ҚАУЛЫ
2024 жылғы 2 мамыр 6001-23-00-6ап/2291 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы Ғ.Ө.Әлжанов, судьялар –Ш.Т.Даниярова, Е.Д.Өмірәлиев болып,
талап қоюшы Т[...], мүдделі тұлға Н[...]
қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Т[...] ҚатонҚарағай ауданының әкіміне жер учаскесінің сәйкестендіру сипаттамаларын өзгерту туралы 2017 жылғы 30 наурыздағы №119 қаулысына және жер учаскесіне жасалған жерге орналастыру жобасын бекіту туралы 2014 жылғы 24 желтоқсандағы №326 бұйрығына дау айту туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,
Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 8 маусымдағы қаулысына талап қоюшы Т[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 4 қаңтардағы шешімін талап қоюы ішінара қанағаттандырылып, Қатон-Қарағай ауданы әкімінің жер учаскесіне жасалған жерге орналастыру жобасын бекіту туралы 2014 жылғы 24 желтоқсандағы №326 бұйрығы заңсыз деп танылып, күші жойылған, Т[...] Қатон-Қарағай ауданының әкіміне жер учаскесінің сәйкестендіру сипаттамаларын өзгерту туралы 2017 жылғы 30 наурыздағы №119 қаулысына дау айту туралы әкімшілік талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған, Т[...] бюджеттен 2022 жылғы 28 қазандағы төленген 1 532 теңге мемлекеттік баж қайтарылған.
Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 8 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі бұзылып, талап қоюы қайтарылған.
Талап қоюшы Т[...] кассациялық шағымында сот актісімен келіспейтінін көрсетіп, оны бұзуды сұраған.
Жауапкерлер өкілдері істі олардың қатысуынсыз қарауды сұраған.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Талап қоюшының және мүдделі тұлғаны кассациялық шағымды қолдағаның тындап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, 1-ші талап бойынша даулы [...] кадастрлық номерлі жер учаскесі 2014 жылғы 24 қыркүйектегі Катон-Қарағай ауданының №2 аудандық сотының шешімі негізінде Аудан әкімінің 2014 жылғы 24 желтоқсандағы №326 бұйрығымен [...] және [...] кадастрлық номерлі екі учаскеге бөлінгенін анықталды.
Тіркеуші органдардың ақпаратына сәйкес [...] кадастрлық номерлі жер учаскесі қазіргі таңда екі жер учаскесіне бөлінуіне байланысты жойылған. Жерді бөлудің салдарынан туындаған [...] кадастрлық номерлі жер учаскесіне уақытша өтеулі ұзақ мерзімді жер пайдалану құқығы қайтыс болған Т[...], Т[...] және Т[...] атында тіркеуде тұр.
2 –ші талап бойынша [...] кадастрлық номерлі жер учаскесін бөлу туралы жерге орналастыру жобасы талап қоюшы Т[...] 2016 жылғы 11 мамырдағы жазбаша өтініші мен ауданның жер қатынастары бөлімінің жолдамасы негізінде жасалып, жер қатынастары бөлімінің 2017 жылғы 29 наурыздағы бұйрығымен бекітілген. Нәтижесінде [...] кадастрлық номерлі жер учаскесі жойылып, жер қатынастары бөлімі мен талап қоюшының арасында жаңадан пайда болған [...] және 05071-009-520 жер учаскелерін жалға беру туралы 2017 жылғы 6 сәуірдегі 92 және 93 санды келісім шарттары жасалған.
Сонымен қатар жер учаскесін бөлу нәтижесінде оның көлемінің өзгеруі берілген жердің шекарасының бойымен Күлмес өзені ағып жатқандықтан, ал №2 жер учаскесінің негізгі бөлігі Күлмес өзенінің су қорғау аумағында орналасқандықтан Инспекция бөлінуге жататын жерді бөлу кезінде су қорғау белдеуін алып тастау қажет деген қорытынды берген. Қорытынды Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шілдедегі №481 «Су Кодексі» мен басқа да нормативтік актілерге негізделіп шығарылған. Аталған қорытындымен жердің жалпы ауданының 30 га-дан 28,93 га-ға дейін азаюы түсіндірілген.
Талап қоюшы Аудан әкімінің 2014 жылғы 24 желтоқсандағы №326 бұйрығы мен 2017 жылғы 30 наурыздағы №119 қаулысымен келіспей, жоғарыда көрсетілген талаппен сотқа жүгінген. Бірінші сатыдағы сот талап қою арызын ішінара қанағаттандыруын даулы бұйрықты қабылдауға негіз болған сот шешімі мен 2014 жылғы 18 қарашадағы апелляциялық сот алқасының қаулысы Шығыс Қазақстан облыстық соты кассациялық сот алқасының 2015 жылғы 1 маусымдағы қаулысымен бұзылғанымен тұжырымдаған.
Апелляциялық сатыдағы сот алқасы бірінші сатыдағы соттың тұжырымдарымен келіспей, әкімшілік талап қою сотқа беруге арналған мерзімді өткізіп алуына байланысты қараусыз қайтарылған. Апелляциялық саты сотының мұндай тұжырымдарын заңды әрі негізді деп санауға болмайды.
ӘРПК -нің 143-бабы бірінші бөлігінің 2) тармақшасына сәйкес (21тарау) алдын ала тыңдауда сот мерзімді өткізіп алу себептерін анықтайды және өткізіп алған мерзімді қалпына келтіру туралы мәселені шешеді. Өткізіп алған мерзімді қалпына келтіруден бас тартылған жағдайда талап қоюды қайтарады.
ӘРПК-нің 1-бабының үшінші бөлігіне сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізуде, егер осы Кодексте өзгеше тәртіп көзделмесе, әкімшілік сот ісін жүргізуде Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің ережелері қолданылады.
АПК-нің 126-бабының жетінші бөлігіне байланысты іс жүргізу мерзімін ұзарту немесе қалпына келтіру туралы соттың ұйғарымы шағымдануға, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарауға жатпайды.
Бірінші сатыдағы сот істі соттың іс жүргізуіне қабылдағанын және талап қоюды мәні бойынша қарағанын ескере отырып, талап қоюдың іс жүргізу мерзімін қалпына келтіру туралы мәселе рұқсат етілген деп санайды және жоғары сатыдағы соттарда қайта қарауға жатпайды.
Сонымен қатар, АПК-нің 424-бабының бесінші тармақшасында апелляциялық сатыдағы сот істі жаңа қарауға жібере отырып, бірінші сатыдағы соттың шешімінің күшін жоя алатын негіздердің толық тізбесі көзделген. Талап қою мерзімін өткізіп алу және оны қалпына келтіру мәселелері мұндай негіздерге жатпайды.
Осылайша, апелляциялық саты істі сотқа беруге арналған мерзімді өткізіп алуына байланысты қараусыз қайтарып, іс жүргізу заңының нормаларын айтарлықтай бұзып, апелляциялық қараудан асып түсті. Апелляциялық сатыдағы сот жол берген бұзушылықтар елеулі болып табылатынын және кассациялық іс жүргізу шеңберінде жойыла алмайтынын назарға ала отырып, апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы істі апелляциялық сатыдағы соттың жаңа қарауына жібере отырып, күші жоюға жатады.
Апелляциялық сатыдағы сот жаңа қараған кезде дауды мәні бойынша қарауы, оның мән-жайларына тиісті құқықтық баға беруі және белгіленгеніне байланысты объективті шешім шығаруы тиіс.
ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 8 маусымдағы қаулысының күші жойылсын. Іс Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасына судьялардың өзге құрамында жаңадан қарауына жолдансын. Талап қоюшы Т[...] кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
Ғ. Әлжанов
Судьялар
Ш.Даниярова Е.Өмірәлиев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.