6003-25-00-2к/4743
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 14 сәуір Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков, судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева,
арызданушы Д.М.Бекжигитованың өкілі М.Ж.Жумагуловтың, талап қоюшы А.А.Тыныштыкбаеваның өкілі М.О.Нурмановтың, жауапкерлер Н.Қ.Сатыбалдиеваның, Р.А.Арипбаеваның, нотариус М.И.Усенованың қатысуларымен, ашық сот отырысында
электрондық форматтағы азаматтық істі талап қоюшы А.Тыныштыкбаеваның жауапкерлер Т.Карсыбаевке, Р.Карсыбаеваға, даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлғалар кәмелетке толмаған Б.Абдрахимовқа, М.Абдрахимовқа, Е.Карсыбаевке, М.Карсыбаевке тұрғын үйден шығару туралы және дербес талап қоюшы К.Сидикованың жауапкерлер А.Тыныштыкбаеваға, Н.Сатыбалдиеваға, М.Усеноваға, Р.Арипбаеваға мәмілені жарамсыз деп тану туралы талап қоюына,
арызданушы Д.Бекжигитованың Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 ақпандағы қаулысын мәні бойынша жаңа ашылған жағдайлар негізінде қайта қарау туралы арыз берудің өткізіп алған процестік мерзімін қалпына келтіру жөніндегі арызы бойынша арызданушы Д.Бекжигитованың Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 қарашадағы ұйғарымына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ :
Арызданушы Д.Бекжигитованың Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 ақпандағы қаулысын мәні бойынша жаңа ашылған жағдайлар негізінде қайта қарау туралы арыз берудің өткізіп алған процестік мерзімін қалпына келтіру жөніндегі арызбен сотқа жүгінген.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 қарашадағы ұйғарымымен арызданушы Д.Бекжигитованың өткізіп алған процестік мерзімін қалпына келтіру жөніндегі арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Арызданушы Д.Бекжигитова кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы сот іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, өткізіп алған процестік мерзімін қалпына келтіріп, істі мәні бойынша жаңа ашылған жағдайлар негізінде қайта қарап, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 ақпандағы қаулысының күшін жоюды, бірінші сатыдағы соттың шешімің күшінде қалдыруды сұраған.
Кассациялық шағымды қолдаған арызданушы Д.М.Бекжигитованың өкілі М.Ж.Жумагуловты, шағымға қарсылық білдірген А.А.Тыныштыкбаеваның өкілі М.О.Нурмановты тыңдап, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті сотпен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
АПК-нің 126-бабының 4-бөлігіне сәйкес, өткізіп алынған процестік мерзімді қалпына келтіру туралы арыз өзінің құқықтарының немесе заңды мүдделерінің бұзылғандығы туралы арыз иесіне белгілі болған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей, процестік әрекеттер жасалуға тиіс сотқа беріледі.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Сот актілерін жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша қайта қарау кезінде соттардың Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің нормаларын қолдануы туралы» 2017 жылғы 8 желтоқсандағы № 12 нормативтік қаулысының 14-тармағында қайта қарау туралы арыз беруге арналған үш айлық мерзім АПК-нің 459-бабының 1), 2), 3), 4), 5) тармақшаларында белгіленген оқиғалар туындаған күннен кейінгі күннен бастап есептелуге жатады.
Егер көрсетілген мерзім сот дәлелді деп таныған себептер бойынша өткізіп алынған болса, ол қалпына келтірілуі мүмкін. Қайта қарау туралы арызбен бір мезгілде мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхат мерзімді өткізіп алу себептерінің дәлелді екенін растайтын құжатпен бірге беріледі.
Мерзімді қалпына келтіру мүмкіндігі туралы мәселені шешу кезінде соттың өткізіп алу себептерінің дәлелді екенін, сонымен қатар жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлардың бар болуын білгеннен немесе білуге тиіс болғаннан кейін арыз берушінің сотқа қайта қарау туралы арызбен уақтылы жүгінгенін ескергені жөн.
Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2024 жылғы 24 қазандағы шешімімен талап қоюшы А.Тыныштыкбаеваның талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған, дербес талап қоюшы К.Сидикованың талап қоюы қанағаттандырылған. 2024 жылғы 24 қаңтардағы № 298, 298 тіркелген К.Сидикова мен А.Тыныштыкбаева арасындағы даулы үйге қатысты жеке нотариус М.Усеновамен куәландырылған сатып алу-сату келісім шарттары жарамсыз деп танылған.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 ақпандағы қаулысымен аталған шешімінің күші жойылып, іс
бойынша жаңа шешім қабылданған. Талап қоюшы А.Тыныштыкбаеваның жауапкерлер Т.Карсыбаевке Р.Карсыбаеваға, кәмелетке толмаған үшінші тұлғалар Б.Абдрахимовқа, М.Абдрахимовқа, Е.Карсыбаевке, М.Карсыбаевке тұрғын үйден шығару туралы талап қоюы қанағаттандырылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген. Дербес талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
Арызданушы Д.Бекжигитова жоғарыда аталған арызбен жүгініп, апелляциялық сатыдағы Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 ақпандағы қаулысын мәні бойынша жаңа ашылған жағдайлар негізінде қайта қарау туралы арыз берудің өткізіп алған процестік мерзімін қалпына келтіру арызбен жүгінген.
АПК-нің 463-бабының 3-бөлігінің 4) тармақшасында өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тарту, істі қайта қарау туралы арызды қайтаруға негіз болып табылатындығы көрсетілген.
АПК-нің 126-бабының 5-бөлігіне сәйкес, мерзімді қалпына келтіру туралы арыз берумен бір мезгілде құқықтарды қорғау туралы талап берілуге, мерзімді өткізіп алу себептерінің дәлелділігін растайтын құжат ұсынылуға тиіс.
Апелляциялық сатыдағы сот, өткізіп алған мерзімді қалпына келтіру туралы арызды қараған кезде келесі мән-жайларға назар аудармаған.
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 15 шілдедегі шешімімен 1988 жылғы 17 сәуірде туған Күмісай Айленқызы Сидикова әрекетке қабілетсіз деп танылған.
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 15 қыркүйектегі ұйғарымымен Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 15 шілдедегі сот шешімінің сипаттау және қара бөлігінде «Күмісай Айленқызы Сидикова» орнына «Кумисай Алейовна Сидикова» деп түзетілген.
«Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің 2025 жылғы 28 қазандағы бұйрығымен Д.М.Бекжигитова әрекетке қабілетсіз деп танылған К.А.Сидиковаға қорғаншы ретінде белгіленген.
Апелляциялық сотқа Д.М.Бекжигитованың жаңа ашылған жағдайлар негізінде қайта қарау туралы арыз беруге өткізіп алған процестік мерзімін қалпына келтіру арызы 2025 жылдың 30 қазанында түскен. Жоғарыда көрсетілген мән-жайлар Д.М.Бекжигитовамен мерзімді өткізіп алу себептерінің дәлелділігін растайды.
Демек, арызданушының өткізіп алған процестік мерзімі қалпына келтіруге жатады.
Істің мұндай тұрғысында кассациялық сот, апелляциялық сот ұйғарымының күші жойылуға, арыз берудің өткізіп алған процестік мерзімін
қалпына келтіру жөніндегі арызданушы Д.Бекжигитованың арызы қанағаттандырылуға және өткізіп алған процестік мерзімі қалпына келтірілуге, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 ақпандағы қаулысын мәні бойынша жаңа ашылған жағдайлар негізінде қайта қарау туралы арызы Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына мәні бойынша қаралу үшін жіберілуге жатады деп есептейді.
Арызданушы Д.Бекжигитованың кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 7) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 қарашадағы ұйғарымының күші жойылсын.
Арыз берудің өткізіп алған процестік мерзімін қалпына келтіру жөніндегі арызданушы Д.Бекжигитованың арызы қанағаттандырылсын. Арыз берудің өткізіп алған процестік мерзімі қалпына келтірілсін.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 ақпандағы қаулысын мәні бойынша жаңа ашылған жағдайлар негізінде қайта қарау туралы арызы Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына мәні бойынша қарау үшін жіберілсін. Арызданушы Д.Бекжигитованың кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков
Судьялар: А.О.Тогумбетова
Л.Б.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.