КСАД РК - Постановление от 27.11.2025 по делу 6003-25-00-4к/1895(2) (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 27 қараша №6003-25-00-4к/1895(2), (3) Астана қаласы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші – судья Д.Ә. Әбдіғалиев,

судьялар – Г.М. Ыдырысова, Ә.Ж. Назарова,

талап қоюшының өкілдері С.О. Баймаховтың, Ж.Ф. Файзуллаевтің, «Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитетi» республикалық мемлекеттiк мекемесінің (бұдан әрі – РММ) өкілі Ж.И. Игембаевтің, «Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті» РММ-нің өкілі С.Ә. Бекжігіттің, «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті» РММ-нің өкілі К.К. Шариповтің қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «ХТГ-Транс Астана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – ЖШС) жауапкер Рудный қаласы әкімдігінің «Рудный қалалық қаржы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Қаржы бөлімі) қатысты ұйымдастырушының 2025 жылғы 7 cәуірдегі шағымды қарау нәтижесі бойынша қабылдаған шешімін заңсыз деп тану және 2025 жылғы 31 наурыздағы №14218016-ОК2 қорытындысын қайта қарауды міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының (бұдан әрі – МАӘС) 2025 жылғы 29 мамырдағы шешімі мен Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – ӘІжСА) 2025 жылғы 3 шілдедегі қаулысына жауапкер мен мүдделі тұлға «NomadPartners» ЖШС-ның берген кассациялық шағымдары бойынша әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы конкурсты өткізу және оның қорытындыларын шығару барысында жол берілген заң бұзушылықтарды негізге ала отырып, жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

МАӘС-тің 2025 жылғы 29 мамырдағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған. Конкурс ұйымдастырушысының 2025 жылғы 7 сәуірдегі шешімі мен 2025 жылғы 31 наурыздағы №14218016-ОК2 қорытындылар туралы хаттама заңсыз деп танылып, күші жойылып, №14218016-2 конкурсын қайта қарауға міндеттелді. Рудный қаласы әкімдігінің «Рудный қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – ТКШ Бөлімі) мен «NomadPartners» ЖШС-арасында жасалған 2025 жылғы 15 сәуірдегі №42 шарты жарамсыз деп танылды.

ӘІжСА-ның 2025 жылғы 3 шілдедегі қаулысымен МАӘС-тің шешімі өзгеріссіз қалдырылды. Кассациялық шағымдарында жауапкер мен мүдделі тұлға «NomadPartners» ЖШС сот актілерін күшін жоюды және талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығаруды сұрайды.

Жауапкер өкілінен Астана қаласына шығу мүмкіндігінің болмауын негізге ала отырып, сот отырысына бейнеконференцбайланыс режимінде қосылу туралы өтінішхат түсті. Алайда аталған өтінішхат қанағаттандыруға жатпайды, себебі сот отырысы Қазақстан Республикасы Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының ғимаратында тараптардың міндетті түрде жеке қатысуымен қарауға тағайындалған, бұл жөнінде іс жүргізуге қатысушылардың барлығы алдын ала хабардар етілген. Көрсетілген мән-жай соттың кассациялық сатысында сот отырысын өткізу форматын өзгертуге негіз болып табылмайды.

Әкімшілік іске қатысушы өзге тұлғалар сот отырысының күні, уақыты мен форматы туралы тиісті түрде хабардар етілгеніне қарамастан, сот отырысына келмеген және келмеу себептері туралы сотқа мәлімдемеген.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Кассациялық шағымдардың уәждерін талқылап, іс материалдарын зерттеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалап, кассациялық сот келесі қорытындыға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер ӘРПК-де өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сай заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы АПК-нің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Мұндай бұзушылықтарға соттар жол берген.

Іс материалдарынан көрінгендей, тапсырыс беруші ТКШ Бөлімінің тапсырмасы бойынша Қаржы бөлімі №77889769-ОК1 лоты бойынша «Құрылыс қызметі саласын қоспағанда, техникалық қадағалауды жүзеге асыру жөніндегі қызметтерге» арналған «Рудный қаласындағы көшелерге, тұйық көшелерге орташа жөндеу жүргізуді техникалық қадағалау» бойынша № 14218016-ОК2 конкурс жариялаған.

Веб-порталда орналастырылған мәліметтерге сәйкес, аталған конкурс бойынша 2025 жылғы 7 – 12 наурыз аралығында әлеуетті өнім берушілер тарапынан ескертпелер (сұраулар) енгізілген.

Конкурс құжаттамасы жобасын алдын ала талқылау хаттамасына сәйкес мынадай ескертулердің бірі енгізілген:

  • конкурс құжаттамасының 8-қосымшасына аккредиттелген зертхананың, сәулет, қала құрылысы және құрылыс салаларындағы сараптамалық жұмыстар мен инжинирингтік қызметтерді жүзеге асыратын аттестатталған сарапшылардың болуы жөніндегі талапты қосу; - келесі материалдардың болуы – асфальтбетон тығыздығын өлшеуге арналған тығыздық өлшегіш, сондай-ақ өлшеу және бақылау құралдары, жол рейкасы.

Жоғарыда көрсетілгенді қарау нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2024 жылғы 9 қазандағы № 687 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының (бұдан әрі – №687 Қағидалары) 72-тармағына сілтеме жасай отырып, ескертпелерді қабылдамау жөнінде шешім қабылданып, онда материалдық және еңбек ресурстарымен қамтамасыз етілу бөлігіндегі біліктілік талаптары көзделмейтіні, тиісінше олар талап етілмейтіні көрсетілген.

Конкурс құжаттамасының 2-3-қосымшасына сәйкес, шартқа қол қойылғаннан кейін тапсырыс берушіге инжинирингтік қызметтерді тікелей көрсететін сарапшылардың тізімі ұсынылуы тиіс.

Конкурс құжаттамасының 8-қосымшасына сәйкес тапсырыс беруші «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында сараптамалық жұмыстар мен инжинирингтік көрсететін қызметтерді жүзеге асыратын сарапшыларды аттестаттау» жөніндегі рұқсаттың (хабарламаның) болуына қатысты біліктілік талаптарын қойған.

Қажетті материалдық және еңбек ресурстарының болуы талап етілмеген (8-қосымшаның 4-тармағы).

«NomadPartners» ЖШС өзінің конкурстық өтінімінде (12-қосымша) қолданылу мерзімі 2027 жылғы 2 наурызға дейін берілген 2 (екінші) деңгейдегі жауапкершілік объектілері бойынша техникалық және технологиялық күрделі объектілерді техникалық қадағалау жөніндегі инжинирингтік қызметтер көрсетуді жүзеге асыру құқығын растайтын №KZ60VWC00240366 аккредитация туралы куәлік ұсынған.

«ХТГ-Транс Астана» ЖШС өзінің конкурстық өтінімінде (12-қосымша) келесі құжаттарды ұсынған:

  • қолданылу мерзімі 2027 жылғы 15 қаңтарына дейін берілген 1 (бірінші) деңгейдегі жауапкершілік объектілері бойынша техникалық және технологиялық күрделі объектілерді техникалық қадағалау жөніндегі инжинирингтік қызметтер көрсетуді жүзеге асыру құқығын растайтын №KZ45VWC00239763 аккредитация туралы куәлік,

  • А. Ескенеевке сарапшылық жұмыстарды және инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыратын сарапшы мәртебесін куәлендыратын аттестаттар, оның ішінде: инженерлік желілер бойынша (2025 жылғы 19 ақпандағы №KZ25VJE00091218 аттестат); тіреу және қоршау конструкциялары бойынша (2025 жылғы 19 ақпандағы №KZ95VJE00091219 аттестат); технологиялық жабдықтар бойынша (2025 жылғы 19 ақпандағы №KZ68VJE00091220 аттестат).

Дауланып отырған 2025 жылғы 31 наурыздағы қорытындылар туралы хаттамамен «NomadPartners» ЖШС жеңімпаз ретінде, ал «ХТГ-Транс Астана» ЖШС екінші орын алған әлеуетті өнім беруші ретінде айқындалған.

2025 жылғы 31 наурызда «ХТГ-Транс Астана» ЖШС конкурс ұйымдастырушысының атына «Мемлекеттiк сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі – Заң) 25-бабы тәртібімен шағым берген, ол 2025 жылғы 7 сәуірдегі хатпен (шешіммен) қанағаттандырусыз қалдырылған.

2025 жылғы 15 сәуірде ТКШ Бөлімі мен «NomadPartners» ЖШС арасында №42 көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалған.

«Мемлекеттiк сатып алу туралы» Заңының 11-бабы 2, 3, 4-тармақтарына сәйкес, осы баптың 1-тармағында көзделген, оның ішінде тартылатын қосалқы мердігерлерге (бірлесіп орындаушыларға) қойылатын біліктілік талаптарын белгілеу тәртібі мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалады.

Осы баптың 1-тармағында көрсетілген, олар:

  1. әлеуетті өнім берушілердің мемлекеттік сатып алуға қатысуын шектейтін және негізсіз күрделендіретін;

  2. шарт бойынша міндеттемелерді орындау қажеттігінен тікелей туындамайтын біліктілік талаптарын белгілеуге жол берілмейді.

Әлеуетті өнім берушінің және (немесе) тартылатын қосалқы мердігердің (бірлесіп орындаушының) осы бапта белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігі тапсырыс берушіге, ұйымдастырушыға, бірыңғай ұйымдастырушыға осы Заңда және мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделген тиісті құжаттарды ұсыну арқылы не Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері арқылы расталады.

«Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес рұқсаттың болуы, қызметті жүзеге асырудың басталғаны туралы хабарлама жіберу қажет мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырған жағдайда тапсырыс беруші, ұйымдастырушы, бірыңғай ұйымдастырушы әлеуетті өнім берушілерге және (немесе) тартылатын қосалқы мердігерлерге (бірлесіп орындаушыларға) тиісті рұқсаттың (хабарламаның) болуы туралы талапты белгілеуге міндетті.

Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде мәліметтер болмаған жағдайда әлеуетті өнім беруші және (немесе) тартылатын қосалқы мердігер (бірлесіп орындаушы) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес алынған (жіберілген) тиісті рұқсаттың (хабарламаның) нотариат куәландырған немесе электрондық көшірмесін ұсынады.

«Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 1-татының 15) және 20-1) тармақшаларына сәйкес: 15) рұқсат – рұқсат беру органдары лицензиялау немесе рұқсат беру рәсімі арқылы жүзеге асыратын, жеке немесе заңды тұлғаның, сондай-ақ қызметінің нысанасы қаржылық қызметтер көрсету болып табылатын шетелдік заңды тұлға филиалының қызметті немесе әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асыру құқығын растау;

20-1) рұқсат және (немесе) рұқсатқа қосымша берілгенге дейінгі, сондай-ақ жіберілген хабарлама бойынша рұқсаттық бақылау (бұдан әрі – рұқсаттық бақылау) – рұқсат беру органдарының рұқсат және (немесе) рұқсатқа қосымша берілгенге дейінгі, сондай-ақ жіберілген хабарлама бойынша өтініш берушінің біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сәйкестігін анықтауға бағытталған қызметі. «Автомобиль жолдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 15-бабының 2-тармағына сәйкес жол қызметін жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар жұмыстарды Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтай отырып орындауға міндетті.

Автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау және жөндеу жөніндегі жұмыстарды жүргізу кезінде авторлық қадағалауды – жобалау құжаттамасын әзірлеуші, өндірістік қадағалауды – жұмыстарды орындаушы және автомобиль жолдарын салуды, реконструкциялауды, күрделі, орташа және ағымдағы жөндеуді техникалық қадағалауды – тапсырыс беруші өз бетінше не ұйымдар мен тиісті аттестаты бар сарапшыларды тарту арқылы жүзеге асырады. Автомобиль жолдарын ағымдағы және орташа жөндеу жөніндегі жұмыстардан басқа, аяқталған жол жұмыстарын пайдалануға қабылдау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 34-1-бабының 1, 2, 7- тармақтарына сәйкес осы Заңның 33-бабының 6-тармағында және 74-бабының 1-тармағында көрсетілген объектілерді қоспағанда, барлық құрылыс объектілерінде міндетті түрде техникалық қадағалау жүзеге асырылады. Техникалық қадағалауды тапсырысшы объектiлер құрылысына жобалықсметалық құжаттамада көзделген қаражат есебiнен дербес және (немесе) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы инжинирингтiк қызметтерді жүзеге асыру құқығына тиісті аттестаты бар сарапшыларды тарта отырып, қолданыстағы нормативтерге сәйкес жүзеге асырады.

Тиісті жауапкершілік деңгейіндегі техникалық қадағалауды орындау жөніндегі аттестатқа ие, құрамында кемінде үш сарапшысы бар аккредиттелген заңды тұлғалар бірінші және екінші жауапкершілік деңгейіндегі техникалық және технологиялық жағынан күрделі объектілерге техникалық қадағалауды жүргізуге тиіс.

№687 Қағидалардың 72-тармағына сай егер Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес орындауға (көрсетуге) бірінші немесе екінші санаттағы тиісті рұқсаттың болуы талап етілетін жұмыстар немесе көрсетілетін қызметтер мемлекеттік сатып алу нысанасы болып табылған жағдайда , материалдық және еңбек ресурстарына ие болу бөлігінде біліктілік талабы ұсынылмайды.

Құрылыс (жаңа құрылыс, кеңейту, техникалық қайта жарақтандыру, жаңғырту, реконструкциялау, реставрациялау және қолданыстағы объектілерді күрделі жөндеу) саласындағы жұмыстарды мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру, техникалық-экономикалық негіздемені, жобалау-сметалық құжаттаманы және қала құрылысы жобаларын әзірлеу кезінде Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес берілген тиісті рұқсат (лицензия) әлеуетті өнім берушінің материалдық және еңбек ресурстарына ие екендігін растайтын құжат болып табылады.

Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге тиісті рұқсаты (хабарламасы) бар және құрылыспен байланысты емес жұмыстарды (ағымдағы немесе орташа жөндеу, қалпына келтіру, қолданыстағы объектілерді қайта өңдеу, абаттандыру, дамыту) мемлекеттік сатып алуға қатысатын әлеуетті өнім берушілер Қазақстан Республикасының рұқсат беру және рұқсат беру туралы заңнамасына сәйкес берілген тиісті рұқсат (лицензия) арқылы материалдық және еңбек ресурстарына иелігін растайды.

Сонымен қатар, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге тиісті рұқсаттың (лицензияның) түрлері мен кіші түрлері жүргізілетін мемлекеттік сатып алудың нысанасына осындай (ұқсас) болып табылады. Егер мемлекеттік сатып алудың нысанасы құрылыспен байланысты емес жұмыстар (ағымдағы немесе орташа жөндеуге, қалпына келтіруге, қолданыстағы объектілерді қайта өңдеуге, абаттандыруға, дамытуға байланысты емес жұмыстар) болса, әлеуетті өнім беруші осы Қағидаларда айқындалған тәртіппен материалдық және еңбек ресурстарының иелігін растайды. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 23 қарашадағы № 709 бұйрығымен бірінші және екінші жауапкершілік деңгейіндегі техникалық және технологиялық күрделі объектілердегі ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігін және орнықтылығын техникалық зерттеп-қарау бойынша техникалық қадағалау және сараптама жұмыстары жөніндегі инжинирингтік қызметтер көрсетуді жүзеге асыратын ұйымдарды аккредиттеу жөніндегі қағидалар және рұқсат беру талаптары бектілген (бұдан әрі – №709 Қағидалар).

Осы №709 Қағидалар техникалық қадағалау бойынша инжинирингтік қызметтерді және бірінші және екінші деңгейдегі техникалық және технологиялық күрделі объектілерде ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігі мен тұрақтылығын техникалық тексеру бойынша сараптамалық жұмыстарды жүзеге асыратын ұйымдарды аккредиттеу рәсімін регламенттейді және «Бірінші және екінші жауапкершілік деңгейлеріндегі объектілер бойынша техникалық қадағалау мен техникалық тексеруді жүзеге асыратын заңды тұлғаларды аккредиттеу» мемлекеттік көрсетілетін қызметтің көрсету тәртібін айқындайды. №709 Қағидалардың 3-тармағына сәйкес:

  1. аккредиттелген ұйым – уәкілетті органда белгіленген тәртіппен аккредиттеу рәсімінен өткен заңды тұлға;

  2. аккредиттеу – бірінші және екінші деңгейдегі техникалық және технологиялық күрделі объектілердегі ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігі мен тұрақтылығын техникалық тексеру жөніндегі техникалық қадағалау жөніндегі инжинирингтік қызметтерді немесе сараптамалық жұмыстарды жүзеге асыратын ұйымдардың өкілеттіктерін уәкілетті органның ресми тану рәсімі;

  3. аккредиттеу туралы куәлік – уәкілетті орган беретін, аккредиттеу субъектілерінің бірінші және екінші деңгейдегі техникалық және технологиялық күрделі объектілерде ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігі мен тұрақтылығын техникалық тексеру жөніндегі техникалық қадағалау жөніндегі инжинирингтік қызметтерді немесе сараптамалық жұмыстарды жүзеге асыру құзыреттілігін куәландыратын құжат.

№709 Қағидалардың 13, 14, 15-тармақтарына сәйкес, аккредиттеуден өту және растау үшін өтініш берушілер мынадай рұқсат беру талаптарына сәйкес келеді:

  1. Техникалық және технологиялық жағынан күрделі бірінші жауапкершілік деңгейіндегі объектілерде техникалық қадағалауды жүзеге асыру үшін: өз құрамында тұрақты негізде бірінші жауапкершілік деңгейіндегі объектілерде, оның ішінде мамандандырулар бойынша техникалық қадағалауды жүзеге асыратын кемінде үш аттестатталған сарапшы болу: жауапкершілігі бірінші деңгейдегі объектілер бойынша-тіреу және қоршау конструкциялары бөлігінде (кемінде бір сарапшы)); бірінші деңгейдегі жауапкершілік объектілері бойынша-инженерлік желілер бөлігінде (бір сарапшыдан кем емес)); жауапкершілігі бірінші деңгейдегі объектілер бойынша-технологиялық жабдықтар бөлігінде (кемінде бір сарапшы)); меншік құқығында немесе тартылған (шарт негізінде) аккредиттелген зертхананың болуы; материалдық-техникалық жарақтандырылуы, оның ішінде жүктелген міндеттер мен функцияларды орындау үшін қажетті өлшеу және бақылау құралдары болуы; жүктелген міндеттер мен функцияларды орындау үшін қажетті нормативтік құжаттамасының болуы;

  2. Техникалық және технологиялық жағынан күрделі Екінші деңгейдегі объектілерде техникалық қадағалауды жүзеге асыру үшін: өз құрамында тұрақты негізде жауапкершіліктің екінші және үшінші деңгейлеріндегі объектілерде, оның ішінде мамандандырулар бойынша техникалық қадағалауды жүзеге асыратын кемінде үш аттестатталған сарапшы болуы: екінші және үшінші жауапкершілік деңгейіндегі объектілер бойынша-тіреу және қоршау конструкциялары бөлігінде (кемінде бір сарапшы)); екінші және үшінші жауапкершілік деңгейіндегі объектілер бойынша-инженерлік желілер бөлігінде (кемінде бір сарапшы)); жауапкершілігі екінші және үшінші деңгейдегі объектілер бойынша-технологиялық жабдықтар бөлігінде (кемінде бір сарапшы)); меншік құқығында немесе тартылған (шарт негізінде) аккредиттелген зертхананың болуы; материалдық-техникалық жарақтандырылуы, оның ішінде жүктелген міндеттер мен функцияларды орындау үшін қажетті өлшеу және бақылау құралдары болуы; жүктелген міндеттер мен функцияларды орындау үшін қажетті нормативтік құжаттамасының болуы.

Көрсетілетін қызметті алушыны аккредиттеуді уәкілетті орган жүргізеді және осы Қағидаларға және рұқсат беру талаптарына 4-қосымшаға сәйкес электрондық түрде аккредиттеу туралы куәлікпен расталады.

Төмен тұрған соттар дауды шешіп, талапты қанағаттандыра отырып, «NomadPartners» ЖШС-ның конкурстық өтінімі тиісті біліктілік талаптарына сәйкес келмегендіктен, себебі сарапшыларға арналған аттестаттар ұсынылмағандықтан, қабылданбауға тиіс болған деген қорытындыға келген.

Кассациялық сот іс материалдарын зерттеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалап, іс бойынша шығарылған сот актілерінің заңсыз екендігі жөнінде қорытындыға келеді. Сот актілерінің негізіне алынған мән-жайлар талапты қанағаттандыру туралы тұжырымдардың қате екенін көрсетеді, соттар материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбаған, ал соттардың қорытындылар іс бойынша нақты мән-жайларға сәйкес келмейді.

Істің мән-жайлардан көрінгендей, Қаржы бөлімі ұйымдастырушы ретінде Рудный қаласындағы көшелер мен тұйық көшелерге орташа жөндеу жүргізуді техникалық қадағалау қызметтерін көрсетуге қатысты мемлекеттік сатып алулар өткізген.

Конкурс құжаттамасының 8-қосымшасына сәйкес ТКШ Бөлімі (тапсырыс беруші) «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында сараптамалық жұмыстар мен инжинирингтік көрсететін қызметтерді жүзеге асыратын сарапшыларды аттестаттау» жөніндегі рұқсаттың (хабарламаның) болуына қатысты біліктілік талаптарын қойған.

Сонымен қатар қажетті материалдық және еңбек ресурстарының болуы талап етілмеген (8-қосымшаның 4-тармағы).

«NomadPartners» ЖШС өзінің конкурстық өтінімінде қолданылу мерзімі 2027 жылғы 2 наурызға дейін берілген 2 (екінші) деңгейдегі жауапкершілік объектілері бойынша техникалық және технологиялық күрделі объектілерді техникалық қадағалау жөніндегі инжинирингтік қызметтер көрсетуді жүзеге асыру құқығын растайтын №KZ60VWC00240366 аккредитация туралы куәлік ұсынған.

Конкурс өткізу және оның қорытындыларын шығару кезінде №KZ60VWC00240366 куәлігі қолданыста болған, әрі оның болуы «NomadPartners» ЖШС-ны конкурсқа жіберілуі және оған қатысуы үшін жеткілікті құқықтық негіздер берген.

«NomadPartners» ЖШС-ның конкурс өтінімінде аталған куәлікті ұсынуы «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңның 1-бабының, «Автомобиль жолдары туралы» Заңның 15-бабының, сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңның 34-1-бабының талаптарына сәйкес келеді. Аталған куәліктің болуы «NomadPartners» ЖШС-на дауланып отырған мемлекеттік сатып алулар бойынша техникалық қадағалауды жүзеге асыруға қатысуға құқық берді, өйткені ол тиісті жауапкершілік деңгейіне сәйкес аккредиттелген заңды тұлға болып табылады. Аталған куәлік №709 Қағидалардың 3-тармағына сәйкес «NomadPartners» ЖШС-ны уәкілетті органда белгіленген тәртіппен аккредитациядан өткен аккредиттелген ұйым деп таниды. Уәкілетті орган берген куәлік және «NomadPartners» ЖШС-ның аккредитациясы оның біліктілігін және техникалық және технологиялық тұрғыдан күрделі, 2 (екінші) жауапкершілік деңгейіндегі объектілерде техникалық қадағалау бойынша инжинирингтік қызметтерді немесе ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігі мен тұрақтылығын техникалық зерттеу бойынша сараптамалық жұмыстарды жүзеге асыру қабілетін ресми түрде таныған.

Сондықтан «NomadPartners» ЖШС-ның конкурстық өтінімін қабылдамауға негіздер болмаған, төмен тұрған соттардың қорытындылары осы тұрғыда дұрыс емес, жоғарыда көрсетілген мән-жайлар мен тиісті заң нормаларына қайшы келеді, конкурс комиссиясының оны қатысуға жіберу әрекеттері құқыққа сай болып табылады.

Бастапқыда, заң шығарушы «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңның 11бабында, ал уәкілетті орган №687 Қағидаларда біліктілік талаптарын белгілеу тәртібі мен оларға қойылатын шектеулерді қарастырған.

Атап айтқанда, әлеуетті өнім берушілердің мемлекеттік сатып алуға қатысуын шектейтін және негізсіз күрделендіретін, сондай-ақ шарт бойынша міндеттемелерді орындау қажеттігінен тікелей туындамайтын біліктілік талаптарын белгілеуге жол берілмейді.

Дауланатын мемлекеттік сатып алудың мәні техникалық қадағалау қызметтері болып табылады, оларды орындалу (көрсету) үшін Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес бірінші немесе екінші санаттағы сәйкес рұқсаттың болуы талап етіледі.

Аталған нормалар бойынша әлеуетті өнім беруші материалдық және еңбек ресурстарын иеленгенін растайтын құжат болып Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес берілген тиісті рұқсат (лицензия) табылады.

Мұндай рұқсат түрінде «NomadPartners» ЖШС-да №KZ60VWC00240366 аккредитация куәлігі болған.

Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алу саласындағы тиісті Заң және №687 Қағидалар материалдық және еңбек ресурстарымен қамтамасыз ету бөлігінде біліктілік талаптарын белгілеуге тыйым салады.

Сондықтан «NomadPartners» ЖШС үшін сарапшыларға арналған қосымша аттестаттарды ұсыну талап етілмеген, бұл жоғарыда көрсетілгендерге айқын қайшы келеді.

Қаралып отырған жағдайда заңнамалық тыйым бар кезде заңды тұлғаның өзінде аккредитацияның болуы жеткілікті болып табылады, салдарынан қосымша құжаттар ұсыну және еңбек ресурстарын растау қажет емес.

«NomadPartners» ЖШС аккредиттелген заңды тұлға ретінде рұқсат алған жағдайда инжинирингтік қызметтерді (техникалық қадағалау) тәуелсіз жүзеге асыруға құқылы болған.

Кассациялық соттың осы бағыттағы қорытындылары «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңының 34-1-бабының талаптарына сәйкес келеді, себебі оған сәйкес аккредиттелген заңды тұлғалар бірінші және екінші жауапкершілік деңгейіндегі техникалық және технологиялық жағынан күрделі объектілерге техникалық қадағалауды жүргізеді.

Төмен тұрған соттардың сарапшыларға арналған аттестаттарды ұсынуды және растауды талап ету жөніндегі қорытындылары «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңның 11-бабының және №687 Қағидалардың 72-тармағының нормаларына қайшы келеді, өйткені бұл әлеуетті өнім берушілердің мемлекеттік сатып алуларға қатысуын шектейді және негізсіз күрделендіреді.

Аталған талап еңбек ресурстарын растау бойынша қосымша міндеттемелер жүктейді, өз ретінде бұған жол берілмейді. Конкурс құжаттамасында мұндай талап көрсетілмеген, еңбек ресурстарына қатысты біліктілік талаптары жоқ және №687 Қағидалардың 72-тармағына сәйкес осы талаптар қойылмауы тиіс.

Айта кету керек, бұған дейін конкурс құжаттамасының жобасына енгізілген ескертулер осы бағытта қаралған, әлеуетті өнім берушілер конкурс құжаттамасының 8-қосымшасына аккредиттелген зертхана мен аттестатталған сарапшылардың болуын қосу туралы сұраған. Қарау нәтижесі бойынша №687 Қағидалардың 72-тармағына сілтеме жасай отырып, ескертпелерді қабылдамау жөнінде шешім қабылданған.

«NomadPartners» ЖШС рұқсаттық бақылау рәсімінен өтіп, инжинирингтік қызметтерді (техникалық қадағалау) көрсету құқығын растайтын куәлікті алған. Бұл куәлік заңды тұлғаның тиісті қызметті орындауға құқығы бар екенін растайды және ол рұқсат беру органдары арқылы лицензиялау немесе рұқсаттау тәртібімен берілген («Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңның 1-бабы, 15) және 20-1) тармақшалары). Аталған рәсім аясында №709 Қағидалардың 13, 14 және 15тармақтарына сәйкес «NomadPartners» ЖШС екінші санаттағы рұқсат талаптарына сәйкестігін растады (аттестатталған сарапшылардың болуы, аккредиттелген зертхана, материалдық-техникалық жабдықталуы, нормативтік құжаттама). Бұл аккредитация уәкілетті орган арқылы жүргізілген және №709 Қағидалардың 4-қосымшасына сәйкес электрондық түрде берілген аккредитация куәлігімен расталады.

Кассациялық сатыдағы сот тартқан «Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитетi» РММ-ның, «Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті» РММ-нің және «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті» РММнің мамандары аталған мән-жайларды растап, «NomadPartners» ЖШС аккредитациясы және оған берілген №KZ60VWC00240366 куәлік техникалық қадағалау бойынша инжинирингтік қызметтерді жүзеге асыру үшін жеткілікті болып табылатындыңын, сарапшыларға арналған қосымша аттестаттарды ұсыну талап етілмейтіндігін көрсеткен.

Төмен тұрған соттардың «NomadPartners» ЖШС-ның біліктілік талаптарына сәйкес еместігі жөніндегі қорытындылары іс бойынша анықталған мән-жайларға сәйкес келмейді. Жауапкер мен «NomadPartners» ЖШС кассациялық шағымдарында келтірген уәждер назар аударуға тұрарлық болғанымен, төмен тұрған соттар оларға тиісті құқықтық баға бермеген.

Осыған орай, кассациялық сот іс бойынша шығарылған сот актілерін күшін жою және талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім қабылдау қажет деген қорытындыға келіп, жауапкер мен мүдделі тұлғаның кассациялық шағымдары қанағаттандырылуға тиіс деп есептейді. Төмен тұрған соттар материалдық және процестік құқық нормаларын бұзған, олардың қорытындылары іс бойынша нақты мән-жайларға сәйкес келмейді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа ала отырып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 29 мамырдағы шешімі мен Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 шілдедегі қаулысының күші жойылсын.

Іс бойынша «ХТГ-Транс Астана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Рудный қаласы әкімдігінің «Рудный қалалық қаржы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне ұйымдастырушының 2025 жылғы 7 cәуірдегі шағымды қарау нәтижесі бойынша қабылдаған шешімін заңсыз деп тану және 2025 жылғы 31 наурыздағы №14218016-ОК2 қорытындысын қайта қарауды міндеттеу туралы талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылсын.

Жауапкер мен мүдделі тұлға «NomadPartners» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымдары қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Д. Әбдіғалиев

Судьялар

Г. Ыдырысова Ә. Назарова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.