ВС РК - Постановление от 14.02.2025 по делу 6001-24-00-6ап/2122 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 14 ақпан 6001-24-00-6ап/2122 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,

судьялар – Ш. Т. Даниярова, Е.Ж. Өмірәлиев болып,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Старт Строй» жауапкершілігі шектулі серіктестігінің (бұдан әрі – Серіктестік) жауапкерлер «Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Мекеме), «Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Басқарма) 2024 жылғы 29 наурыздағы №12015305-1 қайта жарияланған конкурстың күшін жою және 2020 жылғы 14 қыркүйектегі №4279222 хаттамасын орындауды міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 4 мамырдағы ұйғарымына, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 12 маусымдағы ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 4 мамырдағы ұйғарымымен талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартылып, талап қоюы қайтарылған.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 12 маусымдағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, істі бірінші сатыдағы сотқа қарауға жолдауды сұраған.

Басқарманың өкілі істі онлайн түрде мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы қарауды сұраған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында қарауға тағайындалған болатын. Мүдделі тұлғалар өкілдерінің сотқа келмеуі туралы уәжін сот дәлелді деп санамайды.

Қалған сотқа қатысушылардың өкілдері сот алқасының отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы іс құжаттарын зерттеп төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

ӘРПК-нің 136-бабының бірінші бөлігіне сай көрсетілген дау айту туралы, мәжбүрлеу туралы талап қоюлар шағымды қарайтын органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі.

Талап қоюшы соттан 2020 жылғы 14 қыркүйектегі №4279222-КСП1 хаттаманы жауапкерлерге орындатуды мәжбүрлеуді сұраған, алайда конкурс хаттамасы шыққан уақыттан бері 4 жыл мерзім өткен, яғни жоғарыда көрсетілген бір айлық талап қою мерзімін өткізіп алып, талап қоюмен жүгінген.

Талап қоюшы әкімшілік актіні даулауға берілген бұл мерзімді дәлелді себептерсіз өткізіп алғаны сотта анықталған.

ӘРПК-нің 138-бабының екінші бөлігінің 15) тармақшасына сәйкес, сот талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартса, сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.

Сонымен қатар, соттар Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 11 мамырдағы №5265-2200-2/759 шешімімен талап қоюшы «Старт-строй» ЖШС-нің жауапкер «Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы» ММ-не 2020 жылғы 14 қыркүйектегі конкурс хаттамасының нәтижесі бойынша келісім шартты жасасуды және оны Қазынашылық басқармасына тіркеуді міндеттеу туралы талап қою арызын қанағаттандырудан бас тартылғандығын ескерген.

Сондықтан соттардың талап қою арызын қайтаруы негізді болып табылады.

Істің бұл тұрғысында соттардың ұйғарымдары өзгеріссіз, талап қоюшының жеке шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ: Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 4 мамырдағы, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 12 маусымдағы ұйғарымдары күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы «Старт Строй» жауапкершілігі шектулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

С. Баймаханов

Ш. Даниярова

Е. Өмірәлиев

Көшірмесі дұрыс

Судья С. Баймаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.