серіктестік шарт бойынша міндеттемесін тиісті түрде орындап, тауарды жеткізген және орнатқан. Бірақ ауруларға қажетті және маңыздылығы зор компьютерлік томограф жүйесін тапсырыс беруші іске қоспаған.
Апелляциялық соттың қаулысында дәлелдер ретінде келтірілген басқа да бұзушылықтар тендер өткізу кезінде тендерлік комиссия тарапынан жіберілген және ол талапкердің мемлекеттік сатып алуды бұзушылықтармен өткізгенін көрсетеді.
Алайда, бұл жайт шарт бойынша міндеттемелердің орындалуына қатысы жоқ және шарттың едәуір дәрежеде бұзылуына негіз болып табылмайды.
Өтінішхат иесінің орнатылған компьютерлік томограф жүйесі басқа жерге қайта арнатылған жағдайда, ол бөлшектеніп, техникалық себептерге байланысты бүтіндігі бұзылып, кейін дұрыс жасамауы мүмкін екендігі туралы уәждері назарға алуға жатады.
Сонымен қатар, шарт бұзылған жағдайда жауапкердің келтірілген залалды өндіру құқығын пайдаланатынын, ол мемлекеттік бюджеттен қосымша шығындарға әкелетінін ескеру қажет.
Өтінішхат иесінің жоғарыда аталған және басқа да уәждері сот отырысында тексерілуге жатады.
АПК-нің 444-бабының 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 27 сәуірдегі қаулысына келтірілген өтінішхат іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін берілсін.
Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын.
Судья
Ж. Қашқынбаева
Көшірмесі дұрыс
Судья
Ж. Қашқынбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.