ҚАУЛЫ
2026 жылғы 26 ақпан №6003-25-00-4к/2793 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот құрамында:
төрағалық етуші – судья Ә. Назарова,
судьялар М. Қасымов, Ә. Нұрлыбаева болып,
ашық сот отырысында талап қоюшы Куралай Ашимовна Турсуканованың жауапкерлер «Ақтау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, «Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясы» мемлекеттік мекемесі мен «Ақтау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне «силомер» құрылғысын алып қою әрекетін заңсыз деп тану туралы әкімшілік талап қоюы бойынша қабылданған
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 11 қыркүйектегі ұйғарымына, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 қазандағы ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
К. Турсуканова жоғарыда аталған әкімшілік талап қоюмен сотқа жүгінген. Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 11 қыркүйектегі ұйғарымымен талап қоюшының талабы қайтарылған.
Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 қазандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша шығарылған бірінші сатыдағы сот ұйғарымының, апелляциялық сатыдағы соттың ұйғарымының күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұрайды.
Талап қоюшының өкілі І.Дәнеқұл істі онлайн түрде мобильді бейнеконференц байланыс арқылы қарауды сұрады.
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының отырысы осы соттың ғимаратында қарауға тағайындалған болатын. Талап қоюшының сотқа келмеуі туралы уәжін сот дәлелді деп санамайды.
Басқа тараптар немесе олардың өкілдері кассациялық соттың сот отырысына келмеді және сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды. Кассациялық сот кассациялық шағымның уәждері мен іс құжаттарын зерделеп, дау айтылған сот актілері төмендегі негіздерге байланысты күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Іс материалдарынан көрінгендей, К. Турсуканова сотқа берген талап қоюында жауапкерлер арнайы рейд жүргізу барысында Ақтау қаласы, 28 шағын ауданындағы №8 үйдегі «Абай» дүкенінің жанында орналасқан «силомер» құрылғысын алып кеткенін көрсетіп, осы әрекетін заңсыз деп тануды сұраған.
ӘРПК-нің 136-бабының 1-бөлігіне сай дау айту туралы, мәжбүрлеу туралы талап қоюлар шағымды қарайтын органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі.
Іс құжаттарынан анықталғандай, «силомер» құрылғысының Ақтау қаласы әкімдігі қызметкерлері тарапынан алып қойғаны, Ақтау қаласы, 11-шағын ауданында орналасқан арнайы тұраққа сақтауға берілгені жөнінде талап қоюшыға 2024 жылғы 26 қыркүйекте белгілі болған.
Бұл жағдай талап қоюшының Маңғыстау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне берген 2024 жылғы 10 қазандағы арызымен расталады.
Одан басқа, Маңғыстау облысының прокуратурасына берген 2024 жылғы 4 қарашадағы шағымында да осы мән-жайларды нақты көрсеткен. Аталған шағым әкімшілік органдар тарапынан уақтылы қаралып, оған жауап жолданған.
Алайда, талап қоюшы жауапкерлердің даулы әрекеттері жөнінде дер кезінде білгендігіне қарамастан, сотқа 2025 жылғы 2 маусымда, яғни сегіз ай мерзім өткеннен кейін жүгінген.
ӘРПК-нің 138-бабы 2-тармағының 15) тармақшасына сәйкес егер сот талап қоюды беруге арналған мерзімді қалпына келтіруден бас тартса, сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.
Сондықтан, кассациялық сатыдағы сот шағым беріліп отырған бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы және оны күшінде қалдырған апелляциялық сатыдағы соттың ұйғарымы заңды және негізді деген тұжырымға келеді. Кассациялық шағымның уәждері мазмұны мен мәні бойынша талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен, сондай-ақ сот отырысында берілген түсіндірмелермен біртектес.
Соттар осы дәлелдемелерге тиісті құқық баға берген. Сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қайтаруға негіз болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы орын алмаған.
Жоғарыда келтірілгендердің негізінде жергілікті соттардың сот актілері өзгеріссіз, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 11 қыркүйектегі ұйғарымы, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 қазандағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Ә. Назарова
Судьялар
М. Қасымов
Д. Нұрлыбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.