6001-20-00-3г/7213
Қ А У Л Ы
2020 жылғы 21 желтоқсан
Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Е.Ж.Исмаилов талап қоюшы П[...] жауапкер «Түркістан облысының полиция департаменті» ММ-ге бұйрықты заңсыз деп танып, күшін жою, жұмысқа қайта орналастыру, амалсыз бос жүрген уақыт үшін жалақы өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 05 қарашадағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы Түркістан облысының полиция департаменті» ММ-нің өтінішхатын істі алдырту арқылы алдын ала қарап,
П[...] «Түркістан облысының полиция департаменті» ММ-нің ( бұдан әрі – Полиция департаменті ) 2019 жылғы 20 маусымдағы № 737 ж/қ бұйрығын заңсыз деп танып, күшін жою, Мақтаарал аудандық полиция басқармасы бастығының қызмет ісі жөніндегі орынбасары лауазымына жұмысқа қайта орналастыру, амалсыз бос жүрген уақыт үшін 3955821 теңге жалақы өндіру туралы талап қою арызымен сотқа жүгінген.
Түркістан қалалық сотының 2020 жылғы 05 тамыздағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырудан бас тартылған.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 05 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертілген. Шешімнің П[...] қатысты даулы бұйрықтың күшін жою, жұмысқа қайта орналастыру, амалсыз бос жүрген уақыт үшін жалақы өндіру туралы талап қою арызды қанағаттандырудан бас тарту бөлігінің күші жойылып, талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған:
Полиция департаментінің 2019 жылғы 20 маусымдағы № 737 ж/қ бұйрығының П[...] қатысты бөлігінің күші жойылған;
Е.П[...] департаментінің Мақтаарал аудандық полиция басқармасы бастығының қызмет ісі жөніндегі орынбасары қызметіне қайта орналастырылған;
Жауапкерден талап қоюшының пайдасына амалсыз бос жүрген уақыты үшін 1825764 теңге жалақы және мемлекет кірісіне 18258 теңге мемлекеттік баж өндірілсін;
- шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған;
қаулының жұмысқа қайта орналастыру және үш айлық жалақы өндіру
туралы бөлігі дереу орындауға жолданған.
Полиция департаменті өтінішхатында іс бойынша материалдық және процестік құқық нормаларының дұрыс қолданылмағанын, қабылданған қаулы соттардың құқық нормаларын түсіндіруіндегі және қолдануындағы бірізділікті бұзатынын көрсетіп, Түркістан облыстық сотының 2020 жылғы 05 қарашадағы
қаулысының күшін жойып, Түркістан қалалық сотының 2020 жылғы 05 тамыздағы шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің ( бұдан әрі – АПК ) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
АПК-нің 449-бабының 2-бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы сот заңдылық мүддесiнде өтiнiшхаттың шегiнен шығуға және шағым жасалған сот актісінің заңдылығын толық көлемде тексеруге құқылы.
Іс бойынша анықталғандай, Полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасының жедел уәкілі Т[...] Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне Мақтаарал аудандық полиция басқармасы бастығының қызмет ісі жөніндегі орынбасары П[...] қызмет атқару барысында әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаларды “АИПС” дерекқорына тіркемегені үшін жіберілген кемшіліктерге процестік шара қолданбау үшін пара ұсынғаны жөнінде арызданған.
2019 жылғы 08 маусымда Полиция департаментімен П[...] қатысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің ( бұдан әрі – ҚК ) 371-бабының 1-бөлігімен № 195169031000105, ал 2019 жылғы 18 маусымда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментімен ( бұдан әрі – СЖҚІҚА ) ҚК-нің 371-бабының 1-бөлігімен № 195100041000021 сотқа дейінгі тергеп тексерулер басталған. Аталған қылмыстық істер 2019 жылғы 05 шілдеде бір өндіріске біріктірілген.
«Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының ( бұдан әрі – № 380-ІV Заң ) 80-бабы 1-тармағының 13) тармақшасына сәйкес қызметкер құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін жұмыстан шығарылады.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің» ( бұдан әрі – Әдеп кодекс ) 5-тармағына сәйкес мемлекеттік қызметшілер, оның ішінде құқық қорғау органының қызметкерлері өздері қабылдайтын шешімдердің заңдылығы мен әділдігін қамтамасыз етуге, мемлекет мүддесіне нұқсан келтіретін, мемлекеттік органдардың жұмыс істеу тиімділігіне кедергі жасайтын немесе тиімділігі төмендететін іс-әрекеттерге қарсы тұруға, жасағаны үшін заңнамада, әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылық көзделген құқық бұзушылықтар мен теріс қылықтарды жасауға жол бермеуге тиіс.
2019 жылғы 20 маусымдағы № 737 ж/қ Полиция департаментінің бұйрығымен Е.П[...] кодексінің 5-тармағының 13) тармақшасын және № 380-ІV Заңның 80-бабы 1-тармағының 13) тармақшасын бұзғаны және құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін жұмыстан шығарылған.
СЖҚІҚА-нің 2020 жылғы 29 ақпандағы қаулысымен П[...] ісәрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының дәлелденбеуіне байланысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық процестік кодексінің ( бұдан әрі – ҚПК ) 35-бабы 1-бөлігінің 2) тармағына сәйкес қылмыстық іс өндірістен тоқтатылған. Осыған байланысты П[...] азаматтық іс бойынша сотқа талап қою арызбен жүгінген.
№ 380-ІV Заңның 38-бабының 4-тармағына сай, қылмыстық iс ақталатын негiздер бойынша қысқартылған жағдайда қызметкердiң лауазымы қалпына келтiрiледi. Адамның қызметiн қалпына келтiру, егер ол адам қылмыстық iстi ақталатын негiздер бойынша қысқарту туралы қаулы шығарылған кезден бастап үш ай iшiнде орын алса, ол өтініш жасалған күннен бастап бiр ай мерзiмнен кешiктiрiлмей жүргiзiледi.
Жоғарыда көрсетілгендей, П[...] қатысты ҚК-нің 371-бабының 1-бөлігімен қозғалған қылмыстық іс СЖҚІҚА-нің 2020 жылғы 29 ақпандағы қаулысымен іс-әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының дәлелденбеуіне байланысты ҚПК-нің 35-бабы 1-бөлігінің 2) тармағына сәйкес өндірістен тоқтатылған.
Ал 2019 жылғы 20 маусымдағы № 737 ж/қ Полиция департаментінің бұйрығымен П[...] ҚК-нің 371-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыс жасағаны үшін емес, Әдеп кодексінің 5-тармағының 13) тармақшасын және № 380-ІV Заңның 80-бабы 1-тармағының 13) тармақшасын бұзғаны және құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін жұмыстан шығарылған.
П[...] өзінің іс-әрекеттерімен Әдеп кодексінің талаптарын бұзғанын және құқық қорғау органдарының абыройына нұқсан келтіргенін, аталған фактілер тәртіптік жазаға тарту үшін жеткілікті негіз болып табылатынын көрсетіп, Түркістан қалалық соты талап қою арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдаған.
Сонымен қатар, бірінші сатыдағы сот «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарында қызмет өткерудің кейбір мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің 2011 жылғы 27 мамырдағы № 246 бұйрығының 1-тармағы 16) тармақшасымен бекітілген ( Әділет министрлігінде №7032 санатымен 2011 жылдың 24 маусымында тіркелген ) «Ішкі істер органдарындағы қызметін тоқтатқан қызметкерлерді Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының кадрынан шығару қағидаларының» 13-тармағына сілтеме жасап, № 380-ІV Заңның 80-бабы 1-тармағының 12)-16) тармақшаларында көзделген негіздер теріс қылықтар болып табылатынын, аталған негіздермен қызметтен босатылған қызметкерлер ішкі істер органына қызметке қайта қабылданбайтынын көрсетікен.
Түркістан облыстық соты бірінші сатыдағы соттың іс бойынша анықталған мән-жайларға, дәлелдемелерге, іс құжаттарына дұрыс баға бермегенін, нәтижесінде іс үшін маңызы бар мән-жайлардың дәлелденбегенін, қабылданған шешім істің мән-жайларына сәйкес келмейтінін көрсеткен.
Атап айтқанда, апелляциялық сатыдағы сот П[...] Т[...] пара ұсыну фактісі расталмағанын, тергеп-тексеру кезінде айыпталушы ретінде және кейін сот үкімімен кінәлі деп танылмағанын, сол себептен құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылықты жасағанын және Әдеп кодексінің талаптарын бұзғанын растайтын дәлелдемелер ұсынылмағанын назарға алмағанын көрсеткен.
Сонымен қатар, № 380-ІV Заңның 57-бабының 11-тармағына сай тәртіптік жаза қылмыстық іс жүргізуді тоқтату туралы процестік шешім қабылданған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей қолданатынына қарамастан, Полиция депаратментімен П[...] тәртіптік жауаптылыққа оған қатысты қылмыстық іс бойынша процестік шешім қабылданға дейін тартылғанын көрсеткен.
Осыған байланысты, апелляциялық сотпен Полиция департаментінің даулы бұйрығы П[...] ғана емес, басқа қызметкерлерге де қатысты шығарылғандықтан, бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертіліп, талап қоюшыға қатысты бұйрықтың күшін жою, бұрыңғы жұмысқа қайта орналастыру және амалсыз бос жүрген уақыт үшін 1825764 теңге жалақы өндіру туралы жаңа шешім қабылданған.
Полиция департаменті өтінішхатында «Сәкен бар» кафесінде П[...] Т[...] ұсынған 200000 теңге ақша қаражаты айғақты зат ретінде алынғанын, оқиға болған жерді қарап-тексеру туралы толтырылған хаттама дауыстап оқылып, оның мазмұны жүргізілген бейнежазбамен сәйкестігі тексерілгенін, хаттамаға П[...] өз қолтаңбасын қойғанын, күдікті ретінде жауап берген кезде «... 10000 теңгелік купюрадан 20 дана жалпы сомасы 200000 теңгені бердім. Бұл соманы менің тарапымнан табылған әкімшілік істер бойынша кемшіліктерге дұрыс көзбен қарап, дұрыс шешім шығару үшін берген болатынмын» деп жауап бергенін көрсеткен.
Полиция департаментімен 2019 жылы бекітілген тақырыптық жоспарға сәйкес жеке құрам қызметкерлеріне әскери-қызметтік және әлеуметтік құқықтық дайындық сабақтары, түрлі тақырыптарда дәрістер жүргізілгенін, сонымен қатар Қазақстан Республикасының заңдарын, нормативтік құқықтық актілерінің, ведомстволық бұйрықтардың талаптарын бұзбау туралы ескерту жасап, тиісті міндеттемелер алынғанын көрсеткен.
Алайда П[...] сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, қызметтік тәртіп пен заңдылықты бұзуды болдырмау жөнінде жүргізілген іс-шаралардан өзіне қорытынды шығармай, тәрбиелік мәні бар жұмыстарды тиісті деңгейде игермей, тәртіптік теріс қылықтың орын алуына жол берген, соның салдарынан мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылық жасап, өзінің әрекеттерімен сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын іс-әрекеттер жасағанын атап айтқан.
Өтінішхат иесі тәртіптік комиссияның 2019 жылғы 10 маусымдағы шешімімен П[...] құқық қорғау органынан шығару туралы шешім қабылдағанын, ал оған қатысты қылмыстық істің тоқтатылуы тәртіптік жауаптылықтан босату үшін негіз болып танылмайтынын ескеруді сұраған.
№ 380-ІV Заңның 1-бабының 7) тармақшасына сәйкес құқық қорғау органы – адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделерінің сақталуы мен қорғалуын қамтамасыз ететін, өз құзыретіне сәйкес қылмыстылыққа және өзге де құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттің саясатын іске асыратын, заңдылықты қамтамасыз ету мен қоғамдық тәртіпті қолдау, құқық бұзушылықтарды анықтау, алдын алу, жолын кесу, тергеу, қылмыстық істер бойынша сот шешімдерін атқару жөнінде арнаулы өкілеттіктер берілген мемлекеттік орган.
Өтінішхат иесі П[...] құқық қорғау органының қызметкері бола тұра, сыбайлас жемқорлыққа байланысты іс-әрекеттерге жол беріп, Әдеп кодексімен, № 380-ІV Заңымен және басқа да нормативтік құқықтық актілермен көзделген қызметін өткеруге байланысты міндеттерін бұзу фактісіне назар аударған.
Сонымен қатар, Жоғарғы Соттың 2017 жылғы 06 қазандағы № 9 нормативтік қаулысының 22, 31 тармақтарында соттар жұмыскердің тәртіптік теріс қылық жасауына қатысты дауды қараған кезде жұмыскердің жасаған теріс қылығына байланысты тәртіптік жаза түрін таңдау жұмыс берушінің құқығы болып табылатынын және ол жұмыскер еңбек қатынастарында тұрған жұмыс берушінің құзыретіне жататынын ескеру қажет екені түсіндірілгенін көрсеткен.
Судья өтінішхатта көрсетілген уәждердің іс үшін маңызы бар екендігін және даулы сот актісін қайта қарауға негіз болатынын ескере отырып, оны іспен бірге алқа отырысында қарауға жолдау қажет деп санайды.
АПК-тің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы
қ а у л ы е т т і :
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 05 қарашадағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы Түркістан облысының полиция департаменті» ММ-нің өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасына сот отырысында қарау үшін берілсін.
Қаулының көшірмесі өтінішхат берген тұлғаға жолдансын.
Судья Е.Исмаилов Көшірмесі дұрыс. Судья
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.