№6003-25-00-2к/1754
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 4 желтоқсан Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында төрағалық етуші судья М.Т.Кадырова, судьялар А.З. Каирбеков, Р.А. Исполова, талап қоюшылардың өкілі М.Ахимбекованың ,
жауапкердің өкілі Е.Б. Ахметжановтың қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшылар Дарханбай Сеиткеримович Ибрагимовтың, Пердехожа Халходжаевтің жауапкер «МТС-ЖибекЖолы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жалпы жиналыстың хаттамалық шешімін жарамсыз деп тану туралы талап қоюы бойынша азаматтық істі жауапкердің өкілінің Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 11 сәуірдегі шешіміне және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 маусымдағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
«МТС-Жибек-Жолы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі – ЖШС, серіктестік) 1999 жылғы 4 ақпанда заңды тұлға ретінде 35 құрылтайшымен мемлекеттік тіркеуден өткен.
Талап қоюшылар Д. Ибрагимов және П. Халходжаев ЖШС-нің 2023 жылғы 25 қазанда өткен жалпы жиналыстың шешімімен келіспей сотқа жүгініп, жиналысты шақыру және шешім қабылдау тәртібі бұзылғанымен негіздеген.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 11 сәуірдегі шешімімен талап қою қанағаттандырылып, ЖШС-нің 2023 жылғы 25 қазандағы жалпы жиналысының №2 хаттамалық шешімі жарамсыз деп танылған. Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкердің өкілі кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар іс үшін маңызы бар мән-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, талап қою мерзiмiнiң өтiп кетуiн, жалпы жиналыс өткізу туралы құрылтайшыларға тиісті түрде хабарланғаның соттар ескермегенін, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыруды сұрады.
Кассациялық сот шағымды қолдаған жауапкердің өкілін, шағымға қарсылық білдірген талап қоюшылардың өкілін тындап, келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі -АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болады. Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар мұндай заң бұзушылықтарға жол бермеген.
Дауланып отырған 2023 жылғы 25 қазанда өткен жалпы жиналысының №2 хаттамалық шешімі бойынша:
2022 жылғы 26 мамырдағы №1 жалғыз қатысушысының шешімі және бұл шешім негізінде жасалған барлық іс-әрекеттер жарамсыз деп танылған;
ЖШС-нің жаңа басшысы болып 2023 жылғы 25 қазаннан бастап Н. Ибрагимов тағайындалған;
ЖШС-нің бұрынғы мөрі жарамсыз деп танылып жаңа мөр жасатуға шешім қабылданған.
Аталған жалпы жиналыстың хаттамасынан серіктестіктің атқарушы органын құру туралы шешім қабылданғаны анықталған, бұндай шешімдер жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қатысушыларының жалпы жиналысының ерекше құзыретіне жатады.
Мұндай талаптар «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 43бабы 2-тармағы 2) тармақшасында көзделген.
Жалпы жиналыс шақыру және шешім қабылдау тәртібі Заңның 46бабымен және 48-бабының 2-тармағымен реттеледі.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар талап қоюды қанағаттандырып, құрылтайшылар жиналысының шешімін заңсыз деп танып, күші жойылуға жатады деген тұжырымға келген.
Кассациялық сот соттардың тұжырымдарымен толық келіседі, себебі Серіктестік жалпы жиналысының шешімін белгіленген тәртіпті бұза отырып қабылдаған.
Заңның 46-бабына сәйкес ж ауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысын шақыратын орган немесе тұлға (тұлғалар) жиналыстың ашылу күніне дейін отыз күннен кешіктірмей серіктестіктің атқарушы органы жүргізетін қатысушылардың тізілімінде көрсетілген мекенжай бойынша серіктестіктің әрбір
қатысушысын оның өткізілетіндігі туралы жазбаша хабарлауға міндетті.
Заңның 11-бабының 1- тармағына сәйкес ж ауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылар осы Заңда және серіктестік жарғысында көзделген тәртіппен серіктестік істерін басқаруға қатысуға құқылы.
Сонымен қатар, Заңның 42-бабының 2-тармағына сәйкес ж ауапкершілігі шектеулі серіктестіктің барлық қатысушыларының жалпы жиналысқа қатысуға, күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауға қатысуға және шешімдер қабылдау кезінде дауыс беруге құқығы бар. Жауапкер талап қоюшылардың аталған құқықтарын бұзып, оларды серіктестік істерін басқаруға қатысуға және жалпы жиналысқа қатысуға кедергі жасаған.
ЖШС-гі талап қоюшыларға хабарлама жібермегені сотта анықталған, жауапкер бұл жағдайды жоққа шығармайды. Жауапкердің аудандық басылымда жиналыс өткізу туралы хабарландыру беру жауапкерді серіктестіктің қатысушысына жеке хабарлама жіберу міндетінен босатпайды. Заң бойынша хабарлама жариялау арқылы жеткізу мүмкіндігі тек қатысушылар саны жүз және одан көп болған жағдайда ғана көзделген.
Сонымен қатар, жиналысқа 35 қатысушысының 5 қатысушысы жиналысқа тіркелгенін соттар анықтаған, сондықтан шешім қабылдаған кезде тиісті кворум болмаған деген соттардың тұжырымдары дұрыс.
Сондай-ак кассациялық шағымда келтірілген жалпы жиналысының хаттамалық шешімі Заң талаптарына сәйкестігі жөніндегі уәждер іс бойынша анықталған мән-жайларға қайшы келеді. Мұндай жиналысты өткізетін заңнамалардың қағидалары өрескел бұзылған, сол себепті жіберілген бұзушылықтар қабылданған шешімді заңсыз деп тануға негіз болады. Соттардың Серіктестіктің жалпы жиналысының шешімі талап қоюшылардың құқықтарын бұза отырып, қабылданғаны жөніндегі тұжырымдары дұрыс.
Соттармен жауапкердің талап қою мерзімін қолдану туралы өтінішін қанағаттандырусыз қалдырылғанын кассациялық сот негізді деп есептейді, себебі талап қоюшыларға осы хаттама туралы басқа азаматтық іс қаралу барысында 2024 жылдың қараша айында ғана белгілі болғаны анықталған.
Кассациялық шағымда көрсетілген азаматтық іске талап қоюшы Д.Ибрагимов қатыспағаны іс материалдарымен бекиді, сондықтан жауапкердің кассациялық шағымдағы уәждерін жоққа шығарады.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарда тараптардың уәждері зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, материалдық және процестік құқық нормалары дұрыс қолданылған. Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып,
сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 маусымдағы қаулысы күшінде , жауапкер өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
М.Т. Кадырова
Судьялар А.З. Каирбеков
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.