ҚАУЛЫ
2025 жылғы 9 қыркүйек №6003-25-00-2к/365 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар В.Е.Тохтарбаева, А.К.Тлеубаева, талап қоюшының өкілі Б.С.Айткасимовтың, жауапкер Г.А.Жанузактың, оның өкілі А.Ашированың, жауапкер Л.Т.Бакбаеваның, оның өкілі А.О.Омарбекованың қатысуларымен,
ашық сот отырысында, талап қоюшы «Шымкент қаласының қалалық орта сапасы жəне бақылау басқармасы» мемлекеттiк мекемесінің (бұдан əріБасқарма) жауапкер Гулстан Абдрахманқызы Жанузакқа, Ляйля Тазабековна Бакбаеваға құрылыс нысанын жауапкердің есебінен мəжбүрлеп бұзу туралы талап қоюы жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкер Л.Т.Бакбаеваның өкілі - А.О.Омарбекованың Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 сəуірдегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Басқарма аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, өз талаптарын жауапкерлер құрылыс нысанын заңнамада белгіленген тəртіппен пайдалануға енгізбей, заңсыз пайдаланғанымен негіздеген. Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 15 қаңтардағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 сəуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылған.
Жауапкер Л.Т.Бакбаеваға тиесілі Шымкент қаласы, Тұран ауданы, Асқаров көшесі, №32 үй 43 пəтерге жапсарлас салынған өлшемдері: ұзындығы 7,5 м, ені 4,4 м, биіктігі 3,0 құрайтын 1 қабаттан тұратын құрылыс нысаны жауапкердің есебінен мəжбүрлеп бұзылған.
Сот шығындары туралы мəселе шешілген.
Талап қоюшы өкілінің апелляциялық шағымы қанағаттандырылған. Жауапкер өкілі кассациялық шағымында апелляциялық сот жауапкердің берген дəлелдемелеріне біржақты баға бергенін, материалдық құқық нормаларының бұзылғанын, іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңбері дұрыс анықталмағанын көрсетіп, апелляциялық соттың қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұрайды.
Жауапкерлер мен оның өкілдерінің кассациялық шағымды қолдаған түсініктерін, талап қоюшы өкілінің шағымға қарсылығын тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан əрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сəйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға əкеп соққан материалдық жəне процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тəртіппен қайта қарауға негiз болады.
Апелляциялық сотпен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан əрі - АК) 188бабының 4-тармағына сай, меншiк иесiнiң өз өкiлеттiгiн жүзеге асыруы басқа тұлғалар мен мемлекеттiң құқықтарын жəне заңмен қорғалатын мүдделерiн бұзбауға тиiс.
Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 164-бабының талаптарына сай, меншiк құқығы мен жер пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде жəне Қазақстан Республикасының басқа да заң актiлерiнде көзделген тəртiппен қорғалады.
«Қазақстан Республикасындағы сəулет, қала құрылысы жəне құрылыс қызметі туралы» Заңының (бұдан əрі - Заң) 73-бабының талаптарына сəйкес салынған объектiлердi қабылдау Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiмен жəне осы Заңмен реттеледi. Осы Заңның 74-бабында көзделген жекелеген жағдайларда, салынған объектiнi пайдалануға қабылдауды меншiк иесi (тапсырыс берушi, инвестор, құрылыс салушы) өз бетінше жүргiзедi.
Құрылысы аяқталмаған объектiлердi пайдалануға қабылдау жəне беру кезiнде құрылысқа қатысушылар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылықта болады. Салынған объектіні пайдалануға қабылдау актімен ресімделеді. Салынған объектіні пайдалануға қабылдау актісі бекітуге жатады. Қабылдау актісін бекітуді тапсырыс беруші жүргізеді. Объектіні пайдалануға қабылдау актісіне қол қойылған күн оның бекітілген күні жəне объектінің пайдалануға берілген күні деп есептеледі. Салынған объектiнi пайдалануға қабылдау актiсiне сəйкестiк туралы декларацияның жəне орындалған жұмыстардың жобаға сəйкестiгi мен құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы туралы қорытындылардың негiзiнде тапсырыс берушi, мердiгер (бас мердiгер), техникалық жəне авторлық қадағалауларды жүзеге асыратын адамдар қол қояды.
Заңның 60-бабының 1-тармағына сай, объектілердің жəне олардың кешендерінің құрылысы (реконструкциялау, қалпына келтіру, кеңейту, техникалық қайта жарақтандыру, жаңғырту, күрделі жөндеу), сондай-ақ коммуникацияларды төсеу, аумақты инженерлік жағынан дайындау, абаттандыру жəне көгалдандыру белгіленген тəртіппен бекітілген егжейтегжейлі жоспарлау жобаларына, елді мекеннің бас жоспары негізінде орындалған құрылыс салу жобасына (немесе тұрғындарының саны бес мың адамға дейінгі елді мекендерді дамытудың жəне құрылыс салудың оларды
алмастыратын схемасына) сəйкес əзірленген жобалау (жобалау- смета) құжаттамасы бойынша жүзеге асырылады.
Заңның 68-бабының 1,11 жəне 12-тармақтарына сəйкес, құрылыс процесiнiң тиiстi кезеңдерiнде осы бапта белгiленген рəсiмдер орындалуға жəне талаптар сақталуға тиiс. Жобалауға арналған тапсырмаға, сəулетжоспарлау тапсырмасына жəне өзге де бастапқы материалдарға сəйкес əзiрленген жобалау (жобалаусметалық) құжаттамасы мемлекеттiк нормативтiк құжаттарда белгiленген талаптарға сəйкес келiсуден, ведомстводан тыс кешендi сараптамадан жəне бекiтуден өтедi. Құжаттамаға сараптама осы Заңның 9-1-тарауында белгiленген талаптарға сəйкес жүргiзiледi.
Құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргiзу басталғанға дейiн тапсырыс берушi мемлекеттiк сəулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын органдарға «Рұқсаттар жəне хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгiленген тəртiппен құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргiзу жөнiндегi қызметтi жүзеге асырудың басталғаны туралы хабар беруге мiндеттi.
Азаматтық іс құжаттарына қарағанда, 2021 жылғы 18 қазанда Шымкент қаласы, Асқаров көшесі, 32 үй, 42 пəтерде орналасқан тұрғын емес жайды жер телімімен Г.А.Жанузактың атына рəсімдеген, уəкілетті органда тіркеуден өткен.
Г.А.Жанузакқа Шымкент қаласы, Тұран ауданы, Асқаров көшесі, №32 үй 43 пəтерде орналасқан тұрғын емес үй жайын (дүкен) жалпы алаңы 44,2 шаршы метр, жер телімі жеке меншік құқығымен пəтерді халық тұтынатын тауарлар сататын дүкен етіп қайта жаңарту үшін берілген. Кадастарлық №19-309-128-213, жер телімінің алаңы 0,0047 га.
Іс құжаттарымен жауапкер Г.А.Жанузак құрылысты жүзеге асырған кезде Заңның 68-бабында белгіленген рəсімдерді орындамағаны жəне талаптарын сақтамағаны, яғни қажетті рұқсат, құрылысты бастағаны туралы хабарлама жолдамай, техникалық жəне авторлық қадағалауларды қатар жүргізбей, құрылыс нысанды жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасыз, белгіленген тəртіппен сараптамадан өткізбей құрылысты жүзеге асырғаны анықталған. Бұл жол берілген əкімшілік-құқық бұзушылықтар үшін жауапкер Г.А.Жанузак төрт рет жауапкершілікке тартылған.
2024 жылғы 17 қыркүйектегі сатып алу-сату келісім шартына сай, сатушы А.Кенестен Шымкент қаласы, Тұран ауданы, Асанбай Асқаров көшесі, №32 үй, 43 пəтерде орналасқан тұрғын емес жайды, жалпы алаңы - 44,2 шаршы метр, жер телімі жеке меншік құқығымен ортақ үлестік - бөлінбейтін, пəтерді халық тұтынатын тауарлар сататын дүкен етіп қайта жаңғырту үшін тағайындалған, кадастрлық №19-309-128-213, жер телімінің алаңы - 0,0047 га, жер телімі жеке меншік құқығымен - бөлінбейтін,
жапсырма құрылысын салу үшін тағайындалған, кадастрлық №22-336-021103, жер телімнің алаңы -0,0048 га Л.Т.Бакбаева сатып алған. Осы келісім шартта, көрсетілген жылжымайтын мүлік 2024 жылғы 16 қыркүйектегі сыйға тарту шарты негізінде А.М.Кенеске тиесілі болған.
Бірінші сатыдағы сотта істі қарау барысында 2002 жылғы 23 сəуірдегі қабылдау актiсi бойынша жоғарыда көрсетілген объектінің орындалған жұмыстарының жобаға сəйкестiгi мен құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы туралы қорытындылардың негiзiнде тапсырыс берушi, мердiгер (бас мердiгер), техникалық жəне авторлық қадағалауларды жүзеге асыратын адамдар қол қойғаны, мемлекеттік тіркеуден өткені жəне тіркелгені анықталған.
Заңның 1 бабының 44-1-тармағына сəйкес объектіні пайдалануға қабылдау актісі - объект құрылысының бекітілген жобаға жəне мемлекеттік (мемлекетаралық) нормативтерге сəйкес аяқталғанын жəне объектінің пайдалануға толық əзірлігін растайтын құжат болып табылады.
АК-нің 118-бабының 1,2 тармақтарына сəйкес жылжымайтын мүлікке құқықтардың (құқықтар ауыртпалығының) туындауы, өзгеруі жəне тоқтатылуы осы Кодексте жəне «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда мемлекеттік тіркелуге жатады.
Егер осы Кодексте жəне «Жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттiк тiркеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында өзгеше белгiленбесе, жылжымайтын мүлiкке құқықтар (құқықтар ауыртпалықтары) мемлекеттiк тiркелген кезден бастап туындайды, өзгередi жəне тоқтатылады. Егер тіркеуден бас тартылмаса, мемлекеттік тіркеу кезі деп өтініш берілген кез, ал электрондық тіркеу кезінде - жүргізілген тіркеу туралы хабарлама жөнелту арқылы тіркеуші органның құқықтардың (құқықтар ауыртпалықтарының) туындауын, өзгеруін немесе тоқтатылуын растаған кезі танылады.
Бірінші сатыдағы сот қазіргі уақытта Г.А.Жанузак жоғарыда аталған жылжымайтын мүліктің иесі болып табылмайтындығына байланысты оған қатысты талап қою қанағаттандыруға жатпайды деп дұрыс тұжырым жасаған.
«Шымкент қаласының сəулет, қала құрылысы жəне жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесінің 2024 жылғы 6 қарашадағы №199 санды шешімімен жауапкер Л.Т.Бакбаеваға Шымкент қаласы, Тұран ауданы, Асанбай Асқаров көшесі, №32 үйдің, 43 пəтер мекен жайында кадастрлық №19-309-128-213, №22-336-021-103 жер учаскелерінде орналасқан жалпы алаңы 44,2 шаршы метр құрайтын қолданыстағы дүкенді функционалдық мақсатын өзгертпей реконструкциялауға, қайта жоспарлауға, қайта жабдықтауға рұқсат берілген.
2024 жылғы 7 қарашада жобалауға арналған сəулет-жоспарлау тапсырмасы уəкілетті органмен бекітілген.
Сонымен қатар, 2025 жылдың 28 қаңтарында техникалық қадағалаушы - «Регион-Технадзор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен жауапкер Л.Т.Бакбаеваға Шымкент қаласы, Тұран ауданы, Асанбай Асқаров көшесі, №32 үйдің, 43 пəтері мекен жайында орналасқан қолданыстағы дүкенді реконструкциялау жəне жапсырма құрылысына құрылыс-монтаждық жұмыстардың сапалылығы туралы оң қорытынды берілген.
2025 жылғы 28 қаңтарда авторлық қадағалаушы - «Асад құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де орындалған құрылыс жұмыстарының жобаға сəйкестігі туралы оң қорытынды берген.
2025 жылдың 17 наурыздағы объектіні пайданануға қабылдау актісімен Шымкент қаласы, Тұран ауданы, Асанбай Асқаров көшесі, №32 үйдің, 43 пəтері мекен жайында орналасқан қолданыстағы дүкенді реконструкциялауы жəне жапсырма құрылысы пайдалануға қабылданған. Бұл акті 2025 жылдың 19 наурызында тіркеуші органда тіркеуден өткен жəне «Шымкент қаласының сəулет жəне қала құрылысы басқармасы» мемлекеттік мекемесінде есепке алынған.
Бұл анықталған мəн-жайлар апелляциялық соттың жауапкер Л.Т.Бакбаеваға дау айтылған құрылыс нысанына объектіні пайдалануға қабылдау актісі берілмеген деген тұжырымын жоққа шығарады.
Апелляциялық сот объектіні пайдалануға қабылдау актісінің жарамсыздығы туралы талап сотқа берілмегеніне қарамастан бұл актідегі техникалық-экономикалық көрсеткіштері дұрыс толтырылмаған жəне құрылыс нысанының көлемі рұқсат берілген өлшемнен артып кеткен деген дəлелдемесіз қате қорытынды жасаған.
Сонымен қатар апелляциялық сот бірінші сатыдағы соттың шешімінің күшін жою негізі ретінде заңды күшіне енген Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 18 қазандағы «Шымкент қаласының сəулет, қала құрылысы жəне жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесі мен жауапкер Г.А.Жанузактың арасындағы 2024 жылғы 13 мамырдағы №005/1757 санды Шымкент қаласы, Тұран ауданы, Асанбай Асқаров көшесі, №32 үйдің, 43 пəтері мекенжайындағы жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдаланудың үлгілік шарты жарамсыз деп танылғанын көрсеткен.
Алайда, апелляциялық сот Шымкент қаласының əкімдігінің 2024 жылғы 23 тамыздағы №4357 санды қаулысымен Г.А.Жанузакқа Шымкент қаласы, Тұран ауданы, Асанбай Асқаров көшесі, №32 үйдің, 43 пəтері мекенжайда орналасқан кадастрлық №19-309-128-213 алаңы 0,0047 га халық тұтынатын тауарлар сататын дүкен етіп қайта жаңарту үшін берілген жер учаскесіне қосымша алаңы 0,0048 га кеңейтуі мақсатында іргелес жатқан
жапсырма құрылысын салу үшін жер учаскесіне меншік құқығы қайтадан берілгенін назарға алмаған.
АК-нің 244-бабының 1,2 тармақтарының талаптарына сай, мемлекетке тиесілі, жер учаскелері болып қалыптаспаған жерде, құрылысты жүзеге асырған тұлғаға тиесілі емес жер учаскесінде салынған, сондай-ақ бұл үшін Қазақстан Республикасының жер заңнамасына, Қазақстан Республикасындағы сəулет, қала құрылысы жəне құрылыс қызметі туралы заңнамаға жəне Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасына сəйкес қажетті рұқсат алынбай салынған тұрғын үй, басқа да құрылыс, ғимарат немесе өзге де жылжымайтын мүлік өз бетінше салынған құрылыс болып табылады.
Жауапкер Л.А.Бакбаева Қазақстан Республикасындағы сəулет, қала құрылысы жəне құрылыс қызметі туралы заңнамаға сəйкес өзінің жеке меншігіндегі жер учаскесіне құрылыс салуға рұқсат беретін қажетті құжаттарды алған. Қазіргі кезде салынған құрылыс толық заңдастырылғандықтан ол өз бетінше салынған құрылыс болып табылмайды. Жауапкер Г.А.Жаузактың кезінде құрылыс заңнамасын бұзғаны үшін əкімшілік жауапкершілікке тартылғаны қазіргі кездегі Л.А.Бакбаеваның меншігіндегі заңдастырылған құрылысты бұзуға негіз бола алмайды. Сондықтан бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуы негізді.
Мұндай жағдайда кассациялық сот апелляциялық соттың қаулысының күші жойылып, бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылуға жатады деп санайды. АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 2) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 сəуірдегі қаулысының күші жойылсын.
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 15 қаңтардағы шешімі күшінде қалдырылсын.
Жауапкер өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков
Судьялар: В.Тохтарбаева
А.Тлеубаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.