Кассационный суд Республики Казахстан по уголовным делам - Постановление от 04.09.2025 по делу 6003-25-00-3к/196 (Об административном правонарушении)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 4 қыркүйек №6003-25-00-3к/196 Астана қаласы

Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші- судья Қ.А.Мусетов,

судьялар Г.Б.Даулетова, М.К.Сатыбалдин,

Қазақстан Республикасының Бас прокурорының аға көмекшісі Т[...],

өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша жүргізіліп жатқан тұлға Н[...],

жәбірленушінің өкілі - адвокат Д[...]

қатысуларымен,

кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық сотының 2025 жылғы 22 мамырдағы және Алматы облыстық сотының 2025 жылғы 2 шілдедегі қаулыларына Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот төрағасының ұсынуымен келіп түскен,

Н[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-3-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

АНЫҚТАДЫ :

Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық сотының 2025 жылғы 22 мамырдағы қаулысымен Н[...] Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 73-3бабының 1-бөлігі бойынша қозғалған әкімшілік істің өндірісі әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылған.

Алматы облыстық сотының 2025 жылғы 2 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот қаулысы өзгеріссіз қалдырылған.

Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот төрағасының ұсынуында құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот қаулыларын қайта қарауды сұраған. Сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған Н[...] пен прокурор Т[...], жәбірленуші өкілінің осы бапта көзделген жаза тағайындау туралы пікірін тыңдап, іс материалдарын зерделеп, Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот келесі тұжырымға келді.

ӘҚБтК-нің 851-бабы 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларды кассациялық тәртіппен қайта қарауға: қабылданған қаулыны орындау адамдардың өмірі, денсаулығы үшін не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауіпсіздігі үшін орны толмас ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін болатын; қабылданған қаулы адамдардың белгісіз тобының құқықтары мен заңды мүдделерін немесе өзге де жария мүдделерді бұзатын; қабылданған қаулы соттардың, уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатын жағдайлар негіздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай негіздер бар.

Еңбекшіқазақ ауданының полиция бөлімінің полиция инспекторы Т[...] хаттамасына сәйкес, Н[...] 4 сәуір 2025 жылы Алматы облысы, [...] орта мектебінің мәжіліс залында көпшілікке жария ретінде «APU[...]» ЖШС-нің абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін, беделін түсіретін, көрінеу жалған және шындыққа жанаспайтын мәліметтерді таратқан.

Жергілікті соттар, Н[...] «APU[...]» ЖШС-не қатысты жала жабу әрекеттері бар екендігі туралы нақты дәлелдемелер заңды тұлғамен ұсынылмағанын, яғни Н[...] кінәсі өз дәлелін таппаған деген негізбен, оның ісәрекеттерінде Кодекстің 73-3-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық құрамы жоқ деген тұжырымға келген.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша жәбірленуші

ретінде «APU[...]» ЖШС-гі танылған.

Алайда, ӘҚБтК-нің 73-3-бабының 1-бөлігі жала жабу, яғни басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн немесе оның беделiн түсiретiн көрiнеу жалған мәлiметтер тарату үшін әкімшілік жауаптылық көзделген.

ӘҚБтК-нің 73-3-бабы осы Кодекстің 10-тарауына енгізілген, бұл тарауда тек жеке құқықтарға қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтар орналасқан.

Сол себепті, ӘҚБтК-нің 10-тарауының 73-3-бабының 1-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықтың нысаны жеке тұлғаның жеке құқықтары болып табылады. «Жеке тұлға» ұғымы тек адаммен, яғни жеке субъектпен ажырамас байланыста, бұл - дәлелдеуді қажет етпейтін жалпыға мәлім жайт.

Осыған байланысты, «APU[...]» ЖШС-не заңды тұлға ретінде жеке құқықтарға қол сұғатын, ӘҚБтК-нің 73-3-бабында көзделген әкімшілік құқық бұзушылық бойынша жәбірленуші мәртебесіне объективті түрде ие бола алмайды. Мұндай жағдайда, жергілікті соттар істі тоқтату үшін дұрыс құқықтық негіз таңдамаған, яғни жергілікті соттар әкiмшiлiк жауаптылық туралы заңның дұрыс қолданылмаған (ӘҚБтК-нің 840-бабының 4) тармақшасы).

Жоғарыда көрсетілген мән-жайларды назарға ала отырып, кассациялық сот құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың қаулыларының күші жойылуға, Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот төрағасының ұсынуы қанағаттандыруға жатады деп санайды.

ӘҚБтК-нің 851-бабын басшылыққа ала отырып, Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот,

ҚАУЛЫ ЕТТІ :

Қазақстан Республикасы Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-3-бабы 1-бөлігі бойынша Н[...] қатысты Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық сотының 2025 жылғы 22 мамырдағы және Алматы облыстық сотының 2025 жылғы 2 шілдедегі қаулыларының күші жойылсын.

Н[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-3 бабы 1-бөлігі бойынша іс жүргізу тоқтатылсын. Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.

К.А.Мусетов

Төрағалық етуші

Судьдялар

Г.Б.Даулетова

М.К.Сатыбалдин

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.