6001-24-00-6ап/3133
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 5 ақпан
Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - судья Ғ.Ө.Әлжанов,
судьялар - Б.Т.Нажмиденов, Ж.Б.Ермагамбетова болып,
талап қоюшының өкілі М.К.Кабдуллиннің,
жауапкердің өкілі А.М.Мергенбекованың, аудармашы Р.Т.Шайхының қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «№8 мектеп-лицейі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жауапкер «Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің Астана қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті» мемлекеттік мекемесіне тексеру нәтижелері актісін заңсыз деп тану туралы талап қоюы бойынша қабылданған
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 30 шілдедегі ұйғарымына, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5 қырқүйектегі ұйғарымына талап қоюшы келтірілген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 30 шілдедегі ұйғарымымен Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 138-бабының 2-бөлігінің 11) тармақшасында көзделген негіздер бойынша талап қою кері қайтарылған.
Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5 қырқүйектегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымда іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды сұраған. Сот алқасы іске қатысушылардың пікірлерін тыңдап, іс құжаттары мен кассациялық шағымның уәждерін зерделеп, істегі дәлелдемелерді зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген. ӘРПК-нің 102-бабының 2-тармағына сәйкес, жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, ӘРПК де көзделген даулар әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен соттардың соттылығына жатады.
ӘРПК-нің 4-бабының бірінші бөлігіне сәйкес:
әкімшілік акт жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік орган, лауазымды адам қабылдайтын, белгілі бір тұлғаның немесе жеке-дара айқындалған тұлғалар тобының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім;
әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) әкімшілік органның, лауазымды адамның жария-құқықтық қатынастардағы, әкімшілік акт болып табылмайтын әрекеті (әрекетсіздігі);
әкімшілік талап қою (талап қою) жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарды, бостандықтарды немесе заңды мүдделерді қорғау және қалпына келтіру мақсатында сотқа берілген талап. Бұл ретте, әкiмшiлiк iс жүргiзуге қатысушының құқықтарын орындаудан бас тартатын, шектейтiн, тоқтататын немесе оған белгiлi бiр мiндеттер жүктейтiн, сондай-ақ оның жағдайын өзге де түрде нашарлататын акт немесе әрекет даудың нысанасы болады.
Яғни, сот бақылауына әкімшілік органдардың әкімшілік процеске қатысушының құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыратын және нақты құқықтық нәтижеге бағытталған әрекеттері жатады.
Сондай-ақ, қойылған талап (тексеру нәтижелері актісін заңсыз деп тану) әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібінде қаралуға жатпайды, себебі тараптар арасында жария-құқықтық қатынастардан туындайтын даулануға жататын шешім қабылданбаған, әкімшілік шешім шығарылмаған.
Тәртіптік жаза қызметкер мен жұмыс берушінің арасындағы еңбек қатынастарына байланысты, талапкер азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен жұмыс берушіге тиісті талап қоюы мүмкін. Сонымен қатар, тексеру нәтижелері азаматтық дауды қарау кезінде құқықтық баға берілуі тиіс.
ӘРПК-нің 138-бабы 2-бөлігінің 11) тармақшасына сәйкес, егер іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса, сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.
Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай.
Сондықтан алқа жергілікті соттардың қорытындыларымен келісіп және оны негізді деп санап, сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ деген қорытындыға келеді.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 30 шілдедегі ұйғарымы, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5 қырқүйектегі ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы «№8 мектеп-лицейі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
Ғ. Әлжанов Б. Нажмиденов Ж. Ермағамбетова
Көшірмесі дұрыс. Судья
Ж. Ермағамбетова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.